Қазақстан Республикасы Үкіметінің «2012 – 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1428, «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2011 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» 2011 жылғы 31 наурыздағы № 329 қаулыларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2011 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасының шеңберінде алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшiн «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру шарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (кредитор), Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі (бюджеттік бағдарламаның әкімшісі) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамымен кредит шартын жасасуды;
2) бюджеттік кредиттің мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 31 мамырдағы
№ 709 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2011 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасының шеңберінде алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшiн «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру шарттары
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:
1) алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшiн қарыз алушыға 12200000000 (он екі миллиард екі жүз миллион) теңге сомасындағы кредит мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шартымен 1 (бір) пайызға тең жылдық сыйақы ставкасы бойынша 11 (он бір) жыл мерзімге беріледі;
2) қарыз алушы 1:1 пропорцияда кредит және меншікті қаражат есебінен Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2011 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасына қатысушыларға алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын береді;
3) Бағдарламаға қатысушылар үшін алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақының түпкілікті ставкасы тиісінше жылдық 9 (тоғыз) пайыздан және жылдық 8 (сегіз) пайыздан аспауы тиіс;
4) республикалық бюджеттен кредит бөлу қарыз алушының корреспонденттік шотына кредиттің барлық сомасын біржолғы аудару арқылы жүзеге асырылады;
5) кредитті игеру кезеңі қарыз алушының корреспонденттік шотына кредит аударылған күннен бастап 3 (үш) жылды құрайды;
6) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жартыжылдық кезеңділікпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақыны алғашқы төлеу кредитор кредитті аударған күннен бастап алты ай өткен соң жүргізіледі;
7) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2011 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасының шеңберінде алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшiн «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру шарттарының 1) тармақшасында ұсынылған кредиттің мерзімі өткен соң біржолы жүзеге асырады.