"Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 27 маусымдағы № 855 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы
Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияны
ратификациялау туралы

      2011 жылғы 17 маусымда Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы
Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенция

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі,
      екі мемлекетті біріктіретін байланысты қолдауға және нығайтуға ниет білдіре отырып,
      қылмыстарды болдырмау, тергеу және соттық ізге түсу ісінде, әсіресе ұйымдасқан қылмыстылық пен лаңкестікке қарсы күресте екі мемлекет арасында аса тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,
      екі мемлекет арасында қылмыстық істер бойынша үйлестіру және өзара көмек көрсетуді өз заңнамалары мен қағидаларына сәйкес арттыруға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

I бөлім. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1-бап. Қолданылу саласы

      1. Осы конвенцияның мақсаты екі Тараптың құзыретті органдары арасында қылмыстық істерге байланысты өзара құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттеу болып табылады.
      2. Осы конвенцияның ережелері және өз заңнамалары мен қағидаларына сәйкес Тараптар бір-біріне қылмыстарды алдын алу, тергеу және қылмыстық ізге түсу бойынша кез-келген құқықтық көмек, сондай-ақ қажет етілген жағдайда сұрау салатын Тараптың құқық қорғау органдарының құзыретіне кіретін қылмыстық процесс шеңберінде өзге де көмек көрсетеді.
       3. Осы конвенцияға сәйкес көмек салық, кеден бажы, валюталық бақылауға және басқа да қаржы мәселелеріне байланысты қылмыстарға да қатысты көрсетіледі,
      4. Осы конвенция:
      a) ұстап беру мақсатында адамдарды қамауға алуға немесе ұстап беру туралы сұрауға;
      b) қылмыстық істер бойынша, оның ішінде сотталған адамдарды жеткізіп тапсыру туралы сот шешімдерін орындауға;
      c) жекелеген адамдарға немесе үшінші мемлекеттерге тікелей көмек көрсетуге қатысты қолданылмайды.
      5. Осы конвенция Тараптар арасында өзара көмек көрсету мақсатында ғана жасалады. Оның ережелері жеке тұлғаларға айғақтарды алу, алып кою,жасыру немесе жәрдем беру туралы сұрау орындауға кедергі жасауға қандай да бір құқықтар бермейді.
      6. Талап етілетін көмек сұрау салынатын Тараптың аумағында жасалған қылмыс бойынша қылмыстық ізге түсудің негізі болған мән-жай ретінде саралауға қажетті іздестіру, қамау немесе босатуды көздейтін жағдайларды қоспағанда, ол үшін негіз болған мән-жайдың сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болуы немесе болмауына қарамастан көрсетіледі.

2-бап. Орталық органдар

      1. Әрбір Тарап осы конвенцияға сәйкес жәрдем беру туралы сұрау жіберу және алу бойынша тікелей жауапты болатын орталық органды тағайындайды.
      2. Қазақстан тарапынан Бас прокуратура орталық орган болып табылады. Испанияның орталық органы Әділет министрлігі болып табылады. Тараптардың әрқайсысы көрсетілген орталық органды өзгертуге құқылы.
      3. Осы конвенцияның ережелерін тиімді іске асыру үшін орталық органдар жәрдем беру туралы сұрауды орындау барысында туындайтын мәселелерді шешу мақсатында қазіргі технологияларды пайдаланып, бір-бірімен тікелей байланысып отырады.
      4. Тараптар істің ерекше мән-жайларына байланысты қажет деп тапқан жағдайда, жәрдем беру туралы сұрау жіберу немесе алу немесе оны орындауға байланысты ақпаратты алу үшін дипломатиялық жолдарды пайдалана алады.

3-бап. Көмекті қолдану саласы

      І.Көмек:
      а) адамдардың мекенжайын анықтау және оларды сәйкестендіру;
      b) сот құжаттарын тапсыру;
      c) дәлелдемелерді, оның ішінде вексельдерді, құжаттарды немесе мұрағаттарды алу;
      d) заттарды іздестіру және алып қоюды жүзеге асыру;
      e) тікелей не бейнебайланыс арқылы куәлар мен сарапшыдан, сондай-ақ айыпталушыдан жауаптар алу;
      f) сұрау салатын Тарапқа өз еркімен келу үшін куәлар, сарапшылар және айыпталушыларға хабарламалар жіберу;
      g) сұрау салатын Тарапқа жәрдем беру мақсатында ұсталған адамдарды уақытша тапсыруды жүргізу;
      һ) қылмыстардан және осындай мақсаттарда пайдаланылатын құралдардардан алынған табыстарды іздестіру, тоқтатып қою, тәркілеу және оларға тыйым салу;
      і) мүлікті жеткізу, оның ішінде заттарды қайтару және сотта дәлелдеме ретінде ұсыну үшін уақытша пайдалануға беру;
      j) сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстар бойынша және қылмыстық сот ісін жүргізудің басталуы жөнінде ақпарат алмасу;
      к) басқа Тарап азаматтарының соттылығы мен криминалистикалық есепке алынуына қатысты ақпарат алмасу;
      1) осы конвенцияда көзделген және сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмейтін көмектің кез келген басқа да нысандарын қамтиды.
      2. Осы конвенция оның 14-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда сұрау салынатын Тараптың аумағында оның заңнамасына сәйкес өз құзыретті органдарына бекітілген функцияларды сұрау салатын Тараптың құзыретті органдарының орындауына құқық бермейді.

4-бап. Көмек көрсетуден бас тарту

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салатын Тарапқа мынадай
жағдайларда:
      а) жәрдем беру туралы сұрау саяси сипаттағы қылмысқа қатысты болса. Сұрау салынатын Тарап қатысушысы болып табылатын халықаралық шартқа сәйкес лаңкестік және өзге де қылмыстар саяси сипаттағы қылмыстар санатынан алынып тасталуы мүмкін деп есептесе, олар «саяси сипаттағы қылмыстар» ретінде түсіндірілмейді;
      b) жәрдем беру туралы сұрау қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыс болып табылмайтын әскери қылмысқа қатысты болса;
      с) жәрдем беру туралы сұрауды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да маңызды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса;
      d) жәрдем беру туралы сұрау адамды оның нәсіліне, дініне, ұлтына, этностық шығу тегіне, саяси көзқарасына, жынысына қарай немесе осы адамды кемсітушіліктің кез келген нысанына ұшырату ниетімен немесе көрсетілген кез келген себептер бойынша осындай адамның жағдайына нұқсан келтірілуі мүмкін елеулі негіздер болса;
      е) жәрдем беру туралы сұрау айыптау шешіміне жүгінсе, яғни соның негізінде сұрау салынатын Тараптың аумағында сотталған, рақымшылық жасалған немесе ақталған адамға қатысты болса немесе егер ондай қылмыс сұрау салынатын Тараптың заңды құзыры шегінде жасалып, мерзімнің өтуіне байланысты адам сотқа келе алмаса;
       f) жәрдем беру туралы сұрау мәжбүрлеу шараларын көздеп, сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес айып болып тағылған әрекет немесе әрекетсіздік қылмыс ретінде сараланбаса, бас тартуы мүмкін.
      2. Сұрау салатын Тарап сұрау салынатын Тараптың өлім жазасы үкімі шығарылмайды немесе шығарылған жағдайда да орындалмайды деп есептеуіне жеткілікті кепілдіктер бере алмағанда ғана, сұрау салатын Тараптың аумағында өлім жазасымен жазаланатын, бірақ сұрау салынатын Тараптың аумағында ол үшін өлім жазасы белгіленбейтін немесе қолданылмайтын қылмысқа қатысты жәрдем беру туралы сұрау бойынша сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуден бас тартады.
      3. Сұрау салатын Тараптың заңнамасына сәйкес өмір бойы бас бостандығынан айыруға немесе белгісіз мерзімге бас бостандығынан айыруға байланысты жазамен жазаланатын қылмысқа қатысты жәрдем беру туралы сұрау болған жағдайда, сұрау салатын Тарап сұрау салынатын Тарапқа ондай жаза шығарылмайды немесе бас бостандығынан өмір бойына айырылмайды деп есептеуге жеткілікті кепілдіктер бере алмағанда ғана, сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуден бас тарта алады.
      4. Егер сұрау салатын Тарап осы конвенцияның 9-бабының ережелеріне сәйкес берілетін материалды пайдалануға қатысты құпиялылыққа немесе қандай да бір шектеулерге байланысты шарттарды орындай алмаса, сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуден бас тарта алады.
      5. Егер жәрдем беру туралы сұрауды орындау сұрау салынатын Тарапта жүргізіліп жатқан тергеуге немесе талқылауға кедергі жасауы мүмкін болса, сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуді кейінге қалдыра алады.
      6. Осы бапқа сәйкес сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуден бас тартқанға немесе кейінге қалдырғанға дейін өзінің орталық органы арқылы:
      a) сұрау салған Тарапқа бас тарту немесе кейінге қалдыру себептері туралы дереу хабарлайды;
      b) сұрау салынатын Тарап қажетті деп есептейтін мерзімдер мен жағдайларда көмек көрсету мүмкіндігін айқындау үшін сұрау салатын Тараппен консультация жүргізеді.
      7. Егер сұрау салатын Тарап осы баптың 6-тармағының b)-тармақшасында көрсетілген мерзімдер мен талаптарға сәйкес көмек көрсетіледі деп белгілесе, онда осы мерзімдер мен талаптар орындалуға тиіс.

II бөлім. ЖӘРДЕМ БЕРУ ТУРАЛЫ СҰРАУЛАР РӘСІМІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ
ОРЫНДАУ 5-бап. Жәрдем беру туралы сұраулар бойынша құзыретті органдар

      Осы конвенцияға сәйкес сұрау салынатын Тараптың жәрдем беру туралы сұраулары бойынша оның құқықтық жүйесіне сәйкес жәрдем көрсету туралы сұраудың пәні болып табылатын қылмыс бойынша қылмыстық ізге түсу мен тергеуді жүргізуге құқылы құзыретті органдары болып саналады.

6-бап. Жәрдем беру туралы сұраудың нысаны

      1. Жәрдем беру туралы сұраулар құзыретті орган басшысының қолы қойылып, жазбаша түрде ресімделеді. Төтенше жағдай туындағанда жәрдем беру туралы сұраулар факс, электрондық пошта арқылы немесе кез келген басқа да тәсілмен берілуі және олардың мазмұнының жазбаша дәлелдемелерімен қамтамасыз етілуі мүмкін. Осы жәрдем беру туралы сұрауларға рұқсат беру олар жіберілген сәттен бастап 10 күн ішінде құжаттың түпнұсқасымен расталады.
      2. Көмек көрсету туралы сұраулар және оған қоса берілген барлық құжаттар сұрау салынатын Тараптың тіліндегі аудармасымен ілесіп жүруге тиіс.

7-бап. Жәрдем беру туралы сұраудың мазмұны

      1. Жәрдем беру туралы сұраулар мынадай мәліметтерді:
      а) жәрдем беру туралы сұрауға қатысы бар тергеу, өндіріп алу немесе сот талқылауын жүргізетін органның атауын;
      b) аталған қылмыстың қысқаша сипаттамасын қоса алғанда, тергеу жүргізу, сот талқылауы немесе тергеу пәнінің және сипатының сипаттамасын;
      с) дәлелдемелерді, ақпаратты немесе сұратылған көмектің кез келген басқа түрінің барынша толық сипаттамасын;
      d) дәлелдемелерді, ақпаратты немесе көмектің кез келген басқа түрі сұратылатын мақсат, олардың қазіргі уақытта тергеліп жатқан мән-жайлармен байланысы туралы мәлімдемесін;
      е) тергеу немесе сот талқылауы негізделіп отырған арыз немесе тиісті заңдардың мәтіндерін қамтиды.
      2. Жәрдем беру туралы сұраулар қажетті кезде:
      а) көмек сұратылған адамның жеке басы мен тұратын жері туралы ақпаратты;
      b) осы адамның қылмыстық іспен байланысын көрсетуді және қажет болған жағдайда тапсырылған хабарлама немесе қабылданған арыздың нысанын көрсетуді;
      с) куәға қойылуға тиіс сұрақтардың тізбесін немесе куәдан жауап алынатын істің толық сипаттамасын;
      d) сұрау салатын Тарапқа шақырылатын, оған құқығы бар адамның шығындары мен өтемақылары туралы ақпаратты;
      e) тінтуге жататын орын немесе адамның, алынуға жататын объектілердің және тәркіленуге немесе тыйым салынуға жататын мүліктің толық сипаттамасын;
      f) жәрдем беру туралы сұраудың құпиялылығына қатысты талаптарды;
      g) жәрдем беру туралы сұрауды орындау кезінде сұрау салатын Тарап орындалуын талап ететін кез келген арнайы әрекеттердің сипаттамасын;
      һ) сұрау салынатын Тараптың жәрдем беру туралы сұрауын орындауға қатысатын сұрау салатын Тараптың құзыретті органдарының тізімін;
      і) жәрдем беру туралы сұрау орындалуға тиіс мерзімді және аса шұғыл болған жағдайда негіздемені;
      j) жәрдем беру туралы сұрауды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап үшін пайдалы болуы мүмкін кез келген басқа да ақпаратты қамтуы мүмкін.

8-бап. Жәрдем беру туралы сұрауларды орындау

      1. Жәрдем беру туралы сұраулар тікелей сұрау салынатын Тараптың орталық органына жіберіліп, әрі қарай жедел түрде құзыретті органдардың орындауына беріледі.
      2. Сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау бойынша жауапты дайындауда елеулі кідіртуді тудыруы мүмкін кез келген мән-жайлар туралы сұрау салатын Тарапқа дереу хабарлайды.
      3. Осы конвенцияның 4-бабының ережелеріне сәйкес сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрауды қанағаттандырудың мерзімін ұзарту немесе одан бас тарту себептері және қажет болғанда, ол орындалуы мүмкін жағдайлар туралы да тез арада хабарлайды.
      4. Жәрдем беру туралы сұрауды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап осы конвенцияның 9-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес құпиялылықты сақтау үшін шаралар қабылдайды.

9-бап. Құпиялылық және ақпаратты пайдалануға шектеулер

      1. Сұрау салатын Тараптың сұрауы бойынша сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау, оның мазмұны мен ілеспе құжаттары және оны орындау кезінде қабылданған кез келген шараларға қатысты құпиялылық сақтайды, Егер жәрдем беру туралы сұрауды құпиялылықты сақтай отырып, орындау мүмкін болмаса, сұрау салынатын Тарап ол туралы сұрау салатын Тарапқа хабарлайды, ал ол жәрдем беру туралы сұрауды орындаудың мүмкіндігін белгілейді.
      2. Жәрдем беру туралы сұрауда көрсетілген сот ісін жүргізу немесе тергеу үшін дәлелдемелер мен ақпарат қажет болған жағдайларды қоспағанда, сұрау салынатын Тараптың өтініші бойынша сұрау салатын Тарап жәрдем беру туралы сұрауды орындау кезінде алынған дәлелдемелер мен ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтайды.
      3. Сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрауды орындауды ақпаратты немесе дәлелдемелерді пайдалануға байланысты белгілі бір жағдайларға тәуелді етіп шарттар қоюы мүмкін. Кез келген жағдайда сұрау салатын Тарап алынған дәлелдемелерді сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының алдын ала келісімінсіз жәрдем беру туралы сұрауда көрсетілгеннен өзге мақсаттарда пайдалана алмайды.

10-бап. Қолданылатын заңнама

      1. Жәрдем беру туралы сұрауды орындау сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес және осы конвенция шеңберінде жүргізіледі.
      2. Сұрау салатын Тараптың талабы бойынша сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрауды орындау кезінде онда көрсетілген тәртіп пен формалдылықты сақтайды, бұл ретте олар сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмеуге тиіс.

11-бап. Жәрдем беру туралы сұраудың жағдайы туралы ақпарат

      1. Сұрау салатын Тараптың орталық органының жәрдем беру туралы сұрауы бойынша сұрау салынатын Тараптың орталық органы жәрдем беру туралы сұрауды орындау тәсілдері немесе оны орындау сатылары туралы ақпаратты саналы мерзімде жібереді.
      2. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы жәрдем беру туралы сұрауды орындау кезінде алынған нәтижелер туралы сұрау салатын Тараптың орталық органын тез арада хабардар етеді және оған келіп түскен барлық ақпарат пен дәлелдемелерді жолдайды.
      3. Егер сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрауды толық көлемде немесе оның бір бөлігін орындай алмаса, сұрау салынатын Тараптың орталық органы сұрау салатын Тараптың орталық органын осы мән-жайлар мен себептер туралы тез арада хабардар етеді.

12-бап. Шығыстар

      1. Сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді.
      2. Жәрдем беру туралы сұрауды орындау кезінде жұмсалған күтпеген шығыстар болған жағдайда, сұрау салынатын Тараптың орталық органы сұрау салатын Тарапқа қаржыландырудың басқа да нысандарын ұсына алады.
      3. Кез келген жағдайда сұрау салатын Тарап сарапшылардың тиісті есептері, аудармалары шығыстары мен қаламақыларын, арнайы рәсімдерді пайдалануға байланысты төтенше шығыстарын, сұрау салатын мемлекетке жіберілетін адамдардың іссапар және жол жүру шығыстарын осы конвенцияның ережелеріне сәйкес төлейді.

III бөлім. ЖӘРДЕМ БЕРУ НЫСАНДАРЫ 13-бап. Хабарламалар

      1. Егер жәрдем беру туралы сұраудың мақсаты сот шешімі туралы хабарламаны тапсыру болып табылса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары осы хабарламаны өзінің процессуалдық заңнамасына сәйкес жеткізуге тиіс.
      2. Егер жәрдем беру туралы сұраудың мақсаты заттарды немесе құжаттарды жеткізіп беру болып табылса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары оларға сұрау салатын Тараптың осы мақсатпен жіберілген заттарын немесе құжаттарын жеткізуге міндетті.
      3. Хабарламалар сұрау салынатын Тараптың заңнамасында көзделген тәсілдердің бірімен немесе егер ол оның заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салатын Тарапта көзделген тәртіпте ресімделеді.
      4. Жеткізіп беру адресаттың күні мен қолын қойған алу туралы хабарлама арқылы немесе құзыретті органның рәсімді өткізуі арқылы расталады. Осы растау сұрау салатын Тарапқа жіберіледі. Жеткізіп беру мүмкін болмаса, себептері түсіндірілген хат жіберіледі.

14-бап. Сұрау салынатын Тарапқа келу

      1. Сұрау салынатын Тарап аумағында мәлімдеме жасауға немесе айғақтар беруге, дәлелдемелер ұсынуға немесе сараптама қорытындысын беруге шақырылған кез келген адам сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарының алдында оның заңнамасына сәйкес келеді. Сұрау салынатын Тарап оның заңнамасына сәйкес жазалау санкциялары қолданылуы мүмкін адамға сотқа шақыру қағазын тапсырады.
      2. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сот талқылауы барысында өзі бақылау жасау арқылы жәрдем беру туралы сұрауда көрсетілген сұрау салатын Тарап өкілдерінің болуына рұқсат және олардың сұрақтар қоюына құқық береді. Тыңдау сұрау салынатын Тараптың заңнамасында көзделген сот рәсімдеріне сәйкес немесе сұрау салатын Тараптың жәрдем беру туралы сұрауы бойынша арнайы тәсілмен жүргізіледі.
      3. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адам сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес иммунитеті, артықшылықтары немесе еңбекке қабілетсіздігіне сілтеме жасаса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы жәрдем беру туралы сұрауды орындағанға дейін осындай сілтеменің заңдылығы туралы шешім қабылдайды және аталған шешімді орталық орган арқылы сұрау салатын Тарапқа жібереді.
      4. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адам сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес иммунитеті, артықшылықтары немесе еңбекке қабілетсіздігіне сілтеме жасаса, сұрау салатын Тараптың құзыретті органдарының тиісті шаралар қабылдауына мүмкіндік беру үшін сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы осы факт туралы оның орталық органы арқылы сұрау салатын Тарапты хабардар етеді.
      5. Осы бапта көзделген жағдайда сұрау салынатын Тарап жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау күні мен орны туралы сұрау салатын Тарапты алдын ала хабардар етеді. Құзыретті органдар қажеттілігіне қарай екі Тарапқа да ыңғайлы мерзімді белгілеу мақсатында орталық органдар арқылы бір-бірімен консультация жүргізеді.

15-бап. Сұрау салатын Тараптың органына келу

      1. Егер сұрау салатын Тараптың сот органдары жауап алу үшін куәның, сарапшының немесе айыпталушының олардың аумағына келуін талап етсе немесе түрлі сипаттағы ақпарат беруді талап етсе, бұл жәрдем беру туралы сұрауда көрсетіледі.
      Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары көрсетілген адамды сұрау салатын Тараптың аумағындағы құзыретті органға келуге шақырады және мүмкіндігіне қарай оның берген жауабы туралы сұрау салатын Тарапты хабардар етеді.
      2. Сұрау салатын Тараптың құзыретті органына келуге тиіс куәны, сарапшыны немесе айыпталушыны сотқа шақыру жөніндегі жәрдем беру туралы сұрауларды сұрау салынатын Тараптың орталық органы келу үшін белгіленген күннен бұрын алуға тиіс.
      3. Осы бапта көрсетілген сотқа шақыру қағаздарында өндіріп алу шаралары немесе жазалау санкцияларын қолдану қатері болмауға тиіс, керісінше жағдайда мұндай ережелер куә, сарапшы немесе айыпталушы келмеген кезде қолданылмайды.
      4. Жәрдем беру туралы сұрауда сұрау салатын Тараптың құзыретті органдары өздері төлейтін жол жүру және тұру шығыстары көрсетіледі.

16-бап. Қамауға алынған адамдардың сұрау салатын Тараптың
органдарына келуі

      1. Сұрау салынатын Тараптың аумағында ұсталған кез келген адамның осы конвенцияның ережелеріне сәйкес көмек көрсету мақсатында сұрау салатын Тараптың аумағында болуы талап етіліп, осы адам мен сұрау салынатын Тараптың орталық органы өзінің белгілі бір айқын келісімін берген жағдайда ғана, ол сұрау салатын Тараптың аумағына тапсырылады. Егер ұсталған адам келісімін бермесе, оған қандай да бір санкциялар немесе жазалау шараларын қолдануға болмайды.
      2. Егер ұсталған адамның сонымен бір уақытта сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстық іс бойынша болуы қажет етілсе, тапсыру оны қамауда ұстау мерзімін ұзартуға әкеп соқтыруы мүмкін болса немесе қандай да бір себептер бойынша сұрау салынатын Тараптың орталық органы тапсыруды орынсыз деп есептесе, тапсырудан бас тартылуы мүмкін.
      3. Сұрау салатын Тараптың құзыретті органдары оның мемлекетінің аумағында болған тапсырылған адамды үнемі қамауда ұстауға тиіс. Ұсталған адамның сұрау салынатын Тарапта өткізген уақыт кезеңі оның алдын ала қамау немесе үкімінен алынып тасталады. Егер сұрау салынатын Тараптың органдары осы адам әрі қарай қамауда ұсталмауға тиіс деп сұрау салатын Тарапқа хабарласа, аталған адам тез арада босатылуға тиіс және оған қатысты осы конвенцияның 15-бабының ережелері қолданылады.
      4. Сұрау салатын Тараптың органдары оған тапсырылған адамды сұрау салынатын Тарап белгілеген мерзімде және егер сұрау салатын Тараптың аумағында оның одан әрі қарай болуы міндетті болмаса, кез келген жағдайда қайтарады.

17-бап. Бейнеконференция

      Тараптар әрбір нақты жағдайда көрсетілген шарттарға сәйкес бейнеконференция арқылы өтініштерді қабылдау туралы келісе алады.

18-бап. Иммунитет

      1. Сұрау салатын Тараптың сот органдарына келуге шақырылатын бірде-бір куәны немесе сарапшы оның азаматтығына қарамастан, оның сұрау салынатын Тараптың аумағынан кетуіне дейін орын алған әрекеттері немесе бұрынғы соттылығы үшін осы Тараптың аумағында айыпталуы, қамауға алынуы немесе кез келген басқа да бас бостандығынан айырылуы мүмкін емес.
      2. Сот талқылауына негіз болған оқиғалар үшін сұрау салатын Тараптың сот органдарына жауап беруге шақырылатын бірде-бір адам азаматтығына қарамастан, оның сұрау салынатын Тараптың аумағынан кетуіне дейін орын алған, шақыру қағазында көзделмеген әрекеттері немесе бұрынғы соттылықтары үшін осы Тараптың аумағында айыпталуы, қамауға алынуы немесе кез келген басқа да бас бостандығынан айырылуы мүмкін емес.
      3. Адам оның қатысуы талап етілмегеннен кейін сұрау салатын Тараптың аумағынан кетуге мүмкіндігі бола тұра, күнтізбелік он бес күн бойы аталған аумақтың шегінде кала берсе немесе одан кеткеннен кейін қайтып оралса, осы бапта көзделген иммунитет сол сәттен бастап тоқтатылуға тиіс.

19-бап. Сақтандыру шаралары

      1. Тараптардың бірінің құзыретті органы өзінің орталық органы арқылы басқа Тараптың аумағындағы қылмыстың тікелей немесе жанама құралдары немесе нәтижелері болып табылатын активтерге қатысты сақтандыру шараларын белгілеу немесе қабылдау туралы өтініш жасай алады.
      2. Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасында көзделгендей көрсетілген мүлікке қатысты сақтандыру шараларын қабылдайды.
      3. Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген шаралардың объектісі болып табылатын мүлікке қатысты адал үшінші Тараптардың құқықтарын қорғау туралы кез келген сұрауларды өзінің заңнамасына сәйкес шешуге міндеттенеді.
      4. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы мән-жайларға байланысты сұратылып отырған шараларды қолдану мерзімін шектейтін саналы мерзімдер белгілейді.

20-бап. Ерікті түрде ақпарат алмасу

      1. Тараптар қылмыстық істі қозғауда немесе тергеуді не сот талқылауын жүргізуде көрсетілген ақпараттың пайдалы екенін есептесе,жәрдем беру туралы алдын ала сұраусыз қылмыстарға қатысты ақпарат алмаса алады.
      2. Ақпаратты ұсынатын Тарап алушы Тараптың осындай ақпаратты пайдалануына қатысты шарттар қоя алады. Көрсетілген ақпаратты қабылдау оны алушы Тараптың оған қойылған шарттарды орындауға міндеттенетінін білдіреді.

21-бап. Қылмыстық істерді тапсыру

      1. Тараптар басқа Тараптың қылмысты тергеу және сот талқылауын жүргізу бойынша неғұрлым басымдығы жағдайын таныса, осы Тараптың құқық қорғау органдарының талқылауға бастамашылық жасауы мақсатында іс материалдарын өздерінің орталық органдары арқылы жолдай алады.
      2. Сұрау салынатын Тарап іс бойынша жіберілген материалдарға қатысты қабылданған Іс жүргізу жөнінде сұрау салатын Тарапқа хабарлайды және кажет болған кезде қабылданған шешімдердің көшірмелерін жібереді.

22-бап. Түпнұсқалықты сертификаттау және тексеру

      Осы конвенцияның мақсаттары үшін орталық органдар арқылы жіберілген құжаттар түпнұсқасын растауды, тексеруді немесе кез келген басқа да осыған ұқсас формалдылықтарды талап етпейді.

23-бап. Консультациялар

      Екі Тараптың орталық органдары осы конвенцияны мейлінше тиімді орындауды қамтамасыз ету мақсатында консультациялар өткізеді және оны орындауға жәрдем беру үшін қажетті тәжірибелік шаралар туралы келіседі.

24-бап. Дауларды шешу

      Осы конвенцияны түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды орталық органдар арасында консультациялар жүргізу арқылы шешеді. Келісімге жетпеген жағдайда дипломатиялық жолдар қолданылады.

IV бөлім. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР 25-бап. Басқа халықаралық шарттар немесе ынтымақтастық
нысандармен үйлесімділігі

      1. Осы конвенция Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес олардың бір-біріне жәрдем беруіне кедергі болмайды.
      2. Осы конвенция Тараптардың өз заңнамаларына сәйкес ынтымақтастықтың басқа да нысандарын дамытуына кедергі жасамайды.

26-бап. Күшіне енуі

      Осы конвенция оның күшіне енуі үшін қажетті Тараптардың мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық жолдар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.

27-бап. Қолданылу мерзімі мен тоқтатылуы

      1. Осы конвенция белгісіз мерзімге жасалады.
      2. Осы конвенция оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша түрде дипломатиялық жолдар арқылы Тараптардың бірі хабарламаны алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады. Осы конвенцияның қолданысын тоқтату іс жүргізудегі жәрдем беру туралы сұраулардың орындалуына ықпал етпейді.
      ОСЫҒАН ОРАЙ, осы мақсат үшін өздерінің үкіметтері тиісінше уәкілеттік берген төмендегілер осы конвенцияға қол қойды.
      2011 жылғы 17 маусымда Астана қаласында әрқайсысы орыс және испан тілдерінде, екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы             Испания Корольдігі
            үшін                               үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады