Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1707 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 922 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 922 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындақы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылқы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы № 391 бұйрығын қараңыз

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 272-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.05.2014 № 465 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Қоса беріліп отырған Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2011 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1707 қаулысымен
бекiтiлген

Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 272-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленген және қосылған құн салығының (бұдан әрі – ҚҚС) асып кеткен сомасын қайтару тәртібін белгілейді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.05.2014 № 465 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару тәртібі

      2. ҚҚС асып кеткен сомасын қайтару:

      1) ҚҚС асып кеткен сомасын қайтару туралы талабы көрсетілген салық кезеңі үшін ҚҚС бойынша декларацияның (бұдан әрі – ҚҚС қайтару туралы талабы);

      2) нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымдарды растау мақсаты үшін Салық кодексінде көзделген құжаттардың;

      3) қайтаруға ұсынылған ҚҚС-тың асып кеткен сомасының дұрыстығын растайтын салықтық тексеру актісінің не Салық кодексінің 635-бабының 10-тармағында көзделген жағдайларда, салықтық тексеру актісіне салық органы қорытындысының (бұдан әрі – актіге қорытынды) негізінде жүргізіледі.

      Осы тармақтың 2), 3) тармақшаларының ережелері ҚҚС асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолданатын салық төлеушілерге ҚҚС асып кеткен сомасын қайтаруды жүзеге асыру кезінде қолданылмайды.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.05.2014 № 465 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. Тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алуға байланысты қалыптасқан, пайдалануға енгізілетін негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, сатып алынған биологиялық активтер бойынша ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару кезінде:

      негізгі құралдар объектілерінің пайдалануға енгізілуін растайтын құжаттар – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын құжаттар қаралады.

      Осы тармақтың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:

      жылжымайтын мүлікке инвестициялар – жалдау төлемдерін немесе капитал құнының өсімін немесе екеуін де алу мақсатында, бірақ:

      1) өндірісте немесе тауарларды жеткізуде, қызметтер көрсетуде пайдалану үшін, әкімшілік мақсаттарда; немесе

      2) қарапайым шаруашылық қызмет барысында сату мақсатында емес иеліктегі (меншік иесіндегі немесе қаржылық жалдау шарты бойынша жалға берушідегі) жылжымайтын мүлік (жер немесе ғимарат не ғимараттың бір бөлігі не екеуі де);

      биологиялық актив – тіршілік ететін жануар немесе өсімдік.

      4. Салық органы ҚҚС қайтару туралы талапты алғаннан кейiн қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша тақырыптық салықтық тексеру тағайындайды.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.05.2014 № 465 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша, сондай-ақ оған қатысты қайтарудың оңайлатылған тәртібі қолданылған салық төлеушіге бюджеттен қайтарылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша салықтық тексеруді жүргізу кезінде салық органы ақпараттық жүйені пайдалана отырып, тексеріліп жатқан салық төлеуші бойынша жеткізушілер мен сатып алушылар бойынша талдамалық есепті қалыптастырады.

      Жеткізушілерде және (немесе) сатып алушыларда бұзушылықтар анықталған кезде мiндеттi қарсы салықтық тексеру жүргiзiледi немесе мониторингке жататын iрi салық төлеушiлер бойынша салықтық бақылауды жүзеге асыратын салық қызметi органына сұрау салу жіберіледі.

      Егер қарсы тексеру жүргізу кезінде жеткізуші таратылуына байланысты қызметін тоқтатқан және мұндай жеткізушіге қатысты тарату салықтық тексеруі жүргізілген жағдайда, есепке жатқызылған ҚҚС сомаларын растау өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар және көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактуралардың тізілімінің негізінде жүргізіледі.

      Егер қарсы тексеру жүргізу кезінде жеткізуші таратылуына байланысты қызметін тоқтатқан және мұндай жеткізушіге қатысты тарату салықтық тексеруі жүргізілмеген жағдайда, онда осындай жеткізуші жазып берген шот-фактурада көрcетiлген ҚҚС сомасы бюджеттен қайтарылуға жатпайды.

      Банкроттық себебінен қызметін тоқтатуына байланысты жеткізушіге қарсы тексеру жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, осындай жеткізуші конкурстық іс қозғалғанға дейінгі кезеңде жазып берген шот-фактуралар бойынша есепке жатқызылған ҚҚС сомасын растау өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар және көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактуралар тізілімінің негізінде жүргізіледі.

      Осындай жеткізуші конкурстық іс қозғалғаннан кейінгі кезеңде жазып берген шот-фактураларда көрсетілген ҚҚС сомасы бюджеттен қайтарылуға жатпайды.

      Егер салықтық тексеру басталғанға дейiн салық төлеушiде қайтаруға ұсынылған ҚҚС-ның асып кеткен сомасы жоқ екені анықталған жағдайда, салық органы он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге ҚҚС қайтару талабын қараудан жазбаша бас тарту жібереді.

      Осы тармақтың ережелері сондай-ақ оған қатысты қайтарудың оңайлатылған тәртібі қолданылған салық төлеушіге бюджеттен қайтарылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша тексеру жүргізу кезінде қолданылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.05.2014 № 465 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша ҚҚС-ты қайтару туралы талаптардың негізінде тақырыптық тексерулер жүргізу тәртібі Салық кодексiнiң 635-бабында айқындалған.

      7. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 06.05.2014 № 465 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      8. ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару мерзімдерін сақтау мақсатында салық органы салықтық тексеру жүргізу басталған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарсы тексеруге жататын жеткізушілердің тізбесін айқындайды және осындай жеткізушілерге қарсы тексерулер жүргізу туралы сұрау салулар, сондай-ақ мониторингке жататын ірі салық төлеуші жеткізушілер табыс ететін салық есептілігінің негізінде қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша сұрау салулар жібереді.

      Қарсы тексеру жүргізу туралы сұрау салуды алған салық органы мұндай тексерудi сұрау салуды алған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзiмде жүргiзедi.

      Егер тексерілетін салық төлеушінің жеткізушісі қайтаруға ұсынылған ҚҚС-тың асып кеткен сомаларының дұрыстығын тақырыптық тексеру аяқталғанға дейін бұрын жіберілген сұрау салу бойынша қарсы тексеру жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтарды жойған жағдайда, салық органы тіркеу есебінде жеткізуші тұрған салық органының ақпараты негізінде жүргізіліп жатқан тақырыптық тексеру шеңберінде қайта қарсы тексеру жүргізу туралы сұрау салу жібереді.

      9. Қызметін арнайы экономикалық аймақтар аумағында (бұдан әрі – АЭА) жүзеге асыратын ұйымдардың АЭА құру мақсатына сай келетін қызметін жүзеге асыру мақсатында АЭА аумағына әкелінген тауарларды тұтыну фактісін, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерінің, әкімшілік және тұрғын үй кешендерінің құрылысы процесінде "Астана – жаңа қала" АЭА аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың "Астана – жаңа қала" АЭА аумағына әкелінген тауарларды тұтыну фактісін растау үшін салық органы осындай АЭА аумағындағы салық органына сұрау салу жібереді.

      10. Салықтық тексеру аяқталған күнге:

      1) жеткізушімен өзара есеп айырысулардың дұрыстығын растау үшін қарсы тексеру жүргізуге сұрау салуларға электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған жауаптардың алынбаған және (немесе) егер тексерілетін салық төлеушінің жеткізушісі бұрын жіберілген сұрау салулар бойынша қарсы тексерулер жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтарды жоймаған;

      2) бұрын жіберілген сұрау салулар бойынша салық қызметi органының алынған жауаптары негiзінде мониторингке жататын iрi салық төлеушi бойынша ҚҚС сомаларының дұрыстығы расталмаған сомалар шегінде ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару жүргізілмейді.

      11. Салықтық тексеру актісінде қайтарылмаудың себептері туралы ақпарат мiндеттi түрде көрсетіледі.

      Салықтық тексерулер аяқталған күнде жеткізушілерде белгіленген, жойылмаған бұзушылықтар болған кезде салық органы салықтық тексеру актісіне осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша аумақтық салық органдарына жіберілген қарсы тексерулер жүргізуге сұрау салулардың және (немесе) анықталған бұзушылықтарды жоюға жазбаша сұрау салулардың тізілімін қоса береді.

      12. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 06.05.2014 № 465 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      13. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 06.05.2014 № 465 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      14. ҚҚС-ның асып кеткен сомасын қайтаруды салық органдары салықтық тексеру актісімен (оның ішінде жеткізушілермен өзара есеп айырысудың дұрыстығын растау үшін қарсы тексеру жүргізуге алынған, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған жауаптар бойынша, тексерілетін салық төлеушінің жеткізушісі қарсы тексерулер жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтарды жою фактісі бойынша, бұрын жіберілген сұрау салулар бойынша салық қызметі органынан алынған жауаптар негізінде мониторингке жататын ірі салық төлеушілер бойынша расталған ҚҚС сомасы бойынша) не актіге қорытындымен расталған, бірақ ҚҚС қайтару туралы талапта көрсетілген ҚҚС сомасы шегінде жүзеге асырады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.05.2014 № 465 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      15. Салықтық тексеру актісіне не актіге қорытындыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ҚҚС төлеуші салық органына салықтарды, басқа да міндетті төлемдерді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есепке жатқызу және қайтару жүргізуге салықтық өтініш (бұдан әрі – есепке жатқызуға салықтық өтініш) табыс етеді.

      16. ҚҚС-тың асып кеткен сомасын есепке жатқызу (қайтару) осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген есепке жатқызуға салықтық өтініш негізінде жүргізіледі.

      Салық төлеушінің талабы бойынша салыстырып тексеру актісі жасалады.

      17. Салықтық тексеру актісіне не актіге қорытындыға қол қойылған күннен кейін бір жұмыс күні ішінде ҚҚС төлеушілердің тізімі қалыптастырылады, ол бойынша салық төлеушінің салық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы құжат жасалу қажет.

      18. Егер ҚҚС төлеушіде салық берешегі болған жағдайда және есепке жатқызуға салықтық өтініш берген кезде есепке жатқызуға салықтық өтініште көрсетілген салық берешегінің сомасы берешегінің жоқ екендігі туралы құжат деректерімен сәйкес келмеген жағдайда, ҚҚС қайтару (есепке жатқызу) берешегінің жоқ екендігі туралы құжат негізінде жүргізіледі.

      19. ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару салық берешегі болмаған жағдайда ҚҚС төлеушінің орналасқан орны бойынша оның банктік шотына жүргізіледі.

      Егер ҚҚС төлеуші заңды тұлға болып табылған жағдайда ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару оның құрылымдық бөлімшелерінде салық берешегі болмаған жағдайда жүргізіледі.

3. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтарудың
оңайлатылған тәртібін қолдану кезіндегі ерекшеліктер

      20. ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібі кезінде салық органы ҚҚС-ты қайтару туралы талап табыс етілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ҚҚС төлеушіде соңғы салықтық тексеру немесе соңғы ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару сәтінен бастап салық есептілігін табыс ету бойынша орындалмаған салық міндеттемесінің жоқ немесе бар екенін, сондай-ақ оның дербес шотында салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есептелген сомаларының дұрыс көрсетілуін тексереді.

      Егер ҚҚС төлеуші басқа салық органдарында тіркеу есебінде тұрған жағдайда, ҚҚС-ты қайтару туралы талабы келіп түскен салық органы осы салық органдарына да осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша сұрау салу жібереді.

      ҚҚС төлеушінің құрылымдық бөлімшелері болған жағдайда осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша сұрау салу ҚҚС төлеушінің құрылымдық бөлімшелері тіркелген салық органдарына жіберіледі.

      21. Осы Қағидалардың 20-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген сұрау салу осындай сұрау салу алынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс.

      22. Алынған жауаптардың негізінде бұзушылықтар фактісі анықталған кезде салық төлеушіге олардың ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы жоқ екендігі туралы хат жіберіледі.

      Сонымен бір мезгілде салық төлеуші Салық кодексінің 272 және273-баптарында көзделген ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару тәртібін қолдану құқығы туралы хабарландырылады.

      23. Осы Қағидалардың 22-тармағында көрсетілген хатты алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде салық төлеуші салық органын Салық кодексінің 272 және 273-баптарында көзделген ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтару тәртібін қолданудан бас тартатыны немесе қолдануға келісетіні туралы қабылдаған шешімі туралы жазбаша хабарландырады.

      Салық төлеушіден жауаптың болмауы Салық кодексінің 272 және273-баптарында көзделген ҚҚС-ты қайтарудан бас тарту фактісі болып табылады.

      24. Алынған жауаптар негізінде бұзушылықтар болмаған жағдайда салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу үшін Салық кодексінде белгіленген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ҚҚС төлеушілердің тізімі қалыптастырылады, ол бойынша салық төлеушінің салық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы құжат жасалуы қажет.

      25. Салық берешегінің жоқ екендігі туралы құжат қалыптастырылған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей және есепке жатқызуға салықтық өтініш негізінде салық органы ҚҚС-тың асып кеткен сомасын қайтаруға өкім жасайды.

      Есепке жатқызуға салықтық өтінішті ҚҚС төлеуші салық органына салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу үшін Салық кодексінде белгіленген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде табыс етеді.

      26. Салық кодексінің 274-бабы 2-тармағы 1) тармақшасының бесінші абзацына сәйкес ҚҚС асып кеткен сомасын, бірақ ҚҚС қайтару туралы талапта көрсетілген ҚҚС сомасынан аспайтын соманы салық төлеушіге қайтарған жағдайда, есептілік салық кезеңінің соңына өсу жиынтығымен декларация бойынша қалыптасқан қалған ҚҚС-ның асып кеткен сомасы, қайтаруға ұсынылған, соның ішінде оңайлатылған тәртіппен қайтарылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау жөніндегі салықтық тексерудің нәтижесі бойынша салық заңнамасына сәйкес қайтарылуға жатады.

      Осындай тексерудің нәтижесі бойынша қайтарылуға жататын ҚҚС асып кету сомасы есепті салық кезеңінің аяғында декларация бойынша өсу жиынтығымен қалыптасқан және тексеру нәтижесі бойынша расталмаған ҚҚС сомасының арасындағы айырма ретінде, бірақ ҚҚС қайтару туралы талапта көрсетілген ҚҚС сомасынан асырмай айқындалады.

      Ескерту. Қағидалар 26-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 06.05.2014 № 465 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

  Қосылған құн салығының
асып кеткен сомасын қайтару
қағидаларына қосымша

Аумақтық салық органдарына жіберілген қарсы тексерулер
жүргізуге сұрау салулар және (немесе) анықталған
бұзушылықтарды жоюға жазбаша сұрау салулар
тізілімі

р/с

Жеткізушінің атауы

Сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/БСН)

Салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН) (ол болған жағдайда)

ҚҚС сомасы (теңге)

Сұрау салудың және (немесе) хаттың нөмірі

Сұрау салудың және (немесе) хаттың күні

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

7

8


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады