Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінетін тауарларды қосылған құн салығын төлеуден босату қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1655 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 сәуірдегі № 332 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 11.04.2013 № 332 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексінің (Салық кодексі) 276-15-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінетін тауарларды қосылған құн салығын төлеуден босату қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                         К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің      
2011 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1655 қаулысымен  
бекітілген       

Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінетін тауарларды қосылған құн салығын төлеуден босату қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінетін тауарларды қосылған күн салығын төлеуден босату қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексінің (Салық кодексі) 276-15-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленген және Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды, оның ішінде көлік құралдарын уақытша әкелген кезде қосылған құн салығын (бұдан әрі - ҚҚС) төлеуден босату тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидалардың мақсатында:
      1) Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды уақытша әкелу (бұдан әрі - уақытша әкелу) - әкелінген тауарлардың қасиеттері мен сипаттарын өзгертпей кейіннен Қазақстан Республикасының аумағынан әкету туралы міндеттемемен тауарларды, оның ішінде көлік құралдарын әкелу;
      2) міндеттеме - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нысан бойынша салық төлеушінің уақытша әкелінген тауарларды, оның ішінде көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағынан кейіннен әкету туралы міндеттемесі;
      3) есеп - салық төлеушінің міндеттемені орындау туралы есебі.

2. Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінетін тауарларды қосылған құн салығын төлеуден босату тәртібі

      3. Тауарларды, оның ішінде көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелген кезде ҚҚС төлеуден босату бір мезгілде мынадай шарттар орындалған:
      1) тауарлар, оның ішінде көлік құралдары Салық кодексінің 276-15-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Кеден одағында ҚҚС төлеуден босатылып, Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінетін тауарлар тізбесіне енгізілген;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен, нысан бойынша және мерзімде міндеттеме табыс етілген;
      3) уақытша әкелінген тауарлардың орналасқан орны міндеттемеде көрсетілген орналасқан орынға сәйкес келген;
      4) тасымалдаудың, сақтаудың немесе пайдаланудың қалыпты жағдайында табиғи тозу немесе табиғи шығын болу салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, уақытша әкелінген тауарлар өзгеріссіз күйде қалған кезде беріледі.
      Ұсақ жөндеу операцияларын, техникалық қызмет көрсетуді және тауарларды қалыпты күйде ұстау үшін қажетті басқа да операцияларды қоса алғанда, олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті операциялар жасауға болады.
      4. Кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісімен (төлеушімен) тауарларды уақытша әкелуге негіз болған шарт (келісімшарт) жасасқан Қазақстан Республикасының салық төлеушісі Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды, оның ішінде көлік құралдарын уақытша әкелуді жүзеге асырған салық төлеушінің орналасқан орны бойынша салық органына табыс етілетін міндеттемеге басшы мен бас бухгалтердің (ол болған жағдайда) қолдарымен, сондай-ақ салық төлеушінің мөрімен (болған жағдайда) куәландырылған мынадай құжаттардың көшірмелерін қоса береді:
      1) тауарларды уақытша әкелуді жүзеге асыруға негіз болған Қазақстан Республикасының салық төлеушісі мен Кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісі (төлеушісі) арасында жасалған шарт (келісімшарт) немесе өзге құжат;
      2) уақытша әкелінген тауарлардың Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына өткізілгенін растайтын тауарға ілеспе құжаттар.
      5. Салық төлеуші табыс еткен міндеттеме негізінде салық органы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес әкелу күніне төлеу мерзімі бойынша бюджет сыныптамасының кодтары бойынша салық төлеушінің тиісті дербес шоттарына ҚҚС есептеуді жүргізеді.
      Бұл ретте ҚҚС төлеу мерзімі тауарларды уақытша әкелу мерзіміне кейінге қалдырылады және өсімпұл есептелмейді.
      6. Уақытша әкелінген тауарлар міндеттемеде көрсетілген мерзімге дейін және салық органына есеп табыс етілгенге дейін әкетілген кезде, салық төлеушінің дербес шотында бұрын есептелген ҚҚС сомасы түзетілуге тиіс.
      7. Тауарларды уақытша әкелу кезінде ҚҚС төлеуден босату міндеттемеде көрсетілген мерзімге беріледі.
      8. Әкелу кезінде ҚҚС төленбеген Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінген тауарлар әкетілмеген жағдайда, тауарларды мұндай әкелу салық салу мақсатында салық салынатын импорт деп танылады және Қазақстан Республикасының аумағына тауарлар әкелінген күннен бастап Салық кодексінің 268-бабының 1-тармағында белгіленген ставка бойынша ҚҚС салуға жатады.
      Бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелген тауарлардың әкетілмеуі:
      1) Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінген тауарларды міндеттемеде көрсетілген мерзімдерде Қазақстан Республикасының аумағынан әкетпеу;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мерзімдерде міндеттемені және (немесе) есепті табыс етпеу;
      3) мұндай тауарларды уақытша әкелуді жүзеге асырған салық төлеушінің уақытша әкелінген тауарларды сатып алуы;
      4) уақытша әкелінген тауарларды басқа тұлғаға беру;
      5) уақытша әкелінген тауарлардың міндеттемеде көрсетілген орналасқан орны бойынша болмау фактісін анықтау;
      6) тауарларды осы Қағидалардың 3-тармағының 4) тармақшасында көзделген шарттарды бұза отырып әкету болып танылады.
      Бұл ретте салық қызметі органдары Салық кодексінің 276-8-бабының нормаларына сәйкес салық салынатын импорт мөлшерін түзетеді.
      9. Осы Қағидалардың 8-тармағы 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, салық төлеуші бұрын табыс еткен міндеттемені қайтарып алу жолымен Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш (өтініштер) беруге құқылы. Бұл ретте салық салынатын импортты жасау күні мұндай тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу күні ретінде айқындалады.
      Осы тармақтың мақсаттары үшін аталған тауарлар бойынша салық салынатын импорттың мөлшері тауарлар, оның ішінде тауарлардың құны және тауарларды уақытша әкелу туралы шарттың (келісімшарттың) ережелеріне сәйкес салық төлеуші шеккен басқа да шығыстар туралы мәліметтерді растайтын құжаттар негізінде айқындалады.
      10. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағына Кеден одағына мүше басқа мемлекеттің аумағынан тауарларды, оның ішінде көлік құралдарын өткізу және (немесе) беру, сондай-ақ табыс алуға бағытталған қызметті (көрмелерді, жәрмеңкелерді қоспағанда) жүзеге асыру мақсатынсыз уақытша әкелген кезде, осы Қағидалардың 3-тармағының 1)2) және 3) тармақшаларында көзделген шарттарды сақтау талап етілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады