Жануарлардың санын реттеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 5 желтоқсандағы № 480 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 25 желтоқсанда № 16115 болып тіркелді.

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 61) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жануарлардың санын реттеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың ол ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      5) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құқықтық қамтамасыз ету департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрiнiң орынбасары –
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрi
А. Мырзахметов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары–
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2017 жылғы 5 желтоқсандағы
№ 480 бұйрығымен
бекітілген

Жануарлар санын реттеу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Жануарлар санын реттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 9-бабы 1-тармағының 61) тармақшасына сәйкес әзірленді және жануарлар түрлерінің санын реттеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) биологиялық негiздеме – жануарлар дүниесiн пайдалануға, жануарлар дүниесi объектілерінің жол берілетін аулау мөлшерін анықтауға, сондай-ақ жануарлар дүниесiнiң объектiлерi мен олардың мекендеу ортасына ықпал етуге қабілетті қызметке арналған ғылыми негiзделген қорытынды;

      2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкiлеттi орган) – жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы басшылықты, сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Жануарлар түрлерінің санын реттеу тәртібі

      3. Жануарлар түрлерінің санын реттеу:

      1) халықтың денсаулығын сақтау;

      2) ауыл шаруашылығы мен үй жануарлары ауруларын болдырмау;

      3) экономикаға зиян келтiрудi болдырмау;

      4) биологиялық тепе-теңдiктi сақтау мақсатында жүзеге асырылады.

      4. Жануарлар дүниесi түрлерінің санын реттеудiң негiздерi:

      1) халықтың, ауыл шаруашылығы мен үй жануарларының жұқтырушылары жануарлар дүниесiнiң объектiлерi болып табылатын ауруларды жұқтыру немесе онымен ауыру қатерiнiң туындауы;

      2) экономикаға елеулi зиян келтiру қатерiнiң туындауы;

      3) жануарлардың жекелеген түрлерi санының азаюына және басқа жағымсыз салдарларға әкеп соққан жануарлар дүниесi мекендейтiн ортада қалыптасқан табиғи баланстың бұзылуы;

      4) балықтардың жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін су айдындарының және (немесе) учаскелерінің гидрохимиялық және өзге де режимдерінің бұзылу қаупінің туындауы болып табылады.

      5. Жануарлар түрлерінің санын реттеу биологиялық негіздемеге сәйкес өткізіледі.

      Биологиялық негiздеменi әзірлеуді ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ретінде аккредиттелген тиісті ғылыми ұйымдар Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрінің 2014 жылғы 4 сәуірдегі № 104-Ө бұйрығымен (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9307 болып тіркелген) бекітілген Жануарлар дүниесін пайдалануға арналған биологиялық негіздеме дайындау қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

      6. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 258 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6223 болып тіркелген) бекітілген жануарлардың халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларын аурудан алдын ала қорғау, қоршаған ортаға зиян келтiрудi болдырмау, ауыл шаруашылығы қызметiне айтарлықтай зиян келтiру қаупiнiң алдын алу мақсатында саны реттелуге тиiс түрлерінің тізбесінде көрсетілген жануарлар түрлерінің саны реттелуге жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады