Жануарлардың санын реттеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 1 ақпандағы № 186 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 898 қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындақы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылқы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 5 желтоқсандағы № 480 Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 867 бұйрығын қараңыз
      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 27.12.2018 № 898 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 46-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жануарлардың санын реттеу қағидалары

      бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 1 қаңтардағы
№ 185 қаулысымен
бекітілген

Жануарлардың санын реттеу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жануарлардың санын реттеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және жануарлар санын реттеу тәртібін айқындайды.

2. Жануарлардың санын реттеу тәртібі

      2. Жануарлардың санын реттеу мынадай негіздерде:

      1) жануарлар дүниесінің объектілері таратушылары болып табылатын ауруларды халықтың, ауыл шаруашылығы мен үй жануарларының жұқтыруы немесе олармен ауруы қатері төнгенде;

      2) экономикаға едәуір нұқсан келу қатері төнгенде;

      3) жануарлар дүниесінің мекендеу ортасында оның қалыптасқан табиғи теңгерімінің бұзылып, бұл оның жекелеген түрлері санының қысқаруына және басқа да теріс зардаптарға әкеп соққанда;

      4) су айдындарының және (немесе) учаскелерінің гидрохимиялық және өзге де режимдерінің су бетінің қатып қалуына әкелуі мүмкін бұзылу қатері төнгенде жүзеге асырылады.

      3. Республика аумағында жануарлардың санын реттеу үшін Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің (бұдан әрі – Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті) бұйрығымен, ал белгілі бір облыстың аумағында – оның аумақтық бөлімшелерінің бұйрықтарымен, балық ресурстарын және басқа да су жануарларының түрлерін қоспағанда, жануарлар санын реттеу жөнінде комиссия құрылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.06.2013 № 593 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Балықтың және өзге де су жануарлары түрлерінің санын реттеу үшін Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелерінің (бұдан әрі – Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелері) бұйрықтарымен балық ресурстарын және басқа да су жануарлары түрлерінің санын реттеу жөніндегі комиссиялар құрылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.06.2013 № 593 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Көрсетілген комиссиялардың құрамына тиісті Комитеттің немесе оның аумақтық бөлімшесінің, жергілікті атқарушы органдардың, экологиялық реттеу және бақылау, ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың (Комиссияны жинау негізіне байланысты) өкілдері кіреді.

      Комиссияның төрағасы тиісті Комитеттің немесе оның аумақтық бөлімшесінің бірінші басшысы немесе орынбасары болып табылады.

      Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және бес адамнан кем болмауға тиіс.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 11.06.2013 № 593 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Комиссияның қорытындысы көпшілік дауыспен қабылданады, дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы - шешуші дауыс.

      7. Комиссия:

      1) жеке және заңды тұлғалар, экологиялық реттеу және бақылау, ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау мемлекеттік органдары, жергілікті өкілді, атқарушы және өзге де мемлекеттік органдар жазбаша өтініш жасаған жағдайларда;

      2) ғылыми ұйымдардың мониторингтік зерттеулерінің нәтижелері бойынша;

      3) Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің немесе оның аумақтық бөлімшелерінің және Балық шаруашылығы комитеті аумақтық бөлімшелерінің мониторингтік зерттеулерінің нәтижелері бойынша шақырылады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 11.06.2013 № 593 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      8. Комиссия осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген, берілген материалдарды зерделеу нәтижелері бойынша осы Қағидалардың 1-тармағында көзделген негіздер анықталған жағдайда бір жұмыс күні ішінде қорытынды шығарады және тиесілігі бойынша Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне немесе оның аумақтық бөлімшелеріне немесе Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелеріне жібереді.

      Жануарлардың санын реттеу қажеттігінің негізі болмаған жағдайда Комиссия тиесілігі бойынша Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне немесе оның аумақтық бөлімшелеріне немесе Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелеріне тиісті қорытынды жібереді.

      9. Осы Қағидалардың 8-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген қорытындыда мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) жануарлар санын реттеудің мақсаты мен негіздері;

      2) жануарлар дүниесі объектілерінің тізбесі мен саны;

      3) учаскенің ауданы (аумағы) мен шекарасы;

      4) жануарлар санын реттеу тәсілдері.

      10. Комиссияның қорытындысы негізінде екі жұмыс күні ішінде Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті республика аумағындағы жануарлар санын реттеу туралы шешім қабылдайды, ал белгілі бір облыстың аумағында жануарлар санын реттеу туралы шешімді оның аумақтық бөлімшелері не Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелері:

      1) халық денсаулығын сақтау;

      2) ауыл шаруашылығы және үй жануарларының ауруын болдырмау;

      3) экономикаға нұқсанның алдын алу;

      4) биологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында қабылдайды.

      11. Осы Қағидалардың қолданысы жұқпалы аурулар жұқтырушылар мен таратушыларға қарсы бағытталған тұрмыстық және медициналық дератизация мен дезинсекция оқиғаларына таратылмайды.

      12. Жануарлардың санын реттеу кезінде мынадай тәсілдер пайдаланылады:

      1) қауіпті жұқпалы ауруларды таратушылар болып табылатын жануарлар дүниесі объектілерінің санын реттеу үшін не індет пен эпизоотияның пайда болу немесе экономикаға едәуір нұқсан келу қатері төнген кезде улы химикаттарды және басқа арнаулы тәсілдерді пайдалана отырып жою (белгілі бір аумақта);

      2) аң аулау мен балық аулау немесе шаруашылық мақсаттарда пайдалану объектілері болып табылатын жануарларды олжалау (ату, ұстау) мерзімдерін, тәсілдерін, орындарын және көлемдерін өзгерту;

      3) жануарлар санын реттеудің басқа тәсілдерін пайдалану мүмкіндігі болмайтын жағдайларда аң аулау немесе шаруашылық мақсаттарда пайдалану объектілері болып табылмайтын жануарларды ату, аулау;

      4) жануарларды қайта қоныстандыру немесе қолда не жартылай еркін жағдайда бағып-күту және өсіру үшін ұстау (тірідей ұстау);

      5) реттеудің басқа тәсілдері тиімсіз немесе пайдалануға болмайтын жағдайларда жануарлар санын реттеу үшін жануарлардың баспаналары мен ұяларын бұзу, жұмыртқаларын жинап алу;

      6) жануарлардың немесе олардың жекелеген түрлерінің саны қысқарған кезде мораторий, күзет режимін белгілеу, жануарларды жерсіндіруді (қоныс аударуды) жүзеге асыру.

      13. Жануарлардың санын реттеу Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті немесе оның аумақтық бөлімшелері немесе Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелері осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген жануарлар санын реттеу туралы қабылданған шешімге сәйкес берген рұқсаттың негізінде жүзеге асырылады.

      14. Саны реттелуге жататын жануарлар түрлерін алуға рұқсат Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру қағидаларында белгіленген нысан бойынша беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады