Халықаралық мектеп мәртебесін беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 6 ақпандағы № 207 Қаулысы.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 65-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Халықаралық мектеп мәртебесін беру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 6 ақпандағы
№ 207 қаулысымен
бекітілген

Халықаралық мектеп мәртебесін беру
қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 65-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және халықаралық мектеп мәртебесін беру тәртібін анықтайды.

      2. Халықаралық мектеп мәртебесін беру халықаралық білім беру тәжірибесін жетілдіру және Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіне интеграциялау, Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің дербес әзірленген жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мектептердің жұмыс істеуінің қалыптасқан практикасы үшін құқықтық база құру мақсатында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.05.2016 № 288 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Білім беру ұйымдарының мынадай өлшемдерге сәйкестігі халықаралық мектеп мәртебесін берудің негізгі талаптары болып табылады:

      1) мектептің халықаралық білім беру ұйымдарына мүше болуы;

      2) мектептің халықаралық институционалды аккредиттеуден немесе Халықаралық Бакалавриат ұйымы тарапынан білім беру бағдарламаларының авторландырудан өтуі;

      3) қызметтің барлық бағыттары бойынша ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету;

      4) халықаралық аккредиттеу ұйымдарының талаптарына сәйкес мектеп оқушылары мен қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының қорғалуын қамтамасыз ету;

      5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының және халықаралық жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының талаптарын есепке ала отырып, дербес әзірленген интеграцияланған білім беру бағдарламаларын іске асыру;

      6) мектептердің білім беру бағдарламасына қазақстандық құрауыш пәндерін: қазақ тілін, қазақ әдебиетін, Қазақстан тарихын, Қазақстан географиясын қосу;

      7) негізгі және орта мектеп бітірушілерінің халықаралық сертификаттар мен дипломдарға ие болуы;

      8) мектептің педагогикалық құрамында халықаралық емтихан алушылардың, жаттықтырушылардың, сарапшылардың болуы;

      9) мектептің материалдық-техникалық және ресурстық базасының халықаралық аккредиттеу ұйымдарының талаптарына сәйкес келуі.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.05.2016 № 288 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Халықаралық білім беру ұйымы мәртебесін беру
тәртібі

      4. Халықаралық мектеп мәртебесін алуға ниет білдірген білім беру ұйымы білім саласындағы Уәкілетті органға (бұдан әрі - Уәкілетті орган) осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген өлшемдерге сәйкес материалдар мен құжаттарды және мыналарды қамтитын жазбаша өтінімді ұсынады:

      1) құрылтайшылар туралы мәліметтер;

      2) білім беру ұйымының атауы, орналасқан жері (заңды, нақты мекенжайлары, байланыс телефондары);

      3) білім беру ұйымының білім беру жетістіктерінің қысқаша түйіндемесі;

      4) жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны (бағдарламаның негізгі мақсаттары, негізгі теориялық-әдіснамалық ережелері, оқушылардың білім сапасын бақылау, мониторингтеу және қамтамасыз ету құралдары, білім беру ұйымының бағдарламасын қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік әзірлемелердің тізбесі);

      5) оқу-тәрбие процесін кадрлық, экономикалық, материалдық-техникалық және ғылыми қамтамасыз ету бойынша мәліметтер; қаржыландыру көздері.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.05.2016 № 288 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Өтінім білдірілген мәртебеге сәйкестігін қарау мақсатында білім беру ұйымдары берген өтінімдерді қарау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады. Өтінімді қарау мерзімі – күнтізбелік отыз күн.

      6. Комиссия құрамына Уәкілетті органның, ғылыми ұйымдардың, педагогтер қауымдастығының және оқу-әдістемелік бірлестіктердің өкілдері кіреді.

      7. Комиссияның құрамы мен ережесін Уәкілетті орган бекітеді.

      8. Комиссия осы Қағидалар мен ережелер негізінде білім беру ұйымының осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген өлшемдерге сәйкестігін тексереді.

      9. Ұсынылған материалдарды қарау нәтижелері бойынша Комиссия халықаралық мектеп мәртебесін беру немесе беруден бас тарту туралы ұсыным әзірлейді және қорытындымен келіспейтін ерекше пікірлер көрсетіле отырып, Комиссияның барлық мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      10. Комиссияның ұсынымдары отырысқа қатысушылардың көпшілік даусымен қабылданады.

      11. Уәкілетті орган халықаралық мектеп мәртебесін беруден бас тарту (дәлелді негіздемемен) туралы хабарламаны бес жұмыс күні ішінде жолдайды.

      12. Бас тарту жағдайында білім беру ұйымы Уәкілетті органға өтінімді үш жылдан кейін бере алады.

      13. Білім беру ұйымының белгіленген өлшемдерге сәйкес келмеуі бас тарту үшін негіз болып табылады.

      14. Комиссияның оң қорытындысы бойынша Уәкілетті орган он жұмыс күні мерзімінде халықаралық мектеп мәртебесін беру туралы қаулы жобасын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады