"Микрокаржы ұйымдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 11 қаңтардағы № 20 Жарлығы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Микроқаржы ұйымдары туралы

      Осы Заң микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді, микроқаржы ұйымдарының құқықтық жағдайының, олардың құрылуының, қызметінің ерекшеліктерін белгілейді, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарын реттеудің, бақылаудың және қадағалаудың ерекшеліктерін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) кредиттік дерекнама - микроқаржы ұйымы әрбір қарыз алушыға қалыптастыратын, микрокредит беру туралы жасалған шартқа сәйкес берілген құжаттар мен мәліметтер;
      2) қарыз алушы - микроқаржы ұйымымен микрокредит беру туралы шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
      3) мақсатты микрокредит - қарыз алушыға микрокредит беру туралы жасалған шартқа сәйкес белгілі бір мақсаттарға пайдалану шарттарымен берілген микрокредит;
      4) микрокредит - микроқаржы ұйымы қарыз алушыға осы Заңда айқындалған мөлшерде және тәртіпте ақылылық, жеделділік және қайтарымдылық шарттарымен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен беретін ақша;
      5) микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеу (бұдан әрі - есептік тіркеу) - осы Заңның 14-бабына сәйкес микроқаржы ұйымын микроқаржы ұйымдарының тізіліміне қосу;
      6) микроқаржы ұйымдарының тізілімі - жүргізілуін уәкілетті орган жүзеге асыратын микроқаржы ұйымдарының бірыңғай тізбесі;
      7) микроқаржы ұйымы - коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтумен айқындалатын, микрокредиттер беру жөніндегі қызметті, сондай-ақ осы Заңмен рұқсат етілген қызметтің қосымша түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға;
      8) өтініш беруші - микроқаржы ұйымына микрокредит алуға өтініш берген жеке немесе заңды тұлға;
      9) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі.

      2-бап. Микроқаржы ұйымдары туралы Қазақстан
              Республикасының заңнамасы

      1. Микроқаржы ұйымдары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Азаматтық кодекстен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Шаруашылық серіктестіктердің, акционерлік қоғамдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы осы Заңда реттелмеген бөлігінде микроқаржы ұйымдарына қолданылады.
      3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

2-тарау. Микрокредиттер беру

      3-бап. Микрокредиттер беру

      1. Микроқаржы ұйымы бір қарыз алушыға тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің сегіз мың еселенген мелшерінен аспайтын мөлшерде микрокредиттер береді.
      2. Осы Заң талаптарын сақтай отырып, микрокредит беру тәртібі мен шарттары микроқаржы ұйымының жоғары органы бекіткен микрокредиттер беру ережесінде және микрокредит беру туралы шартта белгіленеді.
      Микроқаржы ұйымы өзінің микрокредиттер беру жөніндегі қызметін микрокредиттер беру ережесі бар болғанда жүзеге асырады.
      3. Берілген микрокредитті пайдаланғаны үшін сыйақы ставкасы микрокредиттің берілу мерзіміне қарамастан, бір жылға қайта есептеуде көрсетіледі.
      4. Микроқаржы ұйымы микрокредит беруге байланысты комиссияны, сыйақыны және өзге де төлемдерді микрокредит берілгеннен кейін немесе беру сәтінде өндіріп алады.

      4-бап. Микрокредит беру туралы шарт

      1. Микрокредит беру туралы шарт жазбаша нысанда жасалады, оның бір данасын микроқаржы ұйымы қарыз алушының кредиттік дерекнамасында сақтайды.
      2. Қарыз алушының өзі туралы және жасалатын мәміле (микрокредит алу) туралы мәліметтерді, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындауына байланысты ақпаратты кредиттік тарихтың деректер базасына беруге жазбаша келісімінің болуы микроқаржы ұйымының микрокредит беруі туралы шарттың міндетті талабы болып табылады.
      3. Микрокредит беру туралы шартта:
      1) микроқаржы ұйымының толық атауы мен қарыз алушының тегі, аты және бар болса әкесінің аты немесе толық атауын қоса алғанда, микроқаржы ұйымы және қарыз алушы туралы мәліметтер;
      2) микрокредиттің мақсаты, микрокредиттің мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру талаптары мен тәртібі (мақсатты микрокредит беру кезінде);
      3) берілетін микрокредиттің жалпы сомасы;
      4) микрокредитті өтеу мерзімдері;
      5) микрокредитті өтеу тәсілі (қолма-қол ақшамен не қолма-қол ақшасыз тәртіппен, біржолғы не бөлшектеп);
      6) микроқаржы ұйымының ішкі қағидасына сәйкес айқындалған микрокредитті өтеу әдісі. Бұл ретте міндетті түрде қарыз алушыға микрокредит беру туралы шартта белгіленген кезеңділікпен есептелген, микрокредитті өтеудің мынадай әдістерімен:
      микрокредит бойынша берешекті өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомалары және негізгі борыш қалдығы кезеңі үшін есептелген сыйақы кіретін, азайып отыратын төлемдермен жүзеге асырылатын дифференциалды төлемдер әдісімен;
      микрокредит бойынша берешекті өтеу негізгі борыш бойынша ұлғайып отыратын төлемдер және негізгі борыш қалдығы кезеңі үшін есептелген сыйақы бойынша азайып отыратын төлемдер кіретін, микрокредиттің бүкіл мерзімі бойына тең төлемдермен жүзеге асырылатын аннуитеттік төлемдер әдісімен өтеу кестелерінің жобалары ұсынылуы тиіс. Алғашқы және соңғы төлемнің мөлшерлері басқаларынан ерекшеленуі мүмкін;
      7) микрокредит беру туралы шарттың нөмірі мен жасалған күні, микрокредитті өтеу және сыйақы сомалары қамтылған кезекті төлемдерді өтеу күндері және мөлшерлері, келесі өтеу күніне микрокредит сомасының қалдықтары, сондай-ақ микрокредит беру туралы шартқа қол қойылған күнгі микрокредиттің және сыйақының жалпы сомасы көрсетілген микрокредит беру туралы шарттың екі тарабы да қол қойған микрокредитті өтеу кестесі;
      8) микрокредит беру туралы шарт бойынша (ол бар болса) қарыз алушының міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету;
      9) микрокредит бойынша сыйақы ставкаларының мөлшері, оның ішінде осы Заңның 5-бабында белгіленген тәртіппен есептелген жылдық сыйақы ставкасының және жылдық тиімді сыйақы ставкасының мөлшері (микрокредиттің нақты құны);
      10) тараптардың жауаптылығы;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де шарттар қамтылады.
      4. Мақсатты микрокредит беру жағдайларында микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шартта белгіленген тәртіппен оның мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады, ал қарыз алушы микроқаржы ұйымының мұндай бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
      Қарыз алушы микрокредитті мақсатты пайдалану жөніндегі міндеттерді, сондай-ақ осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген міндетті орындамаған кезде микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шартты микрокредиттің берілмеген бөлігіне сәйкес орындаудан бас тартады және қарыз алушыдан микрокредитті және ол бойынша пайдаланылған кредит бөлігінде сыйақыны мерзімінен бұрын қайтаруға күш салады.

      5-бап. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасы

      1. Жылдық тиімді сыйақы ставкасы - микрокредитті бергені, қызмет көрсеткені және оны өтегені (қайтарғаны) үшін микроқаржы ұйымына төленуі тиіс сыйақыны, бар болса — комиссиялық және өзге де төлемдерді қамтитын, қарыз алушының шығыстарын ескере отырып есептелетін микрокредит бойынша анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептелген сыйақы ставкасы.
      Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасының мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған шекті мөлшерден аспауы тиіс.
      2. Микроқаржы ұйымдары жылдық тиімді сыйақы ставкасын микрокредит беру туралы шарттың сыйақы ставкасының мөлшері көрсетілетін тармағында көрсетеді.
      3. Берілетін микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасын есептеу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
      4. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасын есептеу кезінде:
      1) микрокредитті өтеудің бүкіл мерзімі ішіндегі микрокредит бойынша сыйақы;
      2) комиссиялық және өзге де төлемдер - микрокредит беру туралы шартқа сәйкес микроқаржы ұйымына төленуі тиіс микрокредитті алуға, пайдалануға және өтеуге (қайтаруға) байланысты, микрокредит беру туралы шарт жасасқан сәтте мөлшері мен төлеу мерзімдері белгілі болған қарыз алушының шығыстары ескеріледі.
      5. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасын есептеу кезінде:
      1) тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл), оның ішінде қарыз алушының микрокредит беру туралы шарттың талаптарын сақтамағаны үшін;
      2) микрокредитке қызмет көрсету бойынша микрокредит беру туралы шартта көзделген, көлемі және (немесе) төлеу мерзімдері шарт жасасқан күні белгісіз болған және қарыз алушының шешіміне және (немесе) оны төлеу тәртібіне (микрокредитті мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеу) байланысты болған төлемдер ескерілмейді.
      6. Қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімін өзгертуге әкеп соғатын микрокредит беру туралы шарттың талаптары өзгерген кезде жылдық тиімді сыйақы ставкасының нақтыланған мәнін есептеу микрокредит беру туралы шарттың қолданылу мерзімі басталғанда қарыз алушы жүргізген микрокредит бойынша төлемдер ескерілмей, талаптары өзгертілетін күнгі микрокредитті өтеудің қалған мерзіміндегі берешек қалдығына қарай жүргізіледі.

      6-бап. Қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша
              міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету

      Қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт міндеттемелерін орындауы Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілдермен қамтамасыз етіледі.

      7-бап. Микроқаржы ұйымының құқықтары мен міндеттері

      1. Микроқаржы ұйымы:
      1) қамтамасыз етілген, не қамтамасыз етілмеген микрокредиттер беруге, оның ішінде берілген микрокредитке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүлікті кепілге қабылдауға;
      2) қарыз алушыдан (өтініш берушіден) микрокредит беру туралы шартты жасау және ол бойынша міндеттемелерді орындау үшін қажет құжаттар мен мәліметтерді сұратуға;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына және микрокредит беру туралы шартқа сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      2. Микроқаржы ұйымы:
      1) орналасқан жері өзгерген не атауы өзгерген жағдайда бұл туралы уәкілетті органды, сондай-ақ қарыз алушыларды микроқаржы ұйымының және оның қарыз алушыларының орналасқан жері бойынша екі баспа басылымында, мемлекеттік және орыс тілдерінде тиісті ақпарат жариялау жолымен, не мұндай өзгерістер болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кеш емес мерзімде әрбір қарыз алушыны жазбаша хабарландыру жолымен жазбаша хабардар етуге;
      2) микрокредиттер беру ережесінің көшірмесін микроқаржы ұйымының клиенттері үшін оны көзбен шолуға және танысуға қолжетімді жерде орналастыруға;
      3) қарыз алушы (өтініш беруші) ол микрокредит алғанға дейін микрокредит алуға және оны қызмет көрсетуге байланысты шығындар туралы хабардар етуге;
      4) қарыз алушыны (өтініш берушіні) микрокредит алуға байланысты оның құқықтары мен міндеттері туралы хабардар етуге;
      5) микрокредит беру құпиясын сақтауға;
      6) уәкілетті орган белгілеген пруденциалдық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, оларды есептеу әдістемесін сақтауға;
      7) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерін орындауға;
      8) уәкілетті орган көздеген мерзімдерде және тәртіпте уәкілетті органға есептілік ұсынуға;
      9) уәкілетті орган анықтаған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жоюға;
      10) он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органды осы Заңның 14-бабы 3-тармағының 2), 7) тармақшаларында көзделген құжаттарға енгізілген өзгерістер туралы жазбаша хабардар етуге;
      11) акционерлік қоғамның ұйымдастыру-құқықтық нысанында құрылғаны - жылдық қаржылық есептілік аудитін жүргізуге және аудиторлық есептің көшірмесін және аудиторлық ұйымның ұсынымдарын оларды аудиторлық ұйымнан алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға ұсынуға;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
      3. Микроқаржы ұйымының:
      1) бір жақты тәртіпте сыйақы ставкаларын (оларды төмендету жағдайларын қоспағанда) және (немесе) микрокредитті өтеу тәсілі мен әдісін, сондай-ақ микрокредит беру туралы шартқа қол қойған күні қолданыста болған, микрокредиттерді беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты тарифтер мен комиссиялардың мөлшерлерін (оларды төмендету жағдайларын қоспағанда) өзгертуге;
      2) жеке тұлға болып табылатын, микроқаржы ұйымына микрокредит сомасын толығымен немесе ішінара мерзімінен бұрын қайтарған және кемінде күнтізбелік он күн бұрын микроқаржы ұйымын осындай ниеті туралы алдын ала жазбаша хабардар еткен қарыз алушыға микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін айыппұл санкцияларын қолдануға құқығы жоқ.

      8-бап. Микроқаржы ұйымы өтініш берушісінің құқықтары
              мен міндеттері

      1. Өтініш беруші:
      1) микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру қағидасымен, микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру тарифтерімен танысуға;
      2) микрокредитті алуға, оған қызмет көрсетуге және оны қайтаруға байланысты барлық төлемдер туралы ақпаратты қоса алғанда, микрокредит беру тәртібі мен шарттары туралы толық және анық ақпарат алуға;
      3) микрокредит беру туралы шартқа қол қоюдан бас тартуға құқылы.
      2. Өтініш беруші микроқаржы ұйымына осы Заңның 20-бабының 3 және 5-тармақтарында айқындалған, микрокредит беру туралы шартқа және қарыз алушының міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ететін шарттарға қол қою үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсынады.
      3. Өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтары мен міндеттері бар.

      9-бап. Микроқаржы ұйымының қарыз алушысының құқықтары
              мен міндеттері

      1. Қарыз алушының:
      1) микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру қағидасымен, микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру тарифтерімен танысуға;
      2) алған микрокредитті микрокредит беру туралы шартта белгіленген тәртіпте және талаптарда пайдалануға;
      3) өз құқықтарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпте қорғауға, бұл ретте шарттардың осы құқықты алып тастау туралы талаптары жарамсыз деп танылады;
      4) микроқаржы ұйымына микрокредит беру туралы шарт бойынша берілген микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толығымен немесе ішінара қайтаруға;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында және микрокредит беру туралы шартта көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Қарыз алушы:
      1) алған микрокредитті қайтаруға және ол бойынша есептелген сыйақыны микрокредит беру туралы шартта белгіленген мерзімдерде және тәртіпте төлеуге;
      2) микроқаржы ұйымы осы Заңға сәйкес сұрататын құжаттар мен мәліметтерді беруге;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және микроқаржы ұйымымен жасалған шарттарда көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.

      10-бап. Микрокредит беру туралы шарт бойынша
               міндеттемелерді тоқтату

      Микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген негіздер бойынша тоқтатылады.

3-тарау. Микроқаржы ұйымдарын құру және олардың қызметі

      11-бап. Микроқаржы ұйымының құқықтық жағдайы

      1. Микроқаржы ұйымы шаруашылық серіктестіктің немесе акционерлік қоғамның ұйымдастыру-құқықтық нысанында құрылуы мүмкін.
      2. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, микроқаржы ұйымына бағалы қағаздар шығаруға тыйым салынады.
      3. Акционерлік қоғамның ұйымдастыру-құқықтық нысанында құрылған микроқаржы ұйымының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес акциялар шығаруға құқығы бар.

      12-бап. Микроқаржы ұйымының жарғылық капиталын
               қалыптастыру

      1. Микроқаржы ұйымының құрылтайшылары құрылатын микроқаржы ұйымының жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерін оны мемлекеттік тіркеу сәтінде толық төлеуге міндетті.
      2. Микроқаржы ұйымының жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
      3. Микроқаржы ұйымының жарғылық капиталы тек қана Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен ақшалай төленеді.

      13-бап. Микроқаржы ұйымының атауы

      1. Микроқаржы ұйымының толық атауында міндетті түрде «микроқаржы ұйымы» деген сөздер болуы тиіс.
      2. Микроқаржы ұйымының қысқартылған атауында міндетті түрде «МҚҰ» аббревиатурасы болуы тиіс.
      3. Микроқаржы ұйымы ретінде тіркелмеген заңды тұлғаның атауында «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді, ол микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асырады деп болжайтын олардың туынды сөздерін немесе «МҚҰ» аббревиатурасын пайдалануға құқығы жоқ.

      14-бап. Микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеу

      1. Микроқаржы ұйымы осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіпте уәкілетті органда есептік тіркеуден өтеді.
      2. Аяқталған соңғы үш қаржы жылының әрқайсысында микрокредиттер беру бойынша шығынсыз қызметті жүзеге асыру әділет органдарында микроқаржы ұйымы ретінде қайта тіркелген микроқаржы ұйымын есептік тіркеуге жіберуге негіздеме болып табылады.
      3. Микроқаржы ұйымы есептік тіркеуден өту үшін уәкілетті органға:
      1) өтініш;
      2) микроқаржы ұйымы жарғысының және микроқаржы ұйымын заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесін;
      3) ең төменгі мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген жарғылық капиталдың төленгенін растайтын құжаттардың көшірмелерін;
      4) бар болса - микроқаржы ұйымының директорлар кеңесі бекіткен ішкі аудит қызметі туралы (микроқаржы ұйымы акционерлік қоғамның ұйымдастыру-құқықтық нысанында құрылған жағдайда) немесе ішкі бақылау қызметі (микроқаржы ұйымы шаруашылық серіктестіктің ұйымдастыру-құқықтық нысанында құрылған жағдайда) туралы ережені;
      5) тегін, атын және бар болса әкесінің атын және олардың атқарып отырған қызметтерін көрсете отырып, қызметкерлердің штат кестесінің көшірмесін;
      6) микроқаржы ұйымы қызметінің стратегиясын, микроқаржы ұйымы бағдарланған нарық сегментінің анықтамасын, қызмет түрлерін, маркетинг жоспарын (клиентураны қалыптастыру), ұйымның қызметін қаржыландыру көздерін, микроқаржы ұйымының оның қызметінің жоспарына сәйкес келетін ұйымдастырушылық құрылымды иеленуін, қызметін дамытудың перспективалық жоспарын көрсететін алғашқы үш қаржы жылындағы (операциялық жылдағы) кірістері мен шығыстарының болжамын ашып көрсететін бизнес-жоспарды;
      7) микроқаржы ұйымы акционерлік қоғамның ұйымдастыру-құқықтық нысанында құрылған жағдайда - акционерлер (қатысушылар), лауазымды тұлғалар, бас бухгалтер туралы, микроқаржы ұйымы шаруашылық серіктестік нысанында құрылған жағдайда - атқарушы органның бірінші басшысы (мүшелері), бас бухгалтер туралы, өтініш берген күннің алдындағы күнгі жағдай бойынша мәліметтерді;
      8) микрокредиттер беру қағидасының көшірмесін;
      9) «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған ақпарат беру туралы шарттың көшірмесін ұсынады.
      4. Уәкілетті орган есептік тіркеуден өтуге арналған өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінің және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес келетін құжаттардың толық пакеті ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарастырады.
      5. Осы баптың 4-тармағында белгіленген мерзімде уәкілетті орган микроқаржы ұйымын микроқаржы ұйымдарының тізіліміне енгізуге және оны осы шешім туралы хабардар етуге не есептік тіркеуден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.
      6. Уәкілетті орган микроқаржы ұйымдарының тізілімін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіпте жүргізеді.

      15-бап. Микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеуден бас
               тарту негіздері

      Микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеуден бас тарту:
      1) ұсынылған құжаттар осы Заңның 14-бабының 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
      2) шынайы емес мәліметтер ұсынылған және осы Заңның 14-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттарда көрсетілуі тиіс ақпарат ұсынылмаған;
      3) егер микроқаржы ұйымы әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өткен күнінен бастап бір жыл ішінде есептік тіркеуден өту туралы өтініш жасамаған жағдайларда жүргізіледі.

      16-бап. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару
               негіздемелері

      1. Микроқаржы ұйымы:
      1) қызметті осы Заңның, өзге заңнамалық актілердің, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын жүйелі түрде бұза отырып (кейінгі күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) жүзеге асыруы;
      2) пруденциалдық нормативтерді және (немесе) басқа да сақталуы міндетті нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде бұзуы (кейінгі күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет);
      3) уәкілетті органға есептілікті жүйелі түрде ұсынбауы (кейінгі күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет);
      4) есептілікті және мәліметтерді анық емес екенін біле тұра әдейі ұсынуы;
      5) уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын жүйелі түрде орындамауы (бірінен соң бірі күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет);
      6) осы Заңның 19-бабында көзделген қызметті қоспағанда, микроқаржы ұйымдары үшін тыйым салынған және шектелген қызметті жүзеге асыруы;
      7) микроқаржы ұйымының қызметті микроқаржы ұйымдарының тізіліміне қосылған күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде жүзеге асырмауы;
      8) соттың микроқаржы ұйымының қызметін тоқтату туралы шешім қабылдауы;
      9) микроқаржы ұйымының қайта ұйымдастыру немесе тарату жолымен өз қызметін ерікті тоқтату туралы шешім қабылдауы. Бұл ретте микроқаржы ұйымы микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару туралы өтініш бергенге дейін өзінің барлық міндеттемелерін орындауы тиіс. Өтінішке бір мезгілде барлық міндеттемелердің орындалғанын растау туралы хат қоса беріледі;
      10) микроқаржы ұйымының тексеру жүргізуге, оны белгіленген мерзімдерде жүргізуге мүмкіндік болмауына әкеп соғатын бірнеше рет (тексеру барысында екі және одан көп) кедергі жасауы жағдайларында микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарылады.
      2. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарылған жағдайда уәкілетті орган шығарылған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде микроқаржы ұйымын бұл туралы жазбаша хабардар етеді.
      3. Мүдделі тұлға уәкілетті органның микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпте шағымдана алады.
      Уәкілетті органның микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару туралы шешімдеріне шағымдану осы шешімдердің орындалуын тоқтата алмайды.
      4. Уәкілетті органның микроқаржы ұйымының микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарылғаны туралы жазбаша хабарламасын алғаннан кейін оның жаңа микрокредиттер беруіне тыйым салынады.
      5. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарылған жағдайда микроқаржы ұйымының басқару органдары уәкілетті орган микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарылғаны туралы хабарландырған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде микроқаржы ұйымын қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.

      17-бап. Микрокредиттер беру қағидасы

      Микрокредиттер беру қағидасында мынадай мәліметтер:
      1) микрокредит алуға арналған өтінішті беру тәртібі және оны қарау тәртібі;
      2) микрокредит беру туралы шартты және кепіл шартын (ол бар болса) жасау тәртібі;
      3) микрокредиттердің шекті сомалары және беру мерзімдері;
      4) берілетін микрокредиттер бойынша сыйақы ставкаларының шекті мөлшері;
      5) берілген микрокредиттер бойынша сыйақы төлеу тәртібі;
      6) микроқаржы ұйымына берілетін қамтамасыз етуге (ол бар болса) қойылатын талаптар;
      7) осы Заңның 5-бабына сәйкес микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасын есептеудің жалпы әдістемесі;
      8) микроқаржы ұйымдарының осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген ақпаратты қарыз алушыларға хабарлау тәсілдері қамтылуы тиіс.
      Микрокредиттер беру қағидасында сондай-ақ микрокредиттер берудің өзге талаптары және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін мәліметтер қамтылуы мүмкін.

      18-бап. Ішкі аудит (бақылау) қызметі

      1. Акционерлік қоғамның ұйымдастыру-құқықтық нысанында құрылған микроқаржы ұйымы өзінің қаржы-шаруашылық қызметін бақылауды жүзеге асыру үшін ішкі аудит қызметін құруы мүмкін.
      2. Шаруашылық серіктестіктің ұйымдастыру-құқықтық нысанында құрылған микроқаржы ұйымы өзінің қаржы-шаруашылық қызметін бақылауды жүзеге асыру үшін ішкі бақылау қызметін құруы мүмкін.
      3. Ішкі аудит (бақылау) қызметінің жұмыс тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ қағидаларда, ережеде және микроқаржы ұйымының ішкі қызметін реттейтін өзге де құжаттарда айқындалады.

      19-бап. Микроқаржы ұйымдары қызметінің қосымша түрлері

      1. Микроқаржы ұйымдары микрокредиттерді беру жөніндегі қызметіне қосымша мынадай қызмет түрлерін:
      1) Қазақстан Республикасының резиденттерінен және резидент еместерінен қарыз (азаматтардан кәсіпкерлік қызмет ретінде қарыз түрінде ақша тартуды қоспағанда) және гранттар тарту;
      2) уақытша еркін активтерді мемлекеттік бағалы қағаздарға, борыштық бағалы қағаздарға, екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне және осы Заңның талаптарына қайшы келмейтін басқа да тәсілдермен орналастыру;
      3) микрокредитті қамтамасыз ету ретінде алынған кепілге салынған мүлікті Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіпте пайдалану және иелік ету;
      4) кредиттік бюролардың, микроқаржы ұйымдарының, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау жөніндегі қызметтер көрсететін ұйымдардың және күзет қызметіне лицензиясы бар ұйымдардың акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлесін сатып алу;
      5) өзінің мүлкін сату;
      6) микрокредиттер беру жөніндегі қызметке байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсету;
      7) өзінің мүлкін жалға беру;
      8) лизинг қызметін жүзеге асыру;
      9) өтеусіз және ақылы негізде оқыту;
      10) микроқаржы ұйымдары қызметінің мәселелері жөніндегі арнайы әдебиетті кез келген ақпарат тасымалдауышта өткізу;
      11) Қазақстан Республикасының резидент сақтандыру ұйымдарының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру агенті ретінде сақтандыру шартын жасау;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақша эмитентінің агенті функцияларын жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Микроқаржы ұйымдарына осы Заңда көзделмеген өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.

      20-бап. Берілген микрокредит бойынша құжаттама жүргізу
               тәртібі

      1. Микроқаржы ұйымы әрбір берілген микрокредитті жүргізілуі электрондық түрде немесе қағаз тасымалдауышта жүзеге асырылатын қарыз алушылардың тіркеу журналында тіркейді.
      2. Микрокредит алу үшін өтініш беруші (қарыз алушы) осы баптың 3-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.
      3. Микроқаржы ұйымы әрбір қарыз алушы немесе берілген микрокредит бойынша қарыз алушының аталған микроқаржы ұйымында микрокредит беру туралы алғашқы шартқа қол қойған күнінен бастап қалыптасатын кредиттік дерекнама жүргізеді.
      Кредиттік дерекнамада:
      1) микрокредитті пайдалану мақсаты туралы (мақсатты микрокредит берілген жағдайда), қарыз алушының микрокредитті өтеу және сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге өткізетін, құны көрсетілген мүлкі туралы не қамтамасыз етудің болмауы туралы мәліметтер бар өтініш;
      2) заңды тұлға - қарыз алушының уәкілетті органының микрокредит алу шешімі;
      3) заңды тұлға - кепіл берушінің уәкілетті органының қарыз алушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге кепіл нысанасын беру шешімі;
      4) қарыз алушының нотариалды куәландырылған құрылтай құжаттарының көшірмелері (заңды тұлғалар үшін);
      5) қарыз алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (жеке тұлғалар үшін);
      6) қарыз алушы өкілінің микрокредит беру туралы шартқа қол қою өкілеттігін растайтын құжаттар;
      7) микрокредит беру туралы шарт;
      8) егер берілген микрокредит мүлік кепілімен қамтамасыз етілген жағдайда - кепіл туралы шарт, мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері, ал мүлік кепілін міндетті түрде тіркеген жағдайда - мүлік кепілінің тіркелу фактісін растайтын құжаттар;
      9) егер берілген микрокредит кепілдікпен және (немесе) кепілдемемен қамтамасыз етілген жағдайда - кепілдік, кепілдеме шарты және заңды тұлға -кепілдік немесе кепілдеме берушінің уәкілетті органының қарыз алушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге кепілдік немесе кепілдеме беру туралы шешімі қамтылады.
      4. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркеуге жататын мүлік кепілі осы мүлікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органда тіркелуі тиіс.
      5. Міндеттемесінің орындалуы кепілдікпен немесе кепілдемемен қамтамасыз етілген микрокредит бойынша кредиттік дерекнамаға мынадай қосымша құжаттар:
      1) кепілдік немесе кепілдеме шарты;
      2) кепілдік беруші атынан кепілдік беру шартына немесе кепілдеме беруші атынан кепілдеме шартына қол қоятын өкілдің өкілеттігін растайтын құжаттар қоса беріледі.
      6. Микрокредит бойынша берешектің толық немесе ішінара өтелгенін растайтын құжаттар (немесе олардың көшірмелері) кредиттік дерекнамаға қоса берілуі және микрокредитті өтеу көзі (қарыз алушы аударған не кепілге салынған мүлікті сатудан түскен ақша) көрсетілуі тиіс.

      21-бап. Микрокредит беру құпиясы

      1. Микрокредит беру құпиясы қарыз алушылар, микрокредиттердің мөлшерлері туралы, қарыз алушыға қатысты микрокредит беру туралы шарттың өзге де талаптары туралы және микроқаржы ұйымының операциялары туралы (микрокредиттер беру ережесін қоспағанда) мәліметтерді қамтиды.
      Тарату барысындағы микроқаржы ұйымының микрокредит беру туралы жасалған шарттары жөніндегі мәліметтер микрокредит беру құпиясына жатпайды.
      2. Микроқаржы ұйымдары микрокредит беру құпиясына кепілдік береді.
      3. Микрокредит беру құпиясы берілген микрокредиттер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес тек қана қарыз алушыға, кредиттік бюроға, қарыз алушының жазбаша келісімі негізінде үшінші тұлғаға, сондай-ақ осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғаларға ашылуы мүмкін.
      4. Қарыз алушылар, микрокредиттердің мөлшерлері туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары туралы, микроқаржы ұйымы жүргізетін операциялар туралы мәліметтер:
      1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына: олар жүргізіп жатқан қылмыстық істер бойынша мөрмен расталған және прокурор санкция берген жазбаша сұрату негізінде;
      2) соттарға: олар жүргізіп жатқан істер бойынша соттың ұйғарымы, қаулысы, шешімі және үкімі негізінде;
      3) атқарушылық іс жүргізу органдарына және жеке сот орындаушыларына: өздері жүргізіп жатқан атқару өндірісінің істері бойынша атқарушылық іс жүргізу органының мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен расталған, сот орындаушысының сот санкция берген қаулысы негізінде;
      4) прокурорға: оның құзыреті шегінде өзінің қарауында жатқан материал бойынша тексеру өндірісі туралы қаулы негізінде;
      5) салық органдарына: тексерілетін тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша ұйғарым негізінде;
      6) қарыз алушының өкілдеріне: нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде беріледі.
      5. Қарыз алушы, микрокредит мөлшері туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары жөніндегі мәліметтер қарыз алушы қайтыс болған жағдайда, осы баптың 4-тармағында көзделген тұлғаларды қоспағанда, жазбаша сұрату негізінде:
      1) қарыз алушы өсиетте көрсеткен тұлғаларға;
      2) нотариустарға: нотариус мөрімен расталған өздері жүргізіп жатқан мұрагерлік істер бойынша оның жазбаша сұратуы негізінде беріледі. Нотариустың жазбаша сұратуына қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмесі қоса берілуі тиіс;
      3) шетелдік консулдық мекемелерге: олар жүргізіп жатқан мұрагерлік істер бойынша беріледі.

      22-бап. Бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық
               есептілікті жасау

      1. Микроқаржы ұйымының бухгалтерлік есепті жүргізуі және қаржылық есептілікті жасауы, бухгалтерлік есепті жүргізуді автоматтандыруы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Акционерлік қоғамның ұйымдастыру-құқықтық нысанында құрылған микроқаржы ұйымдары жылдық қаржылық есептілікті уәкілетті орган белгілеген тәртіпте және мерзімдерде жариялайды.

      23-бап. Құжаттарды сақтау

      Микроқаржы ұйымының қызметіне байланысты құжаттарды сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      24-бап. Микрокредиттер беру жөніндегі қызметке және
               шындыққа сай келмейтін жарнамаға тыйым салу

      1. Банктерді және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, микроқаржы ұйымдары ретінде тіркелмеген заңды тұлғалардың микрокредиттер беру жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге; асыруға құқығы жоқ.
      2. Микроқаржы ұйымдарына өздерінің қызметі туралы оны жариялау күнінде шындыққа сай келмейтін жарнама беруге тыйым салынады.

      25-бап. Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату

      Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіпте жүзеге асырылады.

4-тарау. Микроқаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау

      26-бап. Микроқаржы ұйымы үшін белгіленетін пруденциалдық
               нормативтер және сақталуы міндетті өзге де
               нормалар мен лимиттер

      1. Пруденциалдық нормативтердің және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттердің құрамына:
      1) жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшері;
      2) меншікті капиталдың ең төменгі мөлшері;
      3) меншікті капиталдың жеткіліктілігі кіреді.
      2. Микроқаржы ұйымдары жүргізілетін операциялардың сипаты мен
ауқымына сәйкес өз қызметінің бақылануын және оның сенімділігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган белгілейтін тәртіпте және талаптарда оларға қарсы провизиялар (резервтер) құра отырып, берілген микрокредиттер бойынша активтерді және шартты міндеттемелерді жіктеуді жүзеге асыруға міндетті.
      3. Уәкілетті орган қосымша пруденциалдық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді белгілеуге құқылы.

      27-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      1. Уәкілетті орган микроқаржы ұйымына қатысты мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
      1) есептік тіркеуді жүргізеді;
      2) микроқаржы ұйымдарының тізілімін жүргізеді;
      3) пруденциалдық нормативтерді және микроқаржы ұйымының сақтауы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді және оларды есептеу әдістемесін белгілейді;
      4) нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
      5) микроқаржы ұйымының есептілік беру тізбесін, нысандарын, табыс ету мерзімдері мен тәртібін белгілейді;
      6) микроқаржы ұйымының қызметіне тексеру жүргізеді;
      7) бухгалтерлік есептің жүргізілуін автоматтандыруға қойылатын талаптарды белгілейді;
      8) ықпал ету шараларын қолданады;
      9) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіпте әкімшілік іс қозғайды;
      10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      28-бап. Микроқаржы ұйымына қолданылатын ықпал ету шаралары
               және оларды қолдану негіздері

      1. Микроқаржы ұйымы пруденциалдық нормативтерді және сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерін бұзған, микроқаржы ұйымы лауазымды адамдарының және қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған жағдайда, уәкілетті орган осы бапта белгіленген ықпал ету шараларын қолдана алады. Ықпал ету шараларына шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар жатады.
      2. Уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шаралары ретінде микроқаржы ұйымына мынадай шектеулі шараларды қолдануға:
      1) міндеттеме-хат талап етуге;
      2) орындалуы міндетті жазбаша нұсқама беруге;
      3) жазбаша ескерту шығаруға;
      4) жазбаша келісім жасауға құқылы.
      Микроқаржы ұйымының міндеттеме-хатында орын алып отырған кемшіліктерді мойындау фактісі және микроқаржы ұйымы басшысының жоспарланған шаралар тізбесін көрсете отырып, оларды қатаң белгіленген мерзімде жою бойынша кепілдігі болуы тиіс.
      Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасы - анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоюға бағытталған түзету шараларын қабылдау туралы микроқаржы ұйымына берілген нұсқау. Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына сотта шағым жасау оның орындалуын тоқтатпайды.
      Қазақстан Республикасының заңнамасын микроқаржы ұйымының бұзғанына ұқсас бұзушылықты (бұзушылықтарды) уәкілетті орган анықтаған немесе орын алып отырған кемшіліктер уәкілетті орган белгілеген мерзімде жойылмаған жағдайда, жазбаша ескерту осы баптың 4-тармағында көзделген санкцияларды микроқаржы ұйымына қолдану мүмкіндігі туралы уәкілетті органның хабарламасы болып табылады.
      Жазбаша келісім - уәкілетті орган мен микроқаржы ұйымы арасында анықталған кемшіліктерді тез арада жою қажеттігі туралы және оған байланысты бірінші кезектегі шараларды бекіту туралы жасалған келісім.
      Жазбаша келісім микроқаржы ұйымының қызметінде қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі тиімді үйлестірілген шаралар қолдануды талап ететін қаржылық нашарлау байқалған жағдайларда жасалады. Жазбаша келісімде микроқаржы ұйымының басқару органы және (немесе) атқару органы алдағы уақытта кемшіліктерді жою, қаржылық жай-күйді жақсарту жөнінде қолданатын іс-қимылдар мен олардың орындалу мерзімдері көрсетіледі. Жазбаша келісімге қол қоя отырып, микроқаржы ұйымы оның талаптарын орындау жөнінде өзіне міндеттемелер қабылдайды.
      3. Микроқаржы ұйымы уәкілетті органнан оған қатысты шектеулі ықпал ету шараларын қолдану туралы хабарлама алғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органға қажетті құжаттармен қоса орын алған кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралардың жоспар-кестесін ұсынады.
      Уәкілетті орган ұсынылған жоспар-кестені қарастырады және күнтізбелік он күн ішінде ол бойынша өз қорытындысын жібереді. Жоспар-кестемен келіспеген жағдайда уәкілетті орган микроқаржы ұйымына белгілі бір мерзімдерде нақты іс-шараларды орындау қажеттігі туралы нұсқау жібере алады.
      Микроқаржы ұйымы уәкілетті органға шектеулі ықпал ету шарасын құжатта көрсетілген мерзімде орындағаны туралы хабарлауға міндетті.
      Егер бұзушылықты жою үшін белгіленген мерзім бір айдан асқан жағдайда, микроқаржы ұйымы ай сайын, айдың жиырмасына дейін уәкілетті органға орын алған кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралардың жоспар-кестесінің кезең-кезеңімен орындалғаны туралы хабарлайды.
      Бір шектеулі ықпал ету шарасын қолдану Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда басқа шектеулі ықпал ету шараларының қолданылуын жоққа шығармайды және бұған дейін қолданылған шаралардың қолданылуын тоқтата тұрмайды және тоқтатпайды.
      4. Уәкілетті орган осы Заңның 16-бабының 1-тармағында көзделген негіздемелер бойынша санкциялар ретінде микроқаржы ұйымын микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығаруға құқылы.
      5. Уәкілетті органның микроқаржы ұйымына осы бапта көзделген ықпал ету шараларын қолдану туралы шешіміне сотта шағымдануға болады.

      29-бап. Микроқаржы ұйымының қызметін тексеру

      1. Микроқаржы ұйымының қызметін тексеруді уәкілетті орган дербес не басқа мемлекеттік органдарды және (немесе) ұйымдарды тарта отырып жүргізеді.
      2. Микроқаржы ұйымы уәкілетті органның тексеруге арналған тапсырмасында көрсетілген мәселелер бойынша тексеруші органға көмек көрсетуге, сондай-ақ кез келген лауазымды адамдар мен қызметкерлерге сауал-сұрақ қою мүмкіндігін және тексеруді орындауға қажетті кез келген ақпарат көздерін алуды қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Уәкілетті органның қызметкерлеріне микроқаржы ұйымының қызметін тексеру барысында алынған мәліметтерді жария етуге не үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады.
      4. Тексеруді жүзеге асырушы адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес микроқаржы ұйымының қызметін тексеру барысында алынған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін жауапты болады.

5-тарау. Қорытынды ережелер

      30-бап. Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары
               туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін күнтізбелік отыз алты ай ішінде жұмыс істеп тұрған микрокредиттік ұйымдардың басқару органдары микрокредиттік ұйымдарды әділет органдарында микроқаржы ұйымдарына қайта тіркеу туралы шешім қабылдауға құқылы.
      Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім ішінде микрокредиттік ұйымдар өз қызметінде осы Заңның 1-бабының 1), 2), 3), 4), 8) тармақшаларында, 2-бабында, 3-бабында, 4-бабында, 5-бабында, 6-бабында, 7-бабының 1-тармағында, 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 12) тармақшаларында, 3-тармағында, 8-бабында, 9-бабында, 10-бабында, 17-бабында, 18-бабының 2 және 3-тармақтарында, 19-бабының 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9) тармақшаларында, 2-тармағында, 20-бабында, 21-бабында, 23-бабында, 24-бабында, 25-бабында, 30-бабында, 31-бабында көзделген нормаларды басшылыққа алады.
      3. Әділет органдарында қайта тіркелгеннен кейін микроқаржы ұйымдары осы Заңның 14-бабына сәйкес уәкілетті органда есептік тіркеуден өтуге міндетті.
      4. Осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес микрокредиттік ұйымдар қайта ұйымдастырылуы не таратылуы тиіс.
      5. «Микрокредиттік ұйымдар туралы» 2003 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 4, 23-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; № 23, 140-құжат; 2010 ж., № 7, 28-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады