Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы "Алтай" трансшекаралық резерватын құру туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1730 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2011 жылғы 15 қыркүйекте Астрахань қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы "Алтай" трансшекаралық резерватын құру туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2011 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1730 қаулысымен   
бекітілген       

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы "Алтай" трансшекаралық резерватын құру туралы
КЕЛІСІМ

(2012 жылғы 6 наурызда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 3, 33-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      халықаралық құқықтың жалпы жұртшылыққа танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді орындауға зор маңыз бере отырып,
      Алтайдың таулы бөлігінің биологиялық әртүрлілігі мен экологиялық жүйелерінің бірегейлігін, оның экологиялық, эстетикалық, ғылыми және мәдени маңызын назарға ала отырып,
      қазіргі және келешек ұрпақ игілігі үшін Алтайдың таулы бөлігінің ландшафтары мен биологиялық әртүрлілігін сақтауға Тараптардың ортақ мүдделілік білдіретінін тани отырып,
      ғылыми зерттеулер, биологиялық әртүрлілікті сақтау және орнықты табиғат пайдалану саласындағы Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың көп жылғы дәстүрлерін, сондай-ақ мемлекеттік шекараға іргелес ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың болуын атап өте отырып,
      Алтайдың таулы бөлігінің биологиялық әртүрлілігі антропогендік әсердің теріс үдерісіне ұшырап отырғанына алаңдаушылық білдіре отырып,
      табиғи кешендерді ортақ күш-жігер жұмсап қана сақтап қалуға болатынын және оларды сақтаудың мемлекеттік қана емес, сонымен бірге дүниежүзілік маңызы бар екенін басшылыққа ала отырып,
      Қазақстан-Ресей трансшекаралық резерватын құру Алтайдың таулы бөлігінің ландшафтын қаз-қалпында сақтаудың талаптарына жауап беретініне, экологиялық тепе-теңдікті, табиғи ресурстарды қорғауды және еселеп көбейтуді қамтамасыз ететініне, бұл Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ұлттық мүдделеріне және жалпы халықаралық қоғамдастықтың мүдделеріне сай келетініне кәміл сенімді бола отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекаралас аумақтарында "Алтай" трансшекаралық резерватын құрады, оның құрамына Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (Қазақстан Республикасы), бұдан әрі - ұлттық парк, және Ресей Федерациясының "Катун" мемлекеттік табиғи биосфералық қорығы (Ресей Федерациясы), бұдан әрі - қорық, енеді.
      Тараптар ұлттық парк пен қорық шекараларын олардың келісілген координаттар жүйесінде картографиялық бекітілуін қоса алғанда, өздерінің мемлекеттерінің аумақтары шегінде дербес анықтайды және өзгертеді, бұл жайында Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етеді.
      2. "Алтай" трансшекаралық резерватының аумағында табиғи кешендер мен объектілерді қорғау, ғылыми зерттеулер жүргізу және табиғи ортаның жай-күйіне экологиялық мониторингті жүзеге асыру саласындағы іс-шаралар осы Келісімге және Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2-бап

      "Алтай" трансшекаралық резерваты:
      Алтайдың таулы бөлігінің бірегей биологиялық және ландшафтық әртүрлілігін сақтау;
      экологиялық, әлеуметтік және мәдени аспектілерді ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы екі жақты ынтымақтастыққа жәрдемдесу;
      экологиялық мониторингті жүзеге асыру және табиғи кешендер мен объектілерді зерделеу;
      халықты экологиялық ағарту мен экологиялық туризмді дамыту мақсатында құрылады.

3-бап

      1. Тараптардың осы Келісімді іске асыруға жауапты органдары (бұдан әрі - өкілетті органдар):
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі;
      Ресей тарапынан - Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі болып табылады.
      2. Осы Келісімді орындау барысында Тараптардың өкілетті органдары өзара тікелей іс-қимыл жасайды. Тараптар сондай-ақ тікелей байланыстарды жүзеге асыру үшін "Алтай" трансшекаралық резерватының құрамына енгізілген ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жауапты ұйымдарды анықтай алады, бұл жайында олар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

4-бап

      1. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру және оны орындауға байланысты мәселелерді шешу үшін Тараптар Аралас Қазақстан-Ресей комиссиясын (бұдан әрі - Аралас комиссия) құрады, ол өкілетті органдармен келісім бойынша өз мәжілістерін Тараптар мемлекеттерінің бірінде алма кезек өткізіп тұрады. Аралас комиссияның бірінші мәжілісі осы Келісім күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде шақырылады.
      2. Тараптар Аралас комиссияның ұлттық бөліктерін осы Келісімді іске асыру мәселелері қарауында болатын органдар мен ұйымдардың өкілдіктерін енгізіп, тепе-теңдік негізде қалыптастырады.
      3. Аралас комиссия оның бірінші мәжілісінде қабылданатын Ереженің негізінде әрекет жасайды, бірлескен іс-шаралар жоспарларын қоса алғанда, ынтымақтастық бағдарламасы мен жоспарын бекітеді.

5-бап

      1. Өкілетті органдар осы Келісімге сәйкес "Алтай" трансшекаралық резерватының табиғи кешендері мен объектілерін қорғау, зерделеу және мониторинг жүргізу кезінде ынтымақтастық жасайды, көрсетілген салаларда бірлесіп келісілген қызмет атқарады.
      2. Өкілетті органдар мына бағыттар бойынша ынтымақтастығын жүзеге асырады:
      "Алтай" трансшекаралық резерватының шекарасында жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген объектілерін қоса алғанда, табиғи кешендер мен объектілерді қорғау;
      экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және тыю;
      қоршаған ортаның ластануы, экологиялық құқық бұзушылықтар, індеттердің, орман өрттерінің таралуы және олардың алдын алу мен жою жайында, "Алтай" трансшекаралық резерватының аумағындағы экожүйелердің өзгеруіне, жануарлар мен өсімдіктер таралымдарының жойылуына душар етуі мүмкін өзге де табиғи құбылыстар жайында, сондай-ақ "Алтай" трансшекаралық резерватының экожүйесіне әсер етуі мүмкін шаруашылық жобаларды іске асыру жоспарлары жайында өзара хабардар етуді ұйымдастыру;
      "Алтай" трансшекаралық резерватының аумағында жабайы жануарлардың бөгетсіз қоныс аударуы үшін жағдайларды қамтамасыз ету.
      3. Өкілетті органдар ынтымақтастықты мына нысандарда жүзеге асырады:
      "Алтай" трансшекаралық резерватының аумағындағы қоршаған ортаның, табиғи кешендер мен объектілердің, оның ішінде Тараптар мемлекеттерінің аумағында мекендейтін және қоныс аударатын жануарлар дүниесінің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген объектілері топтарының жай-күйіне бірлескен мониторинг өткізу;
      осы Келісімнің 4-бабына сәйкес құрылатын Аралас комиссия бекітетін тақырыптар бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер ұйымдастыру;
      табиғи кешендер мен объектілерді қорғау және зерделеу, ғылыми зерттеулер, экологиялық мониторинг және экологиялық-ағартушылық қызмет жүргізу саласында тәжірибе алмасу;
      ғылыми және ғылыми-танымал сипаттағы бірлескен жарияланымдар әзірлеу және шығару;
      бірлескен ғылыми және ғылыми-практикалық семинарлар мен конференциялар, сондай-ақ тиісті бағыттағы мамандардың біліктілігін арттыру курстарын өткізу;
      жастардың экологиялық лагерьлері мен экспедицияларын қоса алғанда, экологиялық-ағартушылық сипатындағы бірлескен іс-шараларды өткізу;
      "Алтай" трансшекаралық резерватының бірлескен интернет-сайтын құру және сүйемелдеу.
      4. Өкілетті органдар Тараптар келіскен өзге де ынтымақтастық нысандарын дамытады және іске асырады.

6-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекаралары жолағының шегінде осы Келісімде көзделген бірлескен қызметті жүзеге асыру кезінде өкілетті органдар өз қызметін мемлекеттік шекараны қорғауға жауапты Тараптар мемлекеттері органдарымен келісім және өзара іс-қимыл бойынша мемлекеттік шекара режимін сақтай отырып, жүзеге асырады.
      2. Тараптар мамандарының қажетті көлік құралдарын, жабдықтар мен материалдарды пайдаланып, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасынан өтуі Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында және халықаралық шарттарда көзделген тәртіпте жүзеге асырылады.

7-бап

      1. Тараптар осы Келісімнің ережелеріне және Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
      Осы Келісімнің шеңберінде Қазақстан Республикасының немесе Ресей Федерациясының мемлекеттік құпиясын қамтитын ақпарат алмасу жүзеге асырылмайды.
      Егер осы Келісім шеңберінде ақпарат беру ол ақпаратты беретін Тарап мемлекетінің қауіпсіздік мүдделеріне қайшы келетін болса, оны беру осы Келісім бойынша Тараптың міндеті ретінде қарастырылмайды.
      Осы Келісімге сәйкес берілетін, беруші Тарап ол жөнінде құпиялылықты сақтау қажеттігін ескертетін ақпарат осындай ақпарат ретінде анық айқындалады және белгіленеді. Осылай белгілеуге жауаптылық беруші Тарапқа және оның өкілетті органына жүктеледі. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай ақпарат "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар ақпарат ретінде қаралады. Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мұндай ақпарат "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар ақпарат ретінде қаралады. Мұндай ақпарат беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз жария етілмейді және үшінші тұлғаларға немесе тараптарға берілмейді.
      2. Бір Тарап мемлекетінің шекаралық аумағында орналасқан "Алтай" трансшекаралық резерватының бөлігінде картографиялық, геодезиялық жұмыстар мен аэрофототүсірілімдер басқа Тараптың өкілетті органдарын жазбаша хабардар еткеннен кейін, ал Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасынан өту қажет болған жағдайда - Тараптар мемлекеттерінің шекара органдарының рұқсатын алғаннан кейін жүзеге асырылады.
      3. Өкілетті органдар "Алтай" трансшекаралық резерватының аумағы шегінде бірыңғай қысқа толқынды және ультрақысқа толқынды радио жиіліктерін пайдалану тәртібін келісіп алады.

8-бап

      Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағында орналасқан "Алтай" трансшекаралық резерватының бөлігі шегінде осы Келісімді орындауға байланысты шығындарды дербес көтереді.
      Тараптар өкілдерін Аралас комиссияның мәжілістеріне қатысу үшін іссапарға жіберген кезде барлық шығындарды жіберуші Тарап көтереді.
      Қабылдаушы Тарап Аралас комиссияның мәжілістерін ұйымдастыруға және өткізуге байланысты шығындарды көтереді.
      "Алтай" трансшекаралық резерватының жұмыс істеуіне байланысты іс-шаралар Тараптар мемлекеттерінің заңнамалары тыйым салмаған бюджеттен тыс көздердің есебінен қаржыландырылуы мүмкін.

9-бап

      Тараптар арасында арнайы уағдаластық болмаған кезде осы Келісімнің шеңберіндегі бірлескен қызметтің арқасында алынған нәтижелер үшінші тарапқа берілмейді.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты Тараптар арасында туындайтын барлық даулар келіссөз жүргізу жолымен шешіледі.

11-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

12-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім 5 жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың бірде біреуі оның қолданысын тоқтату туралы ағымдағы кезең аяқталғанға дейін 6 айдан кешіктірмей басқа Тарапты жазбаша нысанда дипломатиялық арналар арқылы хабардар етпесе, осы Келісімнің қолданылуы автоматты түрде 5 жылдық кезеңдерге ұзартылады.

____________________ қаласында 20_____жылғы "___"__________ әрқайсысы
қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы             Ресей Федерациясы
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады