Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесін құру қағидасын, байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ Байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 маусымдағы № 686 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 8 қыркүйектегі № 754 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 08.09.2015 № 754 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 148-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесін құру қағидасы;
      2) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардағы байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар;
      3) Байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Mинистрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2011 жылғы 22 маусымдағы
686 қаулысымен   
бекітілген     

Шаруашылық жүргізу құқығындағы
мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесін құру
қағидасы

1. Жалпы ережелер

      Осы Қағида «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 148-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және білім беру мен денсаулық сақтау салаларында байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды құру тәртібін, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейтін шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесін енгізу тәртібін айқындайды.

2. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда
байқау кеңесін құру тәртібі

      1. Тиісті саладағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітілген шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға қойылатын өлшемдерге сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға байқау кеңесін енгізу туралы немесе байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын құру туралы ұсыныстарды және бекітілген тәртіппен әзірленіп, келісілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімінің жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне бір мезгілде енгізеді.
      2. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітілген шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға қойылатын өлшемдерге сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорында байқау кеңесін енгізу туралы немесе байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын құру туралы және бекітілген тәртіппен әзірленіп, келісілген жергілікті атқарушы органның тиісті шешімінің жобасын жергілікті атқарушы органға бір мезгілде енгізеді.
      3. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорында байқау кеңесін енгізу немесе байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің (жергілікті атқарушы органның) тиісті шешімі қабылданғаннан кейін тиісті саладағы уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган):
      байқау кеңесі туралы ережені, байқау кеңесін шақыру мен отырыс өткізу тәртібін бекітеді;
      Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардағы байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу қағидасына сәйкес байқау кеңесінің құрамына үміткерлерді конкурстық іріктеуді жүргізеді;
      байқау кеңесінің құрамын қалыптастырады және бекітеді.
      4. Байқау кеңесі туралы ережені, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындағы байқау кеңесінің отырыстарын шақыру және өткізу тәртібін тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) бекітеді.
      5. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардағы байқау кеңесі мүшелерінің саны тақ болуға және кемінде бес адамнан құралуға тиіс. Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын қоспағанда, байқау кеңесінің мүшелері шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын жұмыскерлерінің штатына кірмейді.
      Байқау кеңесінің төрағасы байқау кеңесі мүшелерінің көпшілік дауысымен байқау кеңесі мүшелерінің қатарынан сайланады. Мемлекеттік кәсіпорын басшысы байқау кеңесінің төрағасы болып сайлана алмайды.
      6. Байқау кеңесінің құрамына тиісті саладағы уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) өкілдері, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын басшысы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындағы байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу қағидасына сәйкес конкурстық тәртіппен сайланатын өзге де тұлғалар кіреді.
      7. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 22 маусымдағы
№ 686 қаулысымен  
бекітілген     

Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардағы
байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын
талаптар

      1. Білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардағы байқау кеңестеріне сайланатын адамдарға қойылатын талаптар жоғары білімнің, сондай-ақ мынадай талаптардың бірінің:
      1) білім беру немесе денсаулық сақтау салаларындағы кемінде он жыл жұмыс тәжірибесінің;
      2) білім беру немесе денсаулық сақтау салаларындағы басшылық қызметте (заңды тұлға басшысы немесе оның орынбасарлары) кемінде бес жыл тәжірибесінің;
      3) білім беру немесе денсаулық сақтау салаларындағы қоғамдық бірлестіктердің мүшесі болуын қамтиды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.01.16 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      2. Мынадай:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған;
      2) заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы шешім қабылданғанға дейін бір жылдан астам осы заңды тұлғаның басшысы болған;
      3) бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;
      4) байқау кеңесінің басқа мүшесімен немесе мемлекеттік кәсіпорын басшысымен жақын туыстық және туыстық қатынастағы адамды байқау кеңесінің мүшесі ретінде сайлауға болмайды.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.01.16 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің     
2011 жылғы 22 маусымдағы
№ 686 қаулысымен  
бекітілген     

Байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың
өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 148-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді әрі білім беру және денсаулық сақтау салаларында шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардағы байқау кеңесінің мүшелерін (бұдан әрі - байқау кеңесінің мүшелері) конкурстық негізде іріктеу мен олардың уәкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібін айқындайды.
      2. Конкурс Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған талаптарға сәйкес тиісті саладағы уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) өкілдері болып табылатын байқау кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік кәсіпорын басшысын қоспағанда, байқау кеңесінің мүшелерін іріктеу мақсатында жүргізіледі.

2. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардағы
байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеуді ұйымдастыру
және жүргізу тәртібі

      3. Тиісті саладағы уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган):
      1) конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды;
      2) конкурсты өткізу шарттарын, күні мен орнын анықтайды;
      3) конкурстық комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) қалыптастырады және тиісті саладағы уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) өкілдері арасынан Комиссия төрағасын тағайындайды.
      4. Конкурсты ұйымдастыруды және өткізуді Комиссия жүзеге асырады.
      Комиссия мүшелерінің саны кемінде бес адамнан құралуы тиіс. Комиссия төрағасы лауазымы бойынша тиісті саладағы уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) бірінші басшысының орынбасарынан төмен емес тұлға болып табылады.
      5. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) конкурстық құжаттаманы дайындайды;
      2) тиісті кәсіпорынның қаражаты есебінен конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялауды қамтамасыз етеді;
      3) конкурсқа қатысу үшін ұсынылған құжаттарды қабылдауды, тіркеуді және сақтауды жүргізеді;
      4) конкурстың қорытындылары бойынша тиісті саладағы уәкілетті органға (жергілікті атқарушы органға) Конкурс жеңімпазын мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшесінің лауазымына тағайындау туралы ұсыныс енгізеді.
      6. Байқау кеңесі мүшесінің лауазымын атқаруға конкурс өткізу туралы хабарландыру республикалық ресми бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ тиісті саладағы уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) интернет-сайтында мемлекеттік және орыс тілдерінде конкурс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік отыз күн бұрын жариялануы тиіс.
      7. Конкурс өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
      1) конкурс өткізу күні мен орны;
      2) орналасқан орнын, пошталық мекенжайын, телефонын көрсете отырып, кәсіпорынның атауы, оның негізгі қызметінің қысқаша сипаттамасы;
      3) конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар;
      4) конкурсқа қатысу туралы өтініштерді беру мерзімі;
      5) конкурсқа қатысу туралы өтінішке қоса берілетін құжаттардың тізбесі;
      6) құжаттарды қабылдау басталатын күн.
      Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлғалардың құжаттарын қабылдау басталатын күн бұқаралық ақпарат құралдарында конкурс өткізу хабарландыруы орналастырылған күннен бастап айқындалады. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлғалардың құжаттарын қабылдау бұқаралық ақпарат құралдарында конкурс өткізу хабарландыруы орналастырылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң аяқталады.
      8. Конкурс мынадай кезеңдерден тұрады:
      1) конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу;
      2) конкурсқа өзінің қатысуын растаған үміткерлердің біліктілігін бағалау;
      3) үміткерлермен әңгімелесу жүргізу және байқау кеңесі мүшелерін іріктеу;
      4) конкурстың қорытындысын шығару.
      9. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлға конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімде Комиссияға мынадай құжаттарды ұсынуы тиіс:
      1) конкурсқа қатысу туралы өтініш;
      2) мемлекеттік және орыс тілдерінде түйіндеме;
      3) еркін нысанда жазылған өмірбаян;
      4) үміткердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      5) білімі туралы құжаттың көшірмесі;
      6) еңбек кітапшасының (ол болған кезде) немесе еңбек шартының көшірмесі не соңғы жұмыс орнына қабылданғаны және еңбек шартының тоқтатылғаны туралы бұйрықтардың көшірмесі;
      7) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аумақтық бөлімшелері берген соттылығы және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары жоқ екендігін растайтын құжаттар.
      Конкурсқа қатысушы өзінің біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби деңгейіне қатысты қосымша ақпаратты (біліктілігін арттыру, ғылыми дәрежелер мен атақтар беру, ғылыми жарияланымдар, осының алдындағы жұмыс орнының басшылығынан ұсыным) беруіне болады.
      10. Үміткер конкурстық өтінімнің түпнұсқасын «Түпнұсқа» деп белгіленген конвертке салып мөрлейді. Бұл конвертте үміткердің аты-жөні және мекенжайы көрсетілуі тиіс. Содан кейін конверт сыртқы конвертке салынып мөрленеді.
      Ішкі және сыртқы конверттер:
      1) шақыруда немесе мерзімдік басылымдағы ақпаратта көрсетілген мекенжай бойынша тиісті саладағы уәкілетті органға (жергілікті атқарушы органға) бағытталуы;
      2) «Байқау кеңесі мүшелерінің - мемлекеттік кәсіпорынның байқау  кеңесі мүшелерінің конкурсы» және « ____________ дейін ашуға болмайды» (шақыруда немесе мерзімдік басылымда көрсетілген конвертті ашу күні мен уақыты) деген сөздерді қамтуы тиіс.
      11. Конкурстық өтінім мемлекеттік және орыс тілдерінде бір-бір данадан жіберіледі.
      12. Конкурстық комиссия шақыруларда немесе мерзімдік басылымдағы ақпаратта көрсетілген жерде және уақытта ұсынылған конкурстық өтінімдер берілген конверттердің түпнұсқасын ашады.
      13. Конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу рәсімінен кейін конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссия мүшелері мен хатшы қол қоятын ашу хаттамасын жасайды.
      14. Егер конкурсқа қатысуға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген талаптарға сәйкес келетін екеуден аз үміткер конкурстық өтінім берсе не конкурстық өтінімдер түспесе немесе қайтарылып алынса, онда Конкурстық комиссия конкурсты өткізілмеді деп санайды және қайта конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.
      15. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашқан күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Қағиданың 9-тармағына сәйкес үміткер ұсынған құжаттарды және үміткердің Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген талаптарға сәйкестігін бағалауды қарайды.
      16. Конкурстық комиссия жүргізілген бағалаудың нәтижелері бойынша әңгімелесу күнін, уақытын және ол өткізілетін жерді көрсете отырып, шақыру жіберілетін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген талаптарға сәйкес келетін үміткерлерді іріктеуді жүргізеді.
      17. Комиссия конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу жүргізу кезінде мемлекеттік кәсіпорын қызметінің саласындағы қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін білуі, сондай-ақ денсаулық сақтау немесе білім беру ұйымдарының қызмет ерекшеліктерін білуі тексеріледі.
      18. Комиссияның шешімдері комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
      Комиссия қабылдаған шешім Комиссияның барлық мүшелері, сондай-ақ хаттама жүргізуді жүзеге асыратын хатшы қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді.
      19. Конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда, үміткерлер мұндай шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағымдана алады.
      20. Конкурс өткізудің жалпы мерзімі конкурс өткізу туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі айдан аспайтын уақытты құрайды.
      21. Комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушымен тиісті саладағы уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) басшысы тиісті шарт жасасады.

3. Байқау кеңесі мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын
тоқтату

      22. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшесінің өкілеттігі оның жазбаша өтінішінің негізінде мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін. Байқау кеңесі мүшесінің жазбаша өтінішінде бұдан әрі өзінің міндеттерін орындай алмауының себебі көрсетілуге тиіс.
      23. Өз қалауы, денсаулығының жағдайы, күшіне енген сот үкімі, байқау кеңесінің басқа мүшесімен немесе мемлекеттік кәсіпорын басшысымен туыстық қатынастың туындауы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер байқау кеңесі мүшесінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату себептері болып табылады.
      24. Байқау кеңесі байқау кеңесі мүшесінің өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтінішін қарайды және осы өтініш тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күн ішінде шешім шығарады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады