"Үздік педагог" атағын беру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 394 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 260 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 23.04.2015 № 260 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 18) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Үздік педагог" атағын беру қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 30 наурыздағы
№ 394 қаулысымен   
бекiтiлген      

"Үздік педагог" атағын беру қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Үздік педагог" атағын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленген.
      2. Қағидалар меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, педагогикалық қызметте жоғары жетістіктері бар мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту, бастауыш, негізгі және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогикалық (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) қызметкерлеріне "Үздік педагог" атағын (бұдан әрі – атақ) беру тәртібін айқындайды.
      3. Атақ беру үшін конкурс өткізіледі, оның мақсаты педагог кәсібінің мәртебесін арттыру және кәсіби қызметте жоғары жетістіктері бар шығармашыл педагогтерге сыйақы беру болып табылады.
      4. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) сыйақы – білім беру ұйымының "Үздік педагог" конкурсында (бұдан әрі – Конкурс) жеңіске жеткен педагогіне қайтарымсыз берілетін ақша;
      2) республикалық конкурстық комиссия – Конкурс жеңімпазын анықтау және оған "Үздік педагог" атағын беру үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) құратын комиссия (бұдан әрі – Комиссия);
      3) Конкурсқа қатысушы – осы Қағидаларға сәйкес Конкурсқа қатысуға құжаттарын ұсынған білім беру ұйымының штаттағы педагог қызметкері.
      5. Атақ иегеріне республикалық бюджеттің қаражаты есебінен тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде сыйақы төленеді, ол атақ иегерінің ағымдағы шотына бір уақытта аударылады.

2. "Үздік педагог" атағын беру тәртібі

      6. Атақ жыл сайын конкурстық негізде білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне беріледі.
      7. Атақ бір адамға бес жыл ішінде бір реттен артық берілмейді.
      8. Конкурсқа мынадай талаптарға сай келетін:
      1) білім беру ұйымдарының штаттағы педагог қызметкері болып табылатын;
      2) Конкурсқа құжаттарын тапсыру сәтінде кемінде бес жыл үзіліссіз педагогикалық стажы бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
      9. Конкурс жыл сайын үш кезеңде өткізіледі:
      1) I кезең – аудандық (қалалық), жыл сайын сәуір айында өткізіледі, онда екінші кезеңге қатысуға ұсынылған Конкурсқа қатысушылар айқындалады;
      2) II кезең – облыстық, Астана және Алматы қалалық, жыл сайын мамыр айында өткізіледі, онда үшінші кезеңге қатысуға ұсынылған педагогтер анықталады.
      Конкурстың аудандық (қалалық), облыстық, Астана және Алматы қалалық кезеңдерін өткізу үшін әрбір деңгейде білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыру комитетін құрады, ол біліктілікті арттыру институттарының, әдістемелік қызметтің және кәсіподақтардың қатысуымен конкурсты өткізудің рәсімін және мерзімін, сондай-ақ конкурстық құжаттар тізбесін айқындайды;
      3) III кезең – республикалық, жыл сайын тамыз-қыркүйек айларында өткізіледі, онда Конкурстың жеңімпаздары анықталады.
      10. Конкурстың республикалық кезеңін Комиссия өткізеді, уәкілетті органның басшысы оның төрағасы болып табылады.
      Конкурстың I, II және III кезеңдеріне қатысушыларды іріктеу аталған Қағиданың 14-тармағында көрсетілген өлшемдерге сәйкес жүргізіледі.
      11. Комиссия уәкілетті орган, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, тәжірибелі педагогтердің, әдіскерлердің, біліктілікті арттыру институттары қызметкерлерінің, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің арасынан құрылады.
      Комиссия мүшелерінің саны тақ болуы тиіс. Комиссия отырыстары оның мүшелерінің кемінде үштен екісі болған жағдайда заңды деп саналады.
      12. Комиссияның дербес құрамы уәкілетті органның шешімімен бекітіледі.
      13. Конкурс өткізу туралы хабарландыруды уәкілетті орган Конкурстың I кезеңін өткізу басталғанға дейін бір ай бұрын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды, сондай-ақ уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
      14. Педагогтің педагогикалық қызметтегі жетістіктері мынадай өлшемдер бойынша бағаланады:
      1) оқушылар мен тәрбиеленушілер жетістіктерінің оң серпінінде көрсетілген педагогикалық қызметтің жоғары нәтижелілігі (білім мониторингі, оқушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау және қорытынды аттестаттаудың нәтижелері, ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіштері, білім берудің, бітірушілер емтиханының сапасын тәуелсіз бағалау, оқушылар мен тәрбиеленушілердің пәндік олимпиадалардағы, жобалар конкурстарындағы, ғылыми-практикалық конференциялардағы, шығармашылық конкурстардағы, спорт жарыстарындағы жетістіктері туралы ақпарат);
      2) педагогтің кәсіби құзыреттілігі (біліктілікті арттыру, инновациялық білім беру технологияларын пайдалану, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық, кәсіби конкурстарға қатысу, зерттеу жұмыстарының нәтижелері туралы мәлімет);
      3) өзінің педагогикалық тәжірибесін жинақтау және тарату туралы мәліметтерді қоса отырып, педагогтің педагогикалық қызметін өзіндік талдауы (мастер-класс бойынша әзірлемелер, семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар материалдары, педагогтің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарында сөйленген сөздер, жарияланған әдістемелік еңбектер, салаларалық, өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықтарды дамыту);
      4) педагогтің кәсіби шеберлігін және жеке тұлғасын бағалау (әкімшіліктің, әріптестердің, оқушылардың, тәрбиеленушілердің, олардың ата-аналарының, әлеуметтік әріптестердің, ғылыми, педагогикалық өкілдердің, шығармашылық қоғамның пікірлері, әдістемелік өнімдерге рецензия, алғыс хат, мақтау қағаздары, дипломдар);
      5) педагогтің өңірлердегі, республикадағы білім беруді дамытудағы үлесі (мемлекеттік білім беру жобаларын педагогикалық практикаға енгізу жөніндегі жұмыс, инновациялық педагогикалық идеяларды насихаттау қызметінің бағыты бойынша оқу-әдістемелік кешендер, авторлық жұмыстар әзірлемелері).
      15. Конкурстың республикалық кезеңіне қатысу үшін ағымдағы жылғы тамызда уәкілетті органға мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтінім;
      2) облыстық немесе Астана және Алматы қалалық білім басқармаларының бастықтары растаған Конкурстың республикалық кезеңіне қатысушыға берілген ұсыным;
      3) Конкурсқа қатысушының кәсіптік және жеке қасиеттерінің тікелей басшы растаған мінездемесі;
      4) Конкурсқа қатысушының жалпы мәліметі, байланыс телефондары, электронды мекенжайы көрсетілген түйіндеме;
      5) жұмыс орны растаған кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парағы;
      6) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      7) баспа басылымдарының, әдістемелік өнімдерінің көшірмелері;
      8) Конкурсқа қатысушының өзінің педагогикалық қызметі туралы талдамалық есебі;
      9) облыстың немесе Астана және Алматы қалаларының ұйымдастыру комитеті отырысының хаттамасынан үзінді;
      10) карточкалық базадағы 20 таңбалы қолданыстағы ағымдағы шоты туралы хабарлама.
      16. Конкурстық материалдар қағаз тасығышта көрсетілген тізбектілік бойынша жинақталуы керек. Материалдардың электронды нұсқасы, сондай-ақ бейнематериалдар электронды тасығышта (компакт-диск) ұсынылуға тиіс. Конкурстық материалдар рецензияланбайды және қайтарылмайды.
      17. Құжаттар (облыстың, Астана және Алматы қалаларының ұйымдастыру комитеті отырысының хаттамасынан үзінді, ұсыным, мінездеме, түйіндеме) мемлекеттік тілде ұсынылады. Педагогикалық қызметтің материалдары оқу тілінде ұсынылады.
      18. Комиссияның "Үздік педагог" атағын беру туралы шешімі қатысқан мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.
      Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
      Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.
      19. Конкурстың республикалық кезеңінің қорытындылары Конкурстың қорытындысы шыққаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, сондай-ақ уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
      20. Комиссияның шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
      21. Конкурс қорытындысы бойынша шешім қабылданған күнінен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жеңімпазға "Үздік педагог" атағы беріледі және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша куәлік, төсбелгі табыс етіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады