"Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1661 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Жоба  

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы

      Осы Заң жеке басты куәландыратын құжаттардың құқықтық негіздерін анықтайды және олардың ресімделуіне, берілуіне, ауыстырылуына, өткізілуіне, алып қойылуына және жойылуына қойылатын талаптарды белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар 

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) азаматтығы жоқ адамның куәлігі – өзінің қандай да бір мемлекеттің азаматтығына тиесілігіне дәлелдемелері жоқ жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат;
      2) босқын куәлігі – босқынның мәртебесін растайтын жеке басты куәландыратын құжат;
      3) жеке басты куәландыратын құжат – белгіленген үлгідегі онда сәйкестендіру мақсатында оның иесінің жеке басын және құқықтық мәртебесін анықтауға мүмкіндік беретін жеке тұлғаның дербес деректері туралы тіркелген ақпарат бар материалдық объект;
      4) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі – азаматтың жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжаты;
      5) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты – азаматтың жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжаты;
      6) Қазақстан Республикасының дипломаттық паспорты – Қазақстан Республикасының азаматын өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді атқару үшін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шыққан, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тұрған кездерде және Қазақстан Республикасына келген кезде оның жеке басын куәландыратын құжат болып табылады;
      7) Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты – Қазақстан Республикасы азаматының жеке басты куәландыратын және оған жүктелген қызметтік міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шығу және келу, тұру кезінде оның иесінің ресми мәртебесін растайтын құжаты;
      8) қайтып оралуға арналған куәлігі – иесінің Қазақстан Республикасына бір реттік кіру құқығын растайтын жеке басты куәландыратын құжаты;
      9) теңізшінің паспорты – қазақстандық кемелерде немесе шетелге жүзетін шетелдік кемелерде жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаты;
      10) туу туралы куәлік – жеке тұлғаның жеке басын, оның туу фактісінің мемлекеттік тіркелгені туралы куәландыратын құжат;
      11) уақытша жеке куәлік – Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке куәлігі жоғалған, жарамсыз немесе болмаған жағдайда берілетін құжат;
      12) уәкілетті мемлекеттік органдар – өз құзыреті шегінде жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеуді, беруді, ауыстыруды, алып қоюды және жоюды жүзеге асыратын ішкі істер органдары, әділет органдары, сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын орган, көлік және коммуникация саласындағы орган;
      13) шетелдік паспорт – шетелдіктің шет мемлекеттің азаматтығына тиесілігін растайтын, жеке басты куәландыратын құжаты;
      14) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұру ықтиярхаты – Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктің жеке басын куәландыратын және оның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алғандығын растайтын құжат.

2-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы
Қазақстан Республикасының заңнамасы

      1. Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның әрекеті тұрғылықты жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. 

4-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттар саласындағы
құқықтық реттеу қағидаттары

      Жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеуге, беруге, ауыстыруға, тапсыруға, алып қоюға және жоюға қойылатын талаптар:
      1) заңдылық;
      2) міндеттілік;
      3) әлеуметтік тегі себептері, нәсілі, ұлты, азаматтығы, діни нанымы мен саяси сенімі дәлелдері бойынша кемсітушілікке жол бермеу;
      4) барлығының заң алдында теңдігі;
      5) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
      6) қолжетімділік;
      7) құқықтар мен міндеттердің бірлігі қағидаттарына негізделеді.

5-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің
және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен міндеттері

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың жеке басты куәландыратын құжаттарды алуға құқығы бар.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары, тұрғылықты жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мәртебесіне сәйкес келетін жеке басты куәландыратын құжаттарының болуы міндетті. 

2-тарау. Жеке басты куәландыратын құжаттардың мәртебесі 6-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттар 

      1. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
      2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;
      3) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұру ықтиярхаты;
      4) азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
      5) Қазақстан Республикасының дипломаттық паспорты;
      6) Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты;
      7) босқын куәлігі;
      8) теңізшінің паспорты;
      9) шетелдік паспорт;
      10) қайтып оралуға арналған куәлігі;
      11) туу туралы куәлік жеке басты куәландыратын құжаттар болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары беретін жеке басты куәландыратын құжаттар мемлекеттің меншігі болып табылады.
      3. Азаматтық-құқықтық мәмілелер осы баптың 1 тармағының 1), 2), 3), 4), 9) тармақшаларында көзделген жеке басты куәландыратын құжаттар бойынша жасалады.

7-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттарға қойылатын талаптар 

      1. Жеке басты куәландыратын құжаттар үлгілері мен оларды қорғауға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      2. Жеке басты куәландыратын құжаттар мынадай деректерді:
      1) тегін, атын, әкесінің атын (болған жағдайда);
      2) туған күні мен жерін;
      3) жынысын;
      4) азаматтығын, туу туралы куәлікті есептемегенде;
      5) фотосуретін, туу туралы куәлікті есептемегенде;
      6) құжатты берген органның атауын;
      7) берілген күнін, құжаттың нөмірін; қолданылу мерзімін, туу туралы куәлікті есептемегенде;
      8) туу туралы куәлікті қоспағанда, құжаттар иелерінің қолын қамтиды.
      3. Жеке басты куәландыратын құжаттарды уәкілетті мемлекеттік орган иесінің қалауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде толтырады. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, дипломаттық паспорты, қызметтік паспорты, теңізшінің      паспорты – мемлекеттік немесе орыс тілдерінде, сондай-ақ ағылшын тілінде толтырылады.
      4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жеке басты куәландыратын құжаттар басқа тілдерде де толтырылады. 

8-бап. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты

      1. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты азаматтарға жасына қарамастан олардың қалауы бойынша беріледі және Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландырады.
      2. Қазақстан Республикасы азаматының паспортына мынадай жазбалар мен белгілер:
      1) шетелге шығу туралы рұқсат беру жазбасы;
      2) ата-аналарымен бірге шетелге шыққан жағдайда он алты жасқа дейінгі балалар туралы суреттері жапсырылған жазба;
      3) шет мемлекеттің визасы;
      4) шекарадан өткені туралы шекаралық бақылау-өткізу пунктінің белгісі.
      3. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары қоятын паспорттағы белгілер мөртабандармен ресімделеді, олардың нысанын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті белгілейді. Қазақстан Республикасының паспортына осы заңда көзделмеген жазбалар мен белгілерді қоюға және енгізуге тыйым салынады.
      4. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты он жыл мерзімге қолдануға беріледі. 

9-бап. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі

      1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын барлық азаматтар жеке куәлікті иеленуге міндетті.
      2. Жеке басты куәландыратын құжат Қазақстан Республикасының азаматтарына он алты жастан бастап беріледі.
      3. Шетелге тұрақты тұруға кететін Қазақстан Республикасының азаматтары ішкі істер органдарына жеке куәліктерін тапсырады.
      4. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі он жыл мерзімге қолдануға беріледі. 

10-бап. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты

      1. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге он алты жастан бастап, он жыл мерзімге қолдануға, бірақ оның азаматтығы елінің паспортының қолданылу мерзімінен аспайтын уақытқа беріледі.
      2. Шетелге шыққан кезде шетелдіктің жеке басын оның азаматтығы елінің паспорты куәландырады.

11-бап. Азаматтығы жоқ адамның куәлігі

      1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, он алты жасқа толған азаматтығы жоқ адамдарға азаматтығы жоқ адамның куәлігі беріледі.
      2. Азаматтығы жоқ адамның куәлігі Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде иесінің жеке басын растау үшін он жыл мерзімге қолдануға беріледі.
      3. Ата-аналарынсыз, қамқоршыларынсыз, қорғаншыларынсыз шетелге шыққан кезде азаматтығы жоқ адамның куәлігі он алты жасқа дейінгі адамдарға беріледі. 

12-бап. Қазақстан Республикасының дипломаттық паспорты

      1. Қазақстан Республикасының дипломаттық паспортын Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін тізбеге сәйкес лауазымды адамдарға сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган береді.
      2. Сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган басшысының Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі бойынша тізбеде көрсетілмеген адамдарға дипломаттық паспорт беруге құқығы бар.
      3. Дипломаттық паспорты бар адамдардың жұбайлары мен он сегіз жасқа дейінгі балалары ұзақ мерзімді шетелдік іссапарларға бірге шыққан жағдайда, оларға да дипломаттық паспорт беріледі.
      4. Дипломаттық паспорт қолдану мерзімі бес жылға беріледі. 

13-бап. Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты

      1. Қазақстан Республикасының қызметтік паспортын Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін тізбеге сәйкес лауазымды тұлғаларға, сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган береді.
      2. Қызметтік паспорты бар адамдармен олардың ұзақ мерзімді шетелдік іссапарларға бірге баратын жұбайларына және он сегіз жасқа дейінгі балаларына да қызметтік паспорттар беріледі.
      3. Қызметтік паспорт қолдану мерзімі бес жылға беріледі. 

14-бап. Босқын куәлігі

      1. Босқын куәлігі «Босқындар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен босқын мәртебесі берілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.
      2. Босқын куәлігі қолдану мерзімі бір жылға беріледі, одан кейінгі әр келер жылға уәкілетті мемлекеттік орган босқынның шыққан елінде оған босқын мәртебесін беруге негіз болған мән-жайлар сақталған кезеңге дейін ұзартады. 

15-бап. Теңізшінің паспорты

      1. Теңізшінің паспорты кеме бортында жұмыс атқаратын Қазақстан Республикасының азаматтарына немесе практикадан өту үшін кемеге жіберілетін оқу орындарының оқушыларына беріледі.
      2. Теңізшінің паспорты Қазақстан Республикасында тіркелген кемеде жұмыс істеу үшін жалданған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да беріледі.
      3. Теңізшінің паспорты қолдану мерзімі бес жылға беріледі.

16-бап. Шетелдік паспорт

      1. Шетелдік паспорт шетелдіктің жеке басын және оның шет мемлекеттің азаматтығына тиесілігін куәландырады.
      2. Шетелдік паспортты беру негіздері мен қолданылу мерзімі шет мемлекеттің заңнамасында анықталады. 

17-бап. Қайтып оралуға арналған куәлігі

      1. Қайтып оралуға арналған куәлігі:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтарына – Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, қызметтік немесе дипломаттық паспортты жоғалтқан немесе олар Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған уақытында оның қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда;
      2) Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматтарына – олар Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туылған жағдайда;
      3) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға, Қазақстан Республикасында баспана берілген босқындар мен шетелдіктерге – олар Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған кезде жол жүру құжатын жоғалтқан жағдайда;
      4) Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасына кіру үшін жарамсыз құжаттары бар азаматтығы жоқ адамдарға – олар Қазақстан Республикасына шығарылған, Қазақстан Республикасына тапсырылған жағдайда беріледі.
      2. Қайтып оралуға арналған куәлік Қазақстан Республикасына бір реттік келу үшін беріледі және Қазақстан Республикасынан шығу үшін пайдаланылмайды.
      3. Қайтып оралуға арналған куәлікті Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері береді.
      4. Қайтып оралуға арналған куәлікке:
      1) визалар туралы – визалар беруге уәкілетті шет мемлекеттің құзыретті органы;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан және басқа мемлекеттердің мемлекеттік шекараларынан өту туралы – шекара қызметі органы, шекаралық бақылауды жүзеге асыратын шет мемлекеттің құзыретті органы;
      3) бұрын енгізілген белгілерді жою туралы – тиісті белгіні енгізген орган белгілері енгізіледі. 

18-бап. Туу туралы куәлік

      1. Туу туралы куәлік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес баланың туу туралы жазбалар кітабына тіркеу негізінде беріледі.
      2. Туу туралы куәлік мынадай құжаттардың бірін - Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін не шетелдік паспортты алғанға дейін жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат болып табылады. 

19-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттарды беру негіздері

      1. Жеке басты куәландыратын құжаттарды беру мынадай құжаттардың бірінің:
      1) туу туралы акт жазбасының;
      2) туу туралы куәліктің;
      3) Қазақстан Республикасының азаматы паспортының;
      4) Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің;
      5) уақытша жеке куәліктің;
      6) қайтып оралуға арналған куәліктің;
      7) азаматтығы жоқ адамның куәлігінің;
      8) шетелдік паспорттың;
      9) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес азаматтығын өзгерту туралы анықтамалардың;
      10) уәкілетті мемлекеттік органның оң қарауымен босқын мәртебесін беру туралы өтініштің негізінде жүзеге асырылады. 

20-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттарды беру

      1. Жеке басты куәландыратын құжаттарды уәкілетті мемлекеттік органдар береді және иесінің өзіне немесе оның заңды өкіліне тапсырады.
      2. Жеке басты куәландыратын құжаттарды толтырған кезде тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) және басқа деректер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды беру үшін негіз болған құжатқа сәйкес жазылады.
      3. Жеке куәлігін жоғалтқан, олар жарамсыз болған кезде не жоқ болғанда, жаңасын алғанға дейін Қазақстан Республикасының азаматтарына қолдану мерзімі үш айға уақытша жеке куәлік беріледі.
      Уақытша жеке куәліктің қолдану мерзімін ұзартуға жол берілмейді. 

21-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттар жоғалған
жағдайда оларды қалпына келтіру

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар жеке басты куәландыратын құжаттарды жоғалтқан жағдайда, жаңа құжаттар алу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға өтініш білдіреді.
      2. Шетелдегі Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының паспортын жоғалтқан кезде Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелеріне өтініш білдіреді.

22-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттардың
жарамсыздығы, оларды ауыстыру және тапсыру

      1. Жеке басты куәландыратын құжат:
      1) осы Заңның 6-бабы 2-тармағының 1), 2), 5), 6), 7), 8) тармақшаларында көрсетілген деректер (туу туралы куәлікті қоспағанда) болмаған;
      2) жарамдылық мерзімі аяқталған;
      3) осы Заңның 6-бабының 2-тармағының 1), 2), 5), 6), 7), 8) тармақшаларында көрсетілген деректерді немесе құжатты қорғау дәрежесін сәйкестендіру мүмкін болмаған;
      4) иесі уәкілетті мемлекеттік органға өтініш берген күннен бастап, жоғалған;
      5) иесінің құқықтық мәртебесіне сәйкес келмеген жағдайда, жарамсыз болып табылады, және өткізуге немесе ауыстыруға жатады.
      2. Табылған жеке басты куәландыратын құжаттар ішкі істер органдарына тапсырылады. Жоғалған жеке басты куәландыратын құжатты иесі қалпына келтірген жағдайда, табылған құжат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жойылады.
      3. Қайтыс болған адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттары уәкілетті мемлекеттік органдарға тапсырылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылады. 

23-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттарды
алып қою және қолдану

      1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіпте жеке басты куәландыратын құжаттарды алдын ала тергеу, анықтау, сот органдары, сондай-ақ әкімшілік іс жүргізу және азаматтығын жоғалтуды ресімдеу органдарының лауазымды тұлғалары алып қояды.
      Жеке басты куәландыратын құжаттарды өзге органдар мен лауазымды тұлғалардың алып қоюына тыйым салынады.
      2. Жеке басты куәландыратын құжаттарды кепілге қабылдауға және беруге тыйым салынады.
      3. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелері бойынша жеке тұлғаны анықтауға, сондай-ақ оларды қолдануға тыйым салынады.
      4. Бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жеке басты куәландыратын құжаттары алып қойылады және олар үкімдерді орындайтын мекемелерде сақталады. Жаза мерзімі өтелген кезде жеке басты куәландыратын құжаттар иесіне қайтарылады. 

3-тарау. Жеке басты куәландыратын құжаттар саласында
мемлекеттік реттеу 24-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Президенті:
      1) Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын ресімдеу, беру, ауыстыру, өткізу, алып қою және жою тәртібін бекітеді;
      2) дипломаттық және қызметтік паспорттар берілетін Қазақстан Республикасы лауазымды тұлғаларының тізбесін бекітеді;
      3) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

25-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын қоспағанда, жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеу, беру, ауыстыру, өткізу, алып қою және жою тәртібін бекітеді;
      2) жеке басты куәландыратын құжаттардың үлгілерін және оларды қорғауға қойылатын талаптарды бекітеді;
      3) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.        

26-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті

      Ішкі істер органдары:
      1) жеке басты куәландыратын құжаттардың:
      Қазақстан Республикасы азаматы паспортының;
      Қазақстан Республикасы азаматы жеке куәлігінің;
      шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатының;
      азаматтығы жоқ адам куәлігінің;
      босқын куәлігінің үлгілерін, ресімдеу, беру, ауыстыру, өткізу, алып қою және жою тәртібін әзірлейді.
      2) осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеуді, беруді, ауыстыруды, алып қоюды және жоюды жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

27-бап. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті
мемлекеттік органның құзыреті

      Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган:
      1) жеке басты куәландыратын құжаттардың:
      дипломаттық паспорттың;
      қызметтік паспорттың үлгілерін, ресімдеу, беру, ауыстыру, өткізу, алып қою және жою тәртібін әзірлейді;
      2) қайтып оралуға арналған куәліктің үлгісін, ресімдеу, беру және ауыстыру тәртібін әзірлейді.
      3) осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеуді, беруді, ауыстыруды, алып қоюды және жоюды жүзеге асырады.
      4) заңнамада бекітілген тәртіпте шетелде тұрғылықты тұру құқығын беретін құжаттарды алған Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәлігін, өзге елдің азаматтығын қабылдаған жағдайда – паспортын алып қояды;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. 

28-бап. Өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті

      Өзге де уәкілетті мемлекеттік органдар:
      1) жеке басты куәландыратын құжаттардың:
      әділет органдары – туу туралы куәліктің;
      көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган – теңізші паспортының үлгілерін, ресімдеу, беру, ауыстыру, өткізу, алып қою және жою тәртібін әзірлейді.
      2) өз құзыреті шегінде жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеуді, беруді, ауыстыруды, алып қоюды және жоюды жүзеге асырады.
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. 

4-тарау. Қорытынды ережелер  29-бап. Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы
Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны
үшін жауапкершілік

      Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. 

30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
           Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады