Парниктік газдар шығарындыларына квоталар беру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 мамырдағы № 584 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 7 қыркүйектегі № 750 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 07.09.2015 № 750 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Энергетика министрінің 2015 жылғы 18 наурыздағы № 216 бұйрығын қараңыз.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 94-2-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу қағидалары бекітілсін.
      2. «Парниктік газдарды атмосфераға шығаруды шектеудің, тоқтата тұрудың немесе азайтудың ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 ақпандағы № 128 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 7, 74-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                         К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 7 мамырдағы
№ 584 қаулысымен
бекітілген   

Парниктік газдар шығарындыларына квоталар беру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Парниктік газдар шығарындыларына квоталар беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасында парниктік газдар шығарындыларына квота беру тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      1) квоталанатын қондырғы операторының шоты - парниктік газдар шығарындыларын квоталау бойынша талаптарға жатқызылған, табиғат пайдаланушылар үшін Қазақстан Республикасы көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде ашылатын есепшоттың түрі;
      2) қондырғы операторы - жұмыс істеуі парниктік газдар шығарындыларын көздейтін, Қазақстан Республикасының аумағында меншігінде немесе заңды пайдалануында қондырғысы бар заңды тұлға;
      3) қондырғы паспорты - парниктік газдар шығарындыларын жүзеге асыратын қондырғының географиялық орналасқан жері, қызмет түрлері мен пайдаланылатын технологияның сипаттамалары, шығарындылардың базалық көлемі мен оларды есептеу әдістемесі, сондай-ақ мониторинг жоспары туралы деректерді және қондырғыларды есепке алу үшін қажетті өзге де мәліметтерді қамтитын құжат;
      4) өтініш беруші - парниктік газдар шығарындыларына квота aлу үшін өтініш беретін заңды тұлға;
      5) парниктік газдар шығарындыларының квотасы - парниктік газдар шығарындыларына квоталарды бөлудің ұлттық жоспарының (бұдан әрі - ұлттық жоспар) қолданылу кезеңіне табиғат пайдаланушыға бөлінген реттелетін парниктік газдар шығарындыларының сандық көлемі;
      6) парниктік газдар шығарындыларын квоталау бойынша талаптарға жатқызылатын қондырғы - Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 94-2-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес парниктік газдар шығарындыларына квота белгіленетін қондырғы;
      7) парниктік газдар шығарындыларын квоталау талаптарына жатқызылатын экономика секторы - ұлттық жоспарға сәйкес тиісті кезеңге квоталарды бөлу жүргізілетін экономика секторы;
      8) сертификат – табиғат пайдаланушыға парниктік газдар шығарындыларын азайту және көміртегі бірліктерінің саудасына қатысу жөніндегі өз міндеттемелерін орындау мақсатында берілетін парниктік газдар шығарындыларының рұқсат етілген көлемін белгілейтін құжат;
      9) аккредиттелген тәуелсіз ұйым - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен парниктік газдарды түгендеу туралы есептерді растау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға аккредиттеген ұйым.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.02.2013 № 153 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      3. Қазақстан Республикасында парниктік газдар шығарындыларына квота парниктік газдар шығарындыларын квоталауға жатқызылған экономика секторы және қондырғы жөніндегі табиғат пайдаланушыларға беріледі.
      4. Табиғат пайдаланушы қондырғы бойынша алуға арналған парниктік газдар шығарындылары квоталарының жалпы көлемі ұлттық жоспардың қолданылу мерзімі шегінде оны пайдаланудың бүкіл кезеңіне анықталады және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган беретін сертификатта тіркеледі.
      5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган парниктік газдар шығарындыларына квоталар беруді оның жалпы көлемінің тең бөліктерімен жыл сайынғы негізде жүргізеді. Күнтізбелік жылдың бір бөлігіне алынған жағдайда, табиғат пайдаланушыға тиісті жылға арналған парниктік газдар шығарындыларына квотаның жалпы көлемінің пропорционалды бөлігі беріледі.
      6. Табиғат пайдаланушыға парниктік газдар шығарындыларына квота беру Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталанатын қондырғы операторының есебіне тиісті квоталар бірліктерінің санын беру арқылы жүзеге асырылады.

2. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар беру тәртібі

      7. Табиғат пайдаланушы парниктік газдар шығарындыларына квота алу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға тәуелсіз аккредиттелген ұйым растаған мынадай құжаттарды қоса бере отырып, сертификат алуға өтініш береді:
      1) есептік жылға парниктік газдарды түгендеу туралы есеп;
      2) қондырғының паспорты;
      3) парниктік газдар шығарындыларын азайту бағдарламасы;
      4) парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі жобаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары.
      8. Сертификат алуға өтінішті табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша береді және ол мынадай ақпаратты қамтиды:
      1) парниктік газдар шығарындыларын квоталау талаптарына жатқызылатын табиғат пайдаланушының атауы және оның байланыс деректері;
      2) парниктік газдар шығарындыларын квоталау бойынша талаптарға жатқызылатын қондырғыға қатысты экономика секторын көрсету;
      3) парниктік газдар шығарындыларына сұратылған квота көлемі;
      4) парниктік газдар шығарындыларына арнаулы уақыт кезеңі;
      5) парниктік газдар шығарындыларына квотаны алу үшін көзін көрсету (қондырғы жаңа болғанда - ұлттық жоспарға сәйкес квота немесе ұлттық жоспардың квоталар көлемінің резерві).
      9. Мониторинг жоспарын қамтитын қондырғы паспортын Экологиялық кодекстің 1-бабы 1-тармағының 40) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес табиғат пайдаланушы ресімдейді.
      10. 2013 жылға арналған ұлттық жоспарға сәйкес парниктік газдар шығарындыларына квота беру кезінде парниктік газдарды түгендеу туралы есепті растау талап етілмейді.
      11. Парниктік газдар шығарындыларын қысқарту бағдарламасын және парниктік газдар шығарындыларын қысқарту бойынша жобаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын табиғат пайдаланушы әзірлейді және еркін нысанда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.
      12. Егер қондырғылар бір өнеркәсіптік алаңда орналасып, оны бір оператор басқаратын болса, табиғат пайдаланушы барлық қондырғылар бойынша, оның ішінде қондырғы жаңа болған жағдайда парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға бір өтініш және бір бағдарлама ұсына алады.
      13. Квоталар бөлудің ұлттық жоспарына енгізілген қолданыстағы қондырғылар бойынша сертификаттар алуға арналған құжаттар оның қолданыстағы алғашқы жылының 1 мамырына дейін беріледі.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.02.2013 № 153 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      14. Ұлттық жоспарға енгізілмеген жаңа қондырғылар бойынша сертификаттарды ресімдеуге өтініш парниктік газдар шығарындыларын квоталау бойынша талаптарға жатқызылатын жаңа қондырғы пайдалануға енгізілгенге дейін беріледі.
      2012 жылғы 31 желтоқсанға дейін пайдалануға енгізілген және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 желтоқсандағы № 1588 қаулысымен бекітілген Парниктік газдар шығарындыларына 2013 жылға арналған квоталар бөлудің ұлттық жоспарына енгізілмеген жаңа қондырғылар бойынша өтініш 2013 жылғы 1 маусымға дейін беріледі.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.02.2013 № 153 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      15. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күнінен бастап бір ай мерзім ішінде сертификат береді.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.02.2013 № 153 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      16. Сертификат беруден мына жағдайларда бас тартылады:
      1) егер өтініш берілген қондырғы парниктік газдар шығарындыларын квоталау талаптарына жатқызылмаса;
      2) қондырғының болмауы немесе өтініш берген сәтте қондырғының пайдаланудан мүлдем шығуы.
      17. Парниктік газдар шығарындыларына сертификатты табиғат пайдаланушыға ұлттық жоспардың қолданылу кезеңіне қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган береді.
      18. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган квоталар бөлудің ұлттық жоспарына енгізілген қолданыстағы қондырғылар бойынша табиғат пайдаланушыға жыл сайынғы квоталар беруді табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі шотындағы квота бірліктерінің тиісті санын есепке алу арқылы әрбір есепті жылдың 15 маусымына дейін қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.02.2013 № 153 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      19. Жаңа қондырғы бойынша квота беру парниктік газдар шығарындыларына сертификат беру туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
      20. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылатын Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның квота беру туралы хабарламасы күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде бірінші есептік жылға парниктік газдар шығарындыларына квоталар бірліктерін қондырғы операторының шотына есептеуді жүргізеді.
      21. Қазақстан Республикасы көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің операторы егер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан квотаның күшін жою немесе өзіне тиесілі квоталардың бірлігі бар осы табиғат пайдаланушының операциясын тоқтата тұру туралы тиісті ақпарат алмаса, тиісті жылдың 15 наурызына дейін екінші және келесі есепті жылдарға парниктік газдар шығарындыларына квотаны есептеуді жүргізеді.
      22. Квотаның күшін жою туралы шешімді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұлттық жоспарға сәйкес парниктік газдар шығарындыларына квота беру жүзеге асырылатын қызмет толық тоқтатылған жағдайда тиісті кезеңге қабылдайды.
      23. Квотаны тоқтата тұру туралы шешімді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Парниктік газдарды түгендеу мониторингі мен оны бақылау қағидаларына сәйкес табиғат пайдаланушы парниктік газдарды түгендеу туралы есепті бермеген, уақтылы бермеген, аккредиттелген тәуелсіз ұйымның парниктік газдарды түгендеу туралы есепті растауы болмаған, сондай-ақ парниктік газдарды түгендеу туралы дәйексіз деректерді ұсыну фактілері анықталған жағдайларда қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады