Қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 403 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі № 196 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 03.04.2015 № 196 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 30 наурыздағы
№ 403 қаулысымен   
бекітілген     

Қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 16-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленген және табиғат пайдаланушылардың қалдықтарды басқару бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірлеу тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидалар I және II санатты объектілері бар және қалдықтармен жұмыс істеу бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті болып табылады.
      Табиғат пайдаланушылар объектілерінің санаттары Кодекстің 71-бабына сәйкес анықталады.
      3. Қалдықтарды басқару – бұл өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу бойынша іс-шараларды жоспарлау, іске асыру, мониторинг және талдау бойынша қызмет.
      4. Жоспарлы кезең – Бағдарлама әзірленген кезең.
      5. Бағдарлама қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларда болуы мүмкін түзетулермен он жылдан аспайтын мерзімге әзірленеді.
      6. Бағдарламаны әзірлеу:
      1) өндірістік үдерістерді, оның ішінде қалдығы аз технологияларды енгізу арқылы жетілдіру;
      2) қалдықтарды қайта пайдалану немесе оларды пайдалануға мүдделі жеке және заңды тұлғаларға беру;
      3) ең озық қолжетімді технологияларды немесе басқа да негізделген әдістерді қолдана отырып, қалдықтарды өңдеу, кәдеге жарату немесе залалсыздандыру;
      4) бекітілген қалпына келтіру жобаларына сәйкес қалдықтар полигондарын қалпына келтіру жолымен өндіріс және тұтыну құрылымдарына оң өзгерістер енгізу үшін экономикалық немесе басқа да тетіктерді қолданумен қалдықтарды азайтудың жедел саясатын әзірлеу мақсатында қалдықтардың көлемі мен құрамында болатын өзгерістерді бағалау рәсімінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
      7. Қалдықтарды орналастыру орындарын қалпына келтірудің технологиялық мүмкіндігі болмаған жағдайда бағдарламада қоршаған ортаға зиянды әсерін азайту бойынша іс-шаралар көзделуі тиіс.
      8. Өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру көлемі жылына 500000 тонна және одан асатын I санатты объектілері бар табиғат пайдаланушылар Бағдарламаны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келіседі.
      9. Өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру көлемі жылына 500000 тоннадан аз I санатты объектілері, сондай-ақ II санатты объектілері бар табиғат пайдаланушылар Бағдарламаны табиғат пайдалану объектісінің орналасқан орны бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органымен келіседі.

2. Бағдарламаны әзірлеу тәртібі

      10. Табиғат пайдаланушылар Бағдарламаны мынадай талаптарға сәйкес әзірлейді:
      Бағдарлама мынадай бөлімдерден тұруы тиіс:
      1. Кәсіпорындардағы қалдықтарды басқарудың ағымдағы жағдайын талдау.
      Аталған бөлімде қалдықтардың ағымдағы жай-күйінің сандық және сапалық көрсеткіштері, орын алып отырған проблемалар, соңғы үш жылғы динамикадағы қалдықтарды басқару бойынша жұмыстардың негізгі нәтижелері көрсетіледі;
      2. Мақсаты және міндеттері.
      Бағдарламаның мақсаты қалдықтардың көлемін және (немесе) жинақталған және түзілген, сондай-ақ жұмыс істеу барысындағы қалдықтардың қауіпті қасиеттерінің деңгейін біртіндеп азайтуға бағытталған белгіленген көрсеткіштерге жету болып табылады.
      Бағдарламаның міндеті – барынша тиімді және экономикалық негізделген әдістермен, жоспарланған кезең шеңберінде қолжетімді жұмыс көлемдерін (кезеңдерін) болжай отырып, мақсатқа қол жеткізу жолдарын анықтау.
      Міндеттер:
      кәсіпорындарға қалдықтарды залалсыздандыру, қайта пайдалану және өңдеу бойынша әлемде бар ең озық қолжетімді технологияларды енгізуді;
      қалдықтарды өңдеуге және қайта пайдалануға инвестицияларды тартуды;
      көму полигондарына әкететін қалдықтар көлемін азайтуды;
      қалдықтарды көму орындарын қалпына келтіруді, полигондардың қоршаған ортаға кері әсерін азайтуды ескере отырып, түзілетін және жинақталған қалдықтардың көлемін азайтуға бағытталған.
      3. Көрсеткіштер.
      Бағдарлама көрсеткіштері – белгілі бір кезеңдерде өндіріс және тұтыну қалдықтарының қоршаған ортаға кері әсерін төмендетуге бағытталған шаралар кешенін іске асырудан күтілетін нәтижелерді анықтайтын сандық және (немесе) сапалық мәндер.
      Көрсеткіштерді жеке және заңды тұлғалар барлық өндірістік факторларды, экологиялық тиімділікті және экономикалық мақсатқа сәйкестігін ескере отырып, дербес анықтайды. Көрсеткіштер бақыланатын және тексерілетін болып табылады, бағдарламаны іске асыру кезеңдері бойынша анықталады.
      4. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздері.
      Ұйымдардың өз қаражаты, тікелей шетелдік және отандық инвестициялар, халықаралық қаржылық экономикалық ұйымдардың немесе донор елдердің гранттары, екінші деңгейдегі банктердің кредиттері және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа көздер бағдарламаны қаржыландыру көздері болып табылады.
      5. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары.
      Іс-шаралар жоспары бағдарламаның құрылымдық бөлігі болып табылады және қажетті ресурстарды, жауапты орындаушыларды, аяқталу нысанын және орындалу мерзімдерін көрсетумен бағдарламаның мақсаты мен міндеттеріне жетуге бағытталған ұйымдастырушылық, экономикалық, ғылыми-техникалық және басқа да іс-шаралар кешені болып табылады.
      Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша әзірленеді.

Қалдықтарды басқару 
бағдарламасын әзірлеу
қағидаларына   
қосымша      

Қалдықтарды басқару бағдарламасын іске асыру жөніндегі
іс-шаралар жоспары (кезең)

Р/с

Іс-шаралар

Көрсеткіш (сандық/сапалық)

Аяқталу нысаны

Жауапты орындаушылар

Орындау мерзімі

Болжанған шығыстар

Қаржыландыру көздері

1

2

3

4

5

6

7

8









      Ескертпе:
      2-бағанда қалдықтардың көлемін азайтуға/қауіпті қасиеттерін төмендетуге бағытталған іс-шаралар, оның ішінде қалдықтарды қайта пайдалану, өңдеу, кәдеге жарату, көму, залалсыздандыру, орналастыру орындарын қалпына келтіру, қалдықтарды пайдалануға мүдделі жеке және заңды тұлғаларға беру арқылы оларды жою, оқшаулау сияқты қалдықтардың қоршаған ортаға кері әсерлерін қысқарту тәсілдері көрсетіледі;
      3-бағанда болжамдалған өлшем бірлігінде берілген сандық немесе сапалық көрсеткіштер (қалдықтарды азайтудың және (немесе) олардың қауіптілік деңгейінің физикалық көлемдері және (немесе) %) көрсетіледі;
      4-бағанда іс-шаралардың аяқталу нысаны көрсетіледі;
      5-бағанда әрбір іс-шараны орындауға жауаптылар көрсетіледі;
      6-бағанда әрбір іс-шараның орындалу мерзімі көрсетіледі;
      7-бағанда әрбір іс-шараны іске асыру үшін бөлінетін болжанған қаржылай шығыстар көлемі көрсетіледі;
      8-бағанда іс-шаралардың қаржыландыру көздері көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады