Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2011 жылғы 28 сәуірде Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі арасындағы Ақпараттандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 13 қаңтардағы
№ 39 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі арасындағы Ақпараттандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (2012 жылғы 19 наурызында күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 3, 34-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Молдова Республикасының Үкіметі,
өз мемлекеттерінде ақпараттық технологиялар саласын экономикалық және әлеуметтік дамытудың игілігі үшін ақпараттық технологиялар саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге ұмтыла отырып,
өзара тиімді жағдайларға негізделген ақпараттық технологиялар саласындағы, сондай-ақ екі Тарап арасындағы достық қатынас нысанындағы ынтымақтастық пен өзара қарым-қатынасты дамыту ниетін басшылыққа ала отырып,
ақпараттық технологиялар саласындағы бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға, технологиялар мен қызметтер нарығын дамытуға жәрдемдесуге ниеттене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және Халықаралық электр байланысы одағының ұсынымдарына сәйкес Тараптар ақпараттық технологиялар саласында ынтымақтасады.
2-бап
Тараптар ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
а) мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін ұйымдастыруды жетілдіру үшін ақпараттық технологияларды пайдалану;
б) электрондық үкімет, электрондық сауданы құру саласында, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану саласында тәжірибе алмасу;
в) ақпараттық қоғамның перспективалы инфрақұрылымын құру және дамыту;
г) қашықтықтан медициналық консультациялар өткізуді қоса алғанда, денсаулық сақтауда ақпараттық технологияларды пайдалану;
д) қабылданған халықаралық нормалар мен ережелерге сәйкес ақпараттық жүйелерді құру, дамыту және стандарттау, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді ілгерілету;
е) білім беру мекемелерін ақпараттандыру және қашықтықтан оқыту;
ж) өзара тиімді жағдайларда ақпараттық технологиялар саласындағы бірлескен екі жақты жобаларды іске асыру үшін бірлескен кәсіпорындар мен ғылыми зерттеу орталықтарын құру мүмкіндігін талдау;
з) ақпараттық технологиялар саласына инвестициялар тарту;
и) ақпараттық технологияларды дамытудың ұлттық бағдарламаларын іске асыру және технопарктерді құру саласында тәжірибе алмасу;
к) біріздендірілген әлеуметтік картаның негізінде халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметті ұсынуды және оны есепке алуды қолдаудың біріктірілген жүйесін (БАЖ) әзірлеу және енгізу саласында тәжірибе алмасу;
л) бірлескен семинарлар, конференциялар мен форумдар өткізу, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласында ұйымдастырылған іс-шаралардың шеңберінде көрмелік стендтермен қатысу;
м) ынтымақтастықты ілгерілету және қызметтің барлық спектрі бойынша тәжірибе алмасуды жүргізу мақсатында Тараптардың консультациялары мен сараптамаларын ұйымдастыру.
Айрықша өзара мүддені білдіретін қызметтің түрлері осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылады, бірақ жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.
3-бап
Тараптар ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін ұйымдардың арасындағы іскерлік қатынастарды кеңейтуге, оның ішінде өз мемлекеттері қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттарға сәйкес қабылданған Тараптардың міндеттемелеріне нұқсан келтірмеген жағдайда өндірістік тәжірибе және ғылыми-техникалық ақпарат алмасуға ықпал етеді.
4-бап
Осы Келісімнің орындалуы бойынша Тараптар арасындағы ресми хат-хабар жазысу орыс тілінде жүргізіледі.
5-бап
Осы Келісімді іске асыру үшін жауапты органдар:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарапынан - Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі;
Молдова Республикасы Үкіметінің тарапынан - Молдова Республикасы Ақпараттық даму министрлігі болып табылады.
6-бап
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан, сондай-ақ Халықаралық электр байланысы одағының шешімдерінен туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
7-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8-бап
Бірлескен қызметті іске асыру барысында құрылатын зияткерлік меншікке құқықтарды бөлу мәселелері осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастықтың жеке бағыттарын іске асыру үшін жасалатын шарттарға, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және олардың мемлекеттері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес әрбір жеке жағдай үшін реттеледі.
Осы Келісім шеңберінде немесе осы Келісімге тәуелсіз бірлескен қызмет басталғанға дейін Тараптардың әрқайсысы құрған зияткерлік меншік құқықтары өздеріне тиесілі болады.
9-бап
Тараптардың бір де біреуі екінші Тарап жазбаша рұқсат берген жағдайларды және көлемді қоспағанда, осы Келісімді қолдану кезеңінде ғана емес, оның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін де осы Келісімді іске асыру шеңберіндегі бірлескен қызметті жүзеге асыру барысында екінші Тарапқа берілетін ақпараттың құпиялылығын сақтау талабы белгіленген Тараптарға қатысты ешқандай да ақпаратты үшінші Тарапқа жарияламайды және таратпайды.
10-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты туындаған Тараптар арасындағы кез келген даулар Тараптар арасындағы консультациялар және/немесе келіссөздер жолымен шешіледі.
11-бап
Осы Келісім Тараптардың тиісті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығын растайтын соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың ешқайсысы тиісті бес жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жібермеген жағдайда келесі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылатын болады.
Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату, егер Тараптар керісінше уағдаласпаса, оны қолданылу кезеңінде басталған бағдарламалар мен жобаларды іске асыруды қозғамайды.
2011 жылғы «28» сәуірде Астана қаласында әрқайсысы қазақ, молдаван және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада қол қойылды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Молдова Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
_____________________ _______________________
РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні молдаван тілінде берілген.