Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бельгия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 тамыздағы № 945 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2006 жылғы 5 желтоқсанда Брюссельде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бельгия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К.Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бельгия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы
КЕЛІСІМ

(2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 5, 40-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бельгия Корольдігінің Үкіметі,
      импорт және экспорт кезінде алынатын кеден баждарының, салықтардың және басқа төлемдердің дәл есептелуін қамтамасыз етудің, сондай-ақ кедендік бақылауды ұйымдастыру кезінде тыйым салу және шектеу жөніндегі шараларды лайықты дәрежеде орындаудың маңыздылығын назарға ала отырып;
      кедендік заңнаманы бұзу экономикалық, қоғамдық, мәдени мүдделерге қоғамның салауаттылығына және сауда мүдделеріне залал келтіретіндігін назарға ала отырып;
      қауіпті жүктерді, флора мен фаунаның жойылып кету қаупі төніп тұрған түрлерін және уытты қалдықтарды шекаралар арқылы заңсыз өткізудің қоғам үшін қауіп төндіретіндігін ескере отырып;
      кедендік заңнамалардың қолданылуына және сақталуын қамтамасыз етуге қатысты саладағы халықаралық ынтымақтастықтың қажет екендігін мойындай отырып;
      Тараптар мемлекеттерінің кедендік заңнамаларын бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі және кеден баждарының, салықтардың және басқа төлемдердің дәл есептелуін қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігердің Тараптардың кеден әкімшіліктері ынтымақтастығының арқасында неғұрлым тиімді болуы мүмкін екендігіне кез жеткізе отырып;
      жекелеген тауарларға қатысты тыйым салу, шектеулер және арнайы бақылау әдістері жөніндегі, қатысушылар болып табылатын Тараптар, халықаралық конвенцияларды назарға ала отырып;
      мына төмендегілер туралы келісті:

І-бөлім
Айқындама
1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:
      1. «Кеден әкімшілігі»:
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті;
      Бельгия Корольдігінде - Бельгия Корольдігінің Федералдық қаржы қызметі Кеден және акциздердің орталық әкімшілігі.
      2. «Кедендік заңнама» - тыйым салу, шектеу және бақылау жөніндегі шараларға жататын нормативтік және құқықтық кесімдерді қоса алғанда, тауарларды мемлекеттердің кедендік шекарасы арқылы әкелуге, әкетуге, транзитіне және өткізуге қатысты кеден әкімшіліктері қолданатын Тараптар мемлекеттерінің нормативтік құқықтық кесімдерінің жиынтығы.
      3. «Кеден баждары мен салықтар» - тауарларды әкелу немесе әкету кезінде алынатын кеден баждар, салықтар, және басқа төлемдер.
      4. «Кедендік құқық бұзушылық» - кедендік заңнаманы кез келген бұзушылық, не мұндай бұзушылыққа әрекет жасау.
      5. «Тұлға» - кез келген жеке немесе заңды тұлға.
      6. «Тұлғалар туралы мәліметтер» - анықталған немесе анықталып жатқан тұлғаға қатысты кез келген деректер.
      7. «Ақпарат» - электронды тасығыштардағы мәліметтерді қоса алғанда, кез келген мәліметтер, құжаттар, баяндамалар, олардың куәландырылған көшірмелері немесе кез келген нысанда берілген басқа да хабарлар.
      8. «Сұрау Салушы Әкімшілік» - көмек сұрайтын кеден әкімшілігі.
      9. «Сұрау Салынған Әкімшілік» - одан көмек сұралатын кеден әкімшілігі.
      10. «Әкімшіліктік ережелер» - кеден әкімшілігінің лауазымды
тұлғалары әкімшілік ететін әдістемелік нұсқаулар, нұсқамалар,
бағдарлар.

II-бөлім
Келісімнің аясы
2-бап

      1. Тараптар өздерінің кеден әкімшіліктері арқылы осы Келісімнің ережелеріне сәйкес бір біріне кедендік заңнамаларды бұзушылықтардың алдын алу, тергеу және жолын кесу жөнінде әкімшілік көмек көрсетеді.
      2. Осы Келісімнің шеңберіндегі көмекті екі Тарап өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және әкімшілік ережелеріне сәйкес, құзыреттерінің және өз кеден әкімшіліктерінің мүмкіндіктердің  шегінде көрсетеді.

III-бөлім
Көмек көрсету аясы
3-бап

      1. Кеден әкімшіліктері бір біріне сұрау салу немесе өз бастамасы бойынша кедендік заңнаманың лайықты қолданылуын қамтамасыз етуде, сондай-ақ кедендік талаптарды алуды қоса алғанда, кедендік құқық бұзушылықтардың алдын алуда, тергеуде және жолын кесуде көмектесуі мүмкін ақпаратты береді.
      2. Әрбір кеден әкімшілігі басқа кеден әкімшілігінің өтініші бойынша тергеулер жүргізу кезінде, өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына және әкімшілік ережелеріне сәйкес әрекет етеді.

4-бап

      1. Сұрау Салынған Әкімшілік сұрау салу бойынша кедендік заңңама және Тарап мемлекетінде қолданылатын рәсімдер туралы және кедендік құқық бұзушылықтарға байланысты тексерулерге жататын қажетті ақпаратты ұсынады.
      2. Әрбір кеден әкімшілігі өз бастамасы бойынша:
      1) кедендік құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігі расталған жаңа әдістеріне;
      2) кедендік құқық бұзушылықтар жасаудың жаңа үрдістеріне, құралдарына немесе әдістеріне қатысты кез келген қолда бар ақпаратты береді.

5-бап

      1. Тараптардың кеден әкімшіліктері бір біріне кеден ісі бойынша техникалық көмек көрсетеді:
      1) екі кеден қызметтері пайдаланатын технологиялармен танысу мақсатында кеден қызметкерлерінің қызмет сапарлары;
      2) кеден қызметтерінің қызметкерлерін оқытуды және арнаулы дағдыларын жетілдіруге көмектесу;
      3) бақылау мен анықтаудың техникалық құралдарын пайдаланудағы ақпаратпен және тәжірибемен алмасу;
      4) кеден ісі мәселелері жөніндегі сарапшыларының қызмет сапарлары;
      5) кедендік заңнамаға және рәсімдерге қатысы бар кәсіптік, ғылыми және техникалық деректермен алмасуды қамтитын кеден ісі саласында техникалық көмек көрсету.

ІV-бөлім
Өзара әкімшілік көмектің ерекше жағдайлары
6-бап

      Сұрау Салынған Әкімшілік сұрау салу бойынша Сұрау Салушы Әкімшілікке, келесі ақпаратты ұсынады:
      1) сұрау салушы Тарап мемлекетінің кедендік аумағына әкелінетін тауарлар сұрау салынған Тарап мемлекетінің кедендік аумағынан заңды түрде әкетілген болып табылады ма;
      2) сұрау салушы Тарап мемлекетінің кедендік аумағынан әкетілетін тауарлар сұрау салынған Тарап мемлекетінің кедендік аумағына заңды түрде әкелінген болып табылады ма;
      3) сұрау салынған Тарап мемлекетінің кедендік аумағына заңды түрде әкелінген тауарлар орналастырылған кеден режимі туралы.

7-бап

      1. Сұрау Салынған Әкімшілік сұрау салу бойынша:
      1) өткізулерге, атап айтқанда сұрау салушы әкімшілікке кедендік құқық бұзушылық жасағандығына күдікті тұлғалардың сұрау салынған Тарап мемлекетінің кедендік аумағына келуіне және одан кетуіне;
      2) кедендік құқық бұзушылық жасағандығына күдік тудыратын ретінде айқындаған тауарлардың өткізілуіне;
      3) оларға қатысты Сұрау Салушы Әкімшілікте олардың сұрау салушы Тарап мемлекетінің кедендік аумағында кедендік заңнаманы бұзу мақсатында пайдаланылатындығы туралы мәліметтер бар көлік құралдарына ерекше қадағалауды жүзеге асырады.

8-бап

      1. Кеден әкімшіліктері бір біріне сұрау салу бойынша немесе өз бастамасы бойынша Тараптар мемлекеттерінің кедендік заңнамасын бұзатын немесе бұзуы мүмкін жасалған немесе дайындалып жатқан әрекеттер туралы ақпарат береді. Мұндай ақпарат:
      1) қару-жарақтың, жарылғыш заттар мен ядролық материалдардың;
      2) Тарап мемлекеттерінің бірі үшін елеулі, тарихи, мәдени немесе археологиялық құндылықты білдіретін өнер заттарының;
      3) қоршаған орта мен халық денсаулығы үшін қауіп төндіретін заттардың;
      4) жойылып кету қауіпті төніп тұрған жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің, олардың бөліктері мен дериваттарының заңсыз айналымы туралы мәліметтерді қамтиды.
      2. Тараптардың бірінің мемлекеттінің экономикасына, қоғамдық денсаулық сақтауына және қауіпсіздігіне, сондай-ақ басқа да өмірлік маңызды мүдделеріне елеулі залал келтіруі мүмкін болатын ерекше жағдайларда екінші Тараптың кеден әкімшілігі өз бастамасы бойынша дереу ақпаратты ұсынады.

V-бөлім
Ақпарат
9-бап

      1. Осы Келісімнің негізінде жүргізілетін көмек туралы сұрау салулар тікелей басқа Тараптың кеден әкімшілігі жазбаша нысанда ұсынуы және олар барлық қажетті құжаттармен, атап айтқанда Сұрау Салушы Әкімшілікке экспорт және импорт рәсімдері кезінде ұсынылатын құжаттардың көшірмелерімен ілесіп жүруі тиіс. Егер, жағдаят талап етсе, сұрау салу электронды пошта бойынша берілуі мүмкін. Мұндай сұрау салу бір айлық мерзімде жазбаша расталуы тиіс.
      Осы баптың 1-тармағының негізінде жасалған сұрау салуларға мынадай ақпаратты енгізуі қажет:
      1) сұрау салушы органның атауы;
      2) сұрау салудың мақсаты мен себебі;
      3) істің қысқаша сипаттамасы, нормативтік кесімдердің тізбесі, сондай-ақ тергеудің түрі;
      4) егер олар белгілі болса тергеу объектісі болып табылатын тұлғаның аттары мен мекен-жайлары.
      2. Кеден әкімшіліктерінің кез келгенінің белгілі бір рәсімді өткізу туралы сұрау салуы сұрау салынған Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қанағаттандырылады.
      3. Осы Келісімнің шеңберінде ұсынылатын ақпарат әрбір кеден әкімшілігі осы мақсаттар үшін тағайындаған лауазымды адамдарға ғана беріледі. Мұндай лауазымды адамдардың тізімі екінші Тараптың кеден әкімшілігіне беріледі.
      4. Сұрау салулар ағылшын тілінде ұсынылады.

VI-бөлім
Сұрау салуларды орындау
10-бап

      Егер, Сұрау Салынған Әкімшілікте сұрау салынған ақпарат болмаса, ол өз мемлекетінің ұлттық заңнамасы мен әкімшіліктік ережелеріне сәйкес мұндай ақпаратты алу мақсатында сұрау салуды жүзеге асырады. Бұл сұрау салулар кедендік құқық бұзушылыққа байланысты барлық ақпараттар мен құжаттарды алуды қамтиды.

11-бап

      1. Жазбаша сұрау салу бойынша Сұрау Салушы Әкімшілік тағайындаған лауазымды адамдар Сұрау Салынған Әкімшіліктің рұқсатымен және ол ұсынуы мүмкін шарттарды сақтаған жағдайда кедендік құқық бұзушылықтарды тергеу мақсатында:
      1) кедендік құқық бұзушылыққа қатысты құжаттарды, жазбаларды және басқа да қажетті деректерді Сұрау Салынған Әкімшілік офистеріндегі құжаттармен жазбалармен және басқа да тиісті деректермен салыстыруы;
      2) құжаттардың, жазбалардың және кедендік құқық бұзушылыққа қатысы бар басқа да мәліметтердің көшірмелерін алуы мүмкін.
      2. Сұрау Салушы Әкімшіліктің лауазымды тұлғалары Тарап мемлекетінің басқа аймағында болған кезде, осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайда, атқаратын лауазымын қызмет куәлігімен растауға міндетті.
      3. Тарап мемлекетінің басқа аймағында болған лауазымды тұлғаларға қорғау қамтамасыз етіледі және құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік ескеріледі.

VII-бөлім
Ақпараттардың құпиялылығы
12-бап

      1. Осындай ақпаратты берген кеден әкімшілігі оны басқа
мақсаттар үшін немесе басқа құқық қорғау органдары пайдалануы
мүмкіндігін толық растайтын жағдайларды қоспағанда осы Келісімге сәйкес алынған кез келген ақпарат тек осы Келісімнің мақсаттарында және тек кеден әкімшіліктері ғана пайдалануы тиіс. Мұндай пайдалану ақпарат ұсынушы кеден әкімшілігі белгілейтін кез келген шектеулерді ескере отырып жүзеге асырылады.
      2. Сұрау салу бойынша ұсынылған мәліметтер мен құжаттар тек
осы Келісімді орындау мақсатында ғана пайдаланылады және осы ақпаратты ұсынған кеден органының жазбаша келісімінсіз қайсы біреулерге берілуі, не өзге мақсаттар үшін пайдаланылуы және жария етілуі мүмкін емес.
      3. Егер, бұл ақпаратты ұсынушы Тарап мемлекетінің
заңнамасында көзделген жағдайда кез келген мұндай ақпарат
қылмыстық қуғындау кезінде тек осындай мәліметтер мен құжаттарды
ұсынушы кеден әкімшілігінің рұқсатын алғаннан кейін ғана
пайдаланылуы мүмкін.
      4. Осы Келісімге сәйкес алынған кез келген ақпарат екінші
Тараптың заңнамасына сәйкес осындай ақпаратқа таратылатын дәл осындай қорғаныспен және құпиялылық режимімен қамтамасыз етіледі.
      5. Осы Келісімнің негізінде жеке тұлғалар туралы деректерді беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

VIII-бөлім
Ерекшеліктер
13-бап

      1. Егер Сұрау Салынған Әкімшілігі көмек көрсету мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да маңызды ұлттық мүдделеріне залал келтіруі мүмкін, не өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны бұзуы мүмкін немесе ұлттық заңнамаға Тараптардың қолданылатын талаптары бойынша әкімшілік ережелеріне қайшы келеді деп санаса ол көмектесуден толық немесе ішінара бас тартуы мүмкін немесе оны жүзеге асыру кезінде белгілі бір шарттар қойылуы мүмкін.
      2. Егер Сұрау Салушы Әкімшілік көмек сұраса және өзі Сұрау Салынған Әкімшіліктің ұқсас сұрауы салынған жағдайда орындай алмаған болса, бұл жайды өз сұрауында атап өтуі қажет. Бұл жағдайда сұрау Сұраған Әкімшіліктің қарауына байланысты орындалады.
      3. Сұрау Салынған Әкімшілік сұрау салуды орындауды ол жүріп жатқан тергеуге, талқылауға немесе қудалауға кедергі жасауы мүмкін деген негізде кейінге қалдыруы мүмкін. Мұндай жағдайда Сұрау Салынған Әкімшілік Сұрау Салушы Әкімшілікпен сұрау салуды орындаудың Сұрау Салынған Әкімшілік талап етуі мүмкін мерзімдері мен шарттары бойынша консультациялар жүргізеді.
      4. Егер көмек көрсетуден бас тартылса немесе ол кейінге
қалдырылса онда бас тартудың немесе кейінге қалдырудың себептері
көрсетіледі.

ІХ-бөлім
Шығыстар
14-бап

      1. Осы Келісімнің орындалу барысында, кеден әкімшілігі шығыстардың орын толтыру талабына мемлекеттік қызметшілер болмаған сарапшылар мен аудармашылардың төлемдерін, куәландыру жөніндегі басқа шығыстарынан бас тартуы мүмкін. Бұл жағдайда, шығыстар тек қана уәкілетті тұлғаның талабы бойынша болады.
      2. Егер сұрау салудың орындалуы барысында негізгі және екінші дәрежелі орындалатын шығыстары керек етілсе, Тараптар сұраудың орындалуы бойынша мерзімін, шарттарын және шығыстар туындаған себептерін келіседі.
      3. Осы Келісімнің 11-бабын жүзеге асыруына байланысты шығыстар Сұрау Салушы Әкімшіліктің Тарабынан төленеді.

Х-бөлім
Келісімді іске асыру
15-бап

      1. Кеден әкімшіліктері кедендік құқық бұзушылықтарды тергеуге және олардың жолын кесуге жауапты адамдардың қажет болған жағдайда бір бірімен тура және тікелей байланыстарды орнатуы мен ұстауы үшін шаралар қабылдайды.
      2. Кеден әкімшіліктері осы Келісімнің шеңберінде осы Келісімді
іске асыру үшін қажетті одан арғы іс-қимылдарды келіседі.
      3. Тараптардың арасындағы осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты туындаған даулар өзара консультациялар мен келіссөздер жолымен шешілетін болады.
      4. Кеден әкімшіліктері бір Тараптың сұрау салуы бойынша осы
Келісімді қайта қарау мақсатында кездесулер өткізеді.

ХІ-бөлім
Күшіне енуі және тоқтатылуы
16-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Аталған Хаттамалар осы Келісімнің 18-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

17-бап

      Осы Келісім Қазақстан Республикасы мен Бельгия Корольдігінің олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

18-бап

      Осы Келісім, Тараптардың ол күшіне ену үшін қажетті Мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығы туралы соңғы жазбаша Хабарлама алған мезгілінен үшінші айдың бірінші күнінен бастап күшіне енеді.

19-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады, бұл ретте Тараптардың кез келгені Келісімнің қолданылуын кез келген уақытта дипломатиялық арналар бойынша тоқтата алады.
      2. Осы Келісімнің қолданылуы, бір Тараптың басқа Тараптан Келісімнің қолданылуын тоқтату туралы хабарды алу күнінен үш ай өткеннен кейін тоқтатылады.
      Осыны куәландыру үшін Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес тәртіпте уәкілетті төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
      Брюссель қаласында 2006 жылғы 5 желтоқсанда әр қайсысы ағылшын, қазақ, Нидерланды, орыс және француз тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының      Бельгия Корольдігінің
            Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі Келісімнің ағылшын, нидерланд және француз тілдерінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады