Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Өңiраралық және шекара маңындағы ынтымақтастық туралы келiсiмді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 922 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса беріліп отырған 2010 жылғы 7 қыркүйекте Өскемен қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Өңiраралық және шекара маңындағы ынтымақтастық туралы келiсiм бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Миниcтрi                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы өңіраралық және шекара маңы
ынтымақтастығы туралы келісім

(2011 жылғы 8 желтоқсанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 2, 22-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартты, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияны басшылыққа ала отырып,
      2008 жылғы 10 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекарадағы ынтымақтастығы туралы конвенцияның ережелерін назарға ала отырып,
      Қазақстан мен Ресей арасындағы ұзақ мерзімді өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын дамытуға тілек білдіре отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын орнықты дамытудың практикалық маңыздылығы мен әлеуетін атап көрсете отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының құқықтық негізін нығайту қажеттігін ұғына отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын тең құқықтық және өзара тиімділік негізінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес нығайтады және дамытады.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
      "Қазақстан Республикасының шекара маңындағы облысы" - аумағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасымен іргелес Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі;
      "Ресей Федерациясының шекара маңындағы субъектісі" - аумағы Ресей-Қазақстан мемлекеттік шекарасымен іргелес Ресей Федерациясының субъектісі;
      "құзыретті органдар" — осы Келісімді іске асыруға байланысты мәселелерді шешу құзыреті мен өкілеттігі берілген Тараптар мемлекеттерінің билік органдары;
      "шаруашылық жүргізуші субъектілер" - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумақтарында тіркелген Қазақстан мен Ресейдің шаруашылық жүргізуші субъектілері.

3-бап

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының облыстарын және Ресей Федерациясының субъектілерін, оның ішінде Қазақстан Республикасының шекара маңы облыстары мен Ресей Федерациясының шекара маңы субъектілерін әлеуметтік-экономикалық дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттер арасындағы өзара тиімді әрі достық қатынастарды нығайтуға бағытталған құзыретті органдары арасында келісілген қызметін білдіреді.

4-бап

      Тараптар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы уағдаластықтарға сәйкес жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары мен Ресей Федерациясы субъектілерінің атқарушы билік органдары Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы уағдаластықтарға сәйкес өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын жүзеге асыруды үйлестіруге қатысады.

5-бап

      Құзыретті органдар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын жүзеге асыру және үйлестіру мақсатында:
      - Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында көзделген тәртіппен, оның ішінде өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының жекелеген бағыттары бойынша халықаралық шарттар жасасады;
      - қажет болған жағдайда өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын жетілдірудің нақты тетіктерін әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс топтарын құрады;
      - өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы саласында бірлескен іс-қимылдар жоспарлары мен бағдарламалар әзірлейді және іске асырады.

6-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасының облыстары мен Ресей Федерациясы субъектілері арасындағы сауда-экономикалық, энергетикалық, агроөнеркәсіп, ғылыми-техникалық, мәдени, гуманитарлық, әлеуметтік, білім беру және өзге де салалардағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

7-бап

      Тараптар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын дамыту мақсатында шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында тікелей байланыстар орнату үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
      Тараптар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының басым бағыттарын дамытуды, өзара іс-қимылдың қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету бөлігінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларын үйлестіруді, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің, оның ішінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамаларының талаптарын шаруашылық жүргізуші субъектілердің сақтауын мемлекеттік қолдау жүйесін қалыптастыруға бағытталған қажетті шаралар қабылдайды.

8-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасының шекара маңы облыстарын және Ресей Федерациясы шекара маңы субъектілерін әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға ықпал етеді.
      Мұндай бағдарламалар мен жобаларды іске асыру кезінде құзыретті органдар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының жалпы даму стратегияларын басшылыққа алады, сондай-ақ көрсетілген бағдарламалардың, жобалардың, оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумақтарында жүзеге асырылатын өзге салалық бағдарламалардың және жобалардың шеңберінде өткізілетін іс-шаралардың өзара толықтыруы туралы бірін-бірі уақтылы хабардар етеді.

9-бап

      Тараптар өзаралық қағидаты негізінде Қазақстан Республикасының шекара маңы облыстары мен Ресей Федерациясының шекара маңы субъектілері арасындағы жүктер мен жолаушылар тасымалын, сондай-ақ екі мемлекеттің аумақтары арқылы транзитті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға жәрдемдеседі.
      Көрсетілген мақсаттарда Тараптар көлік саласындағы құқықтық реттеуді үйлестіруге, Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзиттік тасымалдарға қатысты әкімшілік құжаттама мен рәсімдерді біріздендіруге бағытталған шараларды жүзеге асырады.
      Тараптар екі мемлекеттің қалалары мен елді мекендерін қосатын автомобиль және темір жолдардың дамуына жәрдемдеседі.

10-бап

      Тараптар теңдік пен өзара тиімділік негізінде орнықты даму қағидаттарын басшылыққа ала отырып, құзыретті органдар арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастыққа және Қазақстан Республикасының шекара маңы облыстарының және Ресей Федерациясының шекара маңы субъектілерінің аумақтарында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға оның ішінде табиғи ресурстарды бірлесіп пайдалануды жүзеге асыру кезінде жәрдемдеседі.
      Тараптар Қазақстан Республикасының шекара маңы облыстарының және Ресей Федерациясының шекара маңы субъектілерінің аумағында дүлей апаттардың, техногендік авариялардың және өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында, сондай-ақ олардың салдарын жою кезінде өзара іс-қимыл жасасады.

11-бап

      Тараптар трансшекаралық заңға қайшы іс-қимылға, оның ішінде қарудың, оның негізгі бөлшектері мен оқ-дәрілердің, жарылғыш және улы заттар мен жарылғыш құрылғылардың, ядролық және радиоактивтік материалдардың, алкогольді және темекі өнімдерінің заңсыз айналымына, мәдени құндылықтардың контрабандасына, сондай-ақ заңсыз көші-қонға қарсы әрекет ету мақсатында құзыретті органдар арасындағы ынтымақтастықты орнатуға және нығайтуға жәрдемдеседі.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану жөнінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар жолымен шешеді.

13-бап

      Тараптардың өзара уағдаласуы бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және Тараптардың ешқайсысы дипломатиялық арналар арқылы кезекті бесжылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын екінші Тарапты өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату туралы жазбаша нысанда хабардар етпесе, келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылу кезеңінде жүзеге асырыла бастаған және оның қолданылуы тоқтатылған сәтте аяқталмаған жобалар жөніндегі Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.
      Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 1995 жылғы 26 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей федерациясы шекара маңындағы облыстарының ынтымақтастығы туралы келісім қолданылуын тоқтатады.
      1995 жылғы 26 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы шекара маңындағы облыстарының ынтымақтастығы туралы келісім ережелерін орындау мақсатында жасалған келісімдер қолданылуын тоқтатпайды.

      2010 жылғы 7 қыркүйекте Өскемен қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің бірдей күші бар.

Қазақстан Республикасының                   Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                               Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады