"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 6 маусымдағы № 752 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының
Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау
туралы келісімді ратификациялау туралы

      2010 жылғы 12 қаңтарда Венада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
             Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының  Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын),
      осы Келісімге сәйкес инвесторларға және олардың инвестицияларына берілетін режим экономикалық ресурстарды тиімді пайдалануға, халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін жасауға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететінін мойындай отырып;
      құқықтық нормаларға негізделген әділ, ашық және болжамды инвестициялық режимдер бүкіл әлемдік сауда жүйесін қалай толықтырса, солай сияқты, оған пайда әкелетінін атап көрсете отырып;
      олардың достық қатынастарын күшейтуге және олардың арасында бір Тараптың азаматтары мен кәсіпорындарының екіншісінің аумағындағы инвестициялары бөлігіндегі экономикалық ынтымақтастықты нығайтуына жәрдемдесуге ниет білдіре отырып;
      барлық мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғам үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің халықаралық күш-жігеріне, әсіресе БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конвенциясына (2003) қосылу қажеттігін атап көрсете отырып;
      инвестициялық келісімдер мен қоршаған ортаны, адам құқықтарын немесе еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі көп жақты келісімдер жаһандық тұрақты дамуды көтермелеуге арналғанын және кез келген ықтимал келіспеушіліктер Тараптардың әрқайсысының бұл салалардағы стандарттарының талаптарын босаңсыту жолымен шешілмеуі тиіс екенін растай отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін
      1. "Тарап инвесторы" мыналарды:
      (а) Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы болып табылатын және екінші Тараптың заңнамасына сәйкес, оның аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке тұлғаны;
      (ә) Тараптың қолданылатын ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған немесе ұйымдастырылған, табыс табу немесе таппау мақсатында жұмыс істейтін, үкіметке немесе жеке секторға тиесілі немесе олар басқаратын заңды тұлғаны білдіреді, мысалы: корпорация, серіктестік, бірлескен кәсіпорын немесе кез келген басқа да қауымдастық, сол сияқты трест, жеке меншіктегі фирма немесе Тарап аумағында орналасқан және онда тәуелсіз коммерциялық қызметті жүргізетін және инвестицияны жүзеге асырушы немесе асыратын филиал.
      2. "Тарап инвесторының инвестициялары" бір Тараптың аумағындағы екінші Тарап инвесторының меншігінде немесе тікелей немесе жанама басқаратын активтердің кез келген түрін білдіреді. Инвестициялардың мынадай: капитал немесе басқа да қаржыландыру көздері бойынша міндеттемелер, пайданы немесе табысты күту, тәуекелдерді қабылдау сияқты белгілі бір сипаттамалары болады және көбінесе мыналар кіреді:
      (a) осы баптың 1-тармағының ә) тармақшасында айқындалғандай заңды тұлға;
      (ә) осы баптың 2-тармағының (a) тармақшасында айқындалғандай акциялар, бағалы қағаздар мен кәсіпорынға үлестік қатысудың басқа да нысандары және олардан туындайтын құқықтар;
      (б) облигациялар, борыштық міндеттемелер, қарыздар мен борыштық құралдардың басқа да нысандары және олардан туындайтын құқықтар;
      (в) "дайын күйіндегі" жобаларды, құрылысты, басқаруды немесе кірістерді бөлу шарттарын, концессияны, лицензияны, экономикалық қызметті жүргізуге рұқсатты немесе рұқсаттаманы қоса алғанда, заңға немесе келісім-шартқа сәйкес ұсынылған кез келген құқық немесе ақшалай талап немесе оның орындалуы;
      (г) өнеркәсіптік меншік құқығын, авторлық құқықты, сауда маркаларын, патенттерді, географиялық көрсеткіштерді, өнеркәсіп үлгілерін, тауар белгілерін, ноу-хау мен гудвилді қоса алғанда, экономикалық құндылығы бар зияткерлік меншікке және материалдық емес активтерге құқықтар;
      (ғ) жалға алу құқығы, ипотека, мүлікті ұстап қалу құқығы, кепілдіктер немесе узуфруктілер сияқты кез келген басқа материалдық немесе материалдық емес, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік немесе солармен байланысты кез келген меншік құқықтары.
      3. "Кірістер" пайданы , пайыздарды, капитал құнының өсімін, дивидендтерді, роялтиді, лицензиялық төлемдерді, басқару қызметтері үшін гонорарды, техникалық көмек төлемін және басқа да төлемдерді қоса алғанда, инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынатын қаражатты білдіреді.
      4. "Кідіріссіз" әдетте өтемақыны төлеу немесе төлемдерді аудару а қажетті рәсімдерді аяқтау үшін талап етілетін кезеңді білдіреді. Бұл кезең экспроприациялау күнінен бастап, өтемақы төленген және төлемдерді аударған жағдайда, аудару туралы сұрау салу берілген күнінен бастап басталуы тиіс. Мұндай кезең ешқандай жағдайда бір айдан аспауы тиіс.
      5. "Аумақ" Тараптардың екеуіне қатысты Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы халықаралық құқыққа сәйкес заң құзыретін жүзеге асыратын арнайы экономикалық аумақ пен құрлық қайраңын қоса алғанда, ішкі және аумақтық суларды, жер қойнауын, оның мемлекетінің егемендігіндегі әуе кеңістігін қоса алғанда, жердің құрлықтағы аумағын, теңіз кеңістігін білдіреді.
      6. "Нью-Йорк конвенциясы" дегеніміз 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қабылданған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенция.

2-бап
Инвестицияларды көтермелеу

      1. Әрбір Тарап оның қолданылатын заңнамасына сәйкес екінші Тарап инвесторларының инвестицияларын көтермелейді және таниды.
      2. Активтер инвестициялаған немесе қайтадан инвестицияланған нысанның кез келген өзгерісі, мұндай өзгеріс аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған жағдайда, олардың инвестициялар ретіндегі мәртебесін қозғамауы тиіс.

3-бап
Инвестициялар режимі

      1. Әрбір Тарап екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына әділ және тең құқықтық режимді, толық қорғау мен қауіпсіздікті ұсынады.
      2. Тарап екінші Тараптың инвесторларына тиесілі инвестицияларды басқаруға, пайдалануға, қызмет көрсетуге, қолдануға, иелік етуге, сатуға және жоюға заңсыз немесе кемсітушілікпен қарсы әрекет етпейтін болады.
      3. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторлары мен олардың инвестицияларына немесе кірістеріне инвестор үшін қандай режим неғұрлым қолайлы болатынына қарай, ол өз инвесторларына және олардың инвестицияларына не кез келген үшінші мемлекеттің инвесторлары мен олардың инвестицияларына немесе кірістеріне қатысты басқаруға, қолдануға, қызмет көрсетуге, пайдалануға, сатуға және жоюға, сондай-ақ инвестицияларға немесе кірістерге қатысты дауларды реттеуге ұсынатын режимінен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
      4. Осы Келісімнің бір де бір ережесі мыналар:
      (а) БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес оның әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттерін орындауға қатысты Тараптың шаралар қабылдауына кедергі келтіретін;
      (ә) еркін сауда аумағы туралы, кеден одағы, жалпы нарық, экономикалық бірлестік, валюта одағы, мысалы, Еуропалық одақ туралы келісім немесе экономикалық ықпалдасу туралы шарттың мүшесі ретіндегі Тараптың өз міндеттемелерін орындауға кедергі келтіретін; не Тарапқа екінші Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына немесе мұндай келісімге немесе инвестициялар туралы кез келген көп жақты келісімге оның мүшелігі негізіндегі кез келген режимнің, преференциялардың немесе артықшылықтардың қазіргі немесе болашақтағы пайдасына қатысты болуын міндеттеу ретінде;
      (б) екінші Тараптың инвесторларына Тараптың халықаралық келісімдер, халықаралық нормалар немесе салық салуға қатысты ұлттық заңнама бойынша міндеттемелерінен туындайтын олардың инвестициялары мен кірістерін, кез келген режимнің осы немесе болашақтағы пайдасын, преференциялар мен артықшылықтарын таратуға Тарапты міндеттеуші ретінде қарамауы тиіс.

4-бап
Инвестициялар және қоршаған орта

      Тараптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы өздерінің ұлттық заңнамаларының талаптарын төмендету арқылы инвестицияларды ынталандырмайды.

5-бап
Еңбек заңнамасы

      1. Тараптар еңбек саласындағы өздерінің ұлттық заңнамаларының талаптарын төмендету арқылы инвестицияларды ынталандырмайды.
      2. Осы баптың мақсаты "еңбек саласындағы ұлттық заңнама" мына халықаралық танылған еңбек құқықтарына тікелей байланысты болады:
      (а) қауымдастық құқығы;
      (ә) ұжымдық шарттарды ұйымдастыру және жасасу құқығы;
      (б) мәжбүрлейтін немесе міндетті еңбектің кез келген нысанын пайдалануға тыйым салу;
      (в) балаларды жұмыспен қамту үшін және балалар еңбегінің ең нашар нысандарына тыйым салу және жою және ең төменгі жасын қоса алғанда, балалар мен жасөспірімдер еңбегін қорғау;
      (г) жалақының ең төменгі мөлшері, жұмыс уақытының мерзімі, еңбек және денсаулық қауіпсіздігі бөлігінде еңбектің қабылдауға болатын қолайлы шарттары;
      (ғ) жұмысқа жалдау кезінде және кәсіпті таңдау кезінде кемсітушілікті жою.

6-бап
Ашықтық

      1. Әрбір Тарап өз заңдарын, ережелерін, рәсімдерін, сондай-ақ өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімнің қызмет етуін қозғауы мүмкін халықаралық келісімдерді дереу жариялайды немесе өзге түрде көпшілікке қол жетімді етеді.
      2. Әрбір Тарап арнайы сұрақтарға дереу жауап береді және екінші Тараптың сұрауы бойынша осы баптың 1-тармағында аталған кез келген шаралар мен мәселелер туралы сұраныспен қамтамасыз етеді.
      3. Тараптардың бірде бірі құпиялылықты қорғауға қатысты оныңұлттық заңнамасына қарама-қайшы келетін немесе жекелеген инвесторларға немесе инвестицияларға қатысты, оны ашып көрсету заңдарды орындауға кедергі келтіретін ақпаратқа қол жетімділікке рұқсат беруді немесе ұсынуды талап етпеуі тиіс.

7-бап
Экспроприациялау және өтемақы

      1. Тараптар екінші Тарап инвесторының инвестицияларын тікелей немесе жанама экспроприациялауға немесе мемлекет меншігіне алмауға немесе мына:
      (a) қоғамдық мақсаттарда қабылданатын;
      (ә) кемсітпеушілік негізіндегі;
      (б) тиісті заңды рәсімге сәйкес;
      (в) осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес дереу, мөлшерлес және тиімді өтемақымен сүйемелденетін шараларды қоспағанда, ұқсас әсері бар (бұдан әрі экспроприация деп аталатын) кез келген шараларды қабылдамауы тиіс.
      2. Өтемақы:
      (a) кідіріссіз төленуі тиіс. Валюталық бағамға байланысты кідірген жағдайда, осы кідіріс нәтижесі болып табылатын кез келген шығынды қабылдаушы мемлекет көтереді;
      (ә) экспроприациялауды жүзеге асырғанға дейін экспроприацияланған инвестициялардың әділ нарықтық құнына баламалы болуы тиіс. Әділ нарықтық құн экспроприациялау туралы бұрыннан көпшілікке мәлім болған салдардан туындаған бағаға қандай да бір өзгерісті көрсетпеуі тиіс;
      (б) мүдделі өтініш беруші көрсеткен мемлекетке және өтініш берушілер азаматтары болып табылатын сол мемлекеттің валютасымен немесе өтініш берушілер қабылдаған еркін айырбасталатын кез келген валютамен төленген және еркін аударылатын болуы тиіс;
      (в) экспроприациялау күнінен бастап нақты төлеу күніне дейін төлеу валютасы үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка бойынша процентті қамтуы тиіс.
      3. Екінші Тараптың экспроприациялауына ұшырағанын мәлімдеген Тарап инвесторы осы баптың ережелеріне сәйкес, сот органы немесе соңғы Тараптың басқа құзыретті және тәуелсіз органы оның инвестицияларын бағалауды және өтемақы төлеуді қоса алғанда, оның ісін дереу қарауға құқығы бар.

8-бап
Шығынға өтемақы төлеу

      1. Соғыс немесе басқа да қарулы қақтығыс, ұлттық төтенше жағдай, төңкеріс, көтеріліс, азаматтық тәртіпсіздік немесе соңғы Тараптың аумағындағы кез келген басқа ұқсас оқиғалар, күтпеген және форс-мажор жағдайлары салдарынан басқа Тараптың аумағында инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты шығын шеккен Тараптың инвесторына соңғы Тарап реституцияға, өтеуге, өтемақыға немесе кез келген басқа реттеуге қатысты қандай режим инвестор үшін барынша қолайлы болып табылатындығына қарай, оның өз инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынғаннан анағұрлым қолайлы болатын режим ұсынуы тиіс.
      2. Мыналардың:
      (a) инвестицияларды немесе олардың бір бөлігін биліктің немесе екінші Тараптың аумағында жұмыс істейтін күштердің реквизициялауы, немесе
      (ә) жағдайға байланысты талап етілмеген оның инвестициясын немесе оның бір бөлігін екінші Тарап күштерінің немесе билігінің бұзуы салдарынан осы баптың 1-тармағында аталған жағдайдың кез келгенінен шығын шеккен Тарап инвесторына,
      соңғы Тарап кез келген жағдайда осы Келісімнің 7-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс жағдайлардың қайсысында да өтемақыға қатысты дереу, мөлшерлес және тиімді болуы тиіс реституцияны немесе өтемақыны ұсынады.

9-бап
Аударымдар

      1. Аумағында инвестициялар жүзеге асырылған әрбір Тарап оның ұлттық заңнамасына сәйкес, инвестормен барлық салықтық міндеттемелерін орындағаннан кейін басқалармен қатар, атап айтқанда, мыналарды қамтитын инвестицияларға қатысты төлемдердің еркін аударылуына кепілдік береді:
      (a) инвестицияларды сақтау немесе ұлғайту үшін бастапқы капитал және қосымша қаражат;
      (ә) инвестициялардан түсетін кірістер;
      (б) инвестицияларға байланысты қарыз шартын қоса алғанда, келісім-шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын төлемдер;
      (в) сатудан түскен пайданың немесе барлық немесе инвестициялардың кез келген бөлігін жою;
      (г) осы Келісімнің 7 және 8-баптарына сәйкес төленетін өтемақылар;
      (ғ) дауды реттеуден туындайтын төлемдер;
      (д) инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты шетелден жалдаған персоналға төленетін еңбекақы және басқа да сыйақылар.
      2. Әрбір Тарап мұндай аударымдар аумағында аударым жүзеге асырылған Тараптың аударым күнінде қолданыста болған нарықтық валюталық бағам бойынша еркін айырбасталатын валютада жүзеге асырылатындығына кепілдік береді.
      3. Шетелдік валюта нарығы болмаған кезде, ағымдағы күнге жарамды Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) Қарыз Алудың Арнаулы құқықтарындағы валюталар аударымының валюталық бағамы қолданылады.
      4. Осы баптың 1 – 3-тармақтарына қарамастан, осы Келісімнің 3-бабының 4-тармағында аталған оның халықаралық міндеттемелерін орындау үшін Тарап қабылдаған шараларға залалсыз, мұндай шаралар Тарап банкроттыққа, төлем қабілетсіздігіне немесе кредиторлардың құқықтарын қорғауға, эмиссияға, бағалы қағаздардың саудасына және олармен жасалатын мәмілелерге, фьючерстерге, опциондар мен туынды бағалы қағаздарға, есептілік ережелеріне және аударымдарды жазуды жүргізуге, "ақшаны жылыстатуды" немесе терроризмді қаржыландыруды болдырмауға қатысты немесе қылмыстарға, әкімшілік және сот ісін жүргізу ұйғарымдарына немесе шешімдеріне байланысты ұлттық заңнаманы тең құқықты, мұндай шаралар және оларды қолдану Тараптың осы Келісімге сәйкес өз міндеттемелерін орындаудан жалтару құралы ретінде пайдаланылмауы тиіс болған жағдайда, кемсітушіліксіз және әділ қолдану жолымен аударымды шектей алады.

10-бап
Суброгация

      Егер Тарап немесе оның уәкілетті органы төлемді екінші Тараптың аумағындағы инвестордың инвестицияларына қатысты ұсынылған өтемақыға, кепілге немесе сақтандыру туралы шартқа сәйкес жүргізетін болса, онда соңғы Тарап осы Келісімнің 13 – 18-баптарына сәйкес инвестордың құқықтарына залалсыз, осы инвестордың кез келген құқықтары мен талаптарының алдыңғы Тарапқа немесе оның уәкілетті органына және алдыңғы Тараптың немесе оның уәкілетті органының суброгацияға байланысты кез келген осындай құқықты және талапты оның алдыңғысындай дәрежеде жүзеге асыру құқығының ауысатынын мойындауы тиіс.

11-бап
Басқа да міндеттемелер

      1. Әрбір Тарап екінші Тарап инвесторларының жекелеген инвестицияларына қатысты өзі қабылдай алатын кез келген міндеттемені сақтайды.
      Бұл өзгелермен бірге инвестор мен қабылдаушы мемлекеттің арасындағы келісімшарттың бұзылғандығы, осы Келісімді бұзғандығын білдіреді.
      2. Егер Тараптардың кез келгенінің заңнамасы немесе оның қазіргі уақытта қолданыстағы немесе осы Келісімге толықтыру ретінде Тараптар арасында болашақта белгіленген халықаралық шарттар бойынша міндеттемелері екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына осы Келісімде көзделгеннен неғұрлым қолайлы режим ұсынатын жалпы немесе арнайы ережелерді қамтитын болса, онда мұндай нормалар инвесторлар үшін неғұрлым қолайлы болатын шектермен осы Келісімнен басым болады.

12-бап
Құқықтарды ұсынудан бас тарту

      Егер үшінші мемлекеттің инвесторлары бірінші айтылған инвесторды бақылайтын немесе иеленетін болса және бұл инвестор ол құрылған немесе ұйымдастырылған заңнама бойынша Тараптың аумағында елеулі коммерциялық қызметті жүзеге асырмайтын болса, онда Тарап екінші Тараптың инвесторына және оның инвестицияларына осы Келісімнің артықшылықтарын ұсынудан бас тартуы мүмкін.

13-бап
Инвестор мен Тарап арасындағы дауларды шешу тәсілдері

      1. 13 – 18-баптар инвесторға немесе оның инвестицияларына шығын немесе зиян алып келетін біріншісінің осы Келісім бойынша міндеттемелерінің ықтимал жөнсіздіктеріне қатысты Тарап пен екінші Тараптың инвесторы арасындағы дауларға қолданылады.
      2. Тарап пен екінші Тараптың инвесторының арасындағы дау мүмкіндігінше келіссөздер немесе консультациялар жолымен реттелетін болады. Егер дау осылайша реттелмеген болса, талапкер оны мыналардың қарауына:
      (а) дауға қатысатын Тарап мемлекетінің құзыретті соттарына;
      (ә) дауларды реттеудің кез келген қолдануға болатын алдын ала келісілген рәсіміне сәйкес; немесе
      (б) осы бапқа сәйкес:
      (і) Вашингтон қаласында 1965 жылғы 18 наурызда қол қойылған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің жеке немесе заңды тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға (бұдан әрі – ИДРХК) сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (бұдан әрі – ИДРХО), егер инвестор Тарапы мен даудың тарапы болып табылатын Тараптың екеуі де ИДРХК Конвенциясының қатысушысы болып табылатын болса;
      (іі) егер инвестор Тарапы мен даудың тарапы болып табылатын Тараптың екеуі де ИДРХК Конвенциясына қатысушы болып табылмайтын болса, Орталық Хатшылықтың Әкімшілік Өндірісі үшін Қосымша Алаң ережелеріне сәйкес ИДРХО-ға;
      (ііі) Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының ("ЮНСИТРАЛ") Төрелік Ережесіне сәйкес құрылған жалғыз төрешісіне немесе аd hос төрелік сотына;
      (iv) Халықаралық Сауда Палатасына, Палата төрелігінің ережелеріне сәйкес жалғыз төрешіге немесе ad hoc төрелік сотына;
      (v) кез келген бұрын айтылған ad hoc төрелік сотына қарауға бере алады.
      3. Дау осы баптың 2-тармағының (в) тармақшасына сәйкес, дау тарапы мұндай ниеті туралы хабарлаған күннен бастап, 60 (алпыс) күн өткеннен кейін, бірақ даудың басқа тарапы дау туындатқан оқиғалар туралы хабарланған не хабарлануы тиіс күннен бастап, 5 (бес) жылдан кешіктірілмей, қарауға ұсынылуы мүмкін.

14-бап
Тараптардың келісімі

      1. Осымен әрбір Тарап осы Келісімнің 13-бабына сәйкес халықаралық төрелік сотқа дауды ұсынуға өзінің сөзсіз келісімін береді.
      2. Осы баптың 1-тармағында айтылған келісім оған сәйкес ішкі әкімшілік немесе сот шаралары қаралып бітуі тиіс талаптардан бас тарту дегенді білдіреді.

15-бап
Талқылау орны

      Осы Келісімнің 13 – 18-баптары төңірегіндегі кез келген талқылау даудың кез келген тарапының сұрауы бойынша Нью-Йорк Конвенциясына қатысушы болып табылатын мемлекетте жүргізіледі. Осы Келісімнің 13 – 18-баптарына сәйкес төрелікке жіберілген өтініштер Нью-Йорк Конвенциясының 1-бабын сақтау мақсатында коммерциялық қарым-қатынастардан немесе мәмілелерден туындайтындар сияқты қаралуы тиіс .

16-бап
Өтем

      Залал үшін өтем немесе өтемақы немесе олардың бөліктері өтем шарттарына, кепілдікке немесе сақтандыруға сәйкес болғаны немесе алынатындығы фактісін даудың тарапы қорғау шарасы, қарсы талап-арыз, өтемақыға құқық немесе кез келген басқа негіздеме ретінде пайдаланбауы тиіс.

17-бап
Қолданылатын заңнама

      1. Осы Келісімнің 13 – 18-баптарына сәйкес ұйымдастырылған төрелік сот дауларды осы Келісімге сәйкес, сондай-ақ халықаралық құқықтың қолданылатын нормалары мен қағидаттарына сәйкес шешеді.
      2. Осы Келісімнің 11-бабына сәйкес, даудағы мәселелер басқа уағдаластық болмағанда, дау тарапы болып табылатын Тараптың заңнамасына, келісімшартты реттейтін заңнамаға, сондай-ақ мүмкіндігіне қарай халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешілуі тиіс.

18-бап
Төрелік шешім және орындау

      1. Мүдде сыйақысын қамтуы мүмкін төрелік шешім түпкілікті және дау тараптары үшін міндетті болып табылады және талаптарды қанағаттандырудың мынадай нысандарын қамтуы мүмкін:
      (а) Тарап осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындай алмағаны туралы өтініш;
      (ә) залалды жүзеге асыру сәтінен бастап, өтемақыны төлеу сәтіне дейін пайыздық сыйақыны қамтуы тиіс ақшалай өтемақы;
      (б) Тарап, егер реституция заттай мәнде қолдануға жарамаса, ақшалай өтемақы алуға құқылы болған жағдайда, тиісті жағдайлардағы заттай мәндегі реституция;
      (в) дау тараптарының уағдаластығы бойынша талаптарды қанағаттандырудың кез келген басқа нысаны.
      2. Әрбір Тарап осы бапқа сәйкес, төрелік шешімдердің тиісінше және кешіктірілмей орындалуын қамтамасыз етеді.

19-бап
Тараптар арасындағы дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар, мүмкіндігінше, консультациялар арқылы шешіледі.

20-бап
Шектеулер, консультациялар, делдалдық, ымыраласушылық

      1. Тараптардың кез келгенінің талап етуі бойынша осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дау осы талап туралы екінші Тарапқа хабарланғаннан кейін 60 (алпыс) күн бұрын төрелік сотқа реттеу үшін берілуі мүмкін.
      2. Тарап осындай дауда шығарылған шешімді сақтай алмаған және орындай алмаған немесе осы сот талқылауы төрелік сот шешімін шығарусыз тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, Тараптар 19 – 25-баптарға сәйкес инвестор осы Келісімнің 13 – 18-баптарына сәйкес дау бойынша инвестор құқықтарының бұзылуына қатысты төрелікке мәлімдеген сот процесіне бастамашылық жасай алмайды.

21-бап
Төрелік сот құрамын қалыптастыру

      Аd hoc төрелік соты мынадай түрде ұйымдастырылуы тиіс:
      1. Әрбір Тарап соттың бір мүшесін тағайындауы тиіс және осы екі мүше үшінші мемлекет азаматының кандидатурасын Төраға ретінде келісуі тиіс. Соттың мұндай мүшелері Тараптардың біреуі екінші Тарапқа дауды төрелік сотқа ұсыну ниеті туралы хабарлаған күнінен бастап, 2 (екі) ай ішінде тағайындалуы тиіс, бұл ретте бұл соттың Төрағасы келесі 2 (екі) айдың ішінде тағайындалуы тиіс.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімдер сақталмаған болса, онда Тараптардың кез келгені тиісті келісім болмаған кезде қажетті тағайындауларды жүзеге асыру үшін БҰҰ-ның Халықаралық Сотының Президентін шақыра алады. Егер БҰҰ-ның Халықаралық сотының президенті Тараптардың кез келгенінің азаматы болып табылса немесе егер ол аталған функцияны орындай алмаса, онда Вице-президент немесе ол қабілетсіз болған жағдайда БҰҰ-ның Халықаралық Сотының деңгейі бойынша келесі мүшесі қажетті тағайындау жүргізу үшін сол шарттарда шақырылуы тиіс.
      3. Төрелік сот мүшелері тәуелсіз және бейтарап болуы тиіс.

22-бап
Қолданылатын заңнама, жалпы ережелер

      1. Төрелік сот дауларды қолданылатын нормаларға және халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес шешеді.
      2. Егер дауға қатысушы Тараптар басқа шешім қабылдамаған болса, осы Келісімнің 19 – 25-баптарының ережелерімен реттелмейтін мәселелерге Аралық сот Тұрақты палатасының Төрелік талқылауының факультативті ережелері мүмкін болған кезде қолданылады.

23-бап
Төрелік шешім

      1. Төрелік сот өз шешімінде құқықтар мен фактілер бойынша олардың негіздемелерімен бірге өз қорытындыларын мәлімдейді және Тараптардың бірінің сұрауы бойынша талаптарды қанағаттандырудың мынадай нысандарын қоса алады:
      (а) Тараптардың іс-әрекеттері осы Келісім бойынша оның міндеттемелеріне қайшы келетіні туралы өтініш;
      (ә) Тарап өзінің іс-әрекеттерін осы Келісім бойынша өзінің міндеттемелеріне сәйкес келтіретіні туралы ұсыным;
      (б) Тараптың инвесторына немесе оның инвестицияларына келтірілген шығындар немесе зияндар үшін ақшалай өтемақы;
      (в) оған қарсы шешім шығарылған, оның ішінде инвесторға заттай мәнде реституция берілген Тарап келісетін талапты қанағаттандырудың кез келген басқа нысаны.
      2. Тараптар үшін төрелiк шешiм түпкілікті және міндетті болуы тиіс.

24-бап
Шығыстар

      Әрбір Тарап Төрелік соттағы өздерінің өкілдіктерінің шығыстарын төлейді. Төрелік соттың шығыстарын, егер тек Төрелік сот олардың өзге түрде бөлінетінін көрсетпесе, екі Тарап та тең шамада төлейтін болады.

25-бап
Орындалуы

      Олар бойынша шешім шығарылған күннен бастап, бір жыл ішінде орындалмаған ақшалай сыйақылар міндеттемелерді орындамаған Тараптың активтеріне қатысты заңдық құзыретке сәйкес, кез келген Тараптың сотында өндіріп алынуы мүмкін.

26-бап
Қолдану саласы

      1. Осы Келісім екінші Тараптың аумағында Тараптардың кез келгенінің инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларға оның заңнамасына сәйкес, осы Келісім күшіне енгенге дейін де, күшіне енгеннен кейін де қолданылады.
      2. Осы Келісім осы Келісімнің 13-бабында көзделген, реттеліп қойған талаптарға немесе процестерге осы Келісім күшіне енгенге дейін қолданылмайды.

27-бап
Консультациялар

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа осы Келісімге қатысты кез келген мәселелер бойынша консультациялар жүргізуді ұсынуы мүмкін. Бұл консультациялар дипломатиялық арналар арқылы келісілген уақытта және орында жүргізілуі мүмкін.

28-бап
Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

29-бап
Күшіне енуі және қолданылу мерзімі

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап 60 (алпыс) күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісім 10 (он) жыл мерзімге жасалады, одан соң автоматты түрде белгісіз мерзімге ұзартылады және Тараптардың бірі екінші Тарапқа өзінің осы Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы дип ломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап он екі ай өткен соң қолданысын тоқтатады.
      3. Осы Келiсiм тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің 1 – 26-баптарының ережелері осы Келiсiм тоқтатылған күнінен бастап кейінгі 10 жыл кезеңде әрекет етуін жалғастыра береді.

      Вена қаласында 2010 жылғы "12" қаңтарда ағылшын тілінде екі данада жасалды.

      Қазақстан Республикасының            Австрия Республикасының
            Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады