"Білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінін 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 27 шілдедегі № 865 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 7 қыркүйектегі № 772 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 07.09.2023 № 772 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 2, 24-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Білім беру грантын беру ережесінде:

      2-тармақта:

      3) тармақшада "(бұдан әрі - Комиссия)." деген сөздер "(бұдан әрі - Комиссия);" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 4), 5), 6) тармақшалармен толықтырылсын:

      4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган - азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      5) білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген өкілі (агент) - тапсырма шартының негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның атынан және соның есебінен және оның нұсқаулықтарына сәйкес белгілі бір тапсырмаларды орындайтын тұлға;

      6) жас маман - ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде білім беру гранты бойынша педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша жоғары білімнің тиісті білім беру бағдарламаларын меңгерген бітіруші.";

      3-бөлім мынадай редакцияда жазылсын:

" 3. Маманды ауылдық жерге жұмысқа жіберу және өз бетімен жұмысқа тұру құқығын беру тәртібі

      9. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру грантының иегерлері ауылға (селоға), кентке, ауылдық (селолық) округке (бұдан әрі - ауылдық жер) жұмысқа жіберіледі.

      10. Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру гранты иегерлері үшін білім беру қызметтерін ұсынуға арналған шарт жасасқан кезде олардың жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарда жұмысты өтеуі міндетті шарт болып табылады.

      Жұмысты өтеу мерзімі жұмыс беруші мен жас маман арасында еңбек шарты жасалған күннен бастап саналады.

      11. Жас мамандарды жұмысқа жіберу мақсатында оларды дербес бөлу жүзеге асырылады.

      Жас мамандарды жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) облыстың жергілікті атқарушы органы жыл сайын 1 наурыздан кешіктірмей білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға (бұдан әрі - уәкілетті органдар) ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарында және медицина ұйымдарында кадрларға қажеттілік туралы өтінім береді;

      2) ЖОО жыл сайын 1 наурыздан кешіктірмей уәкілетті органдарға ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен бітірушілердің тізімдерін жібереді;

      3) уәкілетті органдар жыл сайын 1 мамырдан кешіктірмей тікелей ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтарға берілетін квота шегінде оқуға түскен білім беру грантының иегерлері оқитын ЖОО-ға ауылдық жерде орналасқан білім беру және медицина ұйымдары үшін кадрларға қажеттілік туралы өтінімдерге сәйкес ақпарат жібереді;

      4) ЖОО-да жас мамандарды жұмысқа дербес бөлу жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Бөлу жөніндегі комиссия) құрылады.

      Бөлу жөніндегі комиссия туралы ережені уәкілетті органдар бекітеді.

      12. Бөлу жөніндегі комиссия жыл сайын квота шегінде білім беру гранты бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар оқуды аяқтайтын Қазақстан Республикасының тиісті жоғары оқу орындарының жанында құрылады.

      13. Жас мамандарды дербес бөлу отырысқа ұсынылған құжаттар бойынша және облыстардың жергілікті атқарушы органдарының ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарындағы және медицина ұйымдарындағы кадрларға қажеттілік туралы өтінімдеріне сәйкес уәкілетті органдар ұсынған ақпарат негізінде жүзеге асырылады.

      14. Жас мамандарды дербес бөлу кезінде:

      1) тұрақты тұратын орны немесе сонда бөлген дұрысырақ болатын ауылдық елді мекен;

      2) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында және осы Ережеде көзделген бірінші кезекте бөлу құқығын беретін жағдайлардың болуы;

      3) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында және осы Ережеде белгіленген, жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босататын немесе жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындау мерзімін кері шегеретін жағдайлардың болуы ескеріледі.

      Жас маман тұрақты тұрған ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарында және медицина ұйымдарында бос жұмыс орны болмаған жағдайда ол жақын жердегі ауылда (селода), кентте, ауылдық (селолық) округте, ауданда, облыста орналасқан білім беру ұйымдарына және медицина ұйымдарына бөлінуге жатады.

      15. ЖОО-дағы оқуды бір мезгілде аяқтаған ерлі-зайыптыларға бір ауылда (селода), кентте, ауылдық (селолық) округте орналасқан ұйымдарда жұмыс беріледі. Егер ерлі-зайыптылардың бірі оқуын бұрын бітірсе, онда оған жұмыс жалпы негіздерде беріледі. Мұндай жағдайда жұбайының (зайыбының) жұмыс орнын, оның ішінде зайыбының (жұбайының) жұмыс орны бойынша да таңдау құқығы бар.

      16. ЖОО жыл сайын 10 тамыздан кешіктірмей уәкілетті органдарға ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарына және медицина ұйымдарына жұмысқа жас мамандарды бөлу туралы ақпаратты ұсынады және бөлу жөніндегі барлық материалдарды жас мамандарды бөлу туралы шешім қабылданған күннен бастап 15 күннің ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне жібереді.

      17. Дербес бөлу жөніндегі комиссияға дәлелді себептерсіз келмеген жас мамандар оның қатысуынсыз бөлінеді.

      18. Ауылдық жерге жұмысқа жіберілген жас мамандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік кепілдіктер алады.

      19. Бірінші кезекте бөлу құқығы:

      1) жұбайы бос жұмыс орнын ұсынған ауылдық жерде немесе оған жақын орналасқан ауылда (селода), кентте, ауылдық (селолық) округте тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан адамдарға;

      2) ата-анасының бірі немесе екеуі де I және II топ мүгедектері болып табылатын адамдарға, сондай-ақ бос жұмыс орнын ұсынған ауылдық жерде тұрақты тұрып жатқан адамдардың қамқоршысы және қорғаншысы болып табылатын адамдарға беріледі.

      20. Бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен жас мамандардың мынадай санаттары жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босатылады:

      1) бөлу кезінде ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарында және медицина ұйымдарында бос жұмыс орны болмаған кездегі адамдар;

      2) жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан ауылдық жерде немесе оған жақын орналасқан ауылда (селода), кентте, ауылдық (селолық) округте бос жұмыс орны болмаған кездегі адамдар;

      3) I және II топтағы мүгедектер;

      4) одан әрі магистратураға, резидентураға оқуға түскен адамдар;

      5) жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар әйелдер, сондай-ақ баласын (балаларын) жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер.

      21. Ағымдағы жылы оқуын бітірген жас мамандар 1 тамыздан кешікпей жұмыс орнына жолдама бойынша келеді.

      22. Облыстың жергілікті атқарушы органы жас маман келгеннен кейін бір айдың ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне жұмыс орны және берілетін әлеуметтік көмек түрі туралы мәліметтерді ұсына отырып, бөлуге сәйкес келгені туралы растау жібереді.

      23. Мерзімдік әскери қызметке түскенде немесе шақырылғанда жас маманның жұмысты өтеу мерзіміне қызметті өтеу уақытын қоспастан, қызметті өтеу уақытына жұмысты өтеу мерзімі кейін шегеріледі.

      24. Бюджеттің оқытумен байланысты шығыстарын қайтарусыз жұмысты өтеу жөніндегі міндетін тоқтату білім беру саласындағы уәкілетті органның шешімімен ресімделеді және:

      1) жұмысты өтеу жөніндегі міндеттің орындалуына байланысты;

      2) тиісті құжаттармен расталған білім алушының (жас маманның) қайтыс болуына байланысты;

      3) жұмысты өтеу мерзімі ішінде I, II топ мүгедектігі белгіленген жағдайда;

      4) осы Ереженің 20-тармағында көзделген жағдайларда жұмысты өтеу жөніндегі міндетінен босатылуына байланысты басталады.

      25. Осы Ереженің 19, 20, 23, 24-тармақтарында көрсетілген жағдайлар тиісті құжаттармен расталуға тиіс.

      26. Облыстың жергілікті атқарушы органы жыл сайын 1 қыркүйекке қарай білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне 2011 жылдан бастап алдағы үш жыл бойы ауылдық жерде жұмыс істеу үшін бөлінген жұмыс істеп жатқан жас мамандардың тізімін жібереді.

      27. Ауылдық жерде жұмыс істеуге бөлінген жас маманмен жасалған еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылған жағдайда жұмыс беруші еңбек шартын бұзғаннан кейін үш күннен кешіктірмей бұл туралы облыстың жергілікті атқарушы органдарына хабарлайды. Облыстың жергілікті атқарушы органы жас маманның жұмыстан шығарылғаны туралы мәліметтер мен растайтын құжаттарды білім беру саласындағы уәкілетті органға жібереді. Бұл орайда жас мамандармен жасалған еңбек шарттары жұмыс беруші - заңды тұлғаның таратылуы немесе жұмыс беруші - жеке тұлғаның қызметін тоқтатуы, сондай-ақ қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылуы негізінде бұзылған жағдайда олар қайтадан бөлуге жатады.

      Жас мамандармен жасалған еңбек шарттары жұмыс берушінің бастамасы бойынша осы тармақта көзделмеген негіздер бойынша бұзылған жағдайда оларды қайтадан бөлу жүргізілмейді, және осы Ережеге сәйкес қаражатты бюджетке қайтару жүзеге асырылады.

      28. Жас маман жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарда жұмысты өтеу міндетін орындамаған жағдайда бюджеттің жас маманды оқытумен байланысты шығыстары бюджетке қайтарылуға тиіс.

      29. Жас мамандардың жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерді орындауы және бюджеттің жас маманды оқытумен байланысты шығыстарының қайтарылуы мониторингін қамтамасыз ету білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агентіне жүктеледі.

      30. Білім беру саласындағы уәкілетті органның сенім білдірілген агенті өз құзыреті шегінде:

      1) жас мамандардың жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерді орындауына мониторинг жүргізу мақсатында жас мамандар бойынша дерекқорды қалыптастырады және жүргізеді, ұсынылған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді;

      2) облыстардың жергілікті атқарушы органдарының жәрдемімен бөлу жөніндегі комиссиялар шешімдерінің орындалу мониторингін жүргізеді;

      3) жас мамандар жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерді бұзған жағдайда олардың бюджеттің өзін оқытумен байланысты шығыстарын қайтаруын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады