Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру, сенім деңгейін арттыру және сот төрелігіне қол жетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне істерді
қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін
жетілдіру, сенім деңгейін арттыру және сот төрелігіне қол
жетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 23, 335-құжат; 1998 ж., № 23, 416-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 6, 141-құжат; 2001 ж., № 8, 53-құжат; № 15-16, 239-құжат; № 17-18, 245-құжат; № 21-22, 281-құжат; 2002 ж., № 4, 32, 33-құжаттар; № 17, 155-құжат; № 23-24, 192-құжат; 2003 ж., № 18, 142-құжат; 2004 ж., № 5, 22-құжат; № 23, 139-құжат; № 24, 153, 154, 156-құжаттар; 2005 ж., № 13, 53-құжат; № 21-22, 87-құжат; № 24, 123-құжат; 2006 ж., № 2, 19-құжат; № 5-6, 31-құжат; № 12, 72-құжат; 2007 ж., № 1, 2-құжат; № 5-6, 40-құжат; № 10, 69-құжат; № 13, 99-құжат; 2008 ж., № 12, 48-құжат; № 15-16, 62, 63-құжаттар; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 6-7, 32-құжат; № 15-16, 71, 73-құжаттар; № 17, 81, 83-құжаттар; № 23, 113, 115-құжаттар; № 24, 121, 122, 125, 127, 128, 130-құжаттар; 2010 ж., № 1-2, 4-құжат, № 11, 59-құжат; № 17-18, 111-құжат; № 20-21, 119-құжат; № 22, 130-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 19, 28-құжаттар):
1) 7-бапта:
3) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3) «апелляциялық саты» – бiрiншi сатыдағы соттың заңды күшiне енбеген үкiмдерiне, қаулысына апелляциялық шағымдар (наразылықтар) бойынша iстi мәні бойынша қарайтын сот;»;
4-1), 5), 6) тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«4-1) «кассациялық саты» – бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына берілген кассациялық шағымдар (наразылықтар) бойынша істі қарайтын сот;
5) «қадағалау сатысы» – заңды күшiне енген сот шешiмдерiне берілген өтініштер, наразылықтар бойынша істі қадағалау тәртібімен қарайтын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы, сондай-ақ Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымын немесе Бас Прокурордың наразылығын қарайтын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы;
6) «судья» – сот билiгiнiң иесi; осы лауазымға заңда белгiленген тәртiппен тағайындалған немесе сайланған кәсiпқой судья (соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы, тиiстi соттың судьясы);»;
34) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«34) «үкiм» - айыпталушының кiнәлiлiгi немесе кiнәсiздiгi және оған жаза қолдану немесе қолданбау туралы мәселе бойынша бiрiншi, апелляциялық саты соты шығарған сот шешiмi;»;
2) 23-баптың 10) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Сот тараптарға бiрiншi және аппеляциялық сатылар бойынша істі қарауға қатысу құқығын қамтамасыз етедi, айыпталушы және оның қорғаушысы iстi қарау кезiнде, кассациялық және қадағалау тәртібімен, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша жiберiледi. Сот әрбiр қылмысты iстi қараған кезде айыптау тарабының мемлекеттік не жеке айыптаушысы болуға тиiс. Сот iстi қарағанда тараптардың қатысуы мiндеттi болатын басқа да жағдайлар осы Кодекспен айқындалады.»
3) 29-бап мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«4. Осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес жабық сот отырыстарында қаралған істерді есептемегенде, іс бойынша қабылданған соттардың үкімдері мен қаулылары, олар заңды күшіне енгеннен кейін жеті күн ішінде Қазақстан Республикасы соттарының интернет-ресурстарында орналастырылады.»;
4) 43-баптың төртінші бөлігінің екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер сот iстi апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртiбiмен қарау кезiнде қысқартса, көрсетiлген әрекеттердi бiрiншi саты бойынша қараған сот жүргiзедi.»;
5) 58-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Бірінші сатыдағы соттарда қылмыстық істерді қарауды судья жеке-дара, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 165, 166, 166-1, 167, 168 (бірінші бөлігінде), 169, 233 (үшінші және төртінші бөліктерінде)-баптарында көзделген қылмыстар бойынша істерді қоспағанда, аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық істерді айыпталушының өтініші бойынша бір судьяның және он алқабидің құрамында қарайды.
2. Қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қарауды судья жеке-дара, ал алқабилердің қатысуымен шығарылған соттың үкімдеріне, қаулыларына шағымдарды, наразылықтарды қарау кезінде - кемінде үш судья құрамындағы алқа жүзеге асырады.
3. Кассациялық сатыда істерді қарауды кемінде үш судья құрамындағы алқа облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының төрағалығымен жүзеге асырады.
4. Істі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында қарауды кемінде үш судья құрамындағы алқа жүзеге асырады.
5. Істерді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қараған кезде соттың құрамы осы баптың қағидаларына сәйкес айқындалады.
6. Үкімді орындау кезінде туындайтын мәселелерді және есі дұрыс емес адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қарауды тиісті соттың судьясы жеке-дара жүзеге асырады.»;
6) 59-баптың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Егер істі сотта қарау кезінде қылмыс жасауға ықпал еткен мән-жайлар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар, сондай-ақ анықтау, алдын ала тергеу барысында жол берілген басқа да заң бұзушылықтар анықталса, сот жеке қаулы шығарып, онда тиісті ұйымдардың немесе тұлғалардың назарын заңды бұзудың қажетті шаралар қабылдауды талап ететін мән-жайлары мен фактілеріне аударады. Егер сот қажет деп тапса, басқа жағдайларда да жеке қаулы шығаруға құқылы.»;
7) 75-баптың алтыншы бөлігінде:
13) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«13) қылмыстық іс қозғау туралы, оны жәбірленуші деп тану туралы немесе одан бас тарту туралы, қылмыстық істі тоқтата тұру туралы, істі тоқтату туралы қаулылардың көшірмелерін, айыптау қорытындысының көшірмесін, сондай-ақ үкімнің және сот қаулысының көшірмелерін алуға;»;
14) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«14) бірінші және апелляциялық сатыдағы сотта істі соттың талқылауына қатысуға;»;
21) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«21) мәлімделген шағымдарды, өтініштерді және наразылықтарды апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттың қарауына қатысуға;»;
8) 90-бапта:
бірінші бөліктің 2) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) прокурордың, тергеу және анықтау органдарының шешімдеріне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалған шағымды қараған не осы қылмыстық іс бойынша іс жүргізу шешіміне санкция беруге қатысқан болса;»;
үшінші, төртінші және бесінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Бiрiншi сатыдағы сотта қылмыстық iстi қарауға қатысқан судья бұл iстi апелляциялық, кассациялық сатыдағы сотта немесе қадағалау тәртiбiнде қарауға қатыса алмайды.
4. Апелляциялық сатыдағы сотта iстi қарауға қатысқан судья оның қатысуымен қабылданған апелляциялық үкімнің (қаулының) күші жойылғаннан кейін оны осы сатыда жаңадан қарау кезінде, сондай-ақ істі кассациялық сатыда қарау кезінде қарауға қатыса алмайды.
5. Iстi алдыңғы сот сатыларында қарауға қатысқан судья сол iс тиісінше Жоғарғы Соттың алқасында және жалпы отырысында қаралғанда қатыса алмайды.»;
мынадай мазмұндағы 4-1-бөлікпен толықтырылсын:
«4-1. Кассациялық сатыдағы сотта iстi қарауға қатысқан судья оның қатысуымен қабылданған қаулының күші жойылғаннан кейін оны апелляциялық және кассациялық сатыларда қайтадан қарау кезіндеосы істі қарауға қатыса алмайды.»;
оныншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Қарсылық бiлдiрудi қабылдамай тастау немесе қанағаттандыру туралы қаулы шағымдалуға (наразылық бiлдiрiлуге) жатпайды. Қаулыға келiспеушiлiк туралы дәлелдемелер апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау шағымына енгiзiлуi мүмкiн.»;
9) 112-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«112-бап. Соттың үкіміне, қаулысына шағым жасау, наразылық бiлдiру
Бiрiншi сатыдағы соттардың үкіміне, қаулысына шағым жасау, наразылық бiлдiру осы Кодекстiң 46-тарауының ережелерiне сәйкес берiледi. Заңды күшiне енген соттың шешiмiн қайта қарау туралы шағым жасау, наразылық бiлдiру, өтiнiштер осы Кодекстiң 48-1 және 50-тарауларының ережелерiне сәйкес берiледi.»;
10) 131-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қылмыстық iс бойынша соттың заңды күшiне енген үкімі, сондай-ақ заңды күшiне енген басқа да шешiмдерi анықталған мән-жайларға да, олардың құқықтық бағалауына да қатысты барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтар үшiн мiндеттi. Аталған ереже кассациялық және қадағалау тәртiбіндегі соттың жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкімі мен басқа да шешiмдерiн тексеруге, олардың күшiн жоюға және өзгертуге кедергi жасамайды.»;
11) 153-баптың он сегізінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«18. Осы бапта белгіленген айыпталушыны қамауға алу мерзімін есептеу мен ұзартудың тәртібі кассациялық немесе қадағалау сатысында іс жүргізудің нәтижесінде немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан адамға қатысты жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкімнің күшін жою және соттың қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдана отырып, істі жаңа тергеуге жіберуі кезінде де қолданылады.»;
12) 291-баптың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Облыстық және оған теңестірілген сот аудандық және оларға теңестірілген соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, сондай-ақ қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың шығарған, заңды күшіне енбеген үкімдеріне және қаулыларына берілген апелляциялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
3. Облыстық және оған теңестірілген сот бірінші және апелляциялық сатылар шығарған, заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларға берілген кассациялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді кассациялық тәртіппен қарайды.»;
13) 292-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Жоғарғы Сот:
1) оларды кассациялық сатыда қарағаннан кейін ғана бірінші және апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулыларына;
2) кассациялық сатыдағы соттың қаулыларына тараптардың өтініштері мен прокурордың наразылықтары бойынша істерді алқа болып қарайтын жоғары сот сатысы ретінде әрекет етеді.»;
14) 293-баптың екінші, үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Әскери сот гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларына берілген апелляциялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
3. Әскери сот гарнизондардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және Жоғарғы Соттың апелляциялық сатыдағы соттары шығарған, заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларға берілген кассациялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді кассациялық тәртіпте қарайды.»;
15) 328-бап мынадай мазмұндағы оныншы бөлікпен толықтырылсын:
«10. Егер сот бөлген немесе жауап алынатын адам жауап беруден бас тартқан жауап алуға қатысқан адамдардың сұрақтары; сарапшыға қойылған сұрақтар және оның жауаптары; тараптардың сот жарыссөзiнде сөйлеген сөздерiнiң және сотталушының соңғы сөзiнiң негiзгi мазмұны; аудио,-бейнежазба құралдарының көмегімен жазылып қойса, онда хаттамада осы мән-жайды атап өту қажет.
Хаттама осы Кодекстiң 329-бабында белгіленген нысан мен мерзiмде мәлімделген, іске қатысушы адамдардың өтінішті бойынша көрcетiлген мәлiметтермен толықтырады.»;
16) 343-бапта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Төрағалық етушi тараптардан оларда жаңа куәларды, сарапшыларды және мамандарды шақыру туралы және заттай дәлелдер мен құжаттарды алдыру туралы, соның ішінде медиация рәсімін өткізу туралы өтiнiштерiнiң бар-жоғы туралы сұрайды. Өтiнiшiн мәлiмдеген адам қандай жағдайларды анықтау үшiн қосымша дәлелдердiң қажет екенiн көрсетуге мiндеттi.»;
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Сот талқылауының қалған қатысушыларының пiкiрiн тыңдағаннан кейiн сот мәлiмделген әрбiр өтiнiштi, соның ішінде медиация рәсімін өткізу туралы өтінішті қарауға, оны қанағаттандыруға немесе өтiнiштi қанағаттандырудан бас тарту туралы дәлелдi қаулы шығаруға тиiс.»;
17) 387-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жеке қаулы, сондай-ақ сот анықтау, алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде жiберiлген, азаматтардың құқықтарын бұзу және заңның басқа да бұзылуы байқалған кезде шығарылуы мүмкiн.»;
18) 8-бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«8-бөлім. Соттың үкімдері мен қаулыларын апелляциялық және
кассациялық тәртіппен қайта қарау»;
19) 396-1-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Аудандық және оған теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, гарнизондардың әскери соттарының заңды күшіне енбеген үкімдері апелляциялық тәртіппен қаралуға жатады.»;
20) 397-баптың екінші, үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Аудандық және оларға теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына берілген апелляциялық (жеке) шағымдарды, наразылықтарды тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысы қарайды.
2. Гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың, заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жеке) шағымдарды, наразылықтарды Әскери сот қарайды.»;
21) 398-баптың екінші бөлігі алып тасталсын;
22) 400-бап мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«3. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген сот өзінің заңды мүдделерін қорғау бойынша процеске қатысушының мүмкіндігін шектеген заңды бұзушылық кезінде (сот мәжілісінің хаттамасын уақытында әзірлемеу, сот ісін жүргізу тілін білмейтін сотталушыға аудармасы жоқ үкімнің көшірмесін табыс ету, шағымдану мерзімін көрсету кезінде үкімнің қарарлық бөлігіндегі дәлсіздіктер), сондай-ақ оған уақытында шағым немесе наразылық келтіруге объективті түрде кедергі жасаған өзге де мән-жайлар болған кезде апелляциялық (жеке) шағым, наразылық берудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіруге міндетті.»;
23) 406-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«406-бап. Iстi апелляциялық сатыда қарау мерзiмдерi
Iс апелляциялық тәртiппен ол келiп түскен күннен бастап бір айдан кешiктiрiлмей қаралуға тиiс. Егер сот жаңа материалдар мен дәлелдемелерді зерттеу және жаңа үкім шығару қажеттігіне негіз бар деп қараса, іс апелляциялық тәртіппен ол келіп түскен күннен бастап екі айдан кешіктірілмей қаралуы тиіс. Дәлелдi себептер болған жағдайда бұл мерзiм iс жүргiзiп жатқан апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы бойынша бiр айға ұзартылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайда iстi апелляциялық сатыда қарау мерзiмiн одан әрi ұзарту тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың алқа төрағасының қаулысы бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн. Бұл ретте, істі қарау мерзімін ұзарту әр ретте бір айдан аспауға тиіс.»;
24) 411-баптың бірінші бөлігінің 7) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«7) алқабилердің қатысумен шығарылған үкімнің күшін жою және істі соттың жаңадан қарауына жіберу туралы»;
25) 411-1-бапта:
екінші бөліктің 2) тармағы алып тасталсын;
төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Апелляциялық сатының осы баптың екінші бөлігінің негізінде шығарған азаматтық талап қою бөлігіндегі үкіміне прокурордың кассациялық наразылығы немесе осы Кодекстің 396-бабында көрсетілген тұлғалардың кассациялық шағымы берілуі мүмкін.»;
бесінші бөлік алып тасталсын;
26) 414-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Іс материалдарын, тараптар табыс еткен және істі апелляциялық қарау барысында алынған дәлелдемелерді қарап шығып, сот оларды қайтадан бағалауға және осы Кодекстің 411-бабының бірінші бөлігінде көзделген жаңа шешім қабылдауға құқылы.»;
27) 420-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«420-бап. Iстi сотта жаңадан талқылауға жiбере отырып,
алқабилердің қатысуымен үкiмнiң күшiн жою»;
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Алқабилердің қатысуымен шығарылған үкім істі үкiм шығарған соттың жаңадан талқылауына, бiрақ соттың өзге құрамының қарауына жiбере отырып, осы Кодекстің 575-бабында көрсетілген негіздер бойынша толық немесе бiр бөлiгiнде күші жойылуға тиiс.»;
28) 420-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 44-тарауының талаптарын сақтай отырып:
1) осы Кодекстің 37-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер болған кезде айыптау үкімінің күшін жоюға және ақтау үкімін шығаруға;
2) айыптау тарабының шағымы немесе наразылығы бойынша ақтау үкімінің күшін жоюға және айыптау үкімін шығаруға;
3) айыптау тарабының неғұрлым ауыр қылмыс немесе неғұрлым қатаң жаза тағайындау туралы заңды қолдану, қосымша жаза қолдану қажеттігі жөніндегі шағымын, наразылығын қанағаттандыруға негіздер болған кезде айыптау үкімінің күшін жоюға және жаңа айыптау үкімін шығаруға құқылы.
2. Жаңа айыптау үкімін шығарған кезде апелляциялық сатыдағы сот тағылған айыптың шегінен және басты сот талқылауы кезінде мемлекеттік немесе жеке айыптаушы қолдаған айыптау мен жаза мөлшерінің шегінен шығуға құқылы емес.
3. Осы баптың бірінші бөлігінің қағидалары бойынша шығарылған апелляциялық сатының үкімдеріне ол жарияланған күннен бастап алты ай ішінде прокурор кассациялық наразылық немесе осы Кодекстің 396-бабында аталған тұлғалар кассациялық шағым беруі мүмкін, ал күзетпен ұсталып отырған сотталған адамдар оған үкімнің көшірмесі табыс етілген күннен бастап нақ сондай мерзімде бере алады.»;
29) 422, 423 және 423-1-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«422-бап. Апелляциялық үкімнің, қаулының мазмұны
1. Осы Кодекстің 411-бабы бірінші бөлігінің 1)-3) және 8) тармақтарында көзделген жағдайларда (бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдыру туралы, үкімді өзгерту туралы, істі қысқартып, істі қосымша тергеуге жіберіп үкімнің күшін жою туралы) апелляциялық қаулы шығарылады.
Апелляциялық қаулы кiрiспе, сипаттамалы-дәлелдi және қарар бөлiмдерiнен тұрады.
2. Қаулының кiрiспе бөлiмiнде:
1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және соттың құрамы;
3) апелляциялық наразылық немесе апелляциялық шағым жасаған адамдар;
4) iстi апелляциялық сатыда қарауға қатысқан адамдар көрсетiлуге тиiс.
3. Қаулының сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде сот актісінің мәні, берiлген шағымдардың, наразылықтың, оларға қарсылықтардың дәйектері, апелляциялық сатыдағы сотқа қатысқан адамдардың пiкiрлерi, сондай-ақ қабылданған шешiмнiң себептерi қысқаша баяндалуға тиiс.
4. Шағым, наразылық қанағаттандырылмай қалдырылғанда, апелляциялық қаулының сипаттамалы-дәлелдi бөлiгi сот актісіне өзгерістер енгізу немесе оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқтығы көрсетіліп, жеңілдетілген нысанда жасалады.
5. Yкiмнiң күшi жойылған немесе ол өзгертiлген жағдайда, қаулыда қылмыстық немесе қылмыстық iс жүргiзу заңының қандай баптарының талаптары бұзылғаны, бұл бұзушылық неден көрiнетiнi, бiрiншi сатыдағы соттың үкiмiне өзгерiстер енгiзгендегi негiздер көрсетiлуге тиiс.
6. Апелляциялық қаулының қарар бөлігінде апелляциялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі көрсетіледі.
7. Осы Кодекстің 411-бабы бірінші бөлігінің 4)-6) тармақтарында көзделген жағдайларда (айыптау немесе ақтау үкімінің күшін жою туралы, айыптау немесе жаңа айыптау үкімінің орнына ақтау үкімін шығару туралы және ақтау үкімінің күшін жою туралы және айыптау үкімін шығару туралы) осы Кодекстің 44-тарауының қағидалары бойынша апелляциялық үкім шығарылады.
8. Апелляциялық үкімде қылмыстық немесе қылмыстық iс жүргiзу заңының қандай нормаларының талаптары бұзылғаны, бұл бұзушылықтар неден көрiнетiнi, бiрiншi сатыдағы соттың үкiмi заңсыз болып танылатын негiздер көрсетiлуге тиiс.
9. Егер апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстiң 421-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген шешiмдердi қабылдаса, қаулының сипаттамалы-дәлелдi бөлiгiнде бiрiншi сатыдағы соттың шешiмi дұрыс емес деп танылған себептер, сондай-ақ сотталған адам жағдайының нашарлауы негiздерi келтiрiлуге тиiс.
10. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық үкімнің немесе қаулының мәнін өзгертпей, жіберілген айқын қате жазуларды түзету туралы және олардағы түсініксіз жағдайларды түсіндіру туралы қосымша қаулы шығаруға құқылы.
423-бап. Апелляциялық үкім, қаулы шығару және олардың заңды
күшіне енуі
1. Апелляциялық үкім, қаулы кеңесу бөлмесінде шығарылады, оған судья (судьялар) қол қояды және судья (судьялар) кеңесу бөлмесінен қайта оралғаннан кейін отырыс залында оқылады.
2. Сот осы баптың бірінші бөлігінің талаптарын сақтай отырып, апелляциялық үкімнің, қаулының қарар бөлімін шығара алады. Бұл жағдайда апелляциялық үкімнің, қаулының толық мәтіні іс қаралған күннен бастап он күн мерзімде жасалып, оған судья қол қояды.
3. Апелляциялық үкім, қаулы оларды жарияланған кезден бастап заңды күшіне енеді.
423-1-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың үкімін,
қаулысын орындауға кiрiсу
1. Апелляциялық сатының үкімі немесе қаулысы олар шығарылған күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей, ал осы Кодекстiң 423-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайда, оның толық мәтiнi дайындалған күннен бастап iспен бiрге бірінші сатыдағы сотқа жiберiледi.
2. Осы Кодекстiң 303-бабына сәйкес iс қосымша тергеуге қайтарылған жағдайда апелляциялық сатының қаулысы iспен бiрге тиiстi прокурорға жiберiледi. Бұл жағдайда бiрiншi сатыдағы сотқа апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi жiберiледi.
3. Сотталған адам соған сәйкес қамаудан босатылуға тиiс болатын үкім, қаулы, егер сотталған адам апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысып отырса, бұл бөлiгiнде дереу орындалады. Өзге жағдайларда апелляциялық үкімнің, қаулының көшiрмесi немесе оның қарар бөлiгiнен үзiндi сотталған адамды қамаудан босату туралы шешiмдi орындау үшiн қамау орнының әкiмшiлiгiне дереу жiберiледi.
4. Апелляциялық сатыдағы сот жаңа үкім шығарған кезде іс кассациялық шағымдану мерзімі өткеннен кейін үкімді орындауға кірісу үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберіледі.»;
30) 423-2-бапта:
бірінші бөліктің 2) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) шағымданудың, наразылық берудің өтіп кеткен мерзімін сот істі апелляциялық сатыда процестің басқа қатысушыларының шағымдары бойынша қарағаннан кейін осы Кодексте көзделген тәртіппен қалпына келтірсе, бірінші сатыдағы сот үкімінің заңдылығын тексеру кезінде шығарылған бірінші апелляциялық үкімнің, қаулының күші жойылмастан істі апелляциялық сатыда қайтадан қарауға жол беріледі.»;
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Егер қайтадан шығарылған үкім, қаулы апелляциялық сатыда бұрын шығарылған үкімге, қаулыға қайшы келсе, алқа төрағасы облыстық және оған теңестірілген соттың кассациялық алқасына туындаған қайшылықтарды жою туралы ұсыным енгізеді.»;
31) 423-3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«423-3-бап. Алқабилердің қатысуымен шығарылған бастапқы
үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iстi бiрiншi саты
бойынша қарау
1. Бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iс осы Кодекстің 57-тарауында көзделген тәртiппен қаралуға тиiс.
2. Апелляциялық саты сотталғанға ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған әрекетті саралаудың өзгеруіне сәйкес жазаны төмендетуге құқылы. Бұл ретте апелляциялық сатының неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға немесе тағайындалған жазаны күшейтуге құқығы жоқ.
3. Алқабилердің қатысуымен соттың ақтау үкімін апелляциялық саты прокурордың, жәбірленушінің немесе оның өкілінің дәлелдерді ұсыну құқығын шектеген, сондай-ақ осы Кодекстің 575-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген қылмыстық іс жүргізу заңын бұзушылық жағдайларын қоспағанда, күшін жоя алмайды.
4. Істі жаңадан қараған кезде бірінші сатыдағы соттың шығарған үкіміне жалпы тәртіппен шағымдануға болады.»;
32) 446-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы тараудың қағидалары бойынша аудандық және оған теңестірілген соттардың (оның ішінде мамандандырылған ауданаралық соттардың) үкімдері, қаулылары олар апелляциялық тәртіппен қаралғаннан кейін ғана, сондай-ақ апелляциялық сатының үкімдері мен қаулылары қайта қаралуға жатады.
2. Кассациялық тәртіппен соттардың:
1) апелляциялық тәртіппен қаралмаған;
2) мемлекеттік немесе жеке айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру және оның мерзімін ұзарту мәселелері, анықтауды немесе алдын ала тергеуді жүзеге асыратын адамдардың әрекеттері мен шешімдеріне немесе істі алдын ала тергеу сатысында прокурордың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдарды шешу бойынша шығарылған үкімдері, қаулылары қаралуға жатпайды.
3. Кассациялық шағымдар, наразылықтар келтіру құқығына ие тұлғалар тобы, шағымдар, наразылықтар келтіру тәртібі және оған байланысты салдарлар осы Кодекстің 396 (облыстардың прокурорларының және оған теңестірілген прокурорлардың, аудан прокурорларының және оған теңестірілген прокурорлардың орынбасарларын қоспағанда), 397-402, 518-баптарында көрсетілген қағидалар бойынша айқындалады.
4. Сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы наразылықты шағым болған кезде облыс прокуроры, оның орынбасарлары және оларға теңестірілген прокурорлар бере алады. Наразылықты сондай-ақ Бас Прокурор мен оның орынбасарлары енгізе алады.
Қылмыстық істі кассациялық тәртіппен тексеру үшін тиісті соттан Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар осы Кодекстің 460-бабының 2-1-бөлігінде көрсетілген мерзімдерде талап етуі мүмкін.
5. Апелляциялық сатының қаулыларына ол жария етілген күннен бастап алты айдың ішінде, ал қамауда отырған сотталушы – оған үкімнің көшірмесі тапсырылған сәттен бастап сол мерзімде кассациялық наразылық немесе кассациялық шағым берілуі мүмкін.»;
33) 446-3-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Соттың істі апелляциялық тәртіппен қараған кезде шығарған үкіміне, қаулысына шағым жасалған жағдайда, кассациялық шағымда, наразылықта апелляциялық сатының үкімімен, қаулысымен келісетіні немесе келіспейтіні туралы негіздер көрсетілуге тиіс.»;
34) 446-5-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Шағым, наразылық келіп түскен кезде кассациялық сатының судьясы істі талап етіп, ол келіп түскеннен кейін оны қарау күнін белгілейді.»;
35) 446-6-баптың 2) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) заңның қолданылатын уақыт кеңістіктігін айқындау үшін және бірінші және апелляциялық сатылардағы сот істі шешкен кезде қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормаларын дұрыс қолданғанын айқындау үшін қажетті мәліметтерді талап етіп алуға құқылы.»;
36) 446-7-баптың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Кассациялық шағымда немесе наразылықта келтірілген дәйектерді растау немесе теріске шығару үшін сөз сөйлеушілер кассациялық сатыға қосымша материалдар беруге, бұл ретте олардың қандай жолмен алынғанын және оларды табыс ету қажеттігі неге байланысты туындағанын хабарлауға құқылы. Қосымша материалдарды тергеу іс-әрекеттерін жүргізу жолымен алуға болмайды. Сот тараптардың пікірін тыңдап, қосымша материалдарды қабылдау немесе қабылдамау туралы қаулы шығарады. Істің шешілуі үшін маңызы бар қосымша материалдар, егер мұндай материалдардағы деректер немесе мәліметтер қосымша тексеруді талап етпесе, үкімнің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болуы мүмкін. Өзге жағдайларда қосымша материалдар сот үкімінің (қаулысының) күшін жойып, істі апелляциялық саты бойынша жаңадан соттың қарауына жіберу үшін негіз болуы мүмкін.»;
37) 446-8-баптың 4) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) үкімнің (қаулының) күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан сот талқылауына жібереді;»;
38) 446-12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«446-12-бап. Үкімнің әділетсіздігі
1. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 52-бабының талаптарына сәйкес келмейтін жаза тағайындалған үкім әділетсіз деп танылады.
2. Кассациялық сатыдағы сот осы Кодекстің 446-17-бабының қағидалары бойынша үкімнің әділетсіздігіне байланысты оны өзгертуге құқылы.
3. Егер үкім негізсіз ақтау, неғұрлым жеңіл қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану немесе жазаның шамадан тыс жеңілдігі салдарынан әділетсіз деп танылса, кассациялық сатыдағы сот осы негіздер бойынша келтірілген прокурордың наразылығы немесе жәбірленушінің, оның өкілінің шағымы болған кезде жазаны күшейтуге не аса ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы.»;
39) 446-15-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«446-15-бап. Істі жаңадан апелляциялық қарауға жібере отырып
үкімнің күшін жою»;
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кассациялық саты үкімнің заңдылығына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылғанын анықтаған жағдайда ғана, іс жаңадан апелляциялық қарауға жіберіліп, үкімнің күші жойылуға жатады.»;
40) 446-17-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«446-17-бап. Yкімді өзгерту
1. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық заңды дұрыс қолданбаған жағдайда кассациялық сатыдағы сот сотталған адамға неғұрлым жеңіл қылмыс туралы заңды қолдануға және жасалған әрекеттің өзгертілген саралануына сәйкес жазаны төмендетуге құқылы, сондай-ақ ол неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға және тағайындалған жазаны күшейтуге құқылы.
2. Кассациялық сатыдағы сот, егер шамадан тыс қатаңдығы салдарынан жазаны әділетсіз деп таныса, сотталған адамға тағайындалған жазаны саралануын өзгертпестен төмендетуге құқылы.
3. Кассациялық сатыдағы сот, егер жаза мөлшерін ұлғайту арифметикалық қателерді немесе алдын ала күзетпен ұстау мерзімін есептеу кезіндегі қателерді жоюға байланысты болса, қылмыстар мен үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындауды реттейтін қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауын жоя отырып, жаза мөлшерін ұлғайтуға құқылы. Кассациялық сатыдағы сот, сотталған адамға түзеу мекемесінің заңда көзделгеннен гөрі неғұрлым жеңіл түрінің үкімде дәлелденбей тағайындалуының күшін жоюға және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес түзеу мекемесінің түрін тағайындауға құқылы.
4. Кассациялық сатыдағы сот осы бапта көзделген сотталғанның жағдайын нашарлату жағына қарай өзгерістерді, егер осы негіздер бойынша прокурордың наразылығы енгізілсе немесе жәбірленушінің, жеке айыптаушының немесе олардың өкілдерінің шағымдары берілген жағдайда ғана енгізуге құқылы.
5. Сот үкімінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін істі қарайтын сот толық көлемде тексереді. Сот актісіне кассациялық шағымда (наразылықта) көрсетілмеген негіздер бойынша, сондай-ақ кассациялық шағым (наразылық) берілмеген басқа сотталғандарға қатысты өзгерістер енгізуге оған қатысты кассациялық шағым берілген сотталғанмен тең қатысып жасалған қылмысты саралауды өзгерту кезінде ғана жол беріледі, бұл ретте олардың жағдайы нашарламауға тиіс. Сот прокурордың наразылығында немесе кассациялық шағымда көрсетілген сотталғандарға ғана қатысты жағдайларын нашарлату туралы шешім қабылдауға құқылы. Соттың сотталғанның немесе оның қорғаушысының не өкілінің кассациялық шағымы бойынша оның жағдайын нашарлатуға құқығы жоқ.»;
41) 446-18-бапта:
төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Шағым, наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған кезде кассациялық қаулының сипаттамалы-дәлелді бөлігінде сот актісіне өзгеріс енгізудің не оның күшін жоюдың осы Кодексте көзделген негіздердің болмауы көрсетіліп, ол жеңілдетілген нысанда жасалады.»;
мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
«5. Қаулының қарар бөлігінде кассациялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі көрсетіледі.»;
42) 446-19-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Кассациялық қаулы жария етілген кезден бастап күшіне енеді.»;
43) 446-20-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кассациялық сатының қаулысы ол шығарылған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірілмей, іспен бірге үкім шығарған бірінші сатыдағы сотқа орындау үшін жіберіледі. Іс қосымша тергеуге жіберілген жағдайда кассациялық сатының қаулысы іспен бірге тиісті прокурорға жіберіледі. Бұл жағдайда үкім шығарған бірінші сатыдағы сотқа кассациялық саты қаулысының көшірмесі жіберіледі.»;
44) 446-21-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Егер қандай да бір себептер бойынша кейбір сотталған адамдарға қатысты белгіленген мерзімде берілген шағым немесе наразылық кассациялық сатыдағы сотқа басқа сотталған адамдарға қатысты іс қаралып кеткеннен кейін келіп түссе, сондай-ақ егер сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе заңды өкілінің кассациялық шағымы, осы сотталған адамға қатысты іс процеске басқа қатысушының кассациялық шағымы немесе прокурордың наразылығы бойынша қаралып кеткеннен кейін келіп түскен болса, кассациялық сатыдағы сот мұндай шағымды немесе наразылықты қарауға және ол бойынша қаулы шығаруға міндетті.»;
45) 446-22-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«446-22-бап. Үкімнің күші жойылғаннан кейін істі апелляциялық
сатыда қарау
1. Үкімнің күші жойылғаннан кейін іс жалпы тәртіппен қаралуға жатады.
2. Егер айыптау тарабының кассациялық шағымында, наразылығында осындай өтініш болса және оны кассациялық сатыдағы сот үкімнің күшін жою негіздерінің бірі ретінде көрсетсе, апелляциялық сатыдағы соттың істі жаңадан қараған кезінде жазаны күшейтуіне немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануына жол беріледі.
3. Істі жаңадан қараған кезде апелляциялық сатыдағы сот:
1) егер айыптау тарабының шағымы, наразылығы бойынша үкімнің осы бөлігінің күші жойылмаса, сотталған адамды айыптаудың бастапқы үкімде алып тасталған бөлігінде кінәлі деп тануға;
2) егер бастапқы үкімнің күші айыптау тарабының шағымы, наразылығы бойынша жойылғанымен, ол осы негіздерге байланысты болмаса, жазаны күшейтуге, бас бостандығынан айыру мерзімінің бір бөлігін түрмеде өтеуді немесе неғұрлым қатаң режимдегі колонияда жазаны өтеуді тағайындауға, қосымша жаза тағайындауға немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес.»;
46) 446-23-баптың бірінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
«Істі жаңадан қараған кезде апелляциялық сатыдағы сот шығарған үкімге жалпы тәртіппен шағымдануға болады.»;
47) 447-баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Аудандық және оларға теңестірілген соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, гарнизонның әскери соты шығарған бірінші сатыдағы сот үкімдері, егер оларға шағым жасалмаса немесе наразылық берілмесе, апелляциялық шағымдану немесе наразылық беру мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді және орындалуға жатады.
2. Іс апелляциялық сатыда қайта қаралған жағдайда егер үкім бұзылмаса, ол апелляциялық қаулы шығарылған күні күшіне енеді. Егер апелляциялық (жеке) шағымдар, наразылық апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарып алынса, үкім апелляциялық сатының шағымның, наразылықтың кері қайтарып алынуына байланысты іс жүргізудің қысқартылғаны туралы қаулысы шығарылған күні заңды күшіне енеді.
3. Бірінші сатыдағы сот үкім заңды күшіне енген немесе іс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей үкімді орындауға кіріседі.»;
48) 448-баптың төртінші және бесінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы, үкімі жария етілген кезден бастап күшіне енеді.
5. Апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттың үкімдері мен қаулылары осы Кодекстің 423-1-бабында көзделген тәртіппен орындалады.»;
49) 457-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«457-бап. Судьяның қаулысына шағым жасау және наразылық бiлдiру
Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу кезiнде шығарылған сот қаулыларына осы Кодекстiң 46, 47 және 50-тарауларында белгiленген ережелер бойынша апелляциялық және кассациялық тәртіппен шағым жасалуы және наразылық келтiрiлуi мүмкiн.»;
50) 50-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«50-тарау. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот
қадағалау тәртібімен сот актілерін қайта қарауы»;
51) 458-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«458-бап. Заңды күшіне енгеннен кейін сот қадағалауы
тәртібімен қайта қаралуы мүмкін сот актілері»;
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Заңды күшіне енгеннен кейін:
1) бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдері, қаулылары, олар кассациялық сатыда қаралғаннан кейін ғана;
2) кассациялық сатыдағы соттың қаулылары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасында қайта қаралуы мүмкін.»;
мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген ерекше жағдайларда, Бас прокурор апелляциялық және кассациялық тәртіппен қайта қаралмаған бірінші сатыдағы соттың үкімдері мен қаулыларына наразылық келтіруі мүмкін.»;
52) 459-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«459-бап. Заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулыларын сот
қадағалауы тәртібімен қайта қарау негіздері
1. Тергеу немесе істі сотта қарау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол берілуі не қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарының:
1) кінәсізді соттауға;
2) ақтау үкімін негізсіз шығаруға немесе істі негізсіз қысқартуға;
3) жәбірленушіні сот арқылы қорғалу құқығынан айыруға;
4) сот тағайындаған жазаның қылмыстың ауырлығы мен сотталған адамның жеке басына сай келмеуіне;
5) қылмыстың қайталану түрі мен түзеу колониясы режимінің түрін дұрыс айқындамауға;
6) талап-арызды қараусыз қалдыру жағдайларын қоспағанда, азаматтық талап-арызды қоюды дұрыс шешпеуге;
7) жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде қаулыларды заңсыз немесе негізсіз түрде шығаруға әкеп соққан дұрыс қолданылмауы заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларды сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға негіз болып табылады.
2. Заңды күшіне енген сот актілері, егер:
1) сот актісі мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекет қауіпсіздігін қозғаса не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін болса;
2) адамды өлім жазасына немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға соттау жөніндегі үкім кассациялық қарау нысанасы болмаса;
3) осы Кодекстің 446-21-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда туындаған қайшылықтарды жою туралы ұсыну бар болса, сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралады.
3. Өлім жазасы туралы заңды күшіне енген үкімдер де өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылғаннан кейін сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.»;
53) 460-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«460-бап. Соттардың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларын
сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы өтініш
жасауға, соттардың заңды күшіне енген үкімдері мен
қаулыларына наразылық беруге құқығы бар тұлғалар»;
бірінші және екінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларды сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы жолданымдар өтініш жасау деп аталады және оларды апелляциялық және кассациялық шағым беруге құқығы бар процеске қатысушылар бере алады.
2. Бас Прокурор заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларды сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы наразылық келтіруге құқылы.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар қылмыстық істі қадағалау тәртібімен тексеру үшін тиісті соттан талап етіп алуы мүмкін.»;
мынадай мазмұндағы 2-1-бөлікпен толықтырылсын:
«2-1. Прокурордың істі талап ету туралы сауалын сот ол сотқа келіп түскен күннен бастап жеті күнтізбелік күннен кешіктірмей орындайды. Сауалдар байланыс арналары пайдаланылып жіберілуі мүмкін.
Істі талап еткен жағдайда қадағалау наразылығын енгізу туралы өтінішті прокурор іс прокуратураға келіп түскен күннен бастап отыз күнтізбелік күннің ішінде қарауы тиіс.»;
54) 461-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«461-бап. Заңды күшіне енген сот шешімдеріне сот қадағалауы
тәртібімен шағымдану мерзімдері
1. Заңды күшіне енген айыптау үкімін сотталушының кінәсіздігі себептері бойынша, сондай-ақ неғұрлым жеңіл қылмыс туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты, жазаның қатаң болғаны үшін немесе сотталушының жағдайын жақсартуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы өтініш, наразылық беру мерзіммен шектелмейді.
2. Заңды күшіне енген ақтау үкімі, айыптау үкімі не соттың істі қысқарту туралы қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде оларды неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттігі себептері бойынша, жазаның жеңіл болғаны үшін немесе сотталушының жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы өтініш, наразылық беруге жол беріледі.
3. Соттың істі қосымша тергеуге немесе жаңадан сот қарауына жіберу туралы заңды күшіне енген қаулысына өтініш, наразылық соттардың заңды күшiне енген үкiмдерi мен қаулыларын қайта қарау туралы өтiнiш жасауға, соттардың заңды күшiне енген үкiмдерi мен қаулыларына наразылық беруге құқығы бар тұлғалар сот қаулысын алған күннен бастап он бес тәуліктің ішінде берілуі мүмкін.»;
55) 467-бапта:
алтыншы бөліктің 4) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) үкімнің және одан кейінгі барлық қаулылардың күшін жояды және істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан сот қарауына жібереді;»;
тоғызыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Егер істі кассациялық тәртіппен қарау кезінде істі заңсыз қысқартуға немесе сотталған адамның жазасын жеңілдетуге жол берілген болса, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты кассациялық қаулының күшін жоюға және бірінші және апелляциялық сатылардағы соттың үкімін, апелляциялық қаулыны өзгертіп немесе өзгертпей, күшінде қалдыруға құқылы.»;
56) 469-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Iстi апелляциялық сатыдағы сот қараған кезiнде жазаны күшейтуге немесе мейлiнше ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға, егер алғашқы үкiмнiң немесе қаулының қадағалау тәртiбiмен жазаның жұмсақтығына орай немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттiгiне байланысты күшi жойылған жағдайда ғана жол берiледi. Апелляциялық сатыдағы соттың шығарған үкiмiне iстi жаңадан талқылау кезiнде шағым жасалуы және жалпы тәртiппен наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.»;
57) 476-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сот шешімдерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды үкім, қаулы шығарған бірінші сатыдағы сот, ал алқабилер қатысқан істер бойынша судья жеке-дара жүзеге асырады. Егер іс бойынша апелляциялық немесе кассациялық сатылардың қаулысы шығарылған болса, сот шешімдерін қайта қарауды тиісінше көрсетілген сатылар жүзеге асырады. Егер іс қадағалау тәртібімен қаралған болса, сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау Жоғарғы Сотта қаралады. Тиісінше көрсетілген сот сатылары прокурордың іс бойынша жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді жаңғыртуға негіздердің болмауына байланысты қозғалған іс жүргізуді қысқарту туралы қаулысына берілген шағымдарды қарайды.»;
58) 478-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«478-бап. Сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жүргiзу
Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс бойынша ол жөнiндегi сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн тергеу және сот талқылауы, сондай-ақ шығарылған жаңа сот шешiмдерiне шағым жасау және наразылық бiлдiру осы Кодексте белгiленген жалпы тәртiппен жүргiзiледi.
Алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша жаңадан ашылған мән-жайларға орай сот шешімдерінің күші жойылғаннан кейін іс бойынша сот талқылауын алқабилердің қатысуымен бірінші сатыдағы сот жаңа құрамда жүзеге асырады.»;
59) 518-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Аудандық және оған теңестірілген соттың қаулысына – осы Кодекстің 47-тарауында көзделген қағидалар бойынша апелляциялық тәртіппен, ал апелляциялық сатыдағы соттың қаулысына қорғаушы, жәбірленуші мен оның өкілі, ісі қаралған тұлғаның заңды өкілі немесе жақын туысы осы Кодекстің 48-1-тарауында көзделген кассациялық тәртіппен шағымдануы, сондай-ақ прокурор наразылық беруі мүмкін. Осы Кодекстің 511-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адам істі сотта талқылауға қатысқан жағдайда ол, егер сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның ауруының сипаты мен ауыртпалығы бұған кедергі жасамаса, сот қаулысына шағымдануға құқылы.»;
60) 61-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«61-тарау. Алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша
заңды күшіне енбеген үкімдерді, қаулыларды қайта
қарау жөніндегі iс жүргізудiң ерекшелiктерi»;
61) 574-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«574-бап. Алқабилердің қатысуымен сот шығарған, заңды күшіне
енбеген үкімдер мен қаулыларға шағымдану және
наразылық беру
Алқабилер қатысуымен соттың заңды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларына шағымдану, наразылық беру тәртібі, осы тарауда белгіленген ерекшеліктері ескеріле отырып, осы Кодекстің 46 және 47-тарауларында көзделген қағидалармен айқындалады.»;
62) 575-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«575-бап. Алқабилердiң қатысуымен сот қараған iстердi
апелляциялық сатыда жүргiзу ерекшелiктерi»;
бірінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Апелляциялық сатыда сот шешiмдерiнiң күшiн жоюға немесе оларды өзгертуге:»;
екінші және үшінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Апелляциялық саты сотталған адамға онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға және жасалған әрекеттің дәрежеленуiнің өзгеруiне сәйкес жазаны жеңiлдетуге құқылы. Бұл ретте, кассациялық саты неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға немесе тағайындалған жазаны ауырлатуға құқылы емес.
3. Қылмыстық iс жүргiзу заңының прокурордың, жәбiрленушiнің немесе оның өкiлінің дәлелдемелердi ұсыну құқығын шектеген бұзушылық жағдайларын, сондай-ақ осы баптың бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, алқабилер қатысқан соттың ақтау үкiмi апелляциялық сатыда күшін жоймауға тиiс.»;
63) 62-тарау мынадай редакцияда жазылсын:
«62-тарау. Алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша
заңды күшіне енген үкімдерді, қаулыларды қайта қарау
жөніндегі iс жүргізудiң ерекшелiктерi»;
576-бап. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшiне енген үкiмдерi
мен қаулыларын қайта қарау
Алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша заңды күшіне енген үкімдерді, қаулыларды қайта қарау туралы iс жүргізу осы Кодекстің 48-1-тарауында көзделген негiздер бойынша және тәртіппен облыстық және оған теңестірілген соттардың кассациялық сатысында жүзеге асырылады. Жоғарғы Соттың алқасында қайта қарау кассациялық сатыда қаралғаннан кейін ғана мүмкiн болады.
577-бап. Алқабилер қатысқан соттың заңды күшіне енген үкімін,
қаулысын қайта қараған кезде сотталған адамның
жағдайын нашарлатуға жол бермеу
Неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану қажеттiгiне байланысты айыптау үкiмiн, сондай-ақ сот қаулысын жазаның жеңiлдiгiне орай немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соқтыратын өзге де негiздер бойынша қайта қарауға, сондай-ақ соттың ақтау үкiмiн не қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулысын қайта қарауға жол берiлмейдi.».
2. 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 18, 644-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 15-16, 239-құжат; № 21-22, 281-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 10, 49-құжат; № 14, 109-құжат; № 15, 138-құжат; 2004 ж., № 5, 25-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 140-құжат; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; № 24, 123-құжат; 2006 ж., № 2, 19-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 72-құжат; № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 13, 99-құжат; 2008 ж., № 13-14, 56-құжат; № 15-16, 62-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 81-құжат; № 24, 127, 130-құжаттар; 2010 ж., № 1-2, 4-құжат; № 3-4, 12-құжат; № 7, 28, 32-құжаттар, № 17-18, 111-құжат; 2010 жылғы 29 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2010 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2011 жылғы 11 қаңтарда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне прокуратура органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2010 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2011 жылғы 18 қаңтарда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес пен жеке меншікті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 19-бап мынадай мазмұндағы тоғызыншы бөлікпен толықтырылсын:
«9. Осы баптың екінші бөлігіне сәйкес жабық сот отырыстарында қаралған істерді есептемегенде, іс бойынша қабылданған соттардың шешімдері мен қаулылары, олар заңды күшіне енгеннен кейін жеті күннің ішінде Қазақстан Республикасы соттарының интернет-ресурстарында орналастырылады.»;
2) 37-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«37-бап. Соттың құрамы
1. Бірінші, апелляциялық сатыдағы соттарда азаматтық істерді соттың атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды.
1-1. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 59-бабының 8-тармағында және 66-бабының 3-тармағында, сондай-ақ «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 13-бабының 5-тармағында көзделген азаматтық істерді сот атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды.
2. Iстердi кассациялық немесе қадағалау сатысындағы сотта қарауды соттың алқалы құрамы жүзеге асырады. Іс алқалы түрде қаралған кезде соттың құрамына саны тақ (кем дегенде үш) судья кіруге тиіс, олардың біреуі төрағалық етуші болып табылады, оның міндетін тиісінше облыстық соттың немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тиісті алқасының төрағасы не оның тапсырмасы бойынша судьялардың бірі атқарады.»;
3) 39-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«39-бап. Судьяның істі қарауға қайта қатысуына жол
берілмейтіндігі
1. Бірінші сатыдағы сотта азаматтық істі қарауға қатысқан судья сол істі апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау сатысындағы сотта қарауға, сондай-ақ оның қатысуымен қабылданған шешім күшін жойған жағдайда апелляциялық сатыдағы сотта істі жаңадан қарауға қатыса алмайды.
2. Апелляциялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі кассациялық немесе қадағалау сатысындағы соттарда қарауға, сондай-ақ оның қатысуымен қабылданған шешім күшін жойған жағдайда апелляциялық сатыдағы сотта істі жаңадан қарауға қатыса алмайды.
2-1. Кассациялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі бірінші, апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы соттарда қарауға қатыса алмайды.
3. Кассациялық немесе қадағалау сатысындағы сотта iстi қарауға қатысқан судья, өзiнiң қатысуымен қабылданған қаулы күшiн жойған жағдайда аталған сатыларда осы iстi қарауға қайтадан қатыса алмайды.
4. Қадағалау сатысындағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі апелляциялық немесе кассациялық сатылардағы соттарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысында жаңадан қарауға қатыса алмайды.»;
4) 61-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сотта іс жүргізуге арналған өкілеттік өкілге, талап арызға қол қоюды, істі аралық сотқа беруді, медиация жүргізу туралы келісім не медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісім жасасуды, талап қою талаптары мен талап қоюды танудан толық немесе ішінара бас тартуды, талап қоюды тануды, талап қоюдың нысанасын немесе негіздемесін өзгертуді, бітімгершілік келісім жасауды, өкілеттіктерді басқа адамға беруді (сенімді басқа біреуге аудару), соттың қаулысына шағым беруді, соттың қаулысын мәжбүрлеп орындатуды талап етуді, берілген мүлікті немесе ақшаны алуды қоспағанда, өкілдік берушінің атынан барлық іс жүргізу әрекеттерін жасауға құқық береді.»;
5) 128-бап мынадай мазмұндағы 4-1-бөлікпен толықтырылсын:
«4-1. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген сот өзінің заңды мүдделерін қорғау бойынша процеске қатысушының мүмкіндігін шектеген заңды бұзушылық кезінде (сот мәжілісінің хаттамасын уақытында әзірлемеу, сот ісін жүргізу тілін білмейтін қатысушыға аудармасы жоқ сот актісінің көшірмесін табыс ету, шағымдану мерзімін көрсету кезінде сот актісінің қарарлық бөлігіндегі дәлсіздіктер), сондай-ақ оған уақытында шағым немесе наразылық келтіруге объективті түрде кедергі жасаған өзге де мән-жайлар болған кезде апелляциялық (жеке) шағым, наразылық берудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіруге міндетті.»;
6) 129-баптың екінші және төртінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қажет болған жағдайда, іске қатысушы адамдар, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар және аудармашылар хабарландырылуы немесе тапсырылғаны туралы хабарлай отырып, тапсырыстық хат, телефонаграмма немесе жеделхат, ұялы байланыспен немесе электронды поштамен қысқаша мәтіндік хабарлама арқылы, сондай-ақ хабарлау мен шақырудың жасалуын қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы хабарландырылуы немесе шақырылуы мүмкін.
4. Хабарлау немесе шақыру хабарландырылатын немесе шақырылатын адамға тарап немесе іске қатысатын басқа да адам көрсеткен мекен-жай, ұялы байланыстың телефон нөмірі немесе электронды поштаның мекен-жайы бойынша жолданады. Егер сотқа хабарланған мекен-жайда азамат іс жүзінде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орнына жолдануы мүмкін. Ұйымға арналған хабарлау немесе шақыру оның орналасқан жеріне жіберіледі.»;
7) 167-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«167-бап. Істі сотта қарауға әзірлеу мерзімдері
Азаматтық істерді сотта қарауға әзірлеу, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе, арыз қабылданған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізілуге тиіс. Алименттерді өндіріп алу туралы, мертігуден немесе денсаулықтың өзге де зақымдануынан келтірілген зиянды өтеу туралы істерден басқа, айрықша күрделі істер бойынша ерекше жағдайларда, сондай-ақ асыраушысынан айрылуына байланысты және еңбек қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша бұл мерзім судьяның дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.»;
8) 216-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«216-бап. Шешiмді жария ету
1. Сот шешіміне қол қойылғаннан кейін судья сот отырысы залында сот шешімінің кіріспе және қарар бөлігін жария етеді. Мұнан соң шешімге шағымданудың тәртібі мен мерзімдері түсіндіріледі.
2. Шешім шығарылған кезде судья іске қатысушы адамдарға және өкілдерге оның көшірмесін алуға болатынын жариялауға міндетті.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер аяқталғаннан кейін төрағалық етуші сот отырысын жабық деп жариялайды.»;
9) 235-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Аппеляциялық тәртіппен шағым немесе наразылық берілген жағдайда, егер шешімнің күші жойылмаған болса, апелляциялық сатыдағы сот қаулыны жария еткен сәттен бастап заңды күшіне енеді.»;
10) 242-баптың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«7) тараптар медиацияны жүргізу туралы келісім жасаған жағдайда іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті. Медиацияны жүргізу мерзімі ұзартылған кезде тараптар бұл туралы бірлескен жазбаша хабарламамен сотқа хабарлауы тиіс.»;
11) 243-баптың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«2) заңды тұлғаның өкілдері іске қатысқан жағдайларды қоспағанда, тарап істі қарау мерзімінен асатын мерзімде қызметтік іссапарда болған;
3) заңды тұлғаның өкілдері іске қатысқан жағдайларды қоспағанда, тарап емдеу мекемесінде болған немесе оның сотқа келуіне кедергі жасайтын сырқаты болған және ол медициналық мекеменің құжатымен расталған;»;
12) 256-бап мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«3. Егер осы Кодекстің 256-бабының екінші бөлігінің 9), 10), 12) тармақшаларында көзделген мәліметтер аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен тіркелсе, онда хаттамада осы мән-жайды ғана көрсету жеткілікті болады.»;
13) 259-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«259-бап. Хаттамаға жасалған ескертпелерді қарау
1. Хаттамаға жасалған ескертпелерді оған қол қойған төрағалық етуші қарайды, ол ескертпелермен келіскен жағдайда ұйғарым шығару арқылы олардың дұрыстығын куәландырады.
2. Төрағалық етуші берілген ескертпелермен келіспеген жағдайда хаттамаға ескертпелер істі қарауға қатысқан адамдарға хабарлана отырып, олар сот отырысында қаралады. Істі қарауға қатысқан адамдардың келмеуі хаттамаға ескертпелерді қарау үшін кедергі болып табылмайды. Ескертпелерді қарау нәтижесінде төрағалық етуші олардың дұрыстығын куәландыру туралы не олардың толық немесе ішінара қабылданбауы туралы ұйғарым шығарады, ол шағымдануға және наразылық келтіруге жатпайды. Барлық ескертпелер іске қоса тіркеледі.
3. Хаттамаға жасалған ескертпелер олардың берілген күнінен бастап бес күн ішінде қаралуға тиіс.
4. Іс бойынша төрағалық етуші әлдебір объективті себептермен хаттамаға жасалған ескертпелерді қарай алмаған жағдайда, олар істің материалдарына қоса тіркеледі.»;
14) 336-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Кодекстің 334-бабының екінші бөлігінде және 335-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмейтін апелляциялық шағым немесе наразылық берілген (келтірілген) кезде судья ұйғарым шығарады, сол арқылы шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдырады және шағым немесе наразылық берген (келтірген) адамға кемшіліктерді түзетуге мерзім тағайындайды.»;
15) 337-бапта:
бірінші абзац және 1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«Апелляциялық шағым немесе наразылық судьяның ұйғарымымен оларды берген (келтірген) тұлғаға мына жағдайларда:
1) шағымды, наразылықты қозғалыссыз қалдыру туралы судьяның ұйғарымдағы нұсқаулары белгіленген мерзімде орындалмағанда;»;
16) 344-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«344-бап. Бірінші сатыдағы сот ұйғарымына шағым беру,
наразылық келтіру
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, сондай-ақ сот ұйғарымы, істің әрі қарай ілгерілеу мүмкіндігіне бөгет болатын жағдайларда бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына, осы Кодекстің 332-бабында аталған тұлғалар жеке шағым, наразылық беруі (келтіруі) мүмкін. Егер ұйғарым іске қатыспайтын тұлғалардың мүдделеріне қатысты болса, олар да сот ұйғарымына шағым жасауға құқылы.
2. Бірінші сатыдағы соттың қалған ұйғарымдарына жеке шағымдар мен наразылықтар берілмейді, бірақ бұл ұйғарымдарға қарсылықтар апелляциялық шағымға немесе наразылыққа енгізілуі мүмкін.
3. Шешім шығарумен аяқталған сот қарауы кезінде шығарылған ұйғарымға шағым жасалып, наразылық келтірілген жағдайда іс жоғары тұрған сот сатысына шешімге шағым беруге белгіленген мерзім өткенде ғана жіберіледі. Бұл орайда шешімге апелляциялық шағым жасалып, наразылық келтірілсе, жеке шағымды, наразылықты тексеру істі апелляциялық тәртіппен қарайтын сот сатысында жүргізіледі.
4. Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына жеке шағым, наразылық сол ұйғарымды шығарған сотқа беріледі. Судья жеке шағымды немесе наразылықты алған соң істі апелляциялық сатыдағы сотқа жіберуге міндетті. Қарау нәтижелері бойынша:
1) ұйғарымды – өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру;
2) ұйғарымның күшін толықтай немесе бір бөлігінде жою және мәселені бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберу;
3) ұйғарымның күшін толықтай немесе бір бөлігінде жою және мәселені мәні бойынша шешу;
4) ұйғарымды өзгерту туралы ұйғарым шығарылады.
5. Апелляциялық сатының жеке шағым, наразылық бойынша шығарылған ұйғарымы шағымдануға, наразылық білдіруге жатпайды және ол шығарылғаннан кейін дереу заңды күшіне енеді.»;
17) 346-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«346-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың жеке ұйғарымы
Апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 253-бабында белгіленген жағдайда және тәртіппен жеке ұйғарым шығаруы мүмкін.»;
18) 349-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«349-бап. Істі қарау мерзімдері
Апелляциялық сатыда іс сотқа келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімде қаралуға тиіс.
Егер жаңа материалдарды, дәлелдемелерді зерттеуге және жаңа шешiм шығаруға қажеттілік болса, онда апелляциялық сатыдағы іс сотқа келіп түскен күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қаралуға тиіс.»;
19) 357-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Сот осы баптың бірiншi бөлiгiнiң талаптарын сақтай отырып, қаулының қарарлық бөлiгiн шығара алады. Бұл жағдайда дәлелді сот актісі iстi қараған күннен бастап бес күндiк мерзiмде жазылып, оған судья қол қояды.»;
20) 358-баптың 4) тармақшасы алып тасталсын:
21) 359-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«359-бап. Апелляциялық сатыдағы сот актілері
1. Апелляциялық сатыдағы сот мынадай актілерді шығарады:
1) осы Кодекстің 341-бабының екінші бөлігі мен 358-бабының 1), 2), 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда қаулы;
2) осы Кодекстің 358-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда шешім;
3) ұйғарым.
2. Апелляциялық сатыдағы соттың дәлелді актісі ол қабылданған күннен бастап бес күн ішінде шығарылуға тиіс.»;
22) 368-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«368-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың сот актілерінің
заңды күшіне енуі
Апелляциялық сатыдағы соттың сот актілері олар жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енеді.»;
23) 383-1 және 383-2-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«383-1-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың сот актілеріне
кассациялық шағымдану және наразылық беру құқығы
1. Апелляциялық сатыдағы соттың істі одан әрі қарауға кедергі келтіретін қаулыларына, шешімдері мен ұйғарымдарына кассациялық шағымдану және наразылық беру құқығы тараптарға және іске қатысушы басқа тұлғаларға тиесілі.
2. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты қаулы, шешім немесе ұйғарым шығарған тұлғалар да кассациялық шағымдануға құқылы.
3. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулыларына, шешімдері мен ұйғарымдарына кассациялық наразылық беру құқығы істі апелляциялық тәртіппен қарауға қатысатын прокурорға тиесілі. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқан-қатыспағанына қарамастан, апелляциялық сатыдағы соттың қаулыларына, шешімдері мен ұйғарымдарына наразылық беруге құқылы.
383-2-бап. Кассациялық шағымдар мен наразылықтарды
қарайтын соттар
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулыларына, шешімдері мен ұйғарымдарына кассациялық шағымды немесе наразылықты облыстық және оған теңестірілген сот кемінде үш судья құрамында қарайды.»;
24) 383-4-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кассациялық шағым немесе наразылық апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы, шешімі немесе ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде берілуі мүмкін.»;
25) 383-5-баптың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«3) шағым жасалып немесе наразылық беріліп отырған қаулының, шешімнің және ұйғарымның көрсетілуін;
4) қаулының, шешімнің және ұйғарымның дұрыс еместігі неде екенінің және шағымды немесе наразылықты берген тұлғаның өтінішінің көрсетілуін;»;
26) 383-6-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кассациялық шағымды немесе наразылықты берген тұлғалардың қолы қойылмаған, шағым жасалған немесе наразылық берілген қаулы, шешім және ұйғарым көрсетілмеген немесе барлық қажетті көшірмелері қоса тіркелмеген кассациялық шағым немесе наразылық берілген кезде облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады және шағым немесе наразылық берген тұлғаға кемшіліктерді жою үшін мерзім тағайындайды.»;
27) 387-7-бапта:
3) тармақшадағы «міндетті.» деген сөз алып тасталып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
«4) прокурорға қарауға тағайындалған барлық істер туралы хабарлауға міндетті.»;
28) 383-12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«383-12-бап. Кассациялық қараудың нысанасы
Кассациялық шағым, наразылық бойынша кассациялық сатыдағы сот апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының, шешімінің немесе ұйғарымының заңдылығы мен негізділігін тексереді.»;
29) 383-15-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Кодекстің 55-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, кассациялық сатыдағы соттың отырысына іс бойынша қорытынды беретін міндетті түрде прокурор қатысады.
Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және азаматтар мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғау үшін қажет кезде кассациялық сатыда және осы кодекстің 55-бабының екінші бөлігінде көзделген өзге де азаматтық істерді қарау кезінде қатысуға және іс бойынша қорытынды беруге құқылы.»;
30) 383-17-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«383-17-бап. Істі баяндау
Кассациялық сатыдағы сотта істі қарау судьялардың біреуінің баяндамасымен басталады. Баяндамашы істің мән-жайын, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының, шешімінің немесе ұйғарымының мазмұнын, кассациялық шағымның немесе наразылықтың дәлелдерін және оларға келіп түскен пікірлерді баяндайды, сондай-ақ шешімнің дұрыстығын тексеру үшін соттың қарауы қажет болатын өзге де деректерді хабарлайды.»;
31) 383-20, 383-21, 383-22 және 383-23-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«383-20-бап. Кассациялық сатыдағы соттың өкілеттігі
Сот істі кассациялық тәртіппен қарап:
1) апелляциялық сатының қаулысын, шешімі мен ұйғарымын – өзгеріссіз, ал шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдыруға;
2) апелляциялық сатының қаулысының, шешімі мен ұйғарымының күшін толық немесе бір бөлігінде жоюға және егер кассациялық саты апелляциялық сатыдағы соттың жіберген қателіктерін түзете алмаса, істі апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауына жіберуге құқылы. Кассациялық сатыдағы сот қандай да бір дәлелдемелердің дұрыстығы немесе дұрыс еместігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы мәселелерді, сондай-ақ істі жаңадан қарау кезінде қандай шешімнің шығарылуға тиіс екені туралы алдын ала шешуге құқылы емес;
3) апелляциялық сатының қаулысының, шешімі мен ұйғарымының толық немесе бір бөлігінде күшін жоюға және осы Кодекстің 247, 249-баптарында көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді қысқартуға не арызды қараусыз қалдыруға;
4) бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырып, апелляциялық сатының қаулысының, шешімі мен ұйғарымының күшін жоюға;
5) егер іс бойынша дәлелдемелерді жинау немесе қосымша тексеру талап етілмесе, бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын дұрыс және толық анықтаса, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қателіктерге жол берілсе, істі жаңадан қарауға жіберместен, бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, қаулыны, шешімді өзгертуге немесе жаңасын шығаруға құқылы.
383-21-бап. Сот қаулысының, шешімі мен ұйғарымының күшін
кассациялық тәртіппен жоюдың негіздері
Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың осы Кодекстің 365, 366-баптарында көзделген материалдық немесе іс жүргізу құқығының нормаларын бұзуы немесе дұрыс қолданбауы сот қаулысының, шешімі мен ұйғарымының күшін кассациялық тәртіппен жоюдың негіздері болып табылады.
383-22-бап. Кассациялық сатының сот актілері
1. Кассациялық сатыдағы соттың сот актілері қаулы нысанында шығарылады.
2. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысында:
1) қаулының шығарылған күні мен орны;
2) қаулы шығарған соттың атауы мен құрамы;
3) кассациялық шағым немесе наразылық берген тұлға;
4) шағым жасалған апелляциялық сот актісінің, кассациялық шағымның немесе наразылықтың және оларға берілген жазбаша пікірлердің, кассациялық сатыда істі қараған кездегі қатысушы тұлғалар түсініктемелерінің қысқаша мазмұны;
5) соттың тұжырымдар жасауына алып келген дәйектер және сот басшылыққа алған заңдарға сілтеме;
6) кассациялық шағымды немесе наразылықты қараудың нәтижелері бойынша тұжырымдар көрсетілуге тиіс.
3. Кассациялық шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырған кезде сот өзінің қаулысында шағымның дәйектерін негізсіз деп танудың және оларды қабылдамаудың дәлелдерін көрсетуге міндетті.
4. Кассациялық сатының қаулысы бес күннің ішінде түпкілікті нысанда дайын болуға тиіс. Іске қоса тігілетін қаулының қарар бөлігін жария етуге жол беріледі.
5. Кассациялық сатыдағы сот прокурорға кассациялық тәртіппен қабылданған қаулылар туралы хабарлайды.
383-23-бап. Кассациялық сатыдағы сот қаулысының заңды күші
Кассациялық сатыдағы соттың қаулысы жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.»;
32) 384-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«384-бап. Сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуға
жататын сот актілері
1. Бірінші және апелляциялық сатылардағы сот актілеріне кассациялық тәртіппен шағым берілгеннен кейін, олар сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы және наразылық берілуі мүмкін.
Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген ерекше жағдайларда, бірінші сатыдағы соттың заңды күшіне енген шешімі немесе апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша сот қадағалауы тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының жергілікті және басқа да соттарының апелляциялық және кассациялық тәртіпте шағым берілмеген, заңды күшіне енген сот актілері сот қадағалауы тәртібімен тексеруге жатпайды.
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалаушы сот алқасының қаулылары, егер қабылданған қаулы адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін айрықша жағдайларда сот қадағалауы тәртібімен тексерілуі мүмкін.»;
33) 385-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Кодекстің 384-бабының бірінші және үшінші бөліктерінде көзделген сот актілерінің заңдылығын тексеру бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғау туралы өтінішті тараптар және олардың өкілдері, іске қатысушы басқа да тұлғалар тиісінше Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалаушы сот алқасына беруі мүмкін.»;
34) 386-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты заңды күшіне енген кассациялық сатының қаулысына өтініштер, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылықтары бойынша істерді, сондай-ақ осы Кодекстің 384-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерін кемінде бес судья құрамында қарайды.»;
35) 391-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«391-бап. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілетін
сот актісіне дау айту (шағымдану) туралы және
қадағалау наразылығын келтіру туралы өтініштердің
мазмұны»;
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілетін сот актісіне дау айту (шағымдану) туралы және қадағалау наразылығын келтіру туралы өтініштер:»;
үшінші бөлік алып тасталсын;
36) 398-баптың төртінші бөлігінің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сот шешімінің күшін толық немесе бір бөлігінде жояды және істі апелляциялық және кассациялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді. Қадағалау сатысындағы сот қаулыда көрсетілмеген не онда жоққа шығарылған мән-жайларды белгілеуге немесе оларды дәлелденген деп есептеуге, қандай да бір дәлелдемелердің дұрыстығы немесе дұрыс еместігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы мәселелерді, істі жаңадан қарау кезінде материалдық құқықтың қай нормасы қолданылуға тиіс екенін және қандай қаулының қабылдануға тиіс екенін алдын ала шешуге құқылы емес;»;
37) 400-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«400-бап. Қадағалау сатысындағы сот қаулысының заңды күшіне енуі
Қадағалау сатысындағы сот қаулылары олар жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.»;
38) 403-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«403-бап. Сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының
күші жойылғаннан кейін істі қарау
1. Қадағалау тәртібімен сот актілерінің күші жойылғаннан кейін іс жалпы тәртіппен қаралуға тиіс.
2. Алдындағы апелляциялық, кассациялық тәртіптермен немесе қадағалау тәртібімен күші жойылуына байланысты шығарылған соттың қайталама шешіміне, сот актілеріне бірінші сот актісінің күшін жойған себептерге қарамастан, жалпы негіздерде берілуі (енгізілуі) мүмкін.».
2-бап. Осы Заң 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
3-бап. 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін іс жүргізуге қабылданған соттарда жатқан істерді қарау осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданылып келген іс жүргізу заңнамасының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті