Қазақстан Республикасының Үкiметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2004 жылғы 22 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзіледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ <*>
(2005 жылғы 6 қазанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2006 ж., N 2, 18-құжат, СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына адалдықты растай отырып,
екi мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды ескере отырып және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты бұдан әрi кеңейту мақсатында,
экологиялық бүлінушілік, апаттардың және қоршаған ортаның тозуының алдын алу, сондай-ақ шектес аумақтарда экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн бүгiнгі және болашақ ұрпақ алдында өз жауапкершiлiгiн түсiне отырып,
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар теңдiк пен өзара тиiмділiк негiзiнде тұрақты дамудың қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және молықтыру саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2-бап
Осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында Тараптар құзыретті органдарды тағайындайды:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі;
Ресей тарапынан - Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар министрлігі.
Құзыретті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiне уақтылы ақпарат бередi.
3-бап
Тараптар ынтымақтастықтың түрлерiн Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына және экологиялық бағдарламаларына сәйкес бiрлесiп айқындайды.
4-бап
Тараптардың ынтымақтастығы мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
атмосфералық ауаны ластанудан қорғау;
су объектiлерін зерттеу, ұтымды пайдалану, сақтау және ластанудан қорғау;
қоршаған ортаны радиациялық ластанудан қорғау;
биологиялық әртүрлілікті сақтау, сирек кездесетiн және жойылу қаупi төнген жануарлар мен өсiмдiктердiң түрлерiн, олардың мекен ету ортасын зерделеу және құтқару жөнiндегi жобаларды әзiрлеу және жүзеге асыру;
топырақты қорғау және жер ресурстарын ұтымды пайдалану;
ормандарды қорғау, сақтау әрi қалпына келтiру және орман ресурстарын ұтымды пайдалану;
шекаралас аумақтарда оны ұйымдастыруды қоса алғанда, қоршаған ортаның мониторингі;
қоршаған ортаның ластануының климатқа әсер етуі;
қалалар мен басқа да елдi мекендерде қоршаған ортаны жақсарту;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтық реттеу және басқару;
табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қорғау мақсатында табиғат пайдалануды реттеудiң экономикалық тетіктерін әзірлеу;
экологиялық тәрбие және білім беру;
экологиялық сараптаманы, экологиялық болжауды және жобалауды қоса алғанда, қоршаған ортаны қорғау проблемаларын шешудегi әдiстемелiк аспектiлер;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы нормативтердi және нормативтiк-әдiстемелiк құжаттаманы әзiрлеу;
өндiрiс пен тұтынудың қауiпті қалдықтарын шекаралас аумақтарда трансшекаралық жылжытуды және орналастыруды реттеу;
табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
өзара мүдденi бiлдiретiн және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекеттiк шекарасының екi жағында орналасқан бiрегей және типтiк экожүйенi сақтауды қамтамасыз ету үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жүйесін құру және дамыту;
терiс экологиялық салдарлары бар төтенше жағдайлардың мониторингi мен оларды болжауды ұйымдастыру және жүргiзу;
терiс экологиялық салдарлары бар табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларға ден қою;
табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде өзара iс-қимыл жасау және қоршаған ортаға зиянды әсерлердiң алдын алу тәртiбiн әзiрлеу;
табиғат қорғау заңнамасын жетілдiру;
қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша бiрлескен қызметтi жүзеге асыру;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпарат алмасу.
5-бап
Тараптар осы Келiсiмдi iске асыру бойынша қызметтi үйлестіру үшiн Қоршаған opтa мәселелерi жөнiндегi аралас қазақстан-ресей комиссиясын (бұдан әрi - Комиссия) құрады. Комиссия осы Келiсiмнiң 4-бабында көрсетiлген бағыттар бойынша белгілі бiр мерзiмге есептелген Тараптар арасындағы ынтымақтастық бағдарламаларын әзiрлейдi және бекiтедi әрi олардың орындалуы бойынша қажеттi ұсынымдар бередi.
Комиссия өз отырыстарын қажеттілігіне қарай Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында кезегiмен, бiрақ жылына бiр peттен кем емес өткiзедi.
6-бап
Комиссия отырыстарына қатысу үшiн Тараптардың өкiлдерiн iссапарға жiберу кезiнде барлық шығыстарды жіберушi Тарап өтейдi.
Комиссия отырыстарын ұйымдастыруға және өткiзуге байланысты шығыстарды қабылдаушы Тарап өтейдi.
Келісiм шеңберiнде өткiзілетін басқа iс-шаралар Тараптар арасындағы өзара уағдаластық негiзінде қаржыландырылады.
7-бап
Ынтымақтастық мынадай негiзгi нысандарда жүзеге асырылады:
қоршаған ортаны қорғау және сапасын жақсарту жөнiндегi нормативтiк-әдiстемелiк құжаттамаларды бiрлесiп әзiрлеу;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми-техникалық құжаттамамен және ақпараттармен алмасу;
зерттеу және оқу мақсатында, консультациялар, тағлымдама өткiзу және тәжiрибе алмасу үшiн ғалымдармен және мамандармен алмасу;
бiрлескен зерттеу және экспериментальдық жұмыстар жүргiзу, зерттеулердiң және тәжiрибелердiң нәтижелерiмен, сарапшылық қорытындылармен алмасу;
симпозиумдарды, конференцияларды, көрмелердi, оқу курстарын ұйымдастыру және өткiзу;
бiрлескен бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру;
ғарыштық инспекциялауды қоса алғанда, шекаралас аудандарда қоршаған ортаны бiрлесiп инспекциялау;
қоршаған ортаның жай-күйi туралы жыл сайынғы баяндамалармен алмасу.
8-бап
Ынтымақтастық нәтижелерiн құқықтық қорғау және пайдалану мәселелерi Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес және Тараптардың уағдаластығы негiзiнде шешiледi.
9-бап
Осы Келiсiмнің ережелерiн қолдану кезiнде алынған ынтымақтастық нәтижелерi үшінші мемлекеттерге, олардың заңды немесе жеке тұлғаларына екi Тараптың тек жазбаша келiсуiмен ғана берiлуi мүмкiн.
10-бап
Осы Келiсiм Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
11-бап
Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнің ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамамен ресiмделетін өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
12-бап
Осы Келiсімнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде келiспеушілiктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келiссөздер немесе консультациялар жолымен шешетін болады.
13-бап
Осы Келiсiм Тараптардың оның күшіне енуiне қажетті мемлекетішілік рәсiмдердiң орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнiнен бастап күшіне енедi.
Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады және егер Тараптардың ешқайсысы өзiнiң осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату ниетi туралы тиiстi бес жылдық кезең аяқталғанға дейiн кемiнде алты ай қалғанда басқа Тарапқа жазбаша нысанда хабарламаса, келесi бес жылдық кезеңдерге өздiгiнен ұзартылады.
2004 жылғы 22 желтоқсанда Мәскеу қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды және екi мәтiннiң де бiрдей заңдық күшi бар.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегi мәтiндi пайдаланатын болады.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Yкiметi үшiн Yкiметi үшiн