Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Таратылған ақпараттық жүйе нысанында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметінің ақпараттық инфрақұрылымын және «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметі үшін ақпарат» Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы порталын құру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығымен Таратылған ақпараттық жүйе нысанында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметінің ақпараттық инфрақұрылымын және «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметі үшін ақпарат» Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы порталын құру туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 16 мамырдағы
№ 518 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Таратылған ақпараттық жүйе нысанында Тәуелсіз Мемлекеттер
Достастығына қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметінің
ақпараттық инфрақұрылымын және «Тәуелсіз Мемлекеттер
Достастығына қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметі үшін
ақпарат» Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы порталын құру туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі - ТМД) қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметінің ақпараттық инфрақұрылымын құру, дамыту және жетілдіру қажеттігін түсіне отырып,
инновациялық интеграция үдерістерінің тиімділігін арттыру, инновациялық қызмет субъектілерінің жедел және дұрыс ақпаратты алуын жылдамдату үшін қолайлы жағдайлар жасауды қалай отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық ақпараттық жүйелері мен электрондық ресурстары негізінде таратылған интеграцияланған ақпараттық жүйені қалыптастыру жөнінде шаралар қабылдаудың маңыздылығын түсіне отырып,
1998 жылғы 11 қыркүйектегі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ашық ғылыми-техникалық ақпаратқа еркін қол жеткізу және алмасу тәртібі туралы келісімінің, 2009 жылғы 13 наурыздағы ТМД Экономикалық кеңесінің шешімімен мақұлданған, инновациялық саладағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бағдарламалары мен жобаларын ғылыми-ақпараттық қамтамасыз ету тұжырымдамасының ережелерін негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде келтірілген терминдердің мынадай мағыналары бар:
1) инновациялық инфрақұрылым - инновациялық (қаржылық, консалтингтік, маркетингтік, ақпараттық-коммуникативтік, заңдық, білім беру және т.б.) қызметті қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді ұсынатын кез келген меншік нысанындағы кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің, олардың бірлестіктерінің, қауымдастықтардың жиынтығы;
2) инновациялық қызметтің ақпараттық инфрақұрылымы - бір-бірімен байланыста және қатынаста болатын, инновациялық қызметке ақпараттық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған біртұтастықты құрайтын көптеген заңды тұлғалар, ресурстар, құралдар және басқа да элементтер;
3) ақпараттық кеңістік - ұйымдар мен азаматтардың ақпараттық өзара іс-қимылын, сондай-ақ олардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз ететін ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің және технологиялардың, ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымның жиынтығы;
4) ақпараттық ресурстар - деректер базасын және банкін қамтитын құжатталған ақпараттың ұйымдасқан жиынтығы, ақпараттық жүйелердегі ақпараттық материалдардың (құжаттардың) басқа да жиынтықтары;
5) ақпараттық жүйе - ақпараттық үдерістерді іске асыратын ақпараттық ресурстардың, ақпараттық технологиялар мен бағдарламалық-техникалық құралдар кешенінің жиынтығы;
6) метадеректер - ақпараттық объектілер мен олардың арасындағы қатынастар (байланыстар) түрлері сипаттамаларының формальданған жиынтығы;
7) портал - деректер қорларына және басқа да ақпараттық жүйелерге сервистердің, ақпараттық объектілердің, веб-интерфейстердің кең жиынтығына орталықтандырылған, құрылымданған және бірегейленген қолжетімділікті қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе (сайт немесе сайттар жиынтығы);
8) навигация жүйесі - ғылыми-ақпараттық деректер мен ресурстар жиынтығына телекоммуникациялық қол жеткізудің ұйымдасқан түрде реттелген жүйесі;
9) таратылған ақпараттық жүйе - қол жеткізу бірыңғай құқықтық, ұйымдық және технологиялық қағидаттар негізінде жүзеге асырылатын ашық деректер қорының жүйелі түрде ұйымдастырылған жиынтығы.
2-бап
Мемлекетаралық инновациялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметін өзара ақпараттық қолдауды кеңейту үшін жағдай жасау мақсатында Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес таратылған интеграцияланған ақпараттың жүйе және «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметі үшін ақпарат» ТМД порталы нысанында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметінің ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыруда ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметін ақпараттық қамтамасыз ету, таратылған ақпараттық жүйеге енгізу үшін қажетті ақпараттық ресурстар құрамын айқындайды. Интеграцияланған ақпарат жүйесін қалыптастыру технологиясы ресурстардың белгілі бір түрлері бойынша интеграцияланған метадеректерді жинау және трансляциялау құралдары болып табылатын порталдар жүйесін қолдануды болжайды.
3-бап
Осы Келісімге сәйкес Тараптар ақпараттық қамтамасыз ету және инновациялық тізбектің барлық сатыларында мемлекетаралық инновациялық саясатты, мемлекетаралық инновациялық жобаларды әзірлеуді және іске асыруды сүйемелдеу салаларында ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес инновациялық ынтымақтастық субъектілері арасында мемлекетаралық ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
4-бап
Тараптар ынтымақтастықты мынадай жолмен жүзеге асырады:
1) ұлттық және мемлекетаралық ақпараттық ресурстарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін жалпы қағидалар мен тәсілдерді қалыптастыру;
2) ғылыми-техникалық ақпарат, ғылыми-техникалық ақпарат жөніндегі мемлекетаралық жіктеуіш саласында мемлекетаралық стандарттар әзірлеуді қоса алғанда, ғылыми-техникалық ақпаратты жасау, сақтау және тарату үдерістерін регламенттейтін нормативтік-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру;
3) ақпараттық ресурстарды қалыптастырудың және қорғаудың, оның ішінде зияткерлік меншікке құқықтарды (ақпараттық ресурстар мен технологиялар) бекітіп беру және тапсыру рәсімдерін анықтаудың құқықтық базасын жетілдіру;
4) қазіргі заманғы іздестіру жүйелері мен лингвистикалық қамтамасыз етуді әзірлеуді қоса алғанда, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ақпараттық ресурстар бойынша навигация жүйесін құру;
5) осы Келісімге қатысушы мемлекеттер ұйымдарының ұйымдық-құқықтық нысандарына қарамастан, олардың ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты есепке алудың бірыңғай жүйесін құру және осы ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету;
6) технологияларды коммерцияландыру жүйесін қалыптастыру;
7) ақпараттық ресурстарды құруды мемлекетаралық қолдау тетіктерін әзірлеу;
8) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
5-бап
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталықтарына (ұлттық ақпарат орталықтары, бұдан әрі - ҰАО) ашық халықаралық стандарттарды таңдау, олардың негізінде деректерді интеграцияланған түрде жүргізудің инструменталдық ортасын іске асыру, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметінің ақпараттық инфрақұрылымын құру үшін ақпарат өңдеуді, сақтауды, қорғауды және іздестіруді жүйелендіру жөнінде келісілген жұмыс жүргізуді тапсырады.
6-бап
Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат алмасу жөніндегі базалық ұйымына осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ҰАО-ның таратылған интеграцияланған ақпарат жүйелерін және ТМД порталын қалыптастыру жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асыруды тапсырады.
7-бап
«ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық қызметі үшін ақпарат» ТМД порталы Интернет пайдаланушыларға мынадай мазмұндағы жалпы қолжетімді ақпараттық ресурстарды ұсынуды қамтамасыз етуі тиіс:
1) нормативтік құқықтық актілер (мемлекетаралық, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, басқа да халықаралық бірлестіктердің);
2) инновациялық интеграцияның негізгі нысаналы индикаторлары (ТМД Үкімет басшылары кеңесінің 2009 жылғы 20 қарашадағы шешімімен бекітілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық саладағы ұзақ мерзімді ынтымақтастығының негізгі бағыттарына сәйкес), өңірлердің, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық экономикасы салаларының инновациялық белсенділігінің индикаторлары, инновациялық ынтымақтастықтың мемлекетаралық басымдықтары, ғылыми-технологиялық дамудың ұлттық басымдықтары, мемлекетаралық және ұлттық сындарлы технологиялар мен мемлекетаралық және ұлттық маңызы бар аса маңызды жобалардың тізбелері туралы ақпарат;
3) ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде шағын және орта бизнес кәсіпорындарын ұйымдастыруда қажетті рәсімдер кешені туралы мәліметтер;
4) ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде инновациялық кәсіпкерлікті мемлекетаралық және мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы нысандары мен әдістері туралы мәліметтер;
5) ұлттық (ведомстволықты және өңірлікті қоса алғанда) және халықаралық нысаналы ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалар туралы ақпарат;
6) ғылыми және ғылыми-техникалық конкурстар, халықаралық гранттар туралы ақпарат;
7) ғылыми және инновациялық қызмет саласында біліктілікті арттыру және кәсіптік қайта даярлау туралы ақпарат;
8) ТМД-дағы инновациялық қызмет субъектілері туралы ақпарат;
9) инновациялық қызметті сүйемелдеу қызметтері туралы ақпарат, оған мыналар кіреді:
10) білім беру (инновациялық сала үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау, мамандар тағылымдамасын ұйымдастыру және өткізу, инновациялық менеджмент саласындағы мамандарды кәсіптік қайта даярлау);
11) ақпараттық (инновациялық интеграцияны қолдау үшін ТМД-ның таратылған ақпарат жүйесіне өзінің ақпаратын ұсынатын ұйымдар туралы, басқа да ұлттық және шетелдік ақпарат орталықтары, баспалар және кітапханалар туралы мәліметтер, ғылыми-техникалық ақпарат, халықаралық және ұлттық стандарттар, қауіпсіздікке және өнім мен технологиялардың сапасына қойылатын талаптар, патенттік ақпарат, іскер, қаржы, статистикалық, анықтама құқықтық, маркетингтік, кадр және басқа да ақпарат);
12) инжинирингтік (өндірістік, ғылыми-техникалық және коммерциялық сипаттағы қызметтер кешені, ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды өндіріс сатысына дейін жеткізу);
13) заңдық (зияткерлік меншікті қорғауды қоса алғанда, барлық қызметтер спектрі);
14) қаржылық (ұлттық және халықаралық инвестициялық қорлар, жеке инвесторлардың, қаржы-кредит ұйымдарының ұсыныстары, венчурлік қорлар, зерттеу және ғылыми-техникалық бағдарламалар, стипендиялар, халықаралық гранттар, банктік қызмет көрсету, басқа да қаржы қызметтері);
15) консалтингтік (ғылыми-техникалық, экономикалық, заңдық және басқа да консультациялар);
16) маркетингтік (ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің нарығына өнімдік және технологиялық инновацияларды жылжыту жөніндегі қызметтер кешені, халықаралық нарықтар, көрме-жәрмеңкелерді және басқа да жарнамалық акцияларды жүргізу, бірлескен технологиялық биржалар құру).
8-бап
Тараптар осы Келісімнің 7-бабында келтірілген бағыттардың әрқайсысы бойынша ақпараттық ресурстар мен қызметтер түрлерінің негізінде тиісті деректер қорын қалыптастырады.
9-бап
Тараптар Ғылыми-техникалық ақпарат жөніндегі мемлекетаралық үйлестіру кеңесіне осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі іс-қимылға талдауды жүзеге асыруды және қажет болған жағдайда ТМД Үкімет басшыларының кеңесіне оның іске асырылу барысы туралы хабарлауды тапсырады.
10-бап
Әрбір Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес осы Келісімнің іске асырылуын қаржыландырады.
11-бап
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
12-бап
Осы Келісім Тараптардың мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан Тараптардың әрқайсысы үшін туындайтын олардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
13-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
14-бап
Осы Келісімді қолдану және талқылау кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы немесе Тараптар келіскен басқа да рәсімдер арқылы шешіледі.
15-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті құжаттарды депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
16-бап
Осы Келісім ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің, сондай-ақ оның мақсаттары мен қағидаттарына ортақтасатын кез келген басқа мемлекеттің қосылу туралы құжаттарды депозитарийге тапсыру жолымен қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін Келісім:
1) депозитарийге қосылу туралы құжаттарды тапсырған сәтте Келісімнің күшіне енуі шартымен депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң;
2) депозитарийге қосылу туралы құжаттарды тапсырған сәтте Келісімнің күшіне енбеуі шартымен Келісім күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.
17-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығуға дейін кемінде 6 ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және Келісімнің қолданысы уақытында туындаған міндеттемелерді реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.
2011 жылғы «___» ________ __________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жіберетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Әзірбайжан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Түрікменстан
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Молдова Республикасының
Үкіметі үшін