Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасы Үкіметінің арасындағы Шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы әріптестік туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 3 қарашадағы № 1286 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік
Республикасының Үкіметі арасындағы Шикізат, өнеркәсіп және
технология салаларындағы әріптестік туралы келісімді қараңыз.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасы Үкіметінің арасындағы Шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы әріптестік туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер
мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасы Үкіметінің арасындағы Шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы әріптестік туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.07 № 299 Қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 3 қарашадағы
№ 1286 қаулысымен 
бекітілген     

 Жоба  

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік
Республикасының Үкіметі арасындағы Шикізат, өнеркәсіп және
технология салаларындағы әріптестік туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатындар).
      Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы қазіргі достық қатынастар рухында,
      өздерінің экономикалық және саяси өзара қарым-қатынастарын тереңдетуге және шикізат, өнеркәсіп және технология секторларындағы әріптестік ынтымақтастық жолымен осы достық қатынастарды нығайтуға және қазақстан және герман экономикаларын әртараптандыру мен жаңғыртуға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
      шикізатпен сенімді жабдықтау, өнеркәсіп пен технология салаларындағы ынтымақтастық және екі елдің халықтарының игілігі үшін тұрақты экономикалық және қоғамдық даму мақсатында шикізат секторында әріптестік өзара қарым-қатынасты дамытуға ниет білдіре отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы күрделі қаржы жұмсалымын көтермелеу және өзара қорғау туралы 1992 жылғы 22 қыркүйектегі Шарттың қолданысын растай отырып және Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы болашақ үшін әріптестік туралы 2008 жылғы 3 қыркүйектегі бірлескен мәлімдемеге сүйене отырып,
      Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық экономика және технологиялар министрлігі арасында 2011 жылға дейінгі кезеңге арналған инновациялық-инвестициялық әріптестікті қалыптастыру мақсатында ынтымақтастыққа қатысты 2008 жылғы 3 қыркүйектегі Бірлескен мәлімдемені ескере отырып,
      2003 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық экономика және еңбек министрлігі арасындағы экономикалық ынтымақтастықты ұйымдастырудың негізгі ережелері туралы Келісімді және 2010 жылғы 18 шілдедегі Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесін құру туралы меморандумды назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Қолдану саласы 

      1) Осы Келісім тиісті мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптардың минералдық шикізатты барлау, өндіру, өңдеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ өнеркәсіп пен технология саласындағы ынтымақтастықты реттейді.
      2) Тараптар өнеркәсіп және технологиялар саласында, нақты уағдаластықтар жасасу, шикізаттық ресурстармен сенімді қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ ұлттық және халықаралық шикізат секторларында тұрақты даму мен транспаренттілік үшін күш салады.
      3) Тараптар шикізат және өнеркәсіп салаларында технологиялық ынтымақтастық үшін күш жігер, әрі Қазақстан Республикасына технологиялар трансферті мен инновацияларға қолдау көрсететін болады.

2-бап
Ынтымақтастықтың мақсаттары мен негізгі бағыттары 

      1) Тараптар екі мемлекеттің экономикалық ынтымақтастығын қолдайды. Бұл ретте олар инвестициялар тарту, инновациялар және жеткізілімдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасына технологиялар трансферті жолымен Қазақстан Республикасының шикізаттық әлеуетін жан-жақты пайдалануды және дамытуды қамтамасыз ету мақсатын көздейді.
      2) Тараптар шикізатпен сенімді және тұрақты қамтамасыз ету мақсатында минералдық шикізатты барлау, өндіру, қайта өңдеу және пайдалану, сондай-ақ технологиялар трансферті мен инновациялар саласындағы екі ел кәсіпорындарының ынтымақтастығына жәрдемдеседі.
      3) Тараптар орнықты ынтымақтастықтың мынадай негізгі бағыттарын келісті:
      а) шикізат ресурстарын барлау, игеру, өндіру, өңдеу және пайдалану;
      b) техникалық инфрақұрылымды құру және кеңейту;
      с) шикізат пен ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру;
      d) шикізатты өндіру және байыту процесінде экологиялық және әлеуметтік стандарттарды енгізу;
      е) ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастықты қоса алғанда, өнеркәсіп кластерлерін құру және;
      f) инвестициялық және инновациялық ахуалды жақсарту.
      4) Осы Келісім шикізаттық, өнеркәсіптік және технологиялық секторлар шеңберінен шығатын Тараптардың анағұрлым кең экономикалық ынтымақтастығын жоққа шығармайды, ол туралы Тараптар жеке уағдаластықтар жасайтын болады. 

3-бап
Ынтымақтастық негіздері

      1) Тараптар тұрақты негізде әріптестік сұхбатты өткізіп тұрады және өзара келісім бойынша осы Келісім шеңберінде болашақ ынтымақтастықтың мақсаттары, негізгі бағыттары және іс-шаралар туралы шешім қабылдайды.
      2) Тараптар осы Келісімнің орындалуына жауапты органдар ретінде Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Экономика және технологиялар федералдық министрлігін тағайындайды.
      3) Тараптар консультациялар жолымен осы Келісімді қолдану немесе түсіндіру кезінде туындайтын дауларды немесе келіспеушіліктерді шешетін болады.
      4) Осы Келісімді орындауға жауапты органдардың атауы немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дереу дипломатиялық арналар арқылы бұл туралы бір-біріне хабарлайды. 

4-бап
Шикізат секторындағы шараларды келісу

      1) Осы Келісімнің негізінде Тараптар барлауға, өндіруге, қайта өңдеуге және минералдық шикізатты пайдалануға жәрдемдесетін шикізат секторындағы шаралар туралы шешім қабылдауға, сондай-ақ өнеркәсіп және технологиялық салалардағы ынтымақтастыққа және осы шараларды іске асыруды құзыретті ұйымдарға тапсыруға құқығы бар.
      2) Атқарушы ұйымдар өз өкілеттіктері шеңберінде және тиісті Тараптардың ұлттық заңнамаларына, сондай-ақ ұсынылатын бюджет қаражаттарына сәйкес реттейтін уағдаластықтар жасайды, атап айтқанда, міндетті түрде:
      1. шараларды өткізумен және қаржыландырумен қадағаланатын мақсаттар;
      2. орындау кестесі, шараларды ұйымдастыру және техникалық іске асыру және оларды қаржыландыру;
      3. қатысушы мекемелердің қызметтері;
      4. қаржы қаражатын ұсынған жағдайда тапсырыстарды орналастыру тәртібі;
      5. мониторинг рәсімі;
      6. уағдаластық міндеттемелерінің бұзылу салдары. 

5-бап
Кәсіпорындар мен экономикалық қауымдастықтар

      1) Тараптар осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу процесінде кәсіпорындар мен экономикалық қауымдастықтарды кеңінен қатыстыруды қолдайды.
      2) Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Германия Федеративтік Республикасының Федералдық экономика және технологиялар министрлігі арқылы герман кәсіпорындарымен ынтымақтастықты нығайту мақсатында ресурстарды қамтитын объектілердің, сондай-ақ тиісті ұлттық компаниялардың тізбесін береді.
      3) Герман кәсіпорындарының Германия Федеративтік Республикасының Федералдық экономика және технологиялар министрлігі арқылы Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің атына ынтымақтастық бойынша шикізат ресурстары мен жобалардың, оның ішінде технологиялар трансферті мен инновацияларды көздейтін жобалардың тізбесін беруге мүмкіндігі бар.
      4) Осы мақсатта, Қазақстан Республикасында экономикалық қызметті жүзеге асыратын герман кәсіпорындары немесе кәсіпорындардың қауымдастықтары өз жауапкершілігімен жекелеген азаматтық-құқықтық уағдаластықтар жасайды. Бұл ретте бірлескен кәсіпорындар құру жоққа шығарылмайды.
      5) Қазақстан Республикасының Үкіметі герман кәсіпорындарын, олардың елдегі қызметтерін, атап айтқанда, шикізатты сатып алуда, олардың инвестициялық қызметінде, сондай-ақ технологиялар трансферті мен инновациялар кезінде қолдайтын болады.
      6) Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлттық заңнамаға сәйкес герман кәсіпорындарына олардың қызметкерлеріне жұмысқа рұқсат алу, кеңселер ашу және телекоммуникациялық желілерге қосу туралы өтінімдерді беру бойынша, сондай-ақ барлық тіркеу рәсімдері бойынша әкімшілік қолдау көрсетеді. 

6-бап
Тараптардың қызметі мен міндеттемелері

      1) Тараптар қосылған құнды құруға, сондай-ақ шикізатты өндіру және қайта өңдеу бойынша технологиялық ынтымақтастыққа бағытталған инвестициялық қызметке ықпал ететін, тұрақты негіздемелік шарттарға ұмтылады.
      2) Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға ықпал ететін шикізаттық және өнеркәсіптік, технологиялық салаларға арналған жобалар басым жобалар тізбесіне енгізілетін болады және оларға Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан ерекше әкімшілік қолдау көрсетілетін болады. Қазақстан-Германия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының тең төрағалары басым жобалар тізбесіне енгізілетін жобаларды өз арасында келіседі.
      3) Мемлекетішілік құқықтық шарттарды орындаған жағдайда Тараптар жобаларды осы Келісімнің 6-бабының 2-тармағына сәйкес мынадай тәсілмен қолдайды:
      а) Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасында герман іскер топтарының қызметін, атап айтқанда инвестициялық қызмет шеңберінде сыртқы экономикалық саясат саласындағы жәрдемдесу құралдарының көмегімен қолдайды. Бұл мыналарды қамтиды:
      - экспорттық кредиттерді сақтандыру;
      - инвестициялар бойынша кепілдіктер;
      - қаржы кредиттері байланысты емес кепілдіктер.
      b) Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік қазақстандық кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыруды мемлекеттік кепілдіктермен немесе Қазақстан Даму Банкінің кепілдіктерімен немесе «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ кепілдіктерімен қамтамасыз етеді.
      4) Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі өзелердің арасында Қазақстан Репсубликасына қолдау көрсету үшін мынадай шараларды ұсынады:
      - экономика саласындағы басшы қызметкерлердің және менеджерлердің біліктілігін арттыру бағдарламасы;
      - байланыстарды ретке келтіруде кәсіпорындарға жәрдем көрсету;
      - техногендік минералдық туындылардың шикізаттық әлеуетін немесе техногендік минералдық туындылардың шикізаттық материалын зерделеу және бағалау жолымен инвесторлар үшін жинақ әзірлеу;
      - энергия тиімділігі және ресурстарды пайдалану тиімділігі мәселелері бойынша консультациялар беру;
      - шикізат ресурстарын өндіру және қайта өңдеу саласындағы экологиялық және әлеуметтік стандарттарды жүзеге асыру бойынша консультациялар беру;
      - ғылыми-зерттеу институттарын тартуды қоса алғанда, өнеркәсіп кластерлерін құру бойынша консультациялар беру;
      - екі елдің ғылыми-зерттеу институттары арасында ынтымақтастық саласындағы консультациялар беру;
      - инвестициялар мен инновацияларға жәрдемдесу бойынша, сондай-ақ озық технологиялар трансферті бойынша консультациялар беру.
      5) Қазақстан Республикасының Үкіметі Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі және шикізат секторындағы Германия кәсіпорындары өткізетін шараларды қолдайды және Германия кәсіпорындарының елде өндірілетін шикізат материалдарына Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес кемісітпеушіліксіз әділ жағдайларды қамтамасыз етеді.
      6) Тараптар осы Келісімді іске асыруға барлық қатысушыларды осы Келісімнің мазмұны туралы уақтылы және толық ақпаратпен қамтамасыз етеді. 

7-бап
Қазақстан-Германия сауда-экономикалық ынтымақтастығы
жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы 

      1) Қазақстан-Германия сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы осы Келісімнің 3-бабына сәйкес әріптестік сұхбатты жүйелі түрде жүргізеді және осы Келісімнің 4-бабына сәйкес Тараптар арасында экономикалық қатынастардың тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдық-атқарушылық қызметті бақылауды жүзеге асырады.
      2) Қазақстан-Германия сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы осы Келісімді іске асыру бойынша жобаларды бақылауды жүзеге асырады.
      3) Бұдан басқа, Тараптар Қазақстан-Германия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобына осы Келісімнің негізінде шикізат және технологиялық салалардағы жобалар мен шаралар бойынша шешімдер қабылдауды және құзыретті ұйымдарға осы шараларды жүзеге асыруға жауапкершілік беруді тапсырады. Бұл жобалар да Басым жобалар тізбесіне енгізілетін болады, оларға Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан әкімшілік қолдау көрсетіледі. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының өкілдері басым жобалар тізбесіне қандай жобалар қабылданатындығы туралы бірлескен шешім қабылдайды. 

8-бап
Қазақстан-Германия шикізат, өнеркәсіп және технология
салаларындағы әріптестік жөніндегі экономикалық комитет

      1) Осы Келісімнің мақсаты үшін Тараптар Қазақстан-Германия шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы әріптестік жөніндегі экономикалық комитетін құрады (Экономикалық комитет), оның құрамына Тарап елдерінің бірінде штаб-пәтері бар және осы комитетке мүше ретінде қабылдауға өтінім берген кәсіпорындар мен кәсіпорын қауымдастықтарының өкілдері кіреді.
      2) Экономикалық комитет бірінші отырысын осы Келісім мақсатында осы Келісім күшіне енген күннен кейін алты айдан кешіктірмей, одан кейін қажеттілігі бойынша тараптардың бірінің өтініші бойынша, бірақ жылына бір реттен кем емес шақырады. Отырыстар Қазақстан Республикасында және Германия Федеративтік Республикасында кезекпен өткізіледі.
      3) Экономикалық комитет тең төрағаларының функцияларын орындау Тараптар кәсіпорындары мен кәсіпорындар қауымдастықтарының тұлғаларына тапсырылады. Тең төрағалар отырыс күнін, күн тәртібін және қатысушылар құрамын келіседі. Тарап өкілдері кез келген уақытта отырыстарға қатысуға құқылы.
      4) Экономикалық комитет 2003 жылғы 4 желтоқсандағы уағдаластыққа сәйкес құрылған Қазақстан-Германия сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобына осы Келісімді іске асыру бойынша есеп береді.

9-бап
Қорытынды ережелер 

      1) Осы Келісім қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді. Осы сәттен бастап ынтымақтастық басталады.
      2) Осы Келісім күшіне енген сәттен бастап 5 жыл мерзімге жасалады. Тараптардың бірі екінші Тарапқа бір жылдық мерзімді сақтай отырып, дипломатиялық арналар арқылы Келісімді бұзу туралы жазбаша хабарламайынша көрсетілген мерзім екінші тарапқа бұзу туралы хабарлама түскен күннен бастап басталады, оның күші автоматты түрде кейінгі бес жылдық кезеңге ұзартылады.
      3) Осы Келісім Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      __________ /күні/ ___________ /орны/ әрқайсысы қазақ, орыс және неміс тілдерінде екі данада жасалды және барлық мәтіндердің күші бірдей. Келісімнің қазақша және немісше мәтіндерін түсіндіруде ауытқушылықтар туындаған жағдайда орыс тілідегі мәтін шешуші болып табылады.

      Қазақстан Республикасының              Германия Федеративтік
          Үкіметі үшін                   Республикасының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады