"Келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және корпоративтік дауларды оңайлатылған шешу институттарын (аралық соттарды, коллекторлық агенттіктерді) одан әрі дамыту тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 35 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және корпоративтік дауларды оңайлатылған шешу институттарын (аралық соттарды, коллекторлық агенттіктерді) одан әрі дамыту тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Президенті
ЖАРЛЫҚ Келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын
(рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және
корпоративтік дауларды оңайлатылған шешу институттарын (аралық
соттарды, коллекторлық агенттіктерді) одан әрі дамыту
тұжырымдамасы туралы

      Келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және корпоративтік дауларды оңайлатылған шешу институттарын (аралық соттарды, коллекторлық агенттіктерді) одан әрі дамыту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және корпоративтік дауларды оңайлатылған шешу институттарын (аралық соттарды, коллекторлық агенттіктерді) одан әрі дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз жұмысында осы Тұжырымдаманы басшылыққа алсын.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі өз шешімдерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2012 жылғы « »      
№    Жарлығымен   
МАҚҰЛДАНҒАН    

Келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын
(рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және
корпоративтік дауларды оңайлатылған жолмен шешу институттарын
(аралық соттарды, коллекторлық агенттіктерді) одан әрі дамыту
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ 1. Келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау
институттарының және корпоративтік дауларды оңайлатылған
жолмен шешу институттарының дамуын пайымдау Ағымдағы жағдайды талдау

      Жаһандық ауқымдағы дағдарыс құбылыстары экономикалық тәуекелдерді басқару саласындағы бұған дейінгі болған тәсілдің жеткілікті түрде тиімді болмағанын және фрагментарлықпен, жүйеліліктің болмауымен, ал кейде жоғары дәрежелі субъективтілікпен сипатталатынын көрсетті. Әлемдік экономиканың дамуындағы екіұштылықтың жоғары болуы тәуекелді бағалау институттарының дамыған және кең ауқымды желісіне қажеттіліктің жоғары екенін тағы да көрсетіп берді.
      Әлемдік экономикалық және ақпараттық кеңістікке кеңінен ықпалдастырылған және капиталдың әлемдік нарығына еркін қол жеткізуді әрі экономикаға шетел капиталын тартуды қажет ететін Қазақстан Республикасы еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын және корпоративтік дауларды оңайлатылған жолмен шешу институттарын дамыту саласындағы таңдаулы халықаралық практиканың барлық аспектілері мен стандарттарға сәйкес болуға ұмтылуға тиіс.
      Қазақстан Республикасында экономикалық тәуекелдерді басқаруды түсінуге қатысты жүйелі тәсілді қолданған кезде осы саладағы субъектілердің мынадай институционалдық сыныптамасы анықталды:
      1-санат. Тәуекелдерді бағалау үшін пайдалы деректер көзі (мемлекеттік және жеке деректер базаларында, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерде, кредит және басқа да қаржы ұйымдарында қамтылған ақпарат).
      2-санат. Ақпаратты өңдейтін және жүйелейтін әрі ақпараттық сипаттағы қызметтері көрсететін институттар (рейтингтік агенттіктер, кредиттік бюролар, статистикалық және талдамалық ақпарат беретін ұйымдар).
      3-санат. Ақпаратты мемлекеттік және мемлекеттік емес реттеу
(өзін-өзі реттеу) мақсатында пайдаланатын ұйымдар (уәкілетті мемлекеттік органдар, өзін-өзі реттейтін ұйымдар, биржалар және басқалары).
      4-санат. Ақпаратты өз тәуекелдерін бағалау үшін пайдаланатын ұйымдар (қаржы институттары, өзге де заңды тұлғалар).
      5-санат. Тәуекелдердің іске асырылуының теріс салдарын жоятын ұйымдар (уәкілетті мемлекеттік органдар, соттар, коллекторлық агенттіктер, аралық (төрелік) соттар).
      6-санат. Реттеу (1, 2, 3, 4-санаттағы институттардың қызметі мен өзара іс-қимылының рәсімі, 1, 2-санаттағы институттардың ақпаратын мүдделі тұлғаларға жеткізу рәсімі, (3, 4, 5-санат) эталондық ақпарат базаларын құру рәсімі, тәуекел ақпаратын мониторингілеу рәсімі, 4-санаттағы институттардың басқарушылық шешімдер қабылдауы кезінде тәуекел ақпаратын есепке алу мен пайдалану рәсімі) (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органы).
      7-санат. Талдамалық (ағымдағы мониторинг және жүйенің барлық санаттарын талдау).
      Тұтастай алғанда, жоғарыда баяндалған сыныптама тәуекелді басқарудың жүйелі тәсілінің екі: алдын алу және қалпына келтіру аспектісімен объективті түрде негізделген.
      Бірінші аспект 1, 2, 3, 4-санаттарды, екінші аспект – 5-санатты қамтиды, алтыншы санат барлық санаттардың өзара біртұтастығы мен өзара байланысын қамтамасыз етеді және жалпы алғанда тәуекелді басқару жүйесінің нәтижелілігінің тетігі ретінде әрекет етеді. 7-санат бүкіл жүйені одан әрі жетілдірілу негізін қамтиды.
      Тәуекелдерді басқарудың қолданыстағы құрылымын назарға ала отырып, келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарына және корпоративтік дауларды оңайлатылған жолмен шешу институттарына қатысты ағымдағы жағдайды талдау мынаны көрсетті.
      Ұлттық рейтингтік агенттіктер. Рейтингтік агенттіктер, институт ретінде қаржы нарығының инфрақұрылымына жатады және субъектілер арасындағы ақпараттың жетіспеушілігін жоюға арналған.
      Өткен жүзжылдықтың 20-жылдарынан бастап АҚШ-тың жетекші ақпараттық конгломераттары бағалы қағаздарға баға (рейтинг) бере отырып, өз клиенттеріне жаңа қызмет ұсына бастады. Осылайша, Moody's Investors Services (Dun Bradstreet бас компаниясы) және Standard & Poor's (McGrow Hill бас компаниясы) табысты бизнесі басталды. Көрсетілген агенттіктер халықаралық рейтингтің ең жоғары деңгейін құрайды. Алайда, аталған агенттіктердің арқасында бірінші деңгейдегі халықаралық рейтингтің табысты дамуы өңірлік немесе ұлттық агенттіктердің маңыздылығын төмендеткен жоқ. Айталық, бірыңғай еуропалық валюта енгізілгеннен кейін Deutsche Ausgleichsbank неміс федералдық агенттігі қаржыландыратын еуропалық рейтинг агенттігін құруға талпыныс жасалуда, бұл Еуропа капиталдарының ортақ нарығына және еуропалық инвесторлардың өз мемлекеттерінен тыс инвестицияларға қызығушылығына барынша тәуелді болып отырған шағын және орта компаниялар туралы талдамалық ақпараттың жеткіліксіздігіне байланысты.
      Қазіргі уақытта көптеген елдерде ішкі рейтингтерді ұсынатын ұлттық рейтингтік агенттіктер белсенді жұмыс істеуде, өйткені өз тәуекелдерін толық бағалау үшін инвесторлар әртүрлі деңгейдегі ақпарат көздерін пайдаланғанды дұрыс көріп отыр және «жергілікті» ерекшеліктерді білудің де маңызы бар. Ішкі нарықта қаржыландырылатын жергілікті қарыз алушылар жетекші әлемдік көшбасшылардың рәсімімен салыстырғанда барынша қарапайым және қымбат емес рәсімге қызығушылық білдіруде.
      Қазақстанда ұлттық рейтинг агенттіктерінің (ҰРА) нарығын үш субъект: «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы» рейтинг агенттігі, «Эксперт РА Қазақстан» рейтинг агенттігі «KZ Ratings» рейтинг агенттігі жүзеге асырады олардың бағалауларын листинг мақсатында Қазақстандық қор биржасы мойындайды. ҰРА-ны листинг мақсатында танылатындар тізбесіне енгізу шетелдік рейтингтік агенттіктер қатарынан ірі акционердің болуы, жарғылық капиталының белгілі бір мөлшерінің болуы, кәсіби этика кодексінің болуы, рейтинг комитеті мүшелерінің ең аз санына және біліктілігіне қойылатын талаптардың болуы сияқты қажетті талаптар сақталған кезде жүзеге асырылады. Талаптардың сақталуын бақылауды биржа жүзеге асырады.
      Қазіргі уақытта ішкі нарықта қарыз алу мақсатында ұлттық рейтингтердің қызметін мынадай факторлар күрделендеріп отыр:
      1) Қазақстан аумағында рейтинг агенттіктерінің қызметін реттейтін, рейтинг агенттіктерінің қызметін бақылау және қадағалау функцияларын белгілеуге байланысты заманауи халықаралық тәсілдерді (Рейтинг агенттіктерінің 2008 жылғы IOSCO кодексі – The 2008 IOSCO CRA Code, Еуропалық Парламенттің және Еуропалық Одақ Кеңесінің 2009 жылғы 16 қыркүйектегі «Кредиттік рейтинг агенттіктері туралы» № 1060/2009 ережесі және т.б.) есепке ала отырып әзірленген заңнаманың болмауы;
      2) ҰРА құрылтайшыларына қойылатын заңнамалық түрде бекітілген ең төменгі талаптарды, ҰРА-ның басшылары мен негізгі қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарын, олар пайдаланатын бағалау әдістемелеріне қойылатын талаптарды қамтитын ҰРА-ны аккредиттеу тетігінің болмауы;
      3) ҰРА қызметін мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етудің болмауы.
      Кредиттік бюролар. Институт ретінде кредиттік бюролар қаржы нарығының инфрақұрылымына жатады және қарыз алушылар туралы ақпараттық базаны қалыптастырып, оны кредиторларға ұсынады.
      Бір жағынан, кредиттік бюролар банктерге баламалы түрде әлеуетті қарыз алушы туралы қолда бар ақпаратты ескере отырып, өз тәуекелдерін бағалауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан – кредиттік тарихы жақсы, адал қарыз алушыларға қарызға қол жеткізу мен оны алу шарттарын жеңілдетеді.
      Халықаралық кредиттік ақпарат жинау практикасының негізгі төрт моделі бар:
      1) жеке коммерциялық модель – кредиттік ақпаратты жинау мен ұсынуды коммерциялық негізде жеке меншік кредиттік бюролар жүзеге асырады (АҚШ, Ресей);
      2) аралас модель – кредиттік ақпаратты жинау мен ұсынуды мемлекеттік кредиттік тіркелімдер (МКТ) және жеке меншік кредиттік бюролар жүзеге асырады (Еуропа елдерінің көпшілігі, Латын Америкасы елдері, Қазақстан, Түркия);
      3) мемлекеттік коммерциялық емес модель – кредиттік ақпаратты жинау мен ұсынуды МКТ жүзеге асырады (Франция);
      4) мемлекеттік коммерциялық модель – кредиттік ақпаратты жинау мен ұсынуды мемлекеттің (Ұлттық Банктердің) меншігіндегі коммерциялық кредиттік бюролар жүзеге асырады (Шри-Ланка және Үндістан).
      Қазақстанда кредиттік ақпарат жүйесі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базасындағы Мемлекеттік кредиттік тіркелімді және лицензияланған жеке меншік екі кредиттік бюроны қамтиды: «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС және «Орта Азия кредиттік бюросы» ЖШС.
      Жеке меншік кредиттік бюроларды реттеу мен қадағалауды уәкілетті екі орган, техникалық қамтамасыз ету және ақпараттың сақталуы мәселелері бөлігінде ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясат пен мемлекеттік реттеуді іске асыратын мемлекеттік орган және лицензиялау мен есептілік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Жеке меншік кредиттік бюроларды реттеу және қадағалау жүйесі «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 маусымдағы Заңының (бұдан әрі – Заң) және лицензиялау мәселелерін реттейтін әрі ақпараттық процестерді ұйымдастыруға қойылатын талаптарды белгілейтін бірқатар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер негізінде әрекет етеді.
      Заңға сәйкес кредиттік бюроларға міндетті түрде ақпарат жеткізушілер – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларын жүргізуге лицензиялары бар ұйымдар ақпаратты барлық кредиттік бюроларға беруге тиіс.
      Шарт негізінде кез келген өзге тұлғалар ақпаратты өз еркімен жеткізуші бола алады. Осылайша, халықаралық қаржы ұйымдары мен шағын кредиттік ұйымдар да барлық деңгейдегі (мемлекеттік және жеке меншік) кредиттік бюролармен ақпарат алмасуға қатыса алады.
      Кредиттік бюролар қызметтердің сапасы мен құнын, өздері ерікті негізде жинайтын қосымша ақпаратты және қосымша қызмет түрлерін қамтамасыз ету есебінен өзара бәсекеге түседі.
      Кредиттік бюролардың ақпаратын негізгі пайдаланушылар екінші деңгейдегі банктер мен басқа да қаржы ұйымдары болып табылады. Соттар мен құқық қорғау органдарының да заңнамалық актілерге сәйкес ақпарат алуға құқығы бар.
      Дүниежүзілік Банктің «Бизнесті жүргізу» («Doing Business») жыл сайынғы рейтингтік бағалауы бойынша әлемнің бір жүз сексеннен астам елінің арасында 2008 – 2011 жылдар аралығында Қазақстанның кредиттік бюролар жүйесінің индексі 13,7-ден 29,9-ға артты, бұл ТМД елдерінің осындай көрсеткіштерінен жоғары: Ресей (14,4), Украина (10,1), Қырғызстан (11,9).
      Бұған елде мемлекеттік тіркелімнің және жеке меншік кредиттік бюроның болуы, кредиттік бюроларға жеке және заңды тұлғалар жөнінде ақпарат беру және бірқатар өзге де жағдайлар ықпал етті.
      Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 923 Жарлығымен бекітілген Қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасында кредиттік бюроларға ұсынылатын ақпараттың тізбесін кеңейту, кредиттік тарих субъектілері жөніндегі ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша кредиттік бюролардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауы, кредиттік бюроның лауазымды тұлғаларының ақпараттық қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту көзделген.
      Мыналар кредиттік ақпарат жинаудың қолданыстағы жүйесінің проблемалық аспектілері болып табылады:
      1) мемлекеттік кредиттік тіркелім ақпаратын кредиттік бюролардың деректер базасымен салыстырудың мүмкін болмауы;
      2) ақпараты кредиттік бюролардың кредиттік есептерін кеңейту үшін қызығушылық тудыратын және кредиттік бюро клиенттері болып табылатын қаржы институттары үшін пайдалы болатын бірқатар мемлекеттік ақпараттық деректер базасына қол жетімділіктің болмауы;
      3) қаржылық емес сектордың кредиттік ақпаратына қол жетімділіктің болмауы;
      4) кредиттік бюролар қызметтерінің түрлерін кеңейту үшін жағдайдың (скоринг бағалауды, статистикалық және талдамалық есептерді кең ауқымды ұсынудың, жылжымалы мүлік кепілі бойынша деректер базасын жүргізудің; бөлшектеп сату ұйымдарымен ынтымақтастықтың, кредиттік портфельдерді талдаудың) болмауы;
      5) ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету мүмкіндігінің болмауы;
      6) кредиттік бюролардың санына байланысты ақпарат жеткізушілер мен кредиттік есептерді алушылар шығындарының ұлғаю мүмкіндігі, бұл қарыз алушыларға жүктеледі.
      Көрсетілген проблемалық аспектілер бірінші кезекте қаржы қызметтерін тұтынушылар, атап айтқанда қарыз алушылар құқықтарының бұзылуына алып келеді, сондай-ақ өздерінің қандай да бір мақсаттарына қол жеткізу үшін кредиттік тарихтарды қалыптастыру жүйесіне қатысушылардың ақпаратымен айлалы әрекет жасауына мүмкіндік береді, бұл бүкіл экономиканың даму қарқынына келеңсіз ықпал етеді. Қазіргі замандағы экономикада кредиттік бюроның рөлі қарыз алушылар туралы объективті ақпарат жинау мен ұсынудан ғана емес, қарыз алушылардың кредит төлеу қабілеттілігіне байланысты тәуекелдерді азайту есебінен кредит беруді дамытуға ықпал етуден де тұрады.
      Коллекторлық агенттіктер. Коллекторлық агенттік ұғымы (ағылшынша «сollection» – жинау) АҚШ-тан шыққан. Іс жүзінде коллекторлық агенттік кредит беруші мен өзіне борышты белгілі бір пайызбен қайтару жөнінде жұмыс жүргізу міндеттемесін алатын борышкер арасындағы делдал болып табылады.
      АҚШ-тың коллекторлық агенттіктерінің заңнамамен регламенттелетін іс-қимылымен салыстырғанда, қазақстандық коллекторлық агенттіктерге тек борышкер өтінішінің негізінде телефон қоңырауын шалуға тыйым салумен шек қойылмаған және жеке ақпаратты жинау мен пайдалануға шек қойылмаған. Қазақстанда мұндай қызметтерге салынатын жанама шектеулер азаматтық және қылмыстық заңнамаларда ғана ішінара ескерілген. АҚШ-та заңнамалық актілерге сәйкес борышкердің көршілері мен туыстарының оны борышын қайтаруға ынталандыруы немесе мәжбүрлеуі мақсатында коллекторлық агенттіктің оларға қайта-қайта қоңырау шалуына тыйым салынған, алайда бұл адамдар борышкер туралы жалған немесе толық емес ақпарат береді деген күдіктің болуына қарамастан, оларға бір рет қана қоңырау шала алады. Сондай-ақ аталған заңнамаға сәйкес коллектордың аты-жөні туралы, сонымен қатар оны жалдаған адамның аты-жөні туралы жеке сұрақ болса, коллектор оған жауап беруге міндетті.
      Қазақстанда өзін коллекторлық агенттік ретінде танытатын шамамен жеті ұйым және Жарғыларында борышты жинау және коллекторлық қызмет көрсету жөніндегі қызмет көрсетілген заң компаниялары белсенді әрекет етеді. Сондықтан коллекторлық қызмет ерекшеліктерін қазіргі уақытта түсіну қиынға соғып отыр.
      Тек қана коллекторлық қызметпен айналысатын ұйымдар арасында
«КСС» коллекторлық агенттігі, «ЮСБ Коллектор Казахстан» коллекторлық агенттігі, «ФАСП» коллекторлық агенттігі мен басқаларын атап көрсетуге болады. Негізінен, коллекторлық агенттіктер Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерімен байланысты құрылымдар болып табылады немесе «ЮСБ Коллектор Казахстан» коллекторлық агенттігі, «ФАСП» коллекторлық агенттіктері сияқты шет елдердің ірі коллекторлық компанияларының атынан әрекет етеді және дебиторлық берешекті талап ету туралы шарттар негізінде жұмыс істейді.
      Қазіргі уақытта коллекторлық агенттіктердің қызметі арнайы заңнамамен реттелмейді, лицензияланбайды және оны мемлекеттің атынан оның уәкілетті органдар бақыламайды. Бірқатар коллекторлық агенттіктердің ішкі тәртіп кодекстері бар, оларды ұйым қызметкерлері борышкерлермен жұмыс істегенде ұстануға тиіс.
      Коллекторлық агенттіктердің екінші деңгейдегі банктерді өзіне тән емес берешекті жинау функциясынан босатуға, банк қызметінің имидждік жақтарын, коллекторлық агенттіктердің борышкерлермен кәсіби және барынша мұқият жұмыс істеу мүмкіндігін, олардың тәртібіне мониторинг жүргізуді, борышты жинау тарихын қалыптастыруды жақсартуға жәрдемдесуі олардың қызметінің жағымды факторы болып табылады. Бұл борышты не оның бір бөлігін өндіріп алуға не банктерге ақпарат беруге мүмкіндік береді, осы ақпарат көмегімен банк борышты өндіріп алу жөніндегі жұмыстың келешектегі перспективасы туралы, мысалы, борышты кейіннен есептен шығарудың мүмкіндігі және құрылатын провизияларды азайту туралы қорытынды жасай алады.
      Коллекторлық агенттіктер борыштың қайтарылуын қамтамасыз ету жөнінде іс-қимылдар жүргізу туралы тапсырыс шарты бойынша, талап ету құқығын басқаға беру, борышты сатып алу шарты бойынша жұмыс істей алады, сондай-ақ оны кейіннен секьюритилендіруді жүзеге асыра алады. Коллекторлық агенттіктердің мынадай жұмыс нысаны кездеседі, олар борышкермен жұмыс істеу бойынша коллекторлық тарихты дербес, өз қаражаты есебінен қалыптастырып, кейіннен оны борышты одан әрі талап ету немесе есептен шығару туралы шешім қабылдау үшін тәуелсіз дереккөздің пікірі ретінде пайдалана алатын кредиторға сатады.
      Алайда, кредиттік қаражатты қайтармау тәуекелінен туындаған келеңсіз салдарды жоюдың нақты тетігі, негізінен, қазіргі уақытта үлкен операциялық жүктемесі бар және оның қатысушыларынан қомақты уақыт шығындарын талап ететін дәстүрлі сот жүйесінің мүмкіндігіне ғана негізделеді.
      Коллекторлық агенттіктердің қызметі қаржылық қызметтер болып табылмайды және бұл агенттіктер қаржы нарығының қатысушылары бола алмайды, өйткені коллекторлық агенттіктер азаматтық-құқықтық шарт шеңберінде берілген мерзімі өткен қарыздармен, коммуналдық берешектермен, сондай-ақ кез келген мерзімі өткен борыштарды жинаумен айналыса алады.
      Әлемдік практика көрсетіп отырғандай, коллекторлар кредитор мен қарыз алушы/борышкер қатынастарын реттеу жөніндегі делдал рөлінде әрекет етіп, борышкерге проблеманы шешудің нұсқаларын/опцияларын ұсынады. Берешекті әртүрлі опциялармен қайта қаржыландыру, оның ішінде борыштың бір бөлігін кешіру бойынша ұсыныстар банктің қарыз алушыларына қатысты проблеманы шешудің осындай нұсқалары болуы мүмкін. Бұдан басқа, коллекторлық ұйымдардың қызметі банктік қарыздар мәселелерімен ғана шектелмейді, ол шағын кредиттерді, сондай-ақ азаматтардың борыштық міндеттемелерінің (коммуналдық қызметті қоса алғанда) басқа да түрлерін қамтиды.
      Мыналар Қазақстандағы коллекторлық қызметтің проблемалы аспектілері болып табылады:
      1) коллекторлық агенттіктерді аккредиттеудің және оларды мемлекеттік реттеудің болмауы;
      2) персоналға қатысты біліктілік талаптарының болмауы және коллекторлық агенттіктерге бұрын қылмысты болғандар және қылмыстық сипаттағы адамдардың ену қаупі;
      3) борышкерлер заңсыз қызметіне шағымданған кезде коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің тәртібін бағалау мүмкіндігінің болмауы және прокуратура органдары тарапынан әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау желісі бойынша тексерулер шеңберінде ден қою тәсілдерін қоспағанда, коллекторлық агенттікке уәкілетті мемлекеттік орган тарапынан ықпал ету мүмкіндігінің болмауы;
      4) қызметінің ашық болмауы және кредиторлар мен борышкерлердің заңды құқықтарының бұзылу тәуекелі;
      5) коллекторлық ұйымдардың қызметі туралы сандық көрсеткіштердің (статистика) болмауы.
      Аралық соттар. Аралық сот (төрелік) – бұл тараптардың өзара келісімі негізінде азаматтық-құқықтық дауларды шешуді жүзеге асыратын азаматтық қоғамның өзін-өзі реттеу институты. Аралық сот институты дау-дамайларды шешудің баламалы тәсілдерінің ішінде кең тараған түрі болып табылады.
      Аралық соттардың қызметі «Аралық соттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі, төреліктің қызметі «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Сонымен қатар, аралық соттарды реттеу аспектілері Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде, Қазақстанда әрекет ететін аралық соттардың регламенттерінде қамтылған.
      Төрелік пен аралық сот арасындағы өкілеттіктердің аражігін бөлу резиденттік белгісі бойынша жүргізіледі: резиденттер арасындағы даулар «Аралық соттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша; тым болмаса біреуі резидент емес болып табылатын тараптар арасындағы даулар «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша қаралады.
      Қазіргі уақытта Қазақстанда жиырмаға жуық аралық сот (халықаралық коммерциялық төрелік) бар, олардың арасында ең танымалы – Қазақстандық Халықаралық Төрелік, «IUS» Халықаралық аралық соты, Халықаралық Төрелік (Аралық) сот (IAC), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының жанындағы Халықаралық төрелік сот және Аралық сот. Аралық соттың (халықаралық коммерциялық төреліктің) мәні дауды шешу үшін тараптардың өздері құрған мемлекеттік емес орган дегенді білдіреді. Дауларды қарау үшін төрешілерді (аралық судьяларды) дауласушы тараптарды өздері таңдайды. Бұл ретте тараптар дау қаралатын қағидаларды да айқындауға құқылы. Аралық соттардың (халықаралық коммерциялық төреліктердің) шешімдері Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын бірқатар халықаралық конвенцияға сәйкес танылады және атқарылады (тараптар ерікті түрде орындаудан бас тартқан жағдайда).
      Нарық субъектілерінің қандай да бір аралық соттардың қызметі туралы заңнамасының болуына қарамастан, бұл институттар тиісінше дами алмады. Бұған жұртшылықтың аралық соттар туралы хабардар болуының төмендігі және тиісінше оларға деген сенімсіздік кедергі жасауда.
      Жалпы, Қазақстандағы ақпараттық процестерге байланысты құқықтық әдіснама одан әрі дамытуды талап етеді.
      АҚШ-тағы бірқатар ірі компаниялардың соңғы бірнеше жылда банкрот болу жағдайлары қаржылық есептілікті пассивтер өсімінің шынайы серпінін көрсетпей, шеберлікпен ұсынуға болатынының көрнекі мысалы. Оның үстіне, ұзақ мерзімді міндеттемелерді компания оң теңгерімдік көрсеткіштерді ұстап тұратын кезеңдерге орналастыруға болады. Бұдан басқа, шартты, жаңа ғана қабылданған және іс жүзінде шарттарда ғана тіркелген міндеттемелер есептіліктің стандартты түрлеріне енгізілмеуі мүмкін. Жергілікті және халықаралық практика корпоративтік топтардың ішінде компаниялардың берешектерін жасыру үрдісін көрсетіп отыр, бұл «құпиялы ақпарат» ұғымын аталғандай кеңінен талқылаған кезде объективті түрде болады. Мұндай тәсілде әріптестің міндеттемелерді орындамағаны туралы ақпаратты да құпия ақпаратқа жатқызуға болады, алайда логика бойынша міндеттемелерді орындамау туралы ақпаратты шарттық ақпаратқа жатқызуға болмайды, өйткені шарт міндеттемелерді орындамау туралы келісім емес, оларды орындау туралы келісім болып табылады.
      Қазақстан Республикасындағы қолданылатын заңнама тұрғысынан әріптестің міндеттемелерді орындамағаны туралы ақпарат қорғалатын құпиялардың бірде бір түріне жатпайды, алайда жоғарыда айтылғандай, шарттық практика заңды шеңберден кеңірек. Бұған қоса, заңнамалық та, шарттық та практикаға байланысты емес жабық ақпарат туралы дәстүрлі түсінік қалыптасқан.
      2011 жылғы 28 қаңтарда Мемлекет басшысы «Медиация туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне медиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
      Көрсетілген заңдарда дау-дамайларды шешудің баламалы тәсілі ретінде медиация институтын пайдалануға байланысты қатынастарды реттеу ұсынылады.
      «Медиация туралы» Заң медиация түсінігін кеңінен ашып көрсетеді, оның негізгі қағидаттарын, қолданылу аясын, медиация рәсімдерінің кепілдіктерін, медиаторлардың құқықтық мәртебесін, медиаторларға қойылатын талаптарды, медиация өткізу тәртібін, медиаторлар қызметінің ақысын және т.б. белгілейді.
      Медиацияны мынадай:
      1) еріктілік;
      2) медиация тараптарының тең құқылығы;
      3) медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы;
      4) медиация рәсіміне араласуға жол бермеу;
      5) құпиялық қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асыру болжанады.
      Медиация азаматтық-құқықтық қатынастардан, соның ішінде кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыруға байланысты туындайтын дау-дамайларды, еңбек және отбасылық құқықтық қатынастардан, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын өзге де жеке құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық-құқықтық қатынастар саласындағы дау-дамайларды реттеу кезінде қолданылатын болады.
      Медиацияны пайдалану:
      1) дауларды жеке тайталасу саласынан мүдделі пікірталас саласына ауыстыра отырып, олардың даулылығы мен шиеленісуін төмендетуге;
      2) мүдделі азаматтар мен ұйымдардың дауларды сотқа жүгінбей (сотқа дейінгі сатыда) және істі сотта қарау процесінде шешу үшін татуласу рәсімдерін пайдалануына мүмкіндік беретін шынайы әрекет ететін жүйе құруға;
      3) дауға қатысушылардың үнемділігін, шығынның барынша төмен болуын қамтамасыз етуге;
      4) медиация рәсімдеріне тәжірибелі әділ сот шешімін шығаруда толық көлемде қолданылатын өмірлік тәжірибесі мол, білімі жоғары адамдарды, отставкадағы соттарды, прокурорларды, адвокаттарды тартуға мүмкіндік жасауға;
      5) медиацияны кеңінен қолдануға, нәтижесінде құқықтық процесті кінәлілерді іздеуге емес, ортақ шешімге келу жолдарын іздестіруге бағыттай отырып, оны ізгілендіруге;
      6) дауға қатысушылардың барлығынан күнделікті өмірде қолданыстағы заңнама нормаларын білуді және оны қолдану дағдыларын талап ететіндіктен, жалпы құқықтық мәдениеттің дамуына ықпал етуге;
      7) дауларды қарау сапасының артуына мүмкіндік беретін қаралатын істердің санын, соттарға түсетін жүктемені азайтуға;
      8) медиация жағдайларында қабылданған шешім екі тарапты да қанағаттандырып, қажетті шешімді «күштеп шығару» қажеттігін болдырмайтындықтан, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық аясын қысқартуға мүмкіндік береді.

Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

      Осы Тұжырымдама мемлекеттік емес, тәуелсіз институттарға да, экономикалық тәуекелдерді басқару жүйесін реттеу мен жетілдірудің және ақпарат таратудың жалпы мәселелеріне де қатысты болады. Бұл ретте дағдарысты еңсерудің әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай, аталған институттар мен тәуекелдерді бағалауға қатысты дәстүрлі тәсілдер ұдайы жаңғыртуды қажет етеді.
      Осы Тұжырымдама Қазақстан Республикасындағы тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру, атап айтқанда, ұлттық рейтингті пайдалану үшін негіздерді жетілдіру, ақпараттың сапасын қамтамасыз ету мақсатында кредиттік бюролардың қызметін реттеу, коллекторлық агенттіктердің жұмысы үшін құқықтық өрісті қалыптастыру, сондай-ақ төрелік соттардың рөлін күшейту және мемлекеттік сот жүйесінің жүктемесін азайту арқылы елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған.
      Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер айқындалған:
      1) ақпараттық алмасу тетігін және ұлттық рейтингтік агенттіктер қызметінің ұйымдастырылуын жақсарту;
      2) қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, кредиттік тарихтардың дұрыстығы мен сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кредиттік тарихтарды қалыптастырудың екі деңгейлі жүйесін құру;
      3) кредиттік тарихтардың эталонды деректер базасы ретінде мемлекеттік кредиттік бюро құру;
      4) коллекторлық агенттіктер қызметінің салалық стандарттарын енгізу және мемлекеттік реттеу есебінен олардың қызметінің тиімділігін арттыру;
      5) коллекторлық агенттіктер қызметінің процесінде борышкерлер мен кредиторлардың құқықтарын қорғау бойынша теңгерімді қамтамасыз ету;
      6) халықты, оның ішінде бизнес-қоғамдастықты аралық соттың дауларды шешу қызметі мен басымдықтары туралы кеңінен хабардар етуді қамтамасыз ету арқылы Қазақстан Республикасының соттарына жүктемені азайту.

Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер мен орындау мерзімдері

      Қойылған міндеттерге қол жеткізу нәтижесінде тәуекелдерді басқару жүйесін жақсарту есебінен экономикалық тәуекелдер төмендетіледі. Бұл ретте тәуекелдерді басқару шекті екі ұстанымнан: оң факторды формализациялаудан және теріс факторды формализациялаудан алшақтайтын болады.
      Айталық, елдегі кредит берудің өсуі кезеңінде тәуекелдерге қатысты жалпы оң көрініс қаржы институттары тарапынан тәуекелдердің егжей-тегжейлі немесе жеке аспектілеріне немқұрайлы көзқарасқа формальді түрде ықпалын тигізді, өйткені жалпы оң фактор басым болды және жеке аспектілерді ескермеу салдарынан пайда болған жағымсыз салдарды жауып отырды. Шын мәнінде, екінші деңгейдегі банктердің қарыздары бойынша жалпы табыстылықтың өсуі олардың фрагментарлық шығындарынан асып түсті. Кейіннен жаһандық қаржылық дағдарыс тәуекелдерді басқару кезінде назарды мүлде қарама-қарсы жаққа аударып, басқа түрдегі формализациялауға алып келді. Тәуекелдерді басқарудағы оң өзгерістер ретінде ұлттық рейтингтік агенттіктердің қызметін жандандыруға және кредиттік тарихтарды қалыптастыру жүйесінің өзгеруіне әрі кредиттік бюролар қызметі тізбесінің кеңейтілуіне байланысты қаржылық институттар тәуекелдерін бағалау әдістемелерін дараландыру дәрежесі, олардың қаржылық емес секторды қамтуы (телекоммуникациялық компаниялар, коммуналдық қызметтер, жылжымалы мүлік кепілі, бөлшек сату) күшейтілетін болады.
      Тәуекелдерді басқарудың неғұрлым дараландырылған сипаты кредит беруді «сапалы қарыз алушы» мәртебесін түсінудегі тәсілдерді өзгерту негізінде дамытуға мүмкіндік береді. Бұл елдегі экономикалық белсенділікті жандандырады, өйткені тәуекелдерді талдаудың өсе түсіп отырған дараландыру дәрежесі тәуекелдерді бағалау әдістемелерінің саралануына алып келеді, ал таңдау тәсілі инвесторлардың сенімін арттырып, бәсекелі ортамен негізделген жылдам бейімделуге қабілетті тәуелсіз келісімшарт жасасу тәуекелдерін бағалау институттарының рөлін арттырады.
      ҰРА рейтингтерінің болжамдары инвесторларға жетекші әлемдік рейтингтік агенттіктердің барынша орнықты және барынша консервативтік тәсілінен ерекшеленетін екінші рейтинг деңгейін ұсына отырып, ішкі нарықты терең талдауға және ел ішіндегі өзгеріп жатқан жағдайларды көрсетуге шоғырландырылатын болады деп межеленіп отыр.
      Қаржы нарықтарын дәйекті басқару үшін бірінші деңгей ретінде халықаралық рейтингті және екінші деңгей ретінде ұлттық рейтингті қамтитын рейтингтің екі деңгейлі жүйесі белгіленетін болады. Рейтингтің екінші деңгейін дамыту ҰРА бағалауларын халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауларымен бірге пайдалануға және барынша сараланған инвестициялық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Ұлттық нарықты білу, сондай-ақ клиенттер шығындарының төмен болуы ҰРА-ның халықаралық агенттіктер алдындағы артықшылығы болып табылады. ҰРА отандық эмитенттермен және инвесторлармен тығыз қарым-қатынаста болады және елде ерекше ілімдерді жинауға, ұлттық сарапшылар пулын қалыптастыруға жәрдемдеседі.
      Ұлттық рейтинг жүйесін жетілдіруге қатысты осы әдіс Қазақстанның инвестициялық нарығын жандандырып, шетел инвестицияларын тартуға және Қазақстандағы экономикалық жағдайды жалпы нығайту мен тұрақтандыруға жәрдемдеседі.
      Кредиттік ақпарат жинаудың мемлекеттік кредиттік бюроны және жеке меншік кредиттік бюроны қамтитын екі деңгейлі жүйесі қалыптастырылады. Мемлекеттік кредиттік бюро Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің жанында орналасатын болады және өз қызметін коммерциялық емес ұйым нысанында жүзеге асырады. Мемлекеттік кредиттік бюро қарыз операциялары бойынша кредиттік тарихтың эталондық деректер базасын қалыптастырады.
      Бұдан басқа, мемлекеттік кредиттік бюро ақпараттық деректер базасын ақпараттың толықтығы мен дұрыстығы туралы дауларды шешу кезінде ақпаратты мемлекеттік қадағалау және жеке меншік кредиттік бюролармен салыстыру мақсатында пайдалануға, ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың деректер базасына қол жеткізуге, сондай-ақ жеке меншік кредиттік бюролар таратылған жағдайда олардың кредиттік тарихтар деректерінің ақпараттық базаларын қабылдауға құқылы.
      Қазақстан нарығында коллекторлық ұйымдардың қызметін жандандыру тәуекелдерден туындайтын жағымсыз салдарды жоюға ықпал ететін болады, алайда мемлекет тарапынан жіті назар аударуды талап етеді, өйткені кредиторлық берешекті талап ету процесінде азаматтардың конституциялық құқықтары, атап айтқанда тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы, сотта қорғалу құқығы және басқа құқықтары бұзылуы мүмкін. Кредитордың құқықтарын қорғау мен жүгенсіздік арасындағы шекті айқындау мақсатында коллекторлық қызмет үшін қағидалар жинағын қабылдау қажет. Бұл кредиторлардың мүдделеріне де, борышкерлердің мүдделеріне де оң ықпал етеді. Тәуекелдердің жағымсыз салдарын одан әрі еңсеру кредиторды сот инстанцияларының алаңына алып келетінін ескеретін болсақ, мемлекеттік сот жүйесінің жүктемесін азайтуға бағытталған іс-шаралар да, халықты дауларды сотқа дейінгі реттеу ұйымдарының (медиация, аралық сот, төрелік) қызметі туралы хабардар ету де өз пайдасын береді.
      Тұтастай алғанда, келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын және корпоративтік дауларды оңайлатылған шешу институттарын дамыту 5 жыл ішінде жүзеге асырылады.

2. Келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын және корпоративтік дауларды оңайлатылған жолмен шешу институттарын дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері Жалпы негізгі қағидаттар мен тәсілдер

      Келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын және корпоративтік дауларды оңайлатылған жолмен шешу институттарын дамытудың негізгі бірінші қағидаты көрсетілген институттарды тәуекелдерді басқарудың жалпы жүйесінің құрамдас элементтері ретінде қарау үшін жүйелі тәсіл қағидаты болуға тиіс.
      Жүйелі тәсіл тәуекелдерді басқаруды құрылымдауға, тәуекелдерді бағалау жөніндегі қызметке қатысы бар институттардың тізбесін және тәуекелдерді анықтауға (қандай да бір оқиғаны тәуекел деп тануға) бағытталған рәсімдерді, тәуекелдер рейтингтерін (тәуекелдерді бағалаудың өзін), тәуекелдер туралы ақпараттың мониторингін және деректер базасын жүргізуді айқындауға, сондай-ақ тәуекелдер туралы ақпараттың алдын ала басқару шешімдерін қабылдауға әсер ету тетігін, сондай-ақ тәуекелдерді тиімсіз басқарудан туындаған теріс салдарларды жою тетігін анықтауға мүмкіндік береді.
      Екінші негізгі қағидат мемлекеттік және корпоративтік секторлардан, және барлық мүдделі тараптардан тәуелсіз болу қағидаты болып табылады.
      Дағдарыстан кейінгі экономика жағдайында, тәуекелдерді басқарудың мемлекеттік емес құрамдас жүйесін күшейту аясында нарық субъектілерінің жай-күйі туралы ақпараттың жеткіліксіздігі проблемаларын шешуге бағытталған тәуелсіз институттардың: ұлттық рейтингтік агенттіктердің, кредиттік бюролардың және тәуекелдер салдарын жою жөніндегі институттардың, коллекторлық агенттіктер мен аралық соттардың рөлі артады.
      Мемлекеттік емес құрамдас бөлікке келетін болсақ, оның артықшылығы мемлекеттік реттеуге және мемлекеттік бюджеттің шығыстарына жүктемені азайту, төрешілдік дәрежесін төмендету, ақпараттық ресурстарға монополияны болдырмау және нарыққа қатысушылардың бастамашылық әрекеттерін ынталандыру қажеттілігіне негізделген.
      Үшінші қағидат келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттары (рейтингтік агенттіктер, кредиттік бюролар) үшін шынайы ақпараттың ашықтығы мен қол жетімділігі болып табылады.

Ұлттық рейтингтік агенттіктерді дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері

      Осы Тұжырымдамаға сәйкес ҰРА дамытудың негізгі қағидаттары:
      1) заңнамада белгіленген шектеулері бар институционалдық инвесторларды қоспағанда, рейтингтік агенттіктердің жарғылық капиталдарына қаржы құралдарының эмитенттері болып табылатын заңды тұлғалардың қатысуына заңнамалық тұрғыдан тыйым салуды білдіретін қаржы құралдарының эмитеттерінен ҰРА-ның тәуелсіз болу қағидаты (жарғылық капиталдың бес пайызынан аспайтын);
      2) ҰРА қызметіндегі бәсекелестік қағидаты;
      3) ҰРА құру және аккредиттеу тәртібін мемлекеттік реттеу қағидаты;
      4) лауазымды тұлғалар мен ҰРА сарапшыларының рейтингтерді беру жөніндегі қызметте рейтингті жүзеге асыруға негіз болған көрінеу жалған ақпаратты пайдаланғаны немесе ақпаратты әдейі бұрмалағаны, сондай-ақ жария ақпаратқа жатқызылмайтын ақпаратты санкциясыз және мақсатсыз ашқаны және пайдаланғаны үшін жауапкершілік қағидаты;
      5) ҰРА пайдаланатын ашықтық, рейтингтік әдістемелер қағидаты болып табылады.
      ҰРА дамытудың жалпы тәсілдері ретінде осы Тұжырымдамада:
      1) Қазақстан Республикасында халықаралық рейтингтік агенттіктердің рейтингін және ҰРА рейтингін қамтитын екі деңгейлі рейтинг жүйесін қалыптастыру;
      2) тәртібі ҰРА-ға, олардың жарғылық капиталының мөлшеріне қойылатын талаптарды, ұлттық рейтингтік агенттіктердің басшылары мен жетекші қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарын, ҰРА пайдаланатын бағалау әдістемелеріне қойылатын талаптар кешенін қамтуға тиіс Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық ҰРА-ны аккредиттеу жүйесін заңнамалық тұрғыдан бекіту көзделеді.

Кредиттік бюроны дамытудың негізгі қағидаттары
мен жалпы тәсілдері

      Осы Тұжырымдамаға сәйкес кредиттік бюроларды дамытудың негізгі қағидаттары:
      1) заңнамаға сәйкес кредиттік бюроларда жарғылық капиталының жиырма бес пайызынан аспайтын мөлшерде ақпаратты кредиттік бюроларға міндетті жеткізіп берушілер және алушылар болып табылатын ұйымдар үшін жеке меншік кредиттік бюроның жарғылық капиталына қатысу үлестерін шектеу қағидаты;
      2) кредит қызметтері нарығында жосықсыз бәсекелестік мақсатында кредит тарихы ақпаратын пайдаланғаны үшін кредиттік бюролардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі қағидаты болып табылады.
      Кредиттік бюроларды дамытудың жалпы тәсілдері ретінде осы Тұжырымдамада:
      1) кредиттік тарихты қалыптастырудың екі деңгейлі: мемлекеттік кредиттік бюро (1-деңгей) және жеке меншік кредиттік бюро (2-деңгей) жүйесін құру;
      2) коммерциялық емес ұйым нысанында мемлекеттік кредиттік бюро құру;
      3) иелігінде ақпараттық деректер базасы бар мемлекеттік органдармен, мемлекеттік кәсіпорындармен және мекемелермен мемлекеттік кредиттік бюроның ақпарат алмасу шарттары мен тәртібін заңнамалық түрде реттеу;
      4) кредиттік бюролардың деректер базасында бар ақпаратты мемлекеттік кредиттік тізілімдегі және мемлекеттік басқару органдарының, мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің басқа да деректер базасындағы ақпаратпен верификациялаудың шарттары мен тәртібін заңнамалық түрде бекіту (мемлекеттік басқару органдармен келісім бойынша);
      5) ақпарат алмасуда электрондық-цифрлық қолтаңбаны пайдалануды кеңейту шарттарын заңнамалық түрде бекіту көзделеді.

Коллекторлық агенттіктерді дамытудың негізгі қағидаттары
мен жалпы тәсілдері

      Осы Тұжырымдамаға сәйкес коллекторлық агенттіктерді дамытудың негізгі қағидаттары:
      1) коллекторлық агенттіктердің қызметін мемлекеттік реттеу қағидаты;
      2) коллекторлық агенттіктердің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде заңнама талаптарын бұзғандығы үшін жауапкершілік қағидаты болып табылады.

Аралық соттарды дамытудың негізгі қағидаттары
мен жалпы тәсілдері

      Осы Тұжырымдамаға сәйкес аралық соттарды дамытудың негізгі қағидаттары:
      1) шарт тараптарының аралық сотты еркін таңдау қағидаты;
      2) тараптардың бәсекелестігі мен тең құқықтылығы, әділдігі мен құпиялылығы қағидаты болып табылады.
      Аралық соттардың әлеуетін одан әрі дамыту үшін олардың қызметін кешенді түрде ақпараттық жария ету қажет. Бұдан басқа, халықты іс-қимыл қағидаттары, басымдықтары және дауларды сотқа дейін реттеу институттарының (медиация, аралық сот, төрелік) басқа да тиісті мәселелері туралы хабардар етуге ерекше назар аудару қажет.

3. Дамудың тиімді тәсілдері мен әдістері

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру мақсатында мынадай тиімді тәсілдер мен әдістер пайдаланылады:
      1) заңнама мен құқық қолдану практикасында жалпы заңдылықтар мен үрдістерді анықтау мақсатында тарихи талдау әдісі;
      2) Қазақстан үшін барынша нәтижелі және қолайлы үлгілерін енгізу мақсатында халықаралық практиканың оң мысалдарына негізделген салыстырмалы талдау әдісі;
      3) экономикалық тәуекелдерді басқарудың жалпы жүйесінің және олардың белгіленген жүйе шеңберіндегі орны мен рөлін түсінудің құрамдас элементтері ретінде келісімшарт жасасу тәуекелдері мен экономикалық дауларды оңайлатылған жолмен шешу институттарын және тәуелсіз бағалау институттарын түсінуге негізделетін жүйелі талдау әдісі;
      4) жоғарыда аталған институттарды дамыту үшін қолайлы бастапқы шарттар жасау мақсатында барлық қажетті нормативтік құқықтық актілерді бір жолғы әзірлеуден және қабылдаудан тұратын кешенді тәсіл әдісі;
      5) осы Тұжырымдамада көзделген міндеттерді шешуді сынау мақсатында келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттары мен корпоративтік дауларды оңайлатылған жолмен шешу институттарының қатысуымен пилоттық жобаларды ұйымдастыру (мемлекеттік ақпараттық деректер базаларымен ақпарат алмасуды тестілеу);
      6) келісімшарт жасасу тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттары (рейтингтік агенттіктер, кредиттік бюролар) мен корпоративтік дауларды оңайлатылған жолмен шешу институттарының (коллекторлық агенттіктер, аралық соттар) осы Тұжырымдамада айқындалған директивтік бағыттарға қатысты тәжірибелік қызметін және нақты тәжірибенің осы Тұжырымдамада айқындалған мақсаттарға қаншалықты сәйкес келетінін анықтау мақсатында жүзеге асырылған пилоттық жобалардың нәтижелерін талдау.

4. Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Мыналар осы Тұжырымдаманы іске асырудың қолданыстағы құралдары болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;
      2) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;
      3) Қазақстан Республикасының Азаматтық-іс жүргізу кодексі;
      4) «Аралық сот туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      5) «Халықаралық коммерциялық төрелiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      6) «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      7) «Банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      8) «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюро және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      9) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 923 Жарлығымен мақұлданған Дағдарыстан кейінгі кезеңде қаржы секторын дамыту тұжырымдамасы және келісімшарт жасасу, тәуекелдерді бағалау және дауларды шешу мәселелерін қозғайтын өзге де нормативтік-құқықтық актілер.
      Бұдан басқа, осы Тұжырымдаманы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тәуекелдерді барынша азайту бөлігінде банк қызметін және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы және көрсетілген Заң жобасын іске асыру үшін тиісті заңға тәуелді актілер арқылы іске асыру көзделіп отыр.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады