«Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012 – 2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңін (2012 – 2013 жылдар) бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 16 қаңтардағы № 64 қаулысына
БАСПАСӨЗ БАЯНЫ
2008 жылғы 11 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентінің «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның Факультативтік хаттамасына қол қою туралы» № 711 Жарлығын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012 – 2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңін (2012 – 2013 жылдар) бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 16 қаңтардағы № 64 қаулысы (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) қабылданды. Бірінші кезеңнің мақсаты Қазақстан Республикасының қолданыстағы жекелеген нормативтік құқықтық актілер мен тиісті техникалық стандарттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы мүгедектердің құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы заңнаманы біріздендіру, мүгедектердің тіршілік әрекетінің негізгі саласындағы объектілер мен қызметтердің жағдайын бағалау, мүгедектерге қоғамның төзімділік қарым-қатынасын қалыптастыру болып табылады.
Сонымен қатар, Іс-шаралар жоспарын іске асырудың 5 бағыты айқындалды:
- Мүгедектердің негізгі тыныс-тіршілік салаларындағы объектілерге қолжетімділігін қамтамасыз ету;
- Мүгедектердің негізгі тыныс-тіршілік салаларындағы қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
- Мүгедектерді әлеуметтік қорғау, оңалту жүйесін жетілдіру және оңалту және арнаулы әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру;
- Халықтың ақпараттан хабардар болу деңгейін арттыру;
- Статистика және деректерді жинақтау.
Іс-шаралар жоспарын іске асыру мүмкіндіктері шектеулі адамдардың өмір сүруіне және қоғамға кірігуіне тең құқық пен мүмкіндіктер туғызуға мүмкіндік береді, сондай-ақ басты құндылықтары адам, оның құқықтары және бостандықтары болып табылатын демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде Казақстанның халықаралық имиджіне оң әсер етеді.
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі