"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1668 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы
Қазақстан Республикасының Заңы

      Осы Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызметті өткеруі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясат негіздерін айқындайды. 

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) әрекеттегі резерв – барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындайтын әскери қызметшілер;
      2) әскер жасына дейінгілер – әскери есепке алынғанға дейін әскери қызметке даярлықтан өтетін ер азаматтар;
      3) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер – осы Заңда айқындалатын мерзімде Қарулы Күштерге әскери қызметке шақырылған Қазақстан Республикасының азаматтары;
      4) әскерге шақыруды кейінге қалдыру – осы Заңда көзделген негіздемелер бойынша азаматтарды әскери қызметке шақыру мерзімін ауыстыру;
      5) әскерге шақырылушылар – аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті әскери басқару органдарының әскерге шақыру учаскелеріне тіркелген және Қарулы Күштерге әскерге шақыруға жататын Қазақстан Республикасының ер азаматтары;
      6) әскери атақ – әскери қызметшіге және әскери міндеттіге берілетін әскери айырым белгісі;
      7) әскери билет – азаматтың әскери қызметке тиесілігін және әскери міндеттілікке қатыстылығын айқындайтын бірыңғай мерзімсіз жеке есептік-әскери құжаты;
      8) әскери бөлімнің штаты – жеке құрамның құрамын, ұйымдастыру-штаттық құрылымын, санын және қару-жарақ кадастрына сәйкес бекітіп берілген негізгі қару-жарақ пен әскери техника санын айқындайтын құжат;
      9) әскери есепке алу – әскери қызметшілер, әскерге шақырылушылар мен жұмылдыру ресурстары туралы сандық және сапалық деректерді есепке алу және талдау жүйесі;
      10) әскери жиындар – Қарулы Күштердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру мақсатында әскери міндеттілерді әскери бөлімдерге шақыра отырып, оларды әскери даярлау, әскери білім алу және жетілдіру бойынша әскери басқару органдары жүргізетін іс-шаралар.
      Әскери жиындар:
      оқу-жаттығу жиындары – әскери міндеттілерді, әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түскен кезде әскерге шақырылушыларды және жоғары оқу орындары әскери кафедраларының студенттерін даярлау және қайта даярлау мақсатында өткізілетін әскери жиындар түрі;
      тексеру жиындары – соғыс уақытының ұйымдастыру-штаттық құрылымында міндеттерді орындауға тағайындалған әскери бөлімдердің әзірлігін тексеру мақсатында өткізілетін әскери жиындар түрі;
      арнайы жиындар – төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі іс-шараларды орындау мақсатында және Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де жағдайларда өткізілетін әскери жиындар түрі;
      11) әскери киім нысаны – Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін әскери қызметшілердің Қарулы Күштерге тиесілігін айқындайтын айырым белгілері бар нысанды киім (киім-кешек) мен жабдықтар;
      12) әскери қызмет – Қазақстан Республикасының егемендігін, аумақтық тұтастығы мен шекараларының қол сұғылмаушылығын қарулы қорғауға байланысты әскери қауіпсіздікті тікелей қамтамасыз етуге бағытталған Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің мемлекеттік қызметінің ерекше түрі;
      13) әскери қызметтен босату – әскери қызметшіні осы Заңда көзделген негіздемелер бойынша запасқа немесе отставкаға шығара отырып, әскери бөлімнің (мекеменің) тізімдерінен шығару;
      14) әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт – уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы азамат әскери қызмет өткерген кезеңде тараптардың құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін белгілейтін ерікті түрде әскери қызмет өткеру туралы шарт;
      15) әскери қызметшілер – Қарулы Күштерде әскери қызметте тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;
      16) әскери лауазым – әскери қызмет функцияларын орындау үшін лауазымдық өкілеттіктер мен лауазымдық міндеттер жүктелген Қарулы Күштер мемлекеттік мекемесінің штаттық бірлігі;
      17) әскери міндеттілер – әскери есепте тұратын және әскери есепте тұрудың шекті жасына дейін запаста болатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
      18) әскери міндеттілер запасы (запас) – аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті әскери басқару органдарында әскери есепте тұратын, Қарулы Күштерді және соғыс уақытының басқа да мемлекеттік органдарын толық жасақтау, жұмылдыра өрістету және шығынының орнын толтыру мақсатында пайдаланылатын осы Заңда белгіленген жастағы әскери міндеттілер;
      19) әскери міндеттілік – Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасын қорғау жөніндегі конституциялық міндеті;
      20) әскери тағылымдама – тікелей әскери бөлімдерде офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша алған іс жүзіндегі дағдыларды меңгеру және жетілдіру, білімдерін тереңдету және бекіту;
      21) бастапқы әскери даярлық – әскери іс және адамның қауіпсіздігі мен тіршілік әрекетін қамтамасыз ету негіздері бойынша міндетті оқыту пәні (оқу пәні);
      22) еңбек сіңіру жылдары – әскери қызметшінің күнтізбелік, сондай-ақ жеңілдікпен есептелетін әскери қызметте болу уақыты;
      23) жалпыға бірдей әскери оқыту – Қазақстан Республикасының азаматтарын соғыс жағдайы енгізілген кезеңде әскери даярлыққа міндетті оқыту;
      24) жеке құрам – Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдары;
      25) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер – осы Заңда айқындалатын мерзімге Қарулы Күштерге әскери қызметке ерікті түрде кірген Қазақстан Республикасының азаматтары;
      26) курсанттар – орта техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі және жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу-жаттығу орталықтарында, әскери оқу орындарында, оқу орындарының әскери факультеттерінде (бұдан әрі – әскери факультеттер) оқитын офицерлер құрамының әскери атағы жоқ әскери қызметшілері;
      27) курстық даярлық – әскери қызметшілердің әскери білімін, практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған кәсіби деңгейін, біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды қамтитын оларды кәсіптік оқыту нысаны;
      28) мерзімді әскери қызмет – ер азаматтарды осы Заңда айқындалған тәртіпте Қарулы Күштерге қатардағы жауынгерлер және сержанттар құрамының әскери лауазымдарына әскерге шақыруға негізделген әскери қызмет;
      29) отставка – әскери қызметтен босатылған немесе әскери есептен шығарылған, запаста болудың шекті жасына толған адамдардың немесе әскери есептен шығарумен әскери қызметке жарамсыз болып танылған адамдардың жай-күйі;
      30) офицерлер – офицерлер құрамының тиісті әскери атақтары берілген әскери қызметшілер;
      31) психика-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулер – адамның жеке физиологиялық реакцияларына арнайы техникалық құралдар көмегімен тестілеуді және тіркеуді қамтитын Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарында әскери қызмет өткеру үшін іріктеу кезінде жүзеге асырылатын, әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке психологиялық және психика-физиологиялық қасиеттерін жан-жақты бағалауға бағытталған тексеру іс-шаралары жиынтығы;
      32) резервтегілер – жергілікті әскери басқару органдарының әскерге шақыру учаскелеріне тіркелген, әскери қызмет өткермеген және мерзімді әскери қызметке шақыруға жататын жиырма төрт жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар;
      33) ротация – әскери қызметшілерді Қарулы Күштердегі тең және өзге де лауазымдарға ауыстыру;
      34) сарбаздар (матростар) – сарбаздар (матростар) құрамының әскери атақтары берілген әскери қызметшілері;
      35) сержанттар (старшиналар) – бекітіліп берілген жеке құрамға қатысты басқару функцияларын жүзеге асыратын, жеке құрамды үйрету және тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындайтын, сержанттар (старшиналар) құрамының әскери атақтары берілген командалық құрамның әскери қызметшілері;
      36) тәрбиеленушілер – әскери даярлық бойынша қосымша білім беру бағдарламалары бар жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқитын Қазақстан Республикасының азаматтары;
      37) тыңдаушылар – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарында оқитын офицерлер құрамының әскери қызметшілері;
      38) уәкілетті лауазымды адам – Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қарулы Күштерде әскери қызмет өткеру ережелерінде (бұдан әрі – Әскери қызмет өткеру ережелері) белгіленген тәртіпте келісімшарт жасасуға құқық берілген лауазымды адам;
      39) уәкілетті орган – құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген мемлекеттік орган;
      40) ұйымдастыру-штаттық іс-шаралар – Қарулы Күштерде мемлекеттік мекемелерді және олардың құрылымдық бөлімшелерін құру, тарату, қайта ұйымдастыру, орнын ауыстыру, бағыныстылығын өзгерту, штаттарын өзгерту бойынша, сондай-ақ Қарулы Күштердің құрамы мен штат санын өзгерту бойынша өткізілетін іс-шаралар.

      2-бап. Қарулы Күштердегі әскери қызметтің құқықтық негізі

      1. Қарулы Күштердегі әскери қызметтің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заңда көзделген ерекшеліктерімен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, құқық қорғау органдарының қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесінің
              қағидаттары

      Әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесінің қағидаттары:
      1) заңдылық;
      2) әскери қызметшілердің алдына қойылған міндеттерді орындау үшін әскери қызмет өткеру шарттарын ескере отырып, оларды толық, жеткілікті және уақтылы қамтамасыз ету;
      3) әскери қызметшінің құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де заңға қарсы қол сұғушылықтан қорғау, әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде оның қол сұғылмаушылығы;
      4) дара басшылық және дәреже сатысы (бағыныстылық);
      5) саяси партиялар және өзге де қоғамдық бірлестіктер қызметіне тәуелді болмау болып табылады.

      4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының барлық әскери қызметшілеріне, соның ішінде Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес біріктірілген (коалициялық) қарулы күштер құрамында әскери қызмет өткеретін Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне және әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерге қолданылады.
      Осы Заң мемлекеттік қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде саяси мемлекеттік қызметшілерге қолданылады.
      Осы Заңның әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету туралы жекелеген ережелері мен нормалары олардың отбасы мүшелеріне, әскери қызметтен босатылған адамдарға, сондай-ақ әскери қызмет өткеру кезеңінде қаза тапқан, қайтыс болған, хабарсыз кеткен немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мүгедек болып қалған әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне қолданылады.
      Қарулы Күштердегі әскери қызметтен босатылған және басқа мемлекеттерге тұрақты тұруға қоныс аударған Қазақстан Республикасы азаматтарының мәртебесі тұрақты тұру үшін таңдалған мемлекеттермен жасалған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.

      5-бап. Әскери қызметшінің мәртебесі

      1. Әскери қызметшінің мәртебесі заңнамада белгіленген шек қоюлармен және шектеулермен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде әскери қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ әскери қызмет ерекшеліктерімен негізделген оның құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін қамтиды.
      Әскери қызметшілердің құқықтары мен бостандықтарына шек қоюлар мен шектеулер, ерекше міндеттері мен жауапкершілігі осы Заңда белгіленген қосымша құқықтармен және жеңілдіктермен өтеледі.
      Әскери қызметші мәртебесіне азаматтар:
      әскери қызметке (жиындарға) шақырылғандар – тиісті бастықтың жергілікті әскери басқару органынан әскери қызмет (жиындарды) өткеру орнына кету туралы бұйрығы шыққан күннен бастап;
      келісімшарт бойынша әскери қызметке түскендер – әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) бөлім жеке құрамының тізіміне қабылдау туралы бұйрығы шыққан күннен бастап;
      әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түскендер, егер бұған дейін олар әскери қызметшілер болып табылмаса – оқу орны бастығының оқу орны (әскери факультет) жеке құрамының тізіміне қабылдау туралы бұйрығы шыққан күннен бастап, ал шетел әскери оқу орнына түскен кезде – уәкілетті орган басшысының оқуға жіберу туралы бұйрығы шыққан күннен бастап ие болады.
      Азамат әскери қызметтен босатылуға (әскери жиындардың аяқталуына) байланысты әскери бөлімнің тізімдерінен шығарылған күнінен бастап әскери қызметші мәртебесінен айырылады.
      2. Әскери қызметшілер әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде мемлекеттің қорғауында болады. Олар жалпыәскери жарғыларға сәйкес олар үшін бастықтар болып табылатын адамдарға ғана бағынады және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа ешкім де олардың қызметтік істеріне араласуға құқылы емес.
      3. Әскери қызметші:
      1) лауазымдық міндеттерін орындаған;
      2) жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан, төтенше немесе соғыс жағдайында, сондай-ақ қарулы жанжалдар жағдайларында жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан;
      3) бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі бітімгершілік операцияларына қатысқан;
      4) террорға қарсы операцияларға қатысқан;
      5) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жоюға қатысқан;
      6) оқу-жаттығуларға немесе корабльдердің жорықтарына қатысқан;
      7) күн тәртібімен белгіленген қызмет уақыты ішінде немесе қызметтік қажеттіліктен туындаған басқа уақытта әскери бөлімнің аумағында болған;
      8) қызметтік іссапарда болған;
      9) қызмет орнына барған және кері қайтқан;
      10) емделуде болған, емделу орнына барған және кері қайтқан;
      11) әскери жиындардан өткен;
      12) тұтқында, кепіл ретінде болған немесе еріксіз жіберілген;
      13) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқық тәртібін қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен;
      14) әрекеттегі резервте болған жағдайларда әскери қызмет міндеттерін орындауда болады.
      Офицерлер құрамын әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілердің мәртебесі келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің мәртебесімен айқындалады.
      Мерзімді қызмет әскери қызметшісі мерзімді қызмет өткерудің барлық уақыты ішінде, ал әскери міндетті – әскери жиындардан өтудің барлық уақыты ішінде әскери қызмет міндеттерін орындайды.
      4. Командирлерге (бастықтарға) әскери қызмет міндеттерін орындауға қатысы жоқ немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар (бұйырулар) мен өкімдер беруге тыйым салынады.
      5. Әскери қызметшілерге олардың мәртебесін растау үшін уәкілетті орган белгілеген тәртіпте әскери қызметшінің жеке куәліктері (әскери билеттер) және жеке нөмірлері бар жетондар береді.

      6-бап. Әскери қызметшілердің құқықтары

      1. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңнамасында көзделген барлық құқықтар мен бостандықтарды Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалған шектеулерді ескере отырып пайдаланады.
      Әскери қызметшілер:
      1) мемлекет есебінен Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде, уәкілетті органдардың бірінші басшыларымен көзделген тәртіпте ақшалай үлеспен қамтамасыз етілуге;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нормалар бойынша заттай және басқа да мүлік түрлерімен мемлекет есебінен қамтамасыз етілуге;
      3) біліктілігін, қабілетін, өз лауазымдық міндеттерін адал орындауын ескере отырып, қызметі бойынша жоғарылатуға;
      4) уәкілетті лауазымды адамымен келісу бойынша әскери оқу орындарына және басқа да білім беру ұйымдарына оқуға түсуге және курстық даярлықтан өтуге;
      5) денсаулығын сақтауға және қауіпсіздік техникасы мен гигиена талаптарына жауап беретін қызмет жағдайларына;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіпте әскери қызмет міндеттерін орындаған кезде өмірі мен денсаулығына немесе жеке мүлкіне келтірілген зиянның орнын толтыруға;
      7) осы Заңға сәйкес әскери қызмет өткеру кезеңінде тұрғын үймен қамтамасыз етілуге;
      8) әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқылы.
      2. Әскери қызметшілердің қару алып жүру қағидалары жалпыәскери жарғыларда айқындалады. Әскери қызметшілер соңғы шара ретінде мынадай жағдайларда:
      жеке басын қорғау үшін;
      күзетілетін әскери және азаматтық объектілерге, қарауылдарға, әскери бөлімдердің үй-жайлары мен ғимараттарына қарулы шабуыл жасауға тойтарыс беру үшін;
      қаруды және әскери техниканы тартып алу әрекетінің жолын кесу үшін;
      әскери қызметшілер мен азаматтық адамдарды, егер өзге тәсілдермен және құралдармен оларды қорғау мүмкін болмаса, олардың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін шабуыл жасаудан қорғау үшін;
      егер өзге де тәсілдермен және құралдармен қылмыскердің қарсылығын тоқтату, ұстау немесе қаруын алу мүмкін болмаса, қылмыс жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен немесе ауыр қылмыс жасау кезінде қолға түскен адамды, сондай-ақ қаруды тапсыру туралы заңды талаптарды орындаудан бас тартқан қаруланған адамды ұстау үшін;
      кепілге алынғандарды, басып алынған күзетілетін объектілерді, құрылыстар мен арнайы (әскери) жүктерді босату үшін;
      тыйым салу шарасы тұтқынға алу таңдалған, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың күзетуден қашып шығуының жолын кесу үшін, сондай-ақ оларды күшпен босату әрекеттерінің жолын кесу үшін;
      жануарлардың шабуыл жасауынан қорғану үшін;
      дабыл белгілерін беру немесе көмек шақыру үшін жеке немесе бөлімше құрамында қару қолдануға құқылы.
      Кенеттен қарулы шабуыл жасауды, жауынгерлік техниканы, көлік құралдарын, теңіз және өзен кемелерін пайдалана отырып шабуыл жасауды, сондай-ақ қамаудан қарумен қашып шығуды қоспағанда, қару қолданбай тұрып, оны қолдану ниеті туралы ескерту жасалуға тиіс.
      Әскери қызметші қаруды қолданған және пайдаланған кезде айналасындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін болатын шараларды қолдануға, ал қажет болған жағдайда зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетуге міндетті.
      Әйелдер мен кәмелетке толмағандар әскери қызметшінің немесе басқа да адамдардың өміріне қатер төндіретін терроризм актісін, қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен не топтасып шабуыл жасаған, егер ондай шабуыл жасауға өзге де тәсілдермен және құралдармен тойтарыс беру мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты қару қолдануға тыйым салынады.
      Әскери қызметші қару қолданудың немесе пайдаланудың әрбір жағдайы туралы командирге (бастыққа) баяндайды.
      3. Соғыс жағдайы және төтенше жағдайлар туралы Қазақстан Республикасының заңдарында әскери қызметшілерге өзге де құқықтар берілуі мүмкін.

      7-бап. Әскери қызметшілердің жалпы міндеттері

      Әскери қызметшілер:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және басқа да нормативтік-құқықтық актілерін сақтауға, сондай-ақ жалпыәскери жарғылардың талаптарын сақтауға;
      2) белгіленген тәртіпте әскери ант қабылдауға;
      3) командирлердің (бастықтардың) заңды бұйрықтарын нақты және мерзімінде орындауға;
      4) Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен бөлімшелері, халықаралық шарттарға сәйкес біріктірілген (коалициялық) қарулы күштер құрамында қарулы жанжалдарға қатысуға;
      5) тәртіпті, қырағы болуға және мемлекеттік құпиялардың жариялануына жол бермеуге;
      6) әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын сақтауға;
      7) әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде әскери киім нысанын киіп жүру қағидасын сақтай отырып, оны киіп жүруге;
      8) уәкілетті органдардың басшылары бекітетін дене дайындығы жөніндегі нормативтердің талаптарын сақтауға және орындауға;
      9) оған сеніп берілген қаруды, қару-жарақ пен әскери техниканы зерделеуге, оның сақталуын және дұрыс пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті.
      2. Қарулы Күштер лауазымды адамдарының міндеттері жалпыәскери жарғыларда айқындалады.
      3. Келісімшарт бойынша әскери қызметші әскери қызметке кіргеннен кейін бір ай ішінде әскери қызмет өткеру кезеңіне әскери қызметшінің меншігінде болатын оған заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, ашық үлестік жарналары мен аралық үлестік жарналарының инвестициялық қорларын, сондай-ақ оған мүліктік жалға берілген өзге де мүлікті қоспағанда, оларды пайдаланудан кіріс туындайтын коммерциялық ұйымдардың акцияларын (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) және өзге де мүлікті сенімді басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімді басқару шарты нотариалды түрде куәландырылуға жатады.
      4. Соғыс жағдайы және төтенше жағдайлар туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен әскери қызметшілерге өзге де міндеттер жүктелуі мүмкін.

      8-бап. Әскери қызмет өткерумен байланысты әскери
              қызметшілердің құқықтарын шектеу

      1. Әскери қызметші:
      1) өкілді органдардың депутаты және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі болуға, саяси партияларда, кәсіптік одақтарда, діни бірлестіктерде болуға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөз сөйлеуге;
      2) әскери қызмет міндеттерін орындауға кедергі келтірмейтін педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
      3) кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, соның ішінде коммерциялық ұйымның ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан, оны басқаруға қатысуға;
      4) заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, үшінші адамдардың істері бойынша өкіл болуға;
      5) әскери мүлік пен оның қызметтік істерін қамтамасыз ететін басқа да құралдарды, басқа да мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға;
      6) ереуілдерді, пикеттерді және өзге де наразылық акцияларын ұйымдастыруға және оған қатысуға;
      7) өз қызметтік жағдайын пайдакүнемдік мақсаттарда, соның ішінде лауазымды және өзге де адамдармен келісу жолымен пайдалануға;
      8) өзінің жақын туысқандары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алған балалар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, аталары, әжелері, немерелері) немесе ері (зайыбы) атқаратын қызметке тікелей бағынысты лауазым атқаруына құқылы емес.

2-тарау. Азаматтарды әскери қызметке даярлау

      9-бап. Азаматтарды әскери қызметке даярлау

      1. Азаматтарды әскери қызметке даярлау – бұл мемлекеттік органдар әскер жасына дейінгі және әскерге шақыру жасындағы азаматтар, оларды әскери қызмет негіздеріне оқыту мақсатында, сондай-ақ әскери міндеттілер әскери қызмет өткеруі үшін әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау және қайта даярлау мақсатында өткізетін міндетті іс-шаралар кешені.
      2. Азаматтарды әскери қызметке даярлау:
      1) бастапқы әскери даярлықты;
      2) қосымша білім беру бағдарламалары бойынша әскери даярлауды;
      3) әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлауды;
      4) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлауды қамтиды.
      3. Азаматтарды әскери қызметке даярлауды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Азаматтарды әскери қызметке даярлау ережесіне сәйкес мемлекеттік органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
      4. Ұйымдардың басшылары әскер жасына дейінгілердің және әскерге шақырылушылардың әскери қызметке даярлықтан өту мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

      10-бап. Бастапқы әскери даярлық

      1. Азаматтармен бастапқы әскери даярлық жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүргізiледі.
      2. Әскерге шақырылуға жататын және бастапқы әскери даярлықтан өтпеген азаматтар Азаматтарды әскери қызметке даярлау ережесіне сәйкес мерзiмдi әскери қызметке шақырылар алдында одан өтедi.
      3. Бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ оның оқу-материалдық базасын құру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      11-бап. Азаматтарды білім беру ұйымдарында қосымша білім
               беру бағдарламалары бойынша әскери даярлау

      1. Азаматтарды қосымша білім беру бағдарламалары бойынша әскери даярлау жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүргізіледі.
      2. Тәрбиеленушілердің әскери даярлықтан өту және барлық үлес түрлерімен қамтамасыз ету тәртібі Азаматтарды әскери қызметке даярлау ережесімен айқындалады.

      12-бап. Азаматтарды әскери-техникалық және басқа да әскери
               мамандықтар бойынша даярлау

      1. Әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қажеттілігіне сәйкес Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында өтеусіз негізде және оқуға арналған шығыстарды толық немесе жартылай өтеумен ақылы негізде жүргізіледі.
      Қорғаныс министрлігі есебінен оқуға арналған шығыстарды жартылай өтеу кезінде оқу-жаттығу атыстарын жүргізу және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жүзеге асырылады.
      2. Өтеусіз негізде әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлауға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды, он жеті жас алты айдан жиырма алты жасқа дейінгі, оны аяқтағаннан кейін мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын немесе жұмылдыру резервіне тұрғызылатын азаматтар тартылады. Кіші мамандарды даярлауға тәртіптемені уәкілетті органдар жасайды.
      3. Ақылы негізде әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлауға мыналар тартылады:
      келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды әскери міндеттілер;
      әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқыту үшін денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды, соның ішінде әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылған жиырма төрт жастан жиырма жеті жасқа дейінгі азаматтар.
      4. Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқыту үшін азаматтарды іріктеу мен жіберуді жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады.
      5. Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарының базасында әскери оқытылған резервті даярлауға мемлекеттік тапсырысты жергілікті әскери басқару органдарына Қорғаныс министрлігі мамандандырылған ұйымдарының басшылығы ұсынған өтінімдер негізінде Қорғаныс министрлігінің жұмылдыру органы жеткізеді.
      6. Әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша азаматты оқытудың басталуы Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымы басшысының оны қабылдау туралы бұйрығы шыққан күн болып саналады.
      7. Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарында азаматтарды оқыту мерзімі әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша алатын мамандығына байланысты белгіленеді.
      8. Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы жөніндегі мамандандырылған ұйымы басшысының даярлауды аяқтау туралы бұйрығы шыққан күн оқытудың аяқталуы болып саналады.
      9. Әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқытудың аяқталғаны туралы сертификат үлгісін және әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді.
      10. Оқыту аяқталғаннан кейін азаматтарға әскери билеттер беруді жергілікті әскери басқару органдары белгіленген тәртіпте жүзеге асырады. Әскери билетті беру үшін негіздеме әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқытудың аяқталғаны туралы сертификат болып табылады.
      11. Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында сабақтар өткізілетін уақытта қызметкерлерге жұмыс берушілер оқу демалыстарын беруге міндетті.
      12. Азаматтардың әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқу кезеңінде жұмыс орны (лауазымы) сақталады. Осы кезеңде олар заңды тұлға таратылған жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушілердің бастамасы бойынша босатылмайды, сондай-ақ білім беру ұйымы басшысының бастамасы бойынша білім беру ұйымынан шығарылмайды.

      13-бап. Азаматтарды жоғары білім беру ұйымдарында
               запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша
               әскери даярлау

      1. Азаматтарды запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жұмылдыру қажеттілігіне сүйене отырып, Қорғаныс министрлігінің тәртіптемесіне сәйкес жүргізіледі.
      2. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған азаматтарға Әскери қызмет өткеру ережелерінде айқындалған тәртіпте «запастағы лейтенант» әскери атағы беріледі.
      3. Азаматтардың запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтан өту тәртібі Азаматтарды әскери қызметке даярлау ережелерінде айқындалады.

      14-бап. Азаматтарды жалпыға бірдей әскери оқыту

      1. Халықты азаматтық қорғаныс іс-шараларына тарту және соғыс уақытында Қарулы Күштерді жасақтау үшін қажетті контингентті даярлау мақсатында:
      1) ерлер – он алты жастан алпыс жасқа дейінгілерді қоса алғанда;
      2) балалары жоқ немесе он жастан үлкен балалары бар әйелдер – он сегіз жастан қырық бес жасқа дейінгілерді қоса алғанда, жалпыға бірдей әскери оқыту жүргізіледі.
      Азаматтарды жалпыға бірдей әскери оқытуды азаматтардың жұмыс, оқу орны және тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады.
      2. Жалпыға бірдей әскери оқыту бағдарламасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      3. Қорғаныс министрлігі азаматтарды жалпыға бірдей әскери оқыту жөніндегі бағдарламаны әзірлейді және іс-шараларға бақылауды жүзеге асырады.

3-тарау. Әскери есепке алу. Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу

      15-бап. Әскери есепке алу

      1. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар:
      1) әскери-есептік мамандығы жоқ әйелдерді;
      2) осы Заңға сәйкес әскери міндеттерін орындаудан босатылған адамдарды;
      3) бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жүрген адамдарды;
      4) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратындарды қоспағанда, әскери есепке алуға жатады.
      2. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды олардың тұрғылықты жерлері бойынша жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады, ал олар жоқ елді мекендерде әскери есепке алуды кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері қамтамасыз етеді.
      3. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      4. Қарулы Күштерде әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер уәкілетті орган белгілеген тәртіпте тиісті әскери басқару органдарында (басқару органдарында), әскери бөлімдерде (бөлімдерде) және мекемелерде есепке алуға жатады.

      16-бап. Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу

      1. Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу – бұл әскерге шақырылғанға дейінгілерді әскери есепке қою үшін жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, тиісті жергілікті атқарушы органдар жүргізетін әскери есепке алу іс-шаралары.
      2. Әскерге шақыру учаскелеріне тіркелетін жылы он жеті жасқа толатын Қазақстан Республикасының ер азаматтары жатады.
      3. Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді және медициналық куәландыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Әскери есепке алу ережелерінде және Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасында айқындалатын тәртіпте облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) әкімдері ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
      4. Азаматтар әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу кезінде әскери қызметке жарамдылық дәрежесін белгілеу үшін Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасында айқындалған тәртіпте медициналық комиссиядан өтеді.
      Медициналық комиссиядан өткен азаматтар тіркеу жөніндегі комиссияның шешімімен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуға қабылданады.
      Әскери-дәрігерлік комиссия әскери есептен шығарумен әскери қызметке жарамсыз деп таныған азаматтар әскери есепке қабылданбайды.
      5. Азаматтар, олардың жұмыс (оқу) орындарын, атқаратын лауазымы мен орташа еңбекақысын сақтай отырып, әскерге шақырылуға дейінгілерді әскери есепке қоюға байланысты міндеттерді орындау үшін қажетті уақытта жұмыстан (оқудан) босатылады.
      6. Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді жүргізу үшін аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен мынадай құрамда тіркеу комиссиясы құрылады:
      комиссия төрағасы – аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің орынбасары;
      комиссия төрағасының орынбасары – ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті әскери басқару органының бастығы;
      комиссия мүшелері:
      ішкі істер органдары тиісті аумақтық бөлімшесі бастығының орынбасары;
      мемлекеттік денсаулық сақтау басқармасының тиісті жергілікті органы бастығының орынбасары – медициналық комиссияның төрағасы;
      хатшы.
      Аудандық (қалалық) тіркеу жөніндегі комиссияның дербес құрамын, осы жұмысты жүргізу және қамтамасыз ету тәртібін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі жыл сайын бекітеді.

      17-бап. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды
               адамдардың, әскери міндеттілердің және әскерге
               шақырылушылардың Әскери есепке алу ережелерін
               орындау жөніндегі міндеттері 

      1. Кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімдері, сондай-ақ әскери міндеттілер және әскерге шақырылушылар жұмыс істейтін ұйымдардың басшылары өз құзыреті шегінде:
      1) әскери міндеттілерді және әскерге шақырылушыларды, оларды жергілікті әскери басқару органдарына шақырылғаны туралы хабардар етуге;
      2) әскери-есептік құжаттарында жергілікті әскери басқару органдарының әскери есепке алғаны туралы белгілері болған кезде әскери міндеттілерді және әскерге шақырылушыларды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді жүзеге асыруға;
      3) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) тиісті жергілікті әскери басқару органдарына әскери міндеттілердің, әскерге шақырылушылардың және әскер жасына дейінгілердің сандық және сапалық құрамын растайтын құжаттарды ай сайын беруге;
      4) әскер жасына дейінгілерге тіркеу жүргізген және азаматтарды әскери қызметке әскерге шақырған кезде басқа жергілікті жерлерден аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) әскери басқару органдарына азаматтарды жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
      2. Жергілікті әскери басқару органдары өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың, әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың Әскери есепке алу ережелерін сақтауына бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
      3. Ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде әскери міндеттілікті орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруді, ұстауды және жергілікті әскери басқару органдарына жеткізуді жүзеге асыруға міндетті.
      4. Азаматтық хал актілерін жазу органдары жеті жұмыс күні ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті әскери басқару органдарына әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың тегін, аты мен әкесінің атын, туған күні мен жерін өзгерткені туралы, сондай-ақ әскери міндеттінің немесе әскерге шақырылушының қайтыс болғаны тіркелген жағдайлар туралы хабардар етуге міндетті.
      5. Анықтау және алдын ала тергеу органдары жеті жұмыс күні ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергіліктi әскери басқару органдарына оларға қатысты анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізіліп жатқан әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы, ал соттар оларға қатысты қылмыстық істерді сот қарап жатқан әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы, сондай-ақ оларға қатысты заңды күшiне енген үкімдер туралы хабардар етуге мiндетті.
      6. Халықты әлеуметтiк қорғау органдары жетi жұмыс күні ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi әскери басқару органдарына мүгедек деп танылған барлық әскери мiндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы хабардар етуге міндетті.
      7. Денсаулық сақтау ұйымдары әскерге шақыру басталар алдында жергілiкті әскери басқару органдарының сұрау салулары бойынша стационарлық емделуде болатын және диспансерлік есепте тұрған әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы мәліметтердi хабардар етуге міндетті.
      8. Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жерi бойынша олар ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органына әскери есепке қою немесе шығару туралы мәлiметтер бергеннен кейін тiркеудi жүзеге асыруға міндетті.
      9. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар тегін, атын, әкесiнің атын, отбасы жағдайын, денсаулық жағдайын (бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедектер деп танылған), тұрған жерiн, бiлiмiн, жұмыс орны мен лауазымын өзгерткен жағдайда жеті жұмыс күні ішінде өздерi әскери есепте тұрған ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органын хабардар етуге мiндетті.

4-тарау. Әскери қызмет өткеру

      18-бап. Әскери қызметтің мәні

      1. Әскери қызмет:
      1) әскерге шақыру бойынша әскери қызметті;
      2) келісімшарт бойынша әскери қызметті қамтиды.
      Әскерге шақыру бойынша әскери қызметке:
      1) сарбаздар (матростар) құрамының мерзімді әскери қызметі;
      2) осы Заңның 32-бабына сәйкес әскерге шақырылған офицерлердің әскери қызметі;
      3) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезіндегі, соғыс уақытындағы және әскери жиындарды өткеру кезіндегі әскери қызмет жатады.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметке:
      1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) және офицерлер құрамының лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің әскери қызметі;
      2) әскери оқу орындары курсанттары мен тыңдаушыларының әскери қызметі және оқуы жатады.
      2. Әскери жиындарға шақырылған азаматтар әскери қызмет міндеттерін орындайды.
      3. Мерзiмдi қызмет өткеруге азаматтардың құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар оқу орындарының күндiзгi оқу бөлiмдерiнде оқыған уақыты, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарында әскери даярлықтан өту уақыты теңестiріледi.
      4. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының халқына адалдығы туралы әскери ант қабылдайды.
      Бұрын әскери ант қабылдамаған әскери мiндеттiлер оны әскери жиындарға және жұмылдыруға шақырылған кезде қабылдайды.
      5. Осы Заңда айқындалған жағдайлар мен тәртiпте азаматтарды әскери қызметке шақыру кейiнге қалдырылуы немесе әскери қызметтен босатылуы мүмкiн.

      19-бап. Әскери қызметшілер мен әскери міндеттілердің
               құрамы. Әскери атақтар

      1. Әскери қызметшілер мен әскери міндеттілер:
      1) сарбаздар (матростар);
      2) сержанттар (старшиналар);
      3) офицерлер құрамына бөлінеді.
      2. Қарулы Күштерде мынадай әскери атақтар белгiленедi:

әскери

кемелiк

сарбаздар (матростар) құрамы

қатардағы жауынгер

матрос

ефрейтор

аға матрос

сержанттар (старшиналар) құрамы

кіші сержанттар құрамы

кiшi сержант

екiншi сатылы старшина

сержант

бiрiншi сатылы старшина

аға сержант

бас старшина

аға сержанттар құрамы

үшiншi сыныпты сержант

үшiншi сыныпты старшина

екiншi сыныпты сержант

екiнші сыныпты старшина

бiрiншi сыныпты сержант

бiрiншi сыныпты старшина

жоғары сержанттар құрамы

штаб-сержант

штаб-старшина

шебер-сержант

шебер-старшина

офицерлер құрамы

кiшi офицерлер құрамы

лейтенант

лейтенант

аға лейтенант

аға лейтенант

капитан

капитан-лейтенант

аға офицерлер құрамы

майор

үшiншi дәрежелi капитан

подполковник

екiншi дәрежелi капитан

полковник

бiрiншi дәрежелi капитан

жоғары офицерлер құрамы

генерал-майор

контр-адмирал

генерал-лейтенант

вице-адмирал

генерал-полковник

адмирал

армия генералы


      3. Медициналық немесе заңгер мамандығы бар офицерлер үшiн әскери атақтарына тиiсiнше «медицина қызметiнiң», «әдiлет» деген сөздер қосылады.
      4. Авиацияның жоғары офицерлер құрамы үшiн (инженерлiк-авиациялық даярлығы бар ұшқыштық инженерлiк) әскери атақтарына «авиация» деген сөз қосылады.
      5. Запаста тұратын азаматтардың әскери атақтарына «запастағы» деген сөз, ал отставкадағыларға «отставкадағы» деген сөз қосылады.

      20-бап. Әскери атақты беру, төмендету, одан айыру және
               әскери атағын қалпына келтіру тәртібі

      Әскери қызметшiлер мен әскери мiндеттілерге әскери атақтарды мерзiмiнен бұрын берудi қоса алғанда, оларды беру, төмендету, әскери атағынан айыру Әскери қызмет өткеру ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      Әскери атағынан айырылған адамның әскери атағы тек сот ақтау үкімін шығарған немесе ақтау негіздемелері бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайларда қалпына келтiрiледі, ал әскери атағы төмендетілген әскери қызметшiге әскери атақ Әскери қызмет өткеру ережелерiне сәйкес берiледі.
      Әскери атақтарда еңбек сiңiрген мерзiмi былай белгіленедi:

сарбаздар (матростар) құрамына

- белгіленбейді;

сержанттар (старшиналар) құрамына:


кіші сержанттар

- бір жыл;

сержанттарға

- екі жыл;

аға сержанттар мен 3-сыныпты сержанттарға

- үш жыл;

2-сыныпты сержанттарға, 1-сыныпты сержанттар мен штаб-сержанттарға

- төрт жыл;

шебер-сержанттарға

- белгіленбейді;

офицерлер құрамына:


лейтенанттарға

- екі жыл;

аға лейтенанттарға және капитандарға (капитан-лейтенанттарға)

- үш жыл;

майорларға (үшiншi дәрежелi
капитандарға)

- бес жыл;

подполковниктерге (екiншi дәрежелi капитандарға)

- жеті жыл;

подполковниктерге (бірінші дәрежелi капитандарға) және одан жоғарыларға

- белгіленбейді.

      Қызметін ауыстыру тәртібінде Қарулы Күштердегі әскери қызметке кіретін құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне әскери атақ уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын қайта аттестаттау тәртібінде беріледі. 

      21-бап. Әскери лауазымдар

      1. Әскери лауазым Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың алдына қойылған негізгі мiндеттер мен функцияларға сүйене отырып айқындалады.
      2. Қарулы Күштердегі әскери лауазымдар мен оларға сәйкес келетін әскери атақтар тізбесін уәкілетті органдардың басшылары бекітеді.
      3. Әскери лауазымдар:
      1) қатардағы жауынгерлер құрамының;
      2) сержанттар құрамының;
      3) офицерлер құрамының;
      4) жоғары офицерлер құрамының лауазымдарына бөлiнеді.
      4. Әскери қызметшiлермен әскери лауазымдарды жасақтау, тағайындау, ауыстыру, әскери лауазымдардан босату және шығару Әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес жүргiзіледi.
      5. Әскери қызметшi мынадай жағдайларда:
      1) оны басқа лауазымға тағайындаған кезде командирдiң (бастықтың) өкімінде болған – екi айдан аспайтын мерзім;
      2) ұйымдық-штаттық iс-шараларды жүргізуге байланысты командирдiң (бастықтың) өкімінде болған – үш айдан аспайтын мерзім;
      3) әскери қызметшіге қатысты қылмыстық iс қозғалуға байланысты командирдің (бастықтың) өкімiнде болған – қылмыстық iс бойынша шешiм шыққанға дейін;
      4) Әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсiздігі мүддесіндегi жұмыстарды орындау мақсатында мемлекеттік органдарға, халықаралық және басқа да ұйымдарға iссапарға жiберiлген;
      5) Қазақстан Республикасы әскери атташесі аппаратындағы лауазымға тағайындалуға байланысты командирдің (бастықтың) өкімінде болған – Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығуға рұқсат ету құжаттарын алғанға дейін;
      6) әскери қызметші жұбайын шетелге жіберген кезде әскери қызмет (оқу) өткеретін әскери қызметші әйелдер ақшалай жабдықталымы сақталмай уәкілетті орган басшысының өкімінде болған кезде әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткереді.
      Әскери лауазымдарда болу мерзімдері Әскери қызмет өткеру ережелерінде айқындалады.

      22-бап. Ротация

      1. Әскери қызметшілерді ротациялау қызметтік қажеттілік немесе олардың кәсіби әлеуетін анағұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
      2. Әскери қызметшілердің ротациясы Әскери қызмет өткеру ережелерінде айқындалатын тәртіпте және мерзімдерде уәкілетті органдар басшыларының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      3. Басқа жергілікті жерге ауыстыруға байланысты ротациялауға мүгедек жұбайы (зайыбы) бар, мүгедек балалары (қамқоршысы болып табылатын), соның ішінде асырап алған балалары бар немесе асырауында қартайған ата-аналары бар адамдар жатпайды. Көрсетілген жағдайлар құжаттама түрінде расталуға тиіс.

      23-бап. Әскери қызметшілердiң әскери киiм нысаны мен
               айырым белгiлерi

      1. Қарулы Күштердiң әскери киiм нысаны мен айырым белгiлерiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      Әскери қызметшiлер салтанатты, күнделікті, далалық, арнайы киім нысанымен және арнайы киім-кешек заттарымен қамтамасыз етіледі.
      Қарулы Күштердің әскери киiм нысанын киіп жүру және айырым белгілерін тағып жүру қағидаларын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi белгілейдi, ал әскери киiм нысанының жекелеген заттары мен айырым белгiлерiн тағып жүру ерекшелiктерiн уәкілетті органдардың бiріншi басшылары белгілейдi.
      2. Әскери киiм нысанын киіп жүруге құқығы жоқ азаматтарға оларды киіп жүруге тыйым салынады және заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соқтырады.

      24-бап. Әскери қызмет мерзiмдері. Еңбек сіңірген жылдары

      1. Әскери қызмет мерзiмдерi күнтiзбелік мерзiммен есептегенде былай белгiленедi:
      1) мерзiмдi қызмет әскери қызметшiлерi үшiн – он екi ай;
      2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер үшін – жиырма төрт ай;
      3) келiсiмшарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер үшiн – әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшартта көрсетілген мерзiмге.
      2. Еңбек сіңірген жылдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін тәртіпте, зейнетақыға құқық беретін әскери қызмет ұзақтығын есептеу мақсатында есептеледі. Әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдарын есептеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпте жүргізіледі.
      Әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеру уақыты еңбек сіңірген жылдарға есептеледі. Еңбек сіңірген жылдар жалпы еңбек өтіліне және мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі.
      Әскери қызметші күйеуі бұдан әрі әскери қызмет өткеруге (оқуға түсуге) байланысты шетелге кеткен әскери қызметші әйелдердің шетелге кеткен уақыты еңбек сіңірген жылдарына есептеледі.
      Қарулы Күштердегі әскери қызметке түскенге дейін құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары олардың құқық қорғау және мемлекеттік арнайы органдардағы әскери немесе арнайы атақтар, сыныптық шендер беру көзделген лауазымдардағы жұмыс істеген уақытын ескере отырып есептеледі.

      25-бап. Әскери қызметшiлердiң әскери қызметте болуының
               шектi жасы

      1. Әскери қызметшiлердiң әскери қызметте болуының шектi жасы былай белгiленедi:
      сарбаздар мен кіші сержанттар құрамының әскери қызметшілеріне – қырық бес жас;
      подполковникке (екiншi дәрежелi капитанға) дейiнгіні қоса алғанда, аға сержанттар мен офицерлер құрамының әскери қызметшілеріне – қырық жеті жас;
      жоғары сержанттар құрамының әскери қызметшілеріне және полковниктерге (бiрiншi дәрежелi капитандарға) – елу бес жас;
      генерал-майорларға (контр-адмиралдарға), генерал-лейтенанттарға (вице-адмиралдарға) – алпыс жас;
      генерал-полковниктерге, адмиралдарға және армия генералдарына – алпыс үш жас.
      2. Шектi жасқа толған әскери қызметшiлер Әскери қызмет өткеру ережелерiнде белгiленген тәртiпте запасқа немесе отставкаға шығарылуға жатады.
      Шекті жасқа толған, оқытушылық, ғылыми қызметті жүзеге асыратын және магистр академиялық дәрежесі, ғылыми дәрежелері немесе атақтары бар әскери қызметшілерге, олардың баянаты бойынша уәкілетті органдардың басшылары олармен бес жылға дейін жаңа келісімшарт жасасу жолымен әскери қызмет мерзімін ұзартады.

      26-бап. Әскери қызметтен босату

      1. Әскери қызметшiлердi әскери қызметтен босату үшін негіздемелер:
      1) әскери қызметте болудың шектi жасына толу;
      2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзiмінің аяқталуы;
      3) келісімшарт мерзімінің аяқталуы;
      4) әскери-дәрiгерлiк комиссияның әскери қызметке жарамсыз немесе шектеулі жарамды деп танығаны туралы қорытындысына байланысты денсаулық жағдайы бойынша;
      5) басқа тең лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған кезде сандық құрамды немесе штаттарды қысқарту;
      6) мемлекеттік органдарға (мекемелерге) мемлекеттік қызметке ауысу;
      7) әскери қызметшіге қатысты келісімшарт ережелерін елеулі және (немесе) жүйелі түрде бұзу;
      8) мыналар кезінде отбасы жағдайлары бойынша:
      медициналық көрсеткіштер бойынша әскери қызметші әскери қызмет өткеретін жергілікті жерде әскери қызметшi отбасы мүшесiнiң тұруы мүмкін болмаған және оны жаңа әскери қызмет орнына ауыстыру мүмкіндiгі болмаған;
      отбасын басқа елді мекенге көшiру қажеттiгiне байланысты әскери қызметшi жұбайының (әскери қызметшi зайыбының) әскери қызмет орны өзгерген;
      тұрғылықты жерi бойынша медициналық ұйымның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтiмдi қажет ететін не бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын әйелiне (күйеуiне), жақын туыстарына немесе жалпыға белгіленген зейнетақы жасына толған немесе он сегiз жасқа толмаған, заң бойынша аталған азаматтарды асырауға мiндеттi басқа адамдар болмаған кезде тұрақты күтім жасау қажеттігі;
      әскери қызметшi анасыз (әкесiз) тәрбиелеп отырған он сегiз жасқа толмаған балаға күтім жасау қажеттігі;
      9) Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайлану;
      10) судья лауазымына тағайындалу;
      11) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу;
      12) арнаулы тексеруден бас тарту;
      13) мынадай жағдайларда теріс себептер бойынша:
      әскери қызметшiге әскери қызметі бойынша шектеу және тұтқындау түріндегі жазаларды қоспағанда, қылмыстық, соның ішінде шартты түрде жаза тағайындау туралы сот үкімi заңды күшiне енген;
      ақталмайтын негіздемелер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте әскери атағынан айрылған;
      әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде алкогольдік, есірткілік немесе өзге де мастану күйіне ұшырататын заттарды тұтынған;
      лауазымдық міндеттерін орындау кезінде алкогольді немесе есірткілік мастану немесе өзге де түрлі уыттану жай-күйіне әкелетін заттарды пайдаланған;
      денсаулық жағдайы бойынша және отбасы жағдайлары бойынша шығарылған жағдайларды қоспағанда, әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылған;
      әскери қызметші келісімшарттың ережелерін жүйелі түрде бұзған;
      оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, кез келген ақылы қызмет түрлерімен айналысқан;
      әскери қызметші ауыр салдарға әкеп соқтырған қауіпсіздік шараларын, соның ішінде өрт қауіпсіздігін немесе қызметтік көлікте жүру қауіпсіздігін бұзған;
      әскери қызметші бөлімнің, бөлімшенің жауынгерлік әзірлігіне теріс ықпал еткен дәлелсіз себептермен қызметте болмаған;
      ақшалай қаражатпен тікелей жұмыс істейтін әскери қызметші теріс әрекеттер жасаған, егер бұл әрекеттер командир (бастық) тарапынан оған сенімді жоғалту үшін негіздеме болса;
      мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, оларды тасығыштарды жариялауға немесе жоғалтуға әкеп соқтырған құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптар бұзылған;
      Қазақстан Республикасының еңбек және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасында айқындалған болып табылады.
      Әскерге шақыру бойынша әскери қызметшiлер әскери қызметтен осы баптың 1-тармағының 2), 4), 9), 10), 11) тармақшаларында көзделген негіздемелер бойынша, ал офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілері сол сияқты осы баптың 12) тармақшасы бойынша босатылады.
      2. Мерзімді қызмет әскери қызметшісі:
      1) осы Заңның 34-бабының 9-тармағына сәйкес әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тарту туралы өтінiш берген адамдарды қоспағанда, отбасы жағдайының өзгеруi салдарынан әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе әскерге шақырудан босату құқығы туындаған;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шет елге шығуға құқық берілетінін растайтын құжаттары болған кезде отбасы құрамында немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерде тұрақты тұратын отбасына қосылу үшiн шетелде тұрақты тұруға кеткен жағдайларда мерзімінен бұрын босатылуға құқылы.
      3. Офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшісі 34-баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайлар болған кезде әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын босатылуға құқылы.
      4. Қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшi қайтыс болған (қаза тапқан) күннен кейiнгі келесi күннен бастап, ал сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болған деп жарияланған әскери қызметші сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап әскери бөлім жеке құрамының тiзiмдерінен шығарылады.
      5. Белгіленген мерзiмдi өткерген адамдарды әскери қызметтен босату төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда ол қолданылған кезеңге уақытша тоқтатылады.
      6. Әскери қызметшілерге әскери қызметтен босатылған кезде, теріс себептермен босатылған жағдайларды қоспағанда, жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді:
      келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге мынадай мөлшерде:
      әскери қызметте кемінде 10 күнтізбелік жыл болғандарға және әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты босатылғандарға – үш айлық ақшалай жабдықталым;
      10-20 күнтізбелік жыл – бес айлық ақшалай жабдықталым;
      20-30 күнтізбелік жыл – жиырма айлық ақшалай жабдықталым;
      30 күнтізбелік жылдан астам – отыз айлық ақшалай жабдықталым;
      мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан көрсетілген адамдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
      Жауынгерлік іс-қимылдарға, террорға қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысқаны үшін орденмен (ордендермен) наградталған әскери қызметшілерге жұмыстан шығу жәрдемақысы ақшалай жабдықталымның екі жалақысына арттырылады.
      7. Бұрын мерзімді қызмет өткермеген, жиырма жеті жасқа толмаған, бірақ он сегіз жастан кіші емес, кемінде бір жыл қызмет өткерген немесе оқыған және теріс себептер бойынша әскери қызметтен босатылған немесе оқудан шығарылған сарбаздар, сержанттар құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының курсанттары белгіленген тәртіпте мерзімді қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін әскери бөлімдерге жіберіледі.
      Бұрын әскери қызмет өткермеген, кемінде бір жыл оқыған және теріс себептер бойынша оқудан шығарылған, он сегіз жасқа толмаған әскери оқу орындарының курсанттары мерзімді қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тәртіпте әскери қызметке шақырылу үшін әскерге шақырылушылардың әскери есебіне қою үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына жіберіледі.

5-тарау. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет

      27-бап. Азаматтарды әскери қызметке шақыру

      1. Азаматтарды әскери қызметке шақыру – бұл әскери міндеттілік негізінде Қарулы Күштерді жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін iс-шаралар кешенi.
      2. Азаматтарды әскери қызметке шақыру:
      1) азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыруды;
      2) запастағы офицерлердi әскери қызметке шақыруды;
      3) әскери жиындарға шақыруды;
      4) жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыруды қамтиды.
      3. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жергіліктi атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
      Жергілікті атқарушы органдар әскери басқару органдарын жабдықталған әскерге шақыру (жиын) пункттерімен, оларды ұстауды, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, өртке қарсы, медициналық және шаруашылық мүлкімен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ байланыс және күзет құралдарымен жабдықтауды қамтамасыз етеді.
      Азаматтарды әскери қызметке шақыру үшін осы Заңда белгіленген тәртіпте әскерге шақыру комиссиялары құрылады.
      Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды.
      4. Ұйымдардың басшылары әскерге шақырылуға жататын азаматтарды iссапарлардан шақыртып алуға, оларды хабардар етуді және азаматтарды, олар әскери қызметке шақырылған кезде медициналық куәландырудан өткізу үшін әскерге шақыру пунктіне уақтылы келуiн ұйымдастыруға міндетті.
      5. Уақытша шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру олар Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне қайтып келгеннен кейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату құқығы болмаса, осы Заңда белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
      6. Азамат облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жергiлiктi әскери басқару органы бастығының оны әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы шыққан сәттен бастап әскери қызметке шақырылды деп есептеледi.

      28-бап. Әскерге шақыру комиссиялары

      1. Әскерге шақыру комиссиялары осы Заңның 15-бабында айқындалған құрамда жергіліктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша әскерге шақыруды өткізу кезеңiне құрылады. Оларға, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi кiруi мүмкiн. Әскерге шақыру комиссиясының сандық құрамы тақ болуға тиiс.
      Азаматтарды әскери қызметке шақыруды өткiзу кестесін жергiлiктi атқарушы орган бекiтедi.
      2. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы:
      1) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссияларының қызметiне басшылық жасау мен бақылауды жүзеге асырады;
      2) азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру және одан босату дұрыстығын тексереді;
      3) қызмет өткеретiн жерге жiберілер алдында әскери қызметке шақырылған азаматтардың, әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқуға түсетін және әскери оқу орындарына түсетiн азаматтардың медициналық тексеруден өтуiн ұйымдастырады;
      4) әскери қызметке жарамдылығы (жарамсыздығы) туралы қорытындымен келiспейтiнi туралы арыз берген азаматтарды қайтадан медициналық куәландырудан өткізеді;
      5) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссияларының шешiмдерiне азаматтар берген шағымдар мен өтiнiштердi қарайды;
      6) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссиялары шешiмдерiнің күшiн жояды.
      3. Аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыларды және әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудан өткiзеді.
      Медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясы әскери оқу орнына (әскери факультетке) түсетін азаматқа қатысты конкурстық оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшін оны жіберу туралы немесе жіберуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыға қатысты:
      1) әскери қызметке шақырылуға жатқызылады;
      2) әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылсын;
      3) әскери қызметке шақырылудан босатылсын;
      4) әскери міндеттiлiкті атқарудан босатылсын деген шешімдердің бірін қабылдайды.
      Әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бір күн ішінде әскери қызметке шақырылуға жатқызылатын азаматқа хабарланады, шешім көшiрмесi оның қалауы бойынша қолына берiледi.
      Азамат әскерге шақыру комиссиясының шешiмiне сот тәртiбiмен немесе облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясына шағымдана алады. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясына алдын ала жүгіну сотқа жүгiну үшін мiндеттi шарт болып табылмайды.
      Арыздар облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясында және сотта бiр уақытта қаралған кезде облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы арызды қарауды соттың шешiмi күшiне енгенге дейiн тоқтата тұрады.
      Заңды күшіне енген соттың шешімін тиiстi әскерге шақыру комиссиялары міндеттi түрде орындауға тиiс.
      4. Уәкілетті органдардың басшылары денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз адамдарға қатысты әскерге шақыру туралы әскерге шақыру комиссиясы шешімінің күшін жояды және олар әскери ант қабылдағанға дейін оның орнын басқа адаммен ауыстыра отырып, әскерге шақыру комиссиясына қайтарады.

      29-бап. Медициналық комиссиялар

      1. Әскерге шақырылушыларды және келісімшарт бойынша әскери қызметке, әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудан өткiзу үшiн әскерге шақыру комиссияларының құрамында медициналық комиссиялар құрылады.
      2. Медициналық комиссиялар әскерге шақырылушыларды және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін, әскери оқу орындарына түсетiн азаматтарды медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша олардың әскери қызметке жарамдылығы дәрежесі туралы қорытынды бередi.
      3. Медициналық куәландыру тәртiбi және медициналық комиссиялардың құрамы Әскери-дәрiгерлiк сараптама жүргізу қағидасында айқындалады.

      30-бап. Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың
               мiндеттiлiгі

      Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергiлiктi әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне жергілiкті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып тапсырады.
      Шақыру қағазын азаматтың жеке өзiне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиiстi iшкi iстер органына жүктеледі.

      31-бап. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру

      Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi.
      Он сегізден жиырма жеті жасқа толмаған, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi жасақтау үшін қажетті санында мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады.

      32-бап. Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру

      Жиырма тоғыз жасқа дейінгi, әскери қызметке жарамды запастағы офицерлер уәкілеттi органдардың өтiнiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметінің қаулысы негiзінде бейбiт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін әскерге шақырылады.

      33-бап. Әскери мiндеттілердi әскери жиындарға шақыру

      Әскери мiндеттiлер:
      орталық атқарушы органдар жүргізетін жұмылдыру дайындығы жөніндегі республикалық іс-шаралар шеңберінде – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негізiнде;
      облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың немесе астананың) жергілікті атқарушы органдары жүргізетін жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғанысты дайындау жөніндегі іс-шаралар шеңберінде – облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің қаулысы негізінде әскери жиындарға шақырылады.

      34-бап. Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы
               кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыру

      1. Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентiнің Жарлығы негiзiнде және осы Заңда белгiленген тәртіпте жүргiзiледi.
      2. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған әскери міндеттiлер мен әскерге шақырылушыларға жұмыс (қызмет) орны бойынша толық есеп айырысу жүргізiледі, нақты жұмыс iстеген уақыты үшін жалақы, жұмыстан шығу жәрдемақысы және пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төлемдері төленеді. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында шақырылған азаматтардың өздерi тұрған тұрғын алаңы сақталады. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке әскерге шақырылған азаматтардың отбасыларын мемлекеттік қамсыздандыру (жәрдемақылар, зейнетақылар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
      3. Жергіліктi атқарушы органдар, ұйымдар жұмылдыруды жүргiзу кезiнде, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды уақтылы хабардар етуді және оларды жиын пункттеріне немесе әскери бөлiмдерге жеткiзуді қамтамасыз етуге міндеттi.

      35-бап. Әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру

      1. Азаматтарды әскери қызметке шақыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша кейiнге қалдырылады.
      Әскерге шақыруды кейінге қалдыру мынадай негіздемелер бойынша:
      1) отбасы жағдайлары бойынша;
      2) білім алуды жалғастыру үшін;
      3) денсаулық жағдайы бойынша;
      4) басқа да себептер бойынша беріледі.
      2. Отбасы жағдайлары бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
      1) басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамтамасыз етілуге алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе Қазақстан Республикасының аумағында тұратын басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға.
      Басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi:
      әкесi, анасы, әйелi, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса;
      ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері;
      асырауында әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi);
      өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын бiр және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) асырап отырған анасы (әкесi);
      бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедек болып табылатын екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегiз жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi;
      2) өзiнiң асырауында:
      анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары);
      ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сотпен бас бостандығынан айыруға сотталуына байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдар бар азаматтарға;
      3) некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтар болып табылады.
      3. Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
      1) білім беру ұйымдарында жалпы орта білiм алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне;
      2) тиiстi білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алып жүрген азаматтарға оқитыны туралы растайтын құжаттарды ұсынған кезде – бiр жоғары оқу орнын аяқтағанға дейiн;
      3) жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне беріледі.
      4. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға әскерге шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейінгi мерзiмге беріледi.
      5. Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
      1) ауылдық (селолық) жерде орналасқан білiм беру ұйымдарының орта білімнен кейінгі немесе жоғары педагогикалық білiмi бар және мамандығы бойынша жұмыс iстейтiн оқытушыларына – жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
      2) тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық (селолық) жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге – денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
      3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына – олардың депутаттық өкілеттігi мерзiміне;
      4) өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға – тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн беріледі.
      6. Офицерлер құрамының әскери атағын бере отырып, запасқа қойылған азаматтарға отбасы жағдайлары бойынша, денсаулық жағдайы бойынша, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім алуды жалғастыру үшін және басқа да себептер бойынша әскери қызметке шақыру кейiнге қалдырылады.
      7. Әскери жиындарға шақыруды кейінге қалдыру ұсынылмайды.
      8. Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қоспағанда, жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру кезiнде азаматтарды әскерге шақыруды кейінге қалдыру тоқтатыла тұрады.
      9. Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қоспағанда, жеке өтiнішін және мүдделi адамдар мен халықты әлеуметтiк қорғау органдарынан нотариалды куәландырылған тиiстi құжатты ұсынған кезде азаматтар әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тартуға құқылы және әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
      10. Осы бапта көзделген әскерге шақыруды кейiнге қалдыру үшін негiздемелерінің күші жойылған азаматтар осы Заңда белгіленген тәртiппен әскерге шақырылуға жатады.

      36-бап. Әскери қызметке шақырудан және әскери жиындардан
               босату

      1. Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан мынадай азаматтар:
      1) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
      2) жиырма жеті жасқа толғаннан кейiн заңды негiздемелерде мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
      3) туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған;
      4) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
      5) ғылыми дәрежесi бар;
      6) тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
      2. Әскери жиындарға шақырудан:
      1) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын ұйымдарда мамандықтары бойынша жұмысқа кiрген әскери мiндеттілер, жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңіне;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында қорғанысты, қауiпсiздiк пен құқық тәртiбiн қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс iстейтiн адамдар;
      3) мемлекеттiк, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналы;
      4) ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс iстейтiн адамдар, егіс және егiн жинау жұмыстары кезеңiне;
      5) күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi, оқу жылы кезеңiне;
      6) күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарында оқитындар;
      7) әскери мiндеттi әйелдер;
      8) әскери мiндеттілер, запасқа шығарылғаннан кейiнгі екi жыл ішінде;
      9) он сегiз жасқа дейiнгі үш және одан да көп баласы бар адамдар;
      10) оларға қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiлiп жатқан немесе сот қылмыстық iсін қарап жатқан адамдар;
      11) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергіліктi өкілді органдардың депутаттары болып сайланған әскери міндеттілер босатылады.
      3. Осы баптың 3-тармағының 1) және 8) тармақшаларында көрсетілген әскери міндеттілер арнаулы жиындардан өтуден босатылмайды.
      4. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырудан босатылады.
      5. Әскери қызметке шақырудан босатылуға құқығы бар азаматтар, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген азаматтардан басқа, мүдделі адамдардан нотариалды куәландырылған тиісті құжаттарды және өтінішін ұсынған кезде олардың қалауы бойынша әскери қызметке шақырылуы мүмкiн.
      6. Сотталғандығы бар азаматтар бейбiт уақытта әскери қызметке шақырылуға жатпайды.
      7. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген әскерге шақырудан босату үшін негiздемелерiнің күші жойылған азаматтар осы Заңда белгiленген тәртіпте әскерге шақырылуға жатады.

6. Келiсiмшарт бойынша әскери қызмет

      37-бап. Әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт

      1. Қазақстан Республикасының азаматы Қарулы Күштердiң уәкілеттi лауазымды адамымен Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшартты жасасады.
      2. Келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тарап арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:
      1) мерзiмнің өтуi бойынша;
      2) әскери қызметшiнiң мерзiмiнен бұрын босатылуына байланысты;
      3) әскери қызметшiнiң әскери қызмет өткеру туралы басқа келiсiмшарт жасасқан күнінен бастап;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де жағдайларда тоқтатады.
      3. Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшартта азаматтың әскери қызметке кiруiнiң ерiктілiгi, азаматтың әскери қызметті өткеруге мiндеттенген мерзiмi мен келiсiмшарттың басқа да талаптары бекiтіледi.
      4. Әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талаптары азаматтың келiсiмшартта белгiленген мерзiм ішінде Қарулы Күштерде әскери қызмет өткеру мiндеттiлiгiн қамтиды. Келiсiмшарт талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, азаматтың өз құқықтары мен өзiнің отбасы мүшелерi құқықтарының сақталу құқығы көрсетіледi.
      5. Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындаған әскери қызметшілер тиiстi лауазымдағы әскери қызметтi әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасаспастан өткередi. Осы әскери қызметшілерге келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қатысты осы Заңның талаптары қолданылады.
      Аталған әскери қызметшiлер қызметiнен босатылғаннан кейiн Әскери қызмет өткеру ережелерiмен айқындалған тәртiппен әскери қызмет өткеру туралы жаңа келісiмшарт жасасады немесе әскери қызметтен босатылады.
      6. Жоғары білімі бар және алты ай қызмет өткерген мерзiмдi қызмет әскери қызметшілерi Әскери қызмет өткеру ережелерiнде айқындалған тәртіпте тиісті әскери-есептік мамандығына ұқсас лауазымға келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiруге құқылы.

      38-бап. Келiсімшарт бойынша әскери қызметке кіретін
               адамдарға қойылатын талаптар

      1. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамдар мынадай талаптарға жауап беруге:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтығы болуға;
      2) курсанттарды қоспағанда, он тоғыз жастан кіші емес және әскери атағына байланысты әскери қызметте болудың осы Заңда белгіленген шектi жасынан бес жас кіші болмауға;
      3) әскери лауазымға сәйкес келетін әскери-есептік мамандығы болуға;
      4) мерзімді әскери қызметті өткерген немесе жоғары оқу орындарының әскери кафедрасынан оқудан өткен немесе әйелдерді қоспағанда, Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарында әскери даярлықтан өткен болуға тиiс.
      2. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке:
      1) сотпен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулi деп танылған;
      2) дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес әскери қызмет міндеттерін атқаруға кедергі келтiретін науқастануы бар;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулердi өзiне қабылдаудан бас тартқан;
      4) сотталғандығы бар немесе оған қатысты қылмыстық iс қозғалған немесе бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған және ақталмайтын негіздемелері бойынша жауапкершіліктен босатылған;
      5) әскери қызметке кiрер алдындағы екi жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптiк жауапкершілікке тартылған;
      6) әскери қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртiбiмен әкiмшілік жаза қолданылған;
      7) әскери қызметке кіргенге дейін бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
      8) мемлекеттік қызметтен немесе әскери қызметтен терiс себептер бойынша босатылған адамдар қабылданбайды.
      Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамға қатысты арнайы тексеру жүргізiледi.
      Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке, сондай-ақ арсеналдарда, базаларда, қару мен оқ-дәрілер қоймаларында қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақталуымен байланысты лауазымдарға кіретін адамдарға қатысты психика-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді қолдана отырып, арнайы тексеру жүргізіледі.
      3. Адамның белгiленген талаптарға сәйкестігін айқындау үшiн Әскери-дәрiгерлiк сараптаманы жүргізу қағидасына сәйкес медициналық куәландыру жүргiзiледi.
      4. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiретiн адамға бас тарту үшін негiздемелер, сондай-ақ:
      1) осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтердi бұрмалау;
      2) кандидаттың әскери-есептiк мамандығы бойынша бос лауазымдардың болмауы;
      3) психика-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулердің теріс нәтижелері болып табылады.

      39-бап. Азаматтардың әскери оқу орындарына (әскери
               факультеттерге) түсуi. Әскери оқу орындарында
               (әскери факультеттерде) оқитын азаматтармен
               әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттар жасасу

      1. Әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түсуге:
      1) әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жетi жасқа толған, бiрақ жиырма бiр жастан аспаған азаматтар;
      2) оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған әскери қызмет өткерген азаматтар және мерзiмдi әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшілер;
      3) жиырма бес жасқа толмаған келісiмшарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлер құқылы.
      Азаматтардың әскери оқу орындарына түсуі уәкілетті орган бекітетін Әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларын сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.
      Әскери оқу орындарының оқитындар құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде көрсеткіштері бірдей болған жағдайда:
      «Жас ұлан» республикалық мектебінің бітірушілері;
      әскери даярлық бойынша қосымша бағдарламалары бар блім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері;
      қызмет өткеру уақытында қаза тапқан, хабарсыз кеткен немесе әскери қызмет өткеру кезеңінде мүгедек болып қалған әскери қызметшілердің балалары артықшылық құқығына ие болады.
      Жоғары оқу орындарының әскери факультеттеріне қабылдау қағидаларын және оларда оқытуды ұйымдастыру тәртібін Қорғаныс министрлігі білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді.
      Шетел мемлекеттерінің әскери оқу орындарында оқу үшін жіберілген әскери қызметшілер халықаралық шарттар мен келісімшарттарға сәйкес оқытылады.
      2. Курсанттың (тыңдаушының) әскери оқу орнына қабылданған, әскери факультеттерге – әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасылған сәттен бастап әскери қызмет міндеттерін орындай бастаған күнi болып есептеледi.
      3. Әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) қабылданған азаматтар Әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес әскери лауазымдарға тағайындалады.
      4. Әскери қызмет өткермеген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызметшi мәртебесiне ие болады және әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызмет өткеру туралы жаңа келiсімшарт жасасады.
      Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген, сондай-ақ әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген немесе өткерген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде қабылданғаны туралы бұйрық шыққан күннен бастап әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
      Әскери факультеттерге қабылданған кезде азаматтар әскери қызметші мәртебесіне ие болады, ал әскери қызметшілер әскери факультетте оқудың соңғы жылының алдындағы курсына ауысқан кезде әскери қызмет өткеру туралы жаңа келісімшарттар жасасады.
      Осы Заңда белгiленген тәртiппен әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметші әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылуға жатады.
      5. Әскери оқу орынына (әскери факультетке) қабылданбаған әскери қызметші Әскери қызмет өткеру ережелерiнде белгіленген тәртiппен әскери қызметті одан әрi өткеру үшін жiберіледi.
      6. Әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылған, сондай-ақ әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметші, егер оқудан шығарылу сәтінде ол он сегіз жасқа толған және әскерге шақыру бойынша белгіленген әскери қызмет мерзiмін өткермеген болса, уәкілетті органның өкімі бойынша әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін әскери қызмет өткеру орнына жіберіледі. Бұл ретте үлгермеуi, тәртiпсiздiгi үшін, басқа да теріс себептер бойынша немесе өз бастамасы бойынша әскери оқу орнынан шығарылған әскери қызметші өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
      7. Әскери қызметшi әскери оқу орнын (әскери факультетті) аяқтағаннан кейiн әскери қызмет өткеруден бас тартса немесе теріс себептер бойынша немесе өз бастамасы бойынша келiсiмшартты бұзған жағдайда ол өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi. Ұстауға жататын сома келiсiмшарт мерзiмi аяқталғанға дейiн әрбiр толық өткерiлмеген айға барабар есептеледі.
      Әскери қызметшілерді әскери оқу орындарында оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке қайтару тәртібін уәкілетті органдар, әскери факультеттерде – Қорғаныс министрлігі белгілейді.
      8. Жоғары әскери оқу орындарын (әскери факультеттерді) аяқтағаннан кейiн әскери қызметшiлерге «лейтенант» әскери атағы беріледi.

      40-бап. Келiсiмшарт мерзімі және оны жасасу тәртiбi

      1. Әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт:
      үш жылға – әскери қызметке алғаш кіретін адамдар үшін;
      бес жылға;
      он жылға;
      әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейін;
      курсанттар үшін – әскери оқу орнындағы (жоғары оқу орнының әскери факультетіндегі) оқу мерзіміне және оны аяқтағаннан кейiн әскери қызметтің он жылына;
      тыңдаушылар үшін – оқу мерзіміне және әскери оқу орнын аяқтағаннан кейін әскери қызметтің бес жылына немесе әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейінгі мерзімге жасалады.
      2. Кандидаттарды iрiктеу және олардың келiсімшарт бойынша әскери қызметке кiру тәртiбi Әскери қызмет өткеру ережелерiне сәйкес айқындалады.

7-тарау. Запаста тұру

      41-бап. Запасқа қою

      1. Мынадай:
      1) запасқа қоя отырып, әскери қызметтен босатылған;
      2) әскери қызметке шақырудан босатылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;
      3) жиырма жеті жасқа толғандықтан әскерге шақыру кейінге қалдырылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;
      4) әскери-есептік мамандығы бар әйелдер;
      5) жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен;
      6) Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқыған адамдар запасқа қойылды деп саналады.
      2. Запаста тұратын адамдар әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасына сәйкес медициналық куәландырудан өтедi.
      3. Мерзiмдi әскери қызметке шақырудан босатылған адамдарды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдары запастағы «қатардағы жауынгер» («матрос») әскери атағын бере отырып, запасқа қояды.
      4. Запасқа қойған кезде адамдардың әскери-есептік мамандығын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдары айқындайды.
      5. Ұлттық қауіпсiздiк органдары және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган үшін әскери міндеттілердiң запасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылады.
      6. Запаста болу әскери жиындардан өтудi, әскери қызметке шақыру қағидаларын орындауды және әскери есеп бойынша мiндеттердi сақтауды қамтиды.
      7. Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдары әскери қызметшілерінің әрекеттегі резервте болуы барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындау кезінде әскери қызмет өткеруді қамтиды.
      8. Запасқа қойылған әскери міндеттілер әскери жиындардан өткен немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген кезде олар резервке қойылған әскери міндеттілер санатына ауыстырылады.

      42-бап. Запаста тұрудың шектi жасы

      1. Әскери міндеттілердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады:
      1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамы – елу жасты қоса алғанда;
      2) офицерлер құрамы үшін – алпыс жасты қоса алғанда.
      2. Әскери мiндетті әйелдердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады:
      1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамы үшiн – отыз бес жасты қоса алғанда;
      2) офицерлер құрамының адамдары үшiн – қырық бес жасты қоса алғанда.
      3. Запаста тұрудың шектi жасына толған әскери мiндеттілер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар әскери есептен шығарыла отырып, отставкаға ауыстырылады.
      4. Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президентi запаста тұрудың шекті жасын бес жылға дейін ұзартуы мүмкін.

      43-бап. Әскери жиындардан өту

      1. Әскери міндеттілер оқу-жаттығу, тексеру және арнайы әскери жиындарға шақырылады, сондай-ақ әскери даярлық бойынша сабақтарға тартылады.
      2. Ұзақтығы екі айға дейінгі оқу-жаттығу жиындарына әскери міндеттілер бес жылда бір рет шақырылады.
      3. Әскери міндеттілер оқу-жаттығу жиындары арасындағы кезеңде он бес күнге дейінгі мерзімге тексеру жиындарына тартылуы мүмкін.
      4. Запаста тұру уақытындағы жиындардың жалпы мерзімі әскери міндеттілер үшін он сегіз айдан аспауға тиіс. Бұл ретте оқу-жаттығу жиындарында болудың жалпы мерзіміне тексеру жиындарында болған уақыт та есептеледі.
      5. Арнайы жиындар ұзақтығы үш айға дейін жүргізіледі.
      6. Әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады, оларға мемлекет есебінен орташа еңбекақы, ал жұмыс істемейтіндерге ең төменгі еңбекақы көлемінде төленеді.
      Әскери міндеттінің дәлелсіз себептермен жиындар орналасқан жерден тыс болған уақыты әскери жиындардан өту мерзіміне есептелмейді.

8-тарау. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету

      44-бап. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету

      1. Әскери қызметшілердің барлық санаты әскери қызмет міндеттерін орындағаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленетін ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі.
      Ақшалай үлес ақшалай қаражатты (лауазымдық жалақыны және әскери атағы бойынша жалақыны), қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақыларды және қолданыстағы заңнамада көзделген басқа да үстемеақыларды қамтиды.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің лауазымдық жалақылары мемлекеттік қызмет өтілін ескере отырып айқындалады.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер лауазымдық жалақыларының және әскери атақтар бойынша жалақыларының мөлшері тиісті лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілер лауазымдық жалақыларының мөлшерінен және арнайы атақтары мен сыныптық шендеріне сәйкес қосымша ақылар мөлшерінен төмен емес белгіленеді.
      Әскери қызметші әскери қызметте дәлелсіз себептермен болмаған жағдайда оған болмаған күндері үшін ақшалай үлес төленбейді.
      Ақшалай үлесті, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу тәртібін уәкілетті органдар белгілейді.
      2. Әскери қызметшілерге жарылу қаупі бар заттарды және өзге де жарылғыш құрылғыларды іздеу, тасымалдау, залалсыздандыру және жою жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындаған кезде уәкілетті орган айқындаған тәртіпте тәулігіне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
      3. Радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін және/немесе аса жоғары жиілікті, зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты лауазымдарда қызмет өткеретін, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарға және объектілерде радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін және/немесе аса жоғары жиілікті, зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты авария салдарын жою жөніндегі жұмыстарға уақытша тартылатын әскери қызметшілерге нақты жұмыс істеген уақытына тепе-тең ұзақтығы жылына он екі тәулікке дейін қосымша демалыс беріледі.
      4. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда тұратындарды қоспағанда, коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды төлеу үшін уәкілетті органдардың бірінші басшылары айқындайтын тәртіпте, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген мөлшерде ақшалай өтемақы төленеді.
      5. Әскери қызметшілерді әскери-медициналық ұйымдарда медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
      Әскери қызметшілердің қызмет орны немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда тиісті бөлімшелер не медициналық көрсеткіштер бойынша арнайы жабдық болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарында және жеке медициналық практикамен айналысатын адамдар тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде көрсетеді.
      Жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарына және жеке меншік медициналық практикамен айналысатын адамдарға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде медициналық көмек көрсету бойынша шығындарды өтеу әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Емделуге жұмсалған қаражатты әскери қызметшілерге, олар құрылымында әскери қызмет өткеретін уәкілетті орган тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде өтейді.
      Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе науқастанған әскери қызметшілер, олар құрылымында әскери қызмет өткеретін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қаражаты есебінен санаторийге жіберіледі.
      Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының курсанттары медициналық көрсеткіштері болған кезде мемлекет есебінен санаторлық-курорттық емделумен қамтамасыз етіледі.
      6. Әскери қызметшілер мемлекет есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін нормалар бойынша уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіпте заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі.
      7. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін нормалар бойынша мынадай жағдайларда:
      жауынгерлік кезекшілікті атқарған кезде;
      қарауылдағы қызметті өткерген кезде;
      тәуліктік нарядты атқарған кезде;
      далалық шығуларға (теңізге шығуларға) қатысқан кезде;
      орналасқан орындарда дауылға әзірлік кезіндегі іс-шараларды жүзеге асырған кезде;
      маяктарда вахтада тұрған кезде;
      суасты міндеттерін (жұмыстарын) орындаған кезде;
      парашютпен секірген кезде;
      әскери эшелондарға ілесіп жүрген кезде;
      ведомстволық бағынысты медициналық мекемелерде стационарлық емделуде болған кезде;
      гауптвахтада ұсталған кезде азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
      Ұшқыштар құрамының әскери қызметшілері әскери қызмет өткерудің барлық уақытында азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
      Авиациялық техникаға қызмет көрсетуге және ұшуларды қамтамасыз етуге рұқсат етілген инженерлік-техникалық құрам ұшуларды дайындау және орындау кезеңінде азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
      8. Әскери қызметшілер мемлекет есебінен қызметі бойынша ауысқан, әскери қызметтен босатылған кезде, стационарлық емделуге барған және қайтқан кезде теміржол, әуе, су және автомобиль көлігімен жол жүруге, сондай-ақ қызметі бойынша ауысқан және әскери қызметтен босатылған кезде он тоннаға дейін жеке мүлікті тасымалдауға құқылы.
      Осы Заңда көзделген жағдайларда әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының аумағы бойынша көлікте жол жүруге және пошта жөнелтілімдеріне арналған басқа да шығындар өтеледі.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қашықтығы 100 шақырымнан астам бір елді мекеннен басқасына қоныс аударуға байланысты қызметтік ауысқан кезде (соның ішінде әскери бөлім немесе бөлімше құрамында) оларға әскери қызметшінің өзіне екі айлық ақшалай үлес және онымен бірге қоныс аударған әрбір отбасы мүшесіне айлық ақшалай үлестің жартысы мөлшерінде көтерме жәрдемақысы төленеді.

      45-бап. Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету

      1. Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер мен олармен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелері – жұбайы (зайыбы); ортақ немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің кәмелетке толмаған (асырап алынған, асырауында немесе қамқорлығында болатын) балалары, күндізгі оқу нысаны бойынша білім беру ұйымдарында оқитын (асырап алған, асырауында немесе қамқорлығында болатын) жиырма үш жасқа толмаған балалары және жұбайының (зайыбының) балалары; он сегіз жасқа толмаған мүгедек балалары (асырап алған, асырауында немесе қамқорлығында болатын) және жұбайының (зайыбының) мүгедек балалары; әскери қызметшінің асырауындағы ата-аналары – мемлекет есебінен әскери қызмет өткеру кезеңіне тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
      2. Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіпте жүргізіледі.

      46-бап. Әскери қызметшілердің демалыстары

      1. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлей отырып жыл сайынғы негізгі демалыс беріледі, ұзақтығы күнтізбелік есептеуде еңбек сіңірген жылдарына байланысты белгіленеді:
      кемінде он жыл – 30 тәулік;
      оннан жиырма жылға дейін – 35 тәулік;
      жиырма және одан астам жыл – 40 тәулік.
      Ұшу жұмыстарында, корабльдік қызметте болатын, жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет атқаратын әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, демалыс ұзақтығы 40 тәулік болып белгіленеді.
      Жыл сайынғы негізгі демалыстың ұзақтығы демалыс күндеріне келетін мереке күндерді есептемей, күн тәртібіне және қызметтік уақыт регламентіне қарамастан, күнтізбелік күндермен есептеледі.
      2. Әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыстан басқа Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген қосымша демалыстар беріледі.
      Жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы тиісті жыл үшін алпыс тәуліктен аспауға тиіс, бұл ретте демалыс өткізу орнына дейін бару және кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшінің демалысы қызмет мүдделерін ескере отырып, екі бөлікке бөлінуі мүмкін.
      3. Мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне жалпыәскери жарғыларда айқындалған тәртіпте көтермелеу түрінде қысқа мерзімді демалыс беріледі.
      4. Қажет болған кезде әскери қызметшілерге науқастануы бойынша, отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді, ал әскери оқу орындарында (әскери факультеттерде) оқитындарға каникулдық демалыстар беріледі.
      Әскери қызметшілерге (мерзімді қызмет әскери қызметшілерінен басқа) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасын іске асыратын ұйымдарда оқуға түсу емтихандарына дайындалу және тапсыру үшін, сондай-ақ жоғары оқу орындарына оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшін оқу демалыстары, ал философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесінің ізденушілері болып табылатындарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте шығармашылық демалыстар беріледі.
      5. Жыл сайынғы негізгі демалыс жұмылдыру, соғыс немесе төтенше жағдай жарияланған жағдайда және қызметтік қажеттілік жағдайында немесе уәкілетті орган бірінші басшысы айқындайтын тәртіпте тоқтатылуы мүмкін. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлігі ағымдағы жылы немесе келесі жылы беріледі.
      Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлігі он және одан астам күнтізбелік күнді құраса, әскери қызметшілерге демалыс өткізу орнына бару және кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі.
      Әскери қызметшінің баянаты бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлігі келесі жылдың жыл сайынғы ақылы негізгі демалысына қосылады.
      6. Әскери қызметшілердің жұмыс істейтін әйелдеріне (күйеулеріне) жыл сайынғы демалыстар олардың күйеулерінің (әйелдерінің) кезекті демалысымен бір уақытта берілуге тиіс. Бұл ретте демалыстың ұзақтығы еңбек ақысын сақтамай, қосымша демалыс беру есебінен күйеуінің (әйелінің) демалыстары ұзақтығына тең болуға тиіс.
      7. Оларға жүктелген міндеттерді орындау үшін немесе оқуға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге жіберілген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының аумағында қызмет өткеретіндердің демалысқа құқықтарын пайдаланады.

      47-бап. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының
               келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін
               әлеуметтік қамтамасыз ету ерекшеліктері

      Сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарында күнтізбелік есептеуде кемінде сегіз жыл қызмет өткерген келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер бюджет қаражаты есебінен оқыту құнынан елу пайыз мөлшерінде ақылы негізде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтеуге құқылы. Осы жеңілдік бір рет қолданылады.
      Әскери қызметшіге көрсетілген шығындарды өтеу құрылымында әскери қызметші әскери қызмет өткеретін уәкілетті орган жүргізеді.
      Әскери қызметшіні басқа білім беру ұйымына ауыстыру кезінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтеу мөлшері түзетілуге жатады.
      Әскери қызметшіге академиялық демалыс берген кезде онда Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтеу құқығы сақталады.
      Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтеуге құқылы әскери қызметшіге, ол оқыған (оқитын) білім беру ұйымы таратылған және қайта ұйымдастырылған, әрекетін тоқтатқан, білім беру ұйымы лицензиясынан айырылған жағдайларда басқа да жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтеуге кепілдік беріледі.

      48-бап. Мерзімді қызмет әскери қызметшілерін және әскери
               оқу орындарының (әскери факультеттердің)
               курсанттарын әлеуметтік қамтамасыз ету
               ерекшеліктері

      Мерзімді қызмет әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалар бойынша заттай мүлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
      Демалысқа, каникулға кеткен кезде азық-түлік үлесінің орнына оларға ақшалай өтемақы төленеді.
      Оларға қысқа мерзімді демалысқа барған және кері қайтқан кезде, ал курсанттарға тағылымдамаға барған және кері қайтқан кезде мемлекет есебінен теміржол, су және автомобиль көлігімен жол жүру құқығы беріледі. Мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне, әскери оқу орындарының бірінші және екінші курс курсанттарына сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде пошталық жөнелтілімдерге арналған өтемақы төленеді.
      Мерзімді қызмет өткеру және әскери оқу орнында оқу уақытында тұру үшін әскери қызметшілер казармаларға орналастырылады. Курсанттарға, сондай-ақ әскери оқу орнында (әскери факультетте) оқу уақытында жатақханалар берілуі мүмкін.

      49-бап. Әскери қызметшілердің жекелеген санаттарын
               қосымша әлеуметтік қамтамасыз ету

      Жауынгерлік іс-қимылдарға, террорға қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге және барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындауға қатысатын Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдарының әскери қызметшілеріне жыл сайынғы демалысына қосылатын ұзақтығы екі апта қосымша демалыс беріледі.
      Жауынгерлік іс-қимылдарға және террорға қарсы операцияларға қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге жауынгерлік іс-қимылдар және террорға қарсы операциялар кезеңінде жеңілдіктер шарттарында еңбек сіңірген жылдарына қызметінің бір айы үш ай болып есептеледі.
      Бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге бітімгершілік операцияларына қатысқан кезең жеңілдіктер шарттарында қызметінің бір айы бір жарым ай болып есептеледі.
      Барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындауға қатысатын Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдарының әскери қызметшілеріне жедел тапсырманы орындау кезеңі жеңілдіктер шарттарында қызметінің бір айы үш ай болып есептеледі.

      50-бап. Әскери қызметтен босатылған азаматтарды әлеуметтік
               қамтамасыз ету

      1. Жасы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен босатылған, әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты науқастанған, сондай-ақ жиырма және одан көп еңбек сіңірген жылдары бар адамдарға мемлекет есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған науқастанулар тізбесі бойынша көрсеткіштер бар болған кезде әскери-медициналық ұйымдарда медициналық қамтамасыз ету, ал жиырма бес және одан астам еңбек сіңірген жылдары барларға – санаторлық-курорттық емделу беріледі.
      Әскери-медициналық ұйымдарда тиісті бөлімшелер немесе медициналық көрсеткіштер бойынша арнайы жабдық болмаған кезде медициналық көмек көрсетілетін адамдарға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде:
      ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында;
      жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарында;
      жеке меншік медициналық практикамен айналысатын адамдар көрсетеді.
      Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде емделуге жұмсалған қаражатты көрсетілген адамдарға құрылымында олар әскери қызмет өткерген уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпте өтейді.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар Қарулы Күштерден босатылған кезде, соның ішінде әскери қызмет өткерген кезеңде азаматтық мамандықтарды меңгеру мақсатында әлеуметтік бейімделумен қамтамасыз етіледі.

      51-бап. Қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен
               жағдайда әскери қызметшілерге өтемақы төлеу

      1. Әскери қызметшіге мүгедектікті белгілеген кезде немесе әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты мертіккен жағдайда әскери жиындарға шақырылған әскери қызметшіге немесе әскери мiндеттiге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпте және мөлшерде бiржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.
      2. Әскери қызмет өткеру кезеңінде немесе қызметтен босатылғаннан кейін әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу), науқастану нәтижесінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда әскери қызметшінің мұрагерлеріне қаза тапқан (қайтыс болған) күні соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай жабдықталым мөлшерінде, ал мерзімді қызмет әскери қызметшісінің, әскери оқу орны (әскери факультет) курсантының, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттінің мұрагерлеріне – 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.
      3. Келісімшарт бойынша әскери қызметшіге, ол әскери қызмет өткерген кезеңде немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу), науқастану нәтижесінде туындаған мүгедектікті белгіленген кезде біржолғы өтемақы әскери қызметтен босатылған күннен бастап бір жыл өткенге дейін:
      I топтағы мүгедекке – отыз айлық ақшалай үлес;
      II топтағы мүгедекке – он сегiз айлық ақшалай үлес;
      III топтағы мүгедекке – алты айлық ақшалай үлес мөлшерінде төленеді.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшiлер әскери қызмет мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқтырмаған ауыр мертiккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) жағдайда оларға бiр жарым айлық ақшалай үлес; жеңiл мертіккенде – жарты айлық ақшалай үлес мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      Мерзiмдi қызмет әскери қызметшiлеріне, әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) стипендия алатын курсанттарына, әскери жиындарға шақырылған әскери мiндеттiлерге осы тармақта көзделген жағдайларда:
      I топтағы мүгедекке – 250 айлық есептiк көрсеткiш;
      II топтағы мүгедекке – 150 айлық есептiк көрсеткiш;
      III топтағы мүгедекке – 50 айлық есептiк көрсеткiш;
      ауыр мертіккені үшiн – 12 айлық есептiк көрсеткiш;
      жеңiл мертіккені үшiн – 4 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде бiржолғы өтемақылар төленедi.
      4. Егер әскери қызметшінің қаза табуы (қайтыс болуы) немесе ол алған мертігу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
      1) соттың заң күшіне енген үкімі болған кезде өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізген жағдайларды қоспағанда, өзіне-өзі қол жұмсау нәтижесінде;
      2) қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде;
      3) олар алкогольдік, есірткілік немесе мастану жай-күйінің өзге де түрін туғызатын заттарды тұтыну немесе қолдану себебінен;
      4) өзiне-өзі қасақана қандай да бiр дене жарақатын түсiру (денесiне зиян келтiру) немесе біржолғы өтемақы алу немесе әскери қызметтен жалтару мақсатында өз денсаулығына өзге де зиян келтiру нәтижесінде;
      5) әскери қызметшінің әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын бұзған әрекеттері нәтижесінде туындағаны дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.
      5. Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде алған мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу), науқастану нәтижесінде қайтыс болған әскери қызметшілерді, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді жерлеу әскери қызмет (жиындар) орны бойынша немесе олардың туыстарының тілегі бойынша басқа жерде жүргізіледі. Мәйітті тасымалдауға дайындаумен, мәйітті тасымалдаумен, жерлеумен, құлпытасын жасаумен және орнатумен байланысты барлық шығыстар әскери қызметшілер, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер әскери қызмет (жиындар) өткерген уәкілетті орган есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде жүзеге асырылады.
      Осы тармақта көрсетілген ережелер әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты әскери қызметтен босатылған, әскери қызметтің жалпы ұзақтығы 25 және одан астам жылдары бар азаматтарға, сондай-ақ әскери қызметтің жалпы ұзақтығына қарамастан, жауынгерлік іс-қимылдарға және террорға қарсы операцияларға қатысушыларға қолданылады, бұл ретте әскери қызметшілер қатарынан зейнетақы төлемдерін алатын қайтыс болғандардың отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы үш айлық зейнетақы төлем мөлшерінде төленеді.

      52-бап. Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әлеуметтік
               қамтамасыз ету

      1. Мемлекет есебінен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әскери-медициналық мекемелерде медициналық қамтамасыз ету жүзеге асырылады.
      Қызмет орны немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда медициналық көрсеткіштер бойынша тиісті бөлімшелер немесе арнайы жабдық болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарында және жеке меншік медициналық практикамен айналысатын адамдармен тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде көрсетіледі.
      2. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің олармен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелеріне әскери қызметші қызметі бойынша ауысқан, оны әскери қызметтен босатқан кезде мемлекет есебінен әуе, теміржол, су және автомобиль көлігінде жол жүру құқығы беріледі.
      3. Әскери қызметшілердің, соның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқандардың, қайтыс болғандардың немесе хабарсыз кеткендердің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелерінде кезектен тыс орындар береді.
      Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған, қызмет өткеру уақытында хабарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары әскери мектеп-интернаттарына, «Жас ұлан» республикалық мектебіне конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады.

9-тарау. Әскери қызметшілердің жауапкершілігі 

      53-бап. Әскери қызметшілердің жауапкершілігі

      1. Әскери тәртіпті бұзғаны үшін командир (бастық) әскери қызметшіге тәртіптік жазалардың:
      1) ескерту;
      2) сөгіс;
      3) қатаң сөгіс;
      4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
      5) лауазымында бір сатыға төмендету түрлерін қолданады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілгендерден басқа, мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттарына қатысты тәртіптік жазалардың мынадай түрлері қолданылады:
      1) әскери бөлім орналасқан жерден немесе корабльден жағалауға кезекті сейілдемеге шығудан айыру;
      2) Қарулы Күштердің кеуде айырым белгісінен айыру.
      3. Теріс себептер бойынша әскери қызметтен босату әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге қатысты қолданылмайды.
      4. Аға және жоғары офицерлер құрамына қатысты қызметтік тұтқындау қолданылмайды.
      5. Теріс себептер бойынша әскери қызметтен босату әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге қатысты қолданылмайды.
      6. Әскери қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту жалпыәскери жарғыларда белгіленген тәртіпте жүргізіледі.

      54-бап. Әскери қызметшiлердiң қылмыстар, теріс қылықтар
               және өзге де құқық бұзушылықтар үшiн
               жауапкершілігі

      Әскери қызметшiлер қылмыстар, теріс қылықтар және өзге де құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкiмшiлiк, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауапкершілікте болады.

10-тарау. Өтпелі ережелер

      55-бап. Өтпелi ережелер

      1. Осы Заң 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 44-баптың 2, 4 және 7-баптарын және 45-бапты қоспағанда, 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заң қолданысқа енгiзілгенге дейiн әскери атақтар берілген әскери қызметшілердің осы әскери атақтардағы еңбек сіңірген мерзімдері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес есептеледі.
      3. Осы Заңда әскери қызметте болудың шектi жасы өзгертiлген әскери қызметшiлер мынадай шектi жасқа толғанғаннан кейін босатылуға немесе отставкаға шығуға құқылы:
      1) подполковникті (екінші дәрежелі капитанды) қоса алғанда – қырық бес жасқа;
      2) полковниктер (бiрiншi дәрежелi капитандар) – елу үш жасқа;
      3) әскери атағы 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген полковниктер (бiрiншi дәрежелi капитандар) – елу жасқа;
      4) әскери атағы осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген генерал-майорлар (контр-адмиралдар) және генерал-лейтенанттар (вице-адмиралдар) – елу сегіз жасқа;
      5) әскери атағы 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген генерал-майорлар (контр-адмиралдар) және генерал-лейтенанттар (вице-адмиралдар) – елу бес жасқа;
      6) әскери атағы осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген генерал-полковниктер (адмиралдар) – алпыс жасқа.
      4. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасасылған әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт өз қолданысын осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданылатын заңнамаға сәйкес мерзімі аяқталғаннан кейін тоқтатады.
      5. Осы Заң тек әскери қызмет кезеңінде қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету бөлігінде 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызметте кемінде он жыл болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қолданылады.
      Тұрғын үйді жалдағаны үшін мақсатты өтемақы төлеу 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызметте кемінде он жыл болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге жүргізіледі.
      6. 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызметте күнтізбелік есептеуде он және одан астам жыл болатын әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үй мемлекеттік тұрғын үй қорынан беріледі, олар оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген шарттарда және тәртіпте (жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда орналасқан тұрғын үйлерді қоспағанда) жекешелендіруге құқылы.
      7. 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызметте күнтізбелік есептеуде он бес және одан астам жыл болған әскери қызметшілер күнтізбелік есептеуде әскери қызметтің жиырма жылы өткеннен кейін тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіруге құқылы.
      Қызметтік тұрғын үй өтеусіз, соның ішінде оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатқызылмайтын жағдайларда өтеусіз жекешелендіру құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпте тиісті тұрғын үй құнымен өтеледі.
      Осы баптың 4-6-тармақтарында көзделген жеңілдіктер бір рет қолданылады.
      8. Әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, келісімшарт мерзімінің өтуі бойынша, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқаруына байланысты босатылған, 2013 жылғы 1 қаңтарда еңбек сіңірген жылдары он және одан астам жыл болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге әскери қызметтен босатқан кезде мынадай мөлшерде шығу жәрдемақысы төленеді:
      әскери қызметте 10-15 күнтізбелік жыл еңбек сіңірген жылдары бар – төрт айлық ақшалай жабдықталым;
      15-20 жыл – бес айлық ақшалай жабдықталым;
      20-25 жыл – алты айлық ақшалай жабдықталым;
      25-30 жыл – жеті айлық ақшалай жабдықталым;
      30 жылдан астам – сегіз айлық ақшалай жабдықталым.
      Әскери қызмет өткеру кезеңінде орденмен (ордендермен) наградталған әскери қызметшілерге шығу жәрдемақысының мөлшері ақшалай жабдықталымның екі жалақысына арттырылады.
      9. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке алғаш рет кіретін азаматтарға мынадай мөлшерде жасасылатын келісімшарт мерзіміне байланысты біржолғы ақшалай сыйлықақы төленеді:
      3 жылға – 1 лауазымдық жалақы мөлшерінде;
      5 жылға – 10 лауазымдық жалақы мөлшерінде;
      10 жылға – 20 лауазымдық жалақы мөлшерінде.
      Көрсетілген ақшалай сыйақыларды төлеу келісімшарт жасасылған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей жүргізіледі.
      Алынған біржолғы ақшалай сыйлықақы:
      1) осы Заңның 26-бабы 1-тармағының 11), 12) және 13) тармақшаларында көзделген жағдайларда келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін әскери қызметтен босатылған кезде;
      2) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әскери қызметті одан әрі өткерумен үйлеспейтін жаралануы, контузиясы, жарақаты, мертігуі немесе науқасы әскери қызметші заңға қарсы іс-қимыл жасаған немесе алкогольдік, есірткілік, уытты мастануы немесе өзіне қандай да бір дене жарақатын (дене мүшесіне зақым келтіру) немесе әскери қызметтен жалтару мақсатында өз денсаулығына өзге де зиян келтіруі себебінен болғаны дәлелденсе, қайтаруға жатады.
      Төленген біржолғы ақшалай сыйлықақыны қайтару әскери қызметші әскери қызмет өткерген мемлекеттік органға әскери қызметтен босатылған күннен бастап бір ай мерзімінде жүргізіледі.
      Әскери қызметші әскери қызмет өткерген кезеңде қаза тапқан (қайтыс болған), әскери қызметті одан әрі өткерумен үйлеспейтін жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе науқастанған жағдайда біржолғы ақшалай сыйлықақыны қайтару жүргізілмейді.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» 1993 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 2, 32-құжат);
      «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 14, 60-құжат).

      Қазақстан Республикасының
            Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады