Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині бойынша үйлестіру кеңесін құру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 мамырдағы № 701 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині бойынша үйлестіру кеңесін құру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині бойынша үйлестіру кеңесін құру туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Тәуелсіз Мемлекеттер 
Достастығына қатысушы 
мемлекеттердің өсімдіктер
карантині бойынша   
үйлестіру кеңесін құру
туралы келісімге 
қосымша        

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині бойынша үйлестіру кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині бойынша үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде байланыстарды және шаруашылық пен сауда байланыстарын дамытуды жүзеге асыру кезінде аумақтарды карантиндік зиянды организмдердің (карантиндік объектілердің) енуінен және таралуынан өзара қорғау мәселелері бойынша __________ жылғы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині бойынша үйлестіру кеңесін құру туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) қатысушы мемлекеттердің органдары мен ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты ұйымдық қамтамасыз ету, карантиндік фитосанитариялық талаптар мен шараларды қолдану саласында келісілген саясат жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау үшін құрылады.
      2. Кеңес өз қызметінде ТМД-ның Жарғысын, халықаралық шарттарды, сондай-ақ ТМД шеңберінде қабылданған шешімдерді, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастық органдары туралы жалпы ережені және осы Ережені басшылыққа алады.
      3. Кеңес қызметін өз өкілеттігі шегінде жүзеге асыратын және ТМД Үкімет басшылары кеңесіне және Экономикалық кеңесіне есеп беретін ТМД-ның салалық ынтымақтастық ұйымы болып табылады.

2. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары және оның функциялары

      1. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары:
      1) өсімдіктер карантині бойынша функцияларды аумақтарды карантиндік зиянды организмдердің (карантиндік объектілердің) енуінен және таралуынан өзара қорғау мүддесі үшін жүзеге асыратын Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірлескен қызметін үйлестіру;
      2) өсімдіктер карантині саласындағы заңнамалық, нормативтік, әдістемелік және басқа да ақпарат, оның ішінде:
      3) ТМД-ға қатысушы мемлекеттер аумақтарының фитосанитариялық жай-күйі туралы;
      4) өсімдіктер карантинін қамтамасыз ететін Келісімге қатысушы мемлеттердің мемлекеттің органдары мен ұйымдарының жұмысын ұйымдастыру және тәжірибесі туралы;
      5) Келісімге қатысушы мемлекеттердің органдары мен ұйымдарының карантиндік зиянды организмдердің (карантиндік объектілердің) таралуының алдын алу бойынша қызметі туралы ақпарат алмасуға көмектесу.
      2. Кеңестің негізгі функциялары:
      1) мыналар бойынша ұсыныстар әзірлеу:
      2) Келісімге қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастығын дамыту;
      3) тиісті халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес Келісімге қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині саласындағы заңнамаларын үйлестіру;
      4) Келісімге қатысушы мемлекеттер қолданатын фитосанитариялық шаралар жүйесін жетілдіру;
      5) мемлекетаралық бағдарламалардың, заңнамалық және өсімдіктер карантині саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысу;
      6) өсімдіктер карантині жөнінде халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау және ынтымақтастық;
      7) өсімдіктер карантині саласында мамандарды даярлауды үйлестіру, семинарлар, конференциялар ұйымдастыру және оның ұйымдастырылуы мен оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуіне жәрдемдесу;
      8) өсімдіктер карантині саласындағы халықаралық шарттардың және басқа да құжаттардың жобалары бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің органдары мен ұйымдары арасындағы реттелмеген келіспеушіліктерді қарау.

3. Кеңестің құқықтары

      Кеңес өз функцияларын орындау үшін мыналарға:
      1. Құжаттардың жобаларын, сондай-ақ Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдердің орындалуы туралы ақпаратты ТМД-ның Үкімет басшылары кеңесінің және Экономикалық кеңесінің қарауына белгіленген тәртіппен енгізуге.
      2. Келісімге қатысушы мемлекеттерден және ТМД-ның салалық ынтымақтастық органдарынан оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпаратты белгіленген тәртіппен сұратуға.
      3. Мынадай мәселелер бойынша тұрақты және уақытша жұмыс істейтін сарапшылардың жұмыс тобын құруға:
      1) өсімдіктер карантині саласындағы тетіктерді және тиімді әдістерді іске асыру үшін қажетті халықаралық шарттардың және басқа құжаттардың жобаларын әзірлеу;
      2) өсімдіктер карантині саласындағы нормативтік-әдістемелік құжаттамалармен және басқа ақпараттармен алмасу мәселелерін қарастыру;
      3) өсімдіктер карантині саласындағы өзекті проблемалар бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер ұйымдастыру.
      4. Кеңес жанынан құрылатын тұрақты және уақытша жұмыс істейтін сарапшылардың жұмыс топтарының қызметіне бақылауды жүзеге асыруға және олардың жұмысын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауға.
      5. Кеңес төрағасының есебін тыңдауға және Келісімге қатысушы мемлекеттер үшін тиісті ұсыныстар дайындауға.
      6. Өз жұмысының регламентін әзірлеуге және бекітуге, сондай-ақ оған өзгерістер енгізуге құқылы.

4. Кеңесті қалыптастырудың тәртібі

      1. Кеңес өсімдіктер карантиніне жауап беретін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тиісті органдары мен ұйымдарының басшыларынан қалыптастырылады.
      Кеңес мүшесін алмастыратын тұлғаларды Кеңес отырысына жіберген кезде олардың өкілеттілігі расталуы тиіс.
      Кеңестің құрамына кеңесте дауыс беру құқығымен Кеңес хатшылығының басшысы және ТМД-ның Атқарушы комитетінің өкілдері кіруі мүмкін.
      2. Кеңеске төрағалық етуді ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атауы орыс әліпбиіндегі ретпен ТМД-ға қатысушы әрбір мемлекет атынан оның өкілі бір жыл ішінде, егер Кеңес шешімімен өзгеше белгіленбесе, кезекпен жүзеге асырады.
      Кеңестің алдыңғы және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады.
      Кеңес төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеттері атқару тең төрағаларының біріне жүктеледі.

5. Кеңестің жұмысын ұйымдастыру

      1. Кеңестің отырысы жылына бір реттен кем емес жүргізіледі. Қажет болғанда кезектен тыс отырыстар шақырылуы мүмкін.
      Кеңестің кезектен тыс отырысы оның бастамасы бойынша Кеңес төрағасы немесе кемінде үш Кеңес мүшесінің ұсынысымен шақырылады.
      2. Егер отырысқа Кеңес мүшелерінің үштен екісі қатысса, Кеңестің шешімі заңды болып табылады.
      3. Отырыстың орны, уақыты және күн тәртібі Кеңес мүшелерінің алдын ала келісімі бойынша анықталады.
      4. Кеңес жыл сайын ТМД-ның Атқарушы комитетіне өзінің қызметі туралы ақпаратты тапсырады.
      5. Кеңестің шешімі бойынша оның отырыстарында бақылаушы ретінде Келісімге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттердің мүдделі ведомстволарының және ұйымдардың, оның ішінде халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуы мүмкін.
      6. Кеңестің шешімі, егер Кеңес өзгеше айқындамаса, отырысқа қатысушы оның мүшелерінің көпшілік қарапайым дауысымен қабылданады. Шешім қабылдау кезінде әрбір мемлекет бір дауысқа ие.
      Кеңестің кез келген мүшесі қандай да бір мәселе бойынша өзінің мүдделі еместігін білдіруі мүмкін, бұл шешім қабылдауға кедергі ретінде қаралмауы тиіс.
      Шешімге келіспейтін Кеңес мүшелері ерекше пікір білдіруі мүмкін, бұл отырыстың хаттамасына енгізіледі.
      7. Кеңес шешіміне Кеңес төрағасы қол қояды.
      8. Келісімге қатысушы қандай да бір мемлекеттің мүддесін тікелей қозғайтын Кеңестің шешімі оның өкілінің қатысуынсыз қабылданбайды.
      9. Кеңестің отырысы Кеңеспен бекіткен регламентке сәйкес жүргізіледі.
      10. Кеңестің кезекті отырысына материалдарды отырысқа қатысушылар оны өткізу күніне дейін кемінде 30 күн бұрын жолдайды.
      11. Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді оның хатшылығы жүзеге асырады, оның функциясы «Бүкіл ресейлік өсімдіктер карантині орталығы» федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесіне жүктеледі.
      Хатшылық туралы ережені Кеңес бекітеді.
      12. Кеңес бірінші отырысында төрағаны сайлайды.
      13. Төраға Кеңестің жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарын басқарады, регламентті сақтауды қамтамасыз етеді.

6. Қорытынды ережелер

      1. Кеңестің және оның сарапшылары жұмыс топтарының отырыстарын өткізуді ұйымдастыруға байланысты шығыстарды ТМД-ға қатысушы мемлекетті қабылдайтын тиісті мемлекеттік билік органдары көтереді.
      Кеңес мүшелерінің, отырысқа қатысушылардың және сарапшылар жұмыс топтары өкілдерінің іссапар шығындарын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жіберуші мемлекеттік билік органдары және ұйымдары көтереді.
      2. Кеңестің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
      3. Кеңес жұмысы туралы есеп ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырыстарында белгіленген тәртіппен қаралады.
      4. Кеңесті тарату туралы мәселені ТМД үкімет басшыларының кеңесі қарайды.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің   
2012 жылғы 28 мамырдағы
№ 701 қаулысымен 
мақұлданған    

Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
өсімдіктер карантині бойынша үйлестіру кеңесін құру туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      2008 жылғы 14 қарашада ТМД үкімет басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген ТМД-ның 2020 жылға дейінгі кезеңге экономикалық даму стратегиясының, Өсімдіктер карантині және өсімдіктерді қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияның (Рим, 1951 жыл, 1997 жылғы редакцияда) келісілген аграрлық саясатты іске асыру, азық-түлік, экологиялық қауіпсіздікті арттыру жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу және азық-түліктің сапасын бақылау, өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету бөлігінде ережелеріне сүйене отырып,
      ТМД шеңберінде байланыстарды және шаруашылық пен сауда байланыстарын дамытуды жүзеге асыру кезінде аумақтарды карантиндік зиянды организмдердің (карантиндік объектілердің) енуінен және таралуынан өзара қорғау мәселелеріне мән бере отырып,
      өсімдіктер карантині саласындағы халықаралық шарттардың қағидаларын және қағидаттарын, 1992 жылғы 13 қарашадағы Өсімдіктер карантині саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің негізгі ережесін назарға ала отырып,
      карантиндік фитосанитарлық талаптарды және шараларды қолдану саласында келісілген саясат жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині бойынша үйлестіру кеңесін (бұдан әрі – Кеңес) құрады.
      Кеңес өз қызметін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өсімдіктер карантині бойынша үйлестіру кеңесі туралы ереженің негізінде жүзеге асырады.

2-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

3-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік ресімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы депозитарийдің үшінші хабарламаны алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Мемлекетішілік ресімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

4-бап

      Осы Келісімге Тараптардың келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

5-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитрийге қосылу туралы құжаттарды беру жолымен осы Келісімнің мақсаттары мен қағидаттарын мақұлдайтын кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

6-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Тараптардың әрқайсысы шығуға дейін алты ай бұрын өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып және Келісімге қатысу уақытында туындаған міндеттемелерін реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      201__ жылғы «___»___________ _____________________ қаласында орыс тілінде бір тұпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жолдайды.

      Әзірбайжан Республикасының        Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      Армения Республикасының         Тәжікстан Республикасының
           Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының               Түркіменстан
            Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының       Өзбекстан Республикасының
            Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының                   Украина
          Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

      Молдова Республикасының
         Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады