Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 26 тамыздағы № 969 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2011 жылғы 1 маусымда Астана қаласында жасалған Қазақстан
Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К.Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпаратты өзара қорғау туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Болгария Республикасының Үкіметі,
      саяси, әскери және экономикалық қызмет салаларындағы екі жақты ынтымақтастықты кеңейтуде өзара ниетін ескере отырып,
      Тараптар арасында алмасатын немесе өзара ынтымақтастық шеңберінде құрылатын құпия ақпаратты өзара қорғау мәселелерін реттеу ниетін басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімде мыналар айқындалған:
      құпия ақпарат – нысанына, табиғатына немесе беру тәсіліне қарамастан, ынтымақтастық үдерісінде берілетін және/немесе пайда болатын ақпарат, құжаттар немесе материалдар, оларға құпиялылық дәрежесіне сәйкес құпиялылық белгісі беріледі немесе қорғау дәрежесі белгіленеді және олар ұлттық қауіпсіздік мүддесінде және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жария етуден, жоғалтудан, иемденуден, рұқсатсыз қол жеткізуден немесе беделін түсірудің басқа да түрінен қорғауды талап етеді;
      құпия ақпарат тасығыштар – құпия ақпаратты тануға және сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нышандар, үлгілер, белгілер, техникалық шешімдер және үдерістер түрінде олар өз көрінісін табатын материалдық объектілер, оның ішінде физикалық өрістер;
      құпия ақпаратқа рұқсат беру – жеке тұлғаның құпия ақпаратқа қол жеткізуге арналған құқығы немесе уәкілетті органның Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес берілген құпия ақпаратты пайдалана отырып, қызметті жүзеге асыруға арналған құқығы;
      құпия ақпаратқа қол жеткізу – құпия ақпаратқа рұқсаты бар жеке тұлғаны құпия ақпаратпен таныстыру;
      құпиялылық белгісі – құпия ақпарат тасығышта қойылатын және/немесе оған ілеспе құжаттамада көрсетілетін құпия ақпараттың дәрежесін куәландыратын олардағы тасығышта қамтылған деректеме;
      құзыретті орган – Тараптың осы Келісім шеңберінде құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуді бақылауды және үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік органы;
      уәкілетті орган – Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес Тараптардың ынтымақтастығы үдерісінде берілетін және/немесе пайда болған құпия ақпаратты жасауға, алуға, беруге, сақтауға, пайдалануға, қорғауға өкілеттік берілген мемлекеттік орган немесе ұйым;
      шарт – уәкілетті органдар арасында жасалатын шарт (келісімшарт), оның шеңберінде құпия ақпаратты беру және/немесе жасау көзделеді.

2-бап
Келісімнің мақсаты

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптар арасындағы ынтымақтастық барысында берілген/алынған, және/немесе пайда болған құпия ақпаратты өзара қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

3-бап
Құпиялылық дәрежелерінің салыстырмалылығы

      Тараптар осы Келісімге сәйкес өз мемлекеттерінің заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің негізінде құпиялылық дәрежелері және оларға сәйкес келетін құпиялылық белгілері мынадай түрде салыстырылады деп белгілейді:

Қазақстан Республикасында

Орыс тілінде жіктелуі

Болгария Республикасында

ӨТЕ ҚҰПИЯ

СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО

СЕКРЕТНО

ҚҰПИЯ

СЕКРЕТНО

ПОВЕРИТЕЛНО

ҚЫЗМЕТ БАБЫНДА ПАЙДАЛАНУ ҮШІН

ДЛЯ СЛУЖЕБНОГО ПОЛЬЗОВАНИЯ

ЗА СЛУЖЕБНО ПОЛЗОВАНЕ

4-бап
Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі шаралар

      1. Тараптар:
      ынтымақтастық үдерісінде басқа Тарап берген және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты қорғауға;
      алынған құпия ақпараттың құпиялылық белгісін оны беруші Тараптың жазбаша келісімінсіз өзгертпеуге;
      ынтымақтастық үдерісінде алынған және (немесе) пайда болған құпия ақпаратқа қатысты өзінің осындай құпиялылық дәрежесіндегі (осы Келісімнің 3-бабына сәйкес салыстырылған) құпия ақпаратына қатысты қолданылатын сондай қорғау шараларын қолдануға;
      екінші Тараптан алынған құпия ақпаратты оны беру кезінде көзделген мақсаттарға ғана пайдалануға;
      алынған, сондай-ақ ынтымақтастық үдерісінде пайда болған құпия ақпаратқа берген Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тараптың қол жеткізуін болдырмауға міндеттенеді.
      2. Құпия ақпаратқа, оны беру кезінде, оның ішінде оқыту үдерісінде көзделген мақсатта ол қызметтік міндеттерін атқару үшін қажетті адамдарға ғана оларда құпия ақпаратқа тиісті құпиялылық дәрежесінің рұқсаты болған кезде рұқсат беріледі.
      3. Құпия ақпаратты қорғау бойынша қосымша талаптар қажет болған жағдайда (құпия ақпаратпен жұмыс істеу бойынша міндеттемелер жазылған және оны қорғау шаралары көрсетілген) тиісті шарттарға қосылады.

5-бап
Құзыретті органдар

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес құзыретті органдарды айқындайды, бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі хабардар етеді.
      2. Тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз ету және осы Келісімді жүзеге асыру мақсатында құзыретті органдар Тараптардың бірі жасаған сұрау бойынша консультациялар өткізуі мүмкін.
      3. Қауіпсіздіктің тиісті стандарттарына қол жеткізу және сақтау мақсатында тиісті құзыретті органдар сұрау бойынша бір-біріне қауіпсіздік стандарттары, тиісті Тарап пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау саласындағы рәсімдер мен практика туралы ақпарат беруі тиіс.

6-бап
Құпия ақпаратты беру тәсілдері

      1. Тараптар құпия ақпаратты беру туралы шешімді Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес әрбір жеке жағдайда қабылдайды.
      2. Егер бір Тараптың уәкілетті органы құпия ақпаратты екінші Тараптың уәкілетті органына беруге ниеттенсе, онда ол өз Тарапының құзыретті органынан екінші Тараптың уәкілетті органының құпия ақпаратқа рұқсаты бар екенін жазбаша растауын алдын ала сұратады.
      Бір Тараптың құзыретті органы екінші Тараптың құзыретті органынан екінші Тараптың уәкілетті органының құпия ақпаратқа рұқсаты бар екенін жазбаша растауды сұратады.
      3. Құпия ақпаратты беру дипломатиялық арналар арқылы немесе Тараптардың құзыретті органдары келіскен өзге тәсілмен жүзеге асырылады. Екінші Тараптың тиісті уәкілетті органы құпия ақпаратты алғанын растайды.
      4. Айтарлықтай көлемдегі құпия ақпаратты беру үшін уәкілетті органдар өз мемлекеттерінің заңнамаларына және өзге нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тасымалдау тәсілі, бағыты және алып жүру нысаны туралы уағдаласады.

7-бап
Құпия ақпаратпен жұмыс істеу

      1. Берілген тасығыштардағы құпия ақпаратты алуға жауапты уәкілетті орган осы Келісімнің 3-бабына сәйкес салыстырылатын құпиялылық белгісін қосымша қояды.
      2. Алынған ақпаратты басқа тілге аударған, оны көшірген немесе көбейткен жағдайда құпия ақпарат тасығышқа түпнұсқаның құпиялылық белгісіне сәйкес келетін құпиялылық белгісі қойылады.
      3. Берілген құпия ақпарат негізінде пайда болған құпия ақпарат тасығышқа берілген құпия ақпараттың құпиялылық белгісінен төмен емес құпиялылық белгісі қойылады.
      4. Құпия ақпарат оны алған уәкілетті органда Тараптардың өз құпия ақпаратына қатысты қолданыстағы талаптарға сәйкес есепке алынады және сақталады.
      5. Құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесі және оны тасығыштағы тиісті құпиялылық белгісі оны берген Тараптың уәкілетті органының жазбаша келісімінсіз өзгертілуі тиісті емес.
      6. Тараптардың ынтымақтастығы үдерісінде пайда болған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесі Тараптардың уәкілетті органдарының өзара келісімі бойынша айқындалады немесе өзгереді.
      7. Ынтымақтастық үдерісінде пайда болған құпия ақпаратты құпиясыздандыру Тараптардың уәкілетті органдарының келісімі бойынша жүзеге асырылады.
      8. Құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесін өзгерту немесе оны құпиясыздандыру туралы оны берген Тараптың уәкілетті органы мүмкіндігінше қысқа мерзімде екінші Тараптың уәкілетті органын жазбаша хабардар етеді.
      9. Егер құпия ақпарат көшірілетін болса, құпиялылық белгісінің барлық түпнұсқалары көшірілуі немесе әрбір көшірмеде (данада) белгіленуі тиіс. Көшірілген ақпарат негізгі ақпарат сияқты бақылауда болуы тиіс. Даналардың саны ресми мақсаттар үшін қажетті санға дейін шектелген болуы тиіс.
      10. Құпия ақпаратты көшіру (көбейту) құпия ақпаратты берген Тараптың уәкілетті органының жазбаша рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
      11. Құпия ақпаратты жою оны берген тараппен алдын ала келісіледі. Құпия ақпаратты (оны тасығыштарды) жою құжат жүзінде расталады, ал жою үдерісінің өзі оны жаңарту мен қалпына келтірудің мүмкін болмауын қамтамасыз етуге тиіс. Құпия ақпараттың (оны тасығыштардың) қайтарылғаны туралы немесе жойылғаны туралы оны берген Тараптың уәкілетті органына жазбаша хабарланады.
      Осы Келісім шеңберінде жасалған немесе берілген құпия ақпаратты қорғау және қайтару мүмкін болмайтын дағдарыс жағдайы туындағанда осы құпия ақпарат шұғыл түрде жойылуы тиіс. Алған Тарап бұл туралы жіберуші Тараптың құзыретті органын дереу хабардар етуі тиіс.

8-бап
Шарттар

      Тараптардың уәкілетті органдары жасайтын шарттарға жеке бөлім қосылады, онда мыналар айқындалады:
      ынтымақтастық үдерісінде пайдалану жоспарланып отырған құпия ақпараттың тізбесі және оның құпиялылық дәрежесі;
      ынтымақтастық үдерісінде берілетін және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты қорғау ерекшеліктері, оны пайдалану шарттары;
      дағдарысты жағдайларды шешу және ынтымақтастық үдерісінде берілетін және (немесе) пайда болған құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан болуы мүмкін залалды өтеу тәртібі.

9-бап
Сапарлар

      1. Егер қабылдаушы Тараптың құзыретті органының алдын ала рұқсаты алынған болса, құпия ақпаратқа рұқсатты бір Тарап екінші тараптың өкілдеріне беретін болады.
      Тараптардың құзыретті органдары осы Келісім шеңберінде өз өкілдерінің рұқсатына қатысты, атап айтқанда құпия ақпаратқа рұқсатты қайтарып алған немесе деңгейін төмендеткен жағдайда өзгерістер туралы бірін-бірі хабардар етеді.
      2. Жіберуші Тараптың құзыретті органы қабылдаушы Тараптың құзыретті органын жоспарланған келуге дейін 3 аптадан кешіктірмей келушілер туралы хабардар етеді.
      3. Келуге арналған өтініш мынадай ақпаратты қамтиды:
      - келуші Тарап өкілінің тегі мен аты, туған күні мен жері, азаматтығы және паспортының нөмірі;
      - келуші Тарап өкілінің лауазымы және ол жұмыс істейтін ұйымның атауы;
      - тиісті құпиялылық дәрежесіндегі құпия ақпаратқа рұқсатының бар-жоғы;
      - келу болжанып отырған күні мен оның ұзақтығы;
      - сапардың мақсаты;
      - жоспарланған бару объектілерінің атауы;
      - кездесу жоспарланып отырған қабылдаушы Тарап өкілінің лауазымы, тегі мен аты және оларға таныстырылатын ұйымның атауы.
      4. Келуге арналған өтініш дипломатиялық арналар арқылы беріледі.
      5. Әрбір Тарап 12 (он екі) айдан аспайтын мерзімге объектіге баруға рұқсат сұрата алады. Егер баруды белгіленген мерзімде жүзеге асыру мүмкін болмайды деген болжам болса немесе рұқсаттың қолданысын ұзарту қажет болған жағдайда, жіберуші Тарап жаңа рұқсат алу туралы өтінішпен, бірақ ағымдағы рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) аптадан кешіктірмей қабылдаушы Тарапқа жүгіне алады.
      6. Тараптардың әрқайсысының құзыретті органы қажет болған кезде өз мемлекетінің аумағына келген уақытында екінші Тараптың өкілін физикалық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастырады. Тараптардың құзыретті органдары ықтимал қауіптер туралы ақпаратпен өзара алмасуды жүзеге асырады.
      7. Тараптардың бірінің өкілдері екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген кезде қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасын сақтайды.

10-бап
Қауіпсіздіктің бұзылуы

      1. Екінші Тараптың уәкілетті органы ынтымақтастық үдерісінде берген және (немесе) пайда болған құпия ақпараттың рұқсатсыз таралуына әкелген құпия ақпаратты қорғау жөніндегі талаптар бұзылған жағдайда тиісті Тараптың құзыретті органы екінші Тараптың құзыретті органына бұл туралы дереу хабарлайды.
      2. Бұзушылықты анықтаған немесе орын алды деп пайымдайтын Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес дереу тексеруге (қажет болғанда басқа Тараптың көмегімен) кіріседі.
      Тексеру жүргізіп отырған Тараптың құзыретті органы қысқа мерзімде екінші Тараптың құзыретті органына жағдай, тексеру нәтижелері, бұзушылықты жою жөніндегі қабылданған шаралар мен іс-қимылдар туралы хабарлайды.

11-бап
Шығыстар

      Тараптар осы Келісімді іске асыру жөніндегі шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес дербес көтереді.

12-бап
Дауларды шешу

      1. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау қандай да бір үшінші тарапқа жүгінбестен, Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жолымен ғана шешіледі.
      2. Кез келген дау реттелгенге дейін Тараптар осы Келісімнен туындайтын міндеттемелерді сақтауды жалғастырады.

13-бап
Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 14-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін осы өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған сәттен бастап күшіне енеді.
      2. Әрбір тарап екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы мұндай хабарламаны алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң тоқтатылады.
      3. Осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылғанына қарамастан, осы Келісім шеңберінде алынған немесе берілген барлық құпия ақпаратты қорғау осы Келісімнің ережелеріне сәйкес және Тараптар дипломатиялық арналар арқылы тиісті хабарламалар жіберіп, бірін-бірі осы міндеттемелерден босатқанға дейін жүзеге асырылады.
      2010 жылғы 1 маусымда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, болгар және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының        Болгария Республикасының
            Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі Келісімнің болгар тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады