Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға қатысу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 мамырдағы № 594 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 323 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 323 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 94-6-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға қатысу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2012 жылғы 8 мамырдағы
№ 594 қаулысымен  
бекітілген     

Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары
мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді
іске асыруға қатысу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға қатысу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе олардың сіңірулерін арттыру бойынша жобаларды іске асыруға қатысу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) әкімшілендіру субъектілері - экономиканың: мұнай-газ, энергетика, тау-кен металлургиясы, химия, ауыл шаруашылығы, көлік, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы салаларында көлемі жылына көміртегі қостотығының жиырма мың тоннасына барабар мөлшерден аспайтын парниктік газдар шығарындыларымен байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
      2) жобаның инвесторы – жоба операторымен шарттың негізінде оның мақсатты қаржыландыруын жүзеге асыратын парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіруге бағытталған жобаға қатысушы;
      3) жобаның операторы - жобаның іске асырылу процесін басқаруды жүзеге асыратын парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіруге бағытталған оған қатысушы.
      3. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктер Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру қағидаларына сәйкес айқындалады.

2. Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары
мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске
асыруға қатысу тәртібі

      4. Әкімшілендіру субъектілері бірлесіп жүзеге асыру, таза даму тетіктері бойынша жобаларға Қазақстан Республикасы ратификациялаған парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі сандық міндеттемелері бар халықаралық шартқа сәйкес белгіленген мөлшерді анықтау жөніндегі халықаралық рәсімнен Қазақстан Республикасы өтіп, операцияларды халықаралық тіркеу журналына ел бойынша тиісті деректерді ұсынғаннан кейін ғана қатысады.
      5. Әкімшілендіру субъектілері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында шығарындыларды ішкі азайту тетігі бойынша жобаларды іске асыруға қатысады.
      6. Әкімшілендіру субъектілері парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша ішкі жобалардың операторлары немесе инвесторлары ретінде қатысады.
      7. Әкімшілендіру субъектілері жобалық тетіктерге қатысу қабылданған жағдайда жыл сайын 1 наурыздан кешіктірмей парниктік газдар шығарындыларының шығу көздері болып табылатын, тәуелсіз аккредиттелген ұйымдар растаған қондырғылар паспорттарын береді.
      8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әкімшілендіру субъектісі ұсынған қондырғы (қондырғылар) паспортының негізінде әкімшілендіру субъектісінің парниктік газдар шығарындыларын квоталау жөніндегі талаптарға сәйкестігін анықтайды. Егер парниктік газдар шығарындыларының көлемі жылына көміртегі қос тотығының жиырма мың тоннасына барабар мөлшерден асқан жағдайда, әкімшілендіру субъектісі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпке сәйкес ағымдағы жылдан бастап тиісті қондырғыға (қондырғыларға) парниктік газдар шығарындыларына квотаны ресімдеуге құжат тапсырады.
      9. Парниктік газдар шығарындыларының көлемі квоталау жөніндегі талаптарға жатқызылған заңды тұлғалар квоталауға жататын қондырғы (қондырғылар) бойынша парниктік газдар шығарындыларын ішкі азайту жобаларын іске асыру құқығын жоғалтады. Квоталауға жататын қондырғы бойынша парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі бұдан бұрын іске асырылған іс-шараларды тиісті қондырғы бойынша парниктік газдар шығарындыларына квотаны белгілеу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган есепке алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады