Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 876 Қаулысы

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 29 маусымдағы
№ 876 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі
      бір Тараптың инвесторларының инвестицияларын екінші Тараптың аумағында кемсітпеушілік негізде қорғау қажеттігін мойындай отырып,
      бір Тараптың инвесторлары екінші Тараптың аумағында жүзеге асырған инвестицияларына қатысты мемлекеттер арасындағы одан әрі экономикалық ынтымақтастықты көтермелеуге ниет білдіре отырып,
      осы Келісім оның негізінде мұндай инвестициялар жүзеге асырылатын жеке капиталдың түсімін және екі мемлекеттің экономикалық дамуын ынталандыратынын мойындай отырып,
      инвестициялар үшін жасалатын тұрақты жағдайлар экономикалық ресурстарды пайдалану және өмір сүру деңгейін арттыру үшін неғұрлым тиімді болады деп келісе отырып,
      мына төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
      1. «Инвестициялар» термині бір Тараптың инвесторының екінші Тараптың аумағындағы, соңғы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес кез келген мүлкі мен мүліктік құқықтарын, атап айтқанда, бірақ бұларды ғана емес:
      a) жылжымалы және жылжымайтын мүлік немесе кепілге қою, ұстап қалу құқығы, кепіл, жалға беру сияқты кез келген мүліктік құқықтарды;
      b) кірістерді қайта инвестициялауды;
      c) үлестерді, акцияларды, компанияның борыштық міндеттемелерін немесе компанияларға қатысудың кез келген басқа нысандарын;
      d) ақшалай талаптар мен келісімшартқа сәйкес қаржылық құндылығы бар талаптарды және белгілі бір инвестициялармен тікелей байланысты заемдарды;
      e) патент, авторлық құқық, сауда маркалары, өнеркәсіптік үлгілер, фирмалық атаулар, географиялық нұсқаулар, техникалық процестер, ноу-хау, гуд-вилл сияқты зияткерлік меншік құқықтарын;
      f) табиғи ресурстарды іздестіру, игеру мен пайдалану процесін қоса, Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес берілген концессияларды қоса, Тарап мемлекетінің заңнамасына немесе шартқа сәйкес берілетін кез келген қаржылық сипаттағы құқықтарды білдіреді.
      Нысанның кез келген өзгеруі – инвестициялау немесе қайта инвестициялау осындай өзгерістер қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізілген жағдайда олардың инвестиция ретіндегі сипатына әсер етпейді.
      2. «Инвестор» термині екінші Тарап мемлекетінің аумағында қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын бір Тараптың жеке немесе заңды тұлғаны:
      a) Тараптардың бірінің мемлекеті азаматы болып табылатын және өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыруға өкілетті жеке тұлғаны;
      b) заңды тұлға Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған және тіркелген заңды тұлғаны білдіреді.
      3. «Кірістер» термині инвестициялардан алынған кірістерді білдіреді және, атап айтқанда, пайданы, дивидендтерді, роялтиді, пайыздарды және өзге де сыйақыларды қамтиды.
      4 «Аумақ» термині:
      a) Қазақстан Республикасына қатысты:
      Қазақстан Республикасы егемендігін жүзеге асыратын және ұлттық заңнама және халықаралық құқық нормаларына сәйкес өзінің юрисдикциясын қолданатын құрлықты, суды, жер қойнауын және әуе кеңістігін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының құрлық, теңіз және әуе шекарасы шегіндегі аумағын;
      b) Македония Республикасына қатысты:
      Македония Республикасы халықаралық құқыққа сәйкес егемен құқықтарын және юрисдикциясын жүзеге асыратын жерді, суды және әуе кеңістігін қоса алғанда, Македония Республикасының аумағын білдіреді.

2-бап
Инвестицияларды көтермелеу және қорғау

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторларына өз аумағында инвестицияларды жүзеге асыру үшін көтермелейді және қолайлы жағдайлар жасайды әрі өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осындай инвестицияларға жол береді.
      2. Әрбір Тарап өз аумағында кез келген Тарап инвесторларының инвестициялары мен инвестициялардан түскен кірістеріне инвестициялардың әділ және тең құқылы режимін, сондай-ақ толық қорғалуын ұсынады.
      Тараптардың ешқайсысы өз аумағында басқа Тарап инвесторларының қызметін кеңейтуге, инвестицияларын басқаруға, оларға техникалық қызмет көрсетуге, оларды қолдауға, пайдалануға, иеленуге және сатуға немесе басқа да билік етуге еркін немесе кемсітушілік шаралармен кедергі жасамайтын болады.

3-бап
Инвестициялар режимі

      1. Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің инвесторларына, олардың инвестицияларына және инвестициядан түсетін кірістеріне ол ұлттық инвесторларға не үшінші мемлекеттердің инвесторлары мен олардың инвестицияларына инвестицияларды кеңейтуге, басқаруға, қолдауға, пайдалануға, иеленуге және сатуға немесе басқа да билік етуге қатысты ұсынатын режимнен қолайлылығы кем болмайтын режим ұсынады.
      2. Осы Келісімнің ережелері бір Тарапты екінші Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына кез келген қолда бар немесе келешектегі кез келген:
      a) еркін сауда жасау аймағына, кеден одағына, ортақ нарыққа, экономикалық немесе валюта одағына немесе Тарап мемлекеттерінің бірі мүше болатын немесе болуы мүмкін еңбек нарығы туралы өңірлік және халықаралық шарттарды қоса алғанда, басқа да ұқсас өңірлік немесе халықаралық экономикалық кірігу шарттарына;
      b) халықаралық шартқа немесе бір Тарап мемлекетінің салық салумен толық немесе негізінен байланысты ұлттық заңнамасына, немесе
      c) инвестицияларға толық немесе тұтастай қатысты көп жақты халықаралық шартқа байланысты кез келген режимнің пайдасын, артықшылығын немесе жеңілдіктерін қолдануға міндеттейді деп түсінуге болмайды.

4-бап
Экспроприация

      1. Тарап оның аумағында, қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында қабылдаушы Тарап мемлекетінің белгіленген ұлттық заңнамасына сәйкес кемсітпеушілік негізінде және аумағында экспроприациялау жасалған Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жылдам, барабар және тиімді өтемақы төлей отырып қолданатын шаралардан басқа, инвесторлардың инвестицияларын экспроприациялауы немесе мемлекет иелігіне алуы немесе экспроприациялауға немесе мемлекет иелігіне алуға (бұдан әрі – экспроприациялау) тең әсері бар қандай да бір шараларды қолдана алмайды.
      2. Мұндай өтемақы экспроприацияланған инвестициялардың экспроприациялауға дейінгі сәттегі немесе алдағы экспроприациялау туралы жалпыға мәлім болғанға дейінгі құнының сомасына тең болуы тиіс. Құн бағалаудың жалпы қабылданған қағидаттарына сәйкес белгіленуі тиіс.
      3. Өтемақы тиімді іске асырылатын болуы және қандай да бір шектеулерсіз немесе кідіріссіз төленуі тиіс. Өтемақы, сондай-ақ, экспроприациялау күнінен төлеу күніне дейінгі пайыздарды қамтуға және аумағында инвестициялар экспроприацияланған Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес есептелуге тиіс.
      4. Инвестициялары экспроприацияланған инвестордың осы Келісімнің 9-бабының ережелеріне нұқсан келтірместен, аумағында экспроприация жүргізілген Тарап мемлекетінің сот және басқа да құзыретті органдарының осы бапта мазмұндалған қағидаттарға сәйкес ісін жылдам қайта қарауына және оның инвестицияларын бағалауына құқығы бар.

5-бап
Залалдарды өтеу

      1. Екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы соғыстың немесе басқа да қарулы қақтығыстардың, бүліншіліктің, көтерілістің, бүліктің салдарынан инвестициялары осы Тарап мемлекетінің аумағында залал шеккен бір Тараптың инвесторларына алғашқы Тарап реституцияға, өтеуге, өтемақыға немесе басқа да реттеуге қатысты, соңғы Тарап өз инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынатын, инвестор үшін анағұрлым қолайлы болып табылатын режимнен қолайлылығы кем болмайтын режим ұсынады.
      2. 1-тармағына нұқсан келтірместен:
      а) екінші Тарап мемлекеті қарулы күштерінің немесе билік органдарының оның инвестицияларын немесе олардың бөлігін реквизициялауы;
      b) жағдайдың қажеттілігімен талап етілмеген, қарулы күштердің немесе билік органдарының инвестицияларды немесе олардың бөлігін бұзуы салдарынан екінші Тараптың аумағында залал шеккен бір Тараптың инвесторына соңғы Тарап кез келген жағдайда осы Келісімнің 4-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес жылдам, барабар және тиімді болатын реституция немесе өтемақы ұсынуға тиіс.
      3. Инвестициялары залал шеккен инвестордың осы баптың 2-тармағына сәйкес осындай Тарап мемлекеті билігінің сот және басқа да құзыретті органдарының осы бапта мазмұндалған қағидаттарға сәйкес ісін жылдам қайта қарауына және оның инвестицияларын бағалауына құқығы бар.

6-бап
Еркін аударымдар

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторларына өзінің аумағына олардың инвестицияларын еркін аударуды және инвестициялармен байланысты төлемдерді аударуды қамтамасыз етуге тиіс. Мұндай төлемдер, атап айтқанда, бірақ оларды ғана емес:
      a) инвестицияларды қолдау, дамыту немесе арттыру үшін негізгі және қосымша сомаларды;
      b) инвестицияларды толық немесе ішінара сатудан немесе жоюдан түскен кірістерді;
      c) кірістерді, пайданы, кірістен түскен пайыздарды, дивидендтерді және табыстың басқа да түрлерін;
      d) инвестициялар қызметінен туындаған заемдар бойынша төлемдер, басқарған үшін төлемдер, лицензиялық төлемдер, роялти сияқты шығыстарды төлеу үшін қажет сомаларды немесе басқа да сондай шығыстарды;
      e) осы Келісімнің 4 және 5-баптарына сәйкес төлеуге жататын өтемақыны;
      f) екінші Тараптың аумағында инвестициялаумен байланысты жалданған персоналдың табыстары мен басқа да сыйақыларын қамтуға тиіс.
      2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағына жататын аударымдар қандай да бір шектеусіз немесе кідіріссіз еркін айырбасталатын валютада және аудару күнінде аударылатын валютаға қолданылатын ең жоғары нарықтық айырбастау бағамы бойынша жүзеге асырылуын және дереу аударылуын қамтамасыз етуге тиіс.
      3. Аумағында инвестициялау жүзеге асырылатын Тараптың іс-әрекеттерінің салдары болып табылатын аударымдардың кідіруі болған жағдайда аударымды талап еткен күннен бастап, осындай Тарап аударымды іс жүзінде төлейтін күніне дейін аумағында аударым жүзеге асырылған Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес есептелген сыйақыны қамтуға тиіс.
      4. Кез келген Тарап осы баптың 12 және 3-тармақтарына нұқсан келтірместен өз мемлекетінің:
      a) тиісті салық міндеттемелерін орындауға;
      b) кредит берушілердің құқықтарын қорғауға;
      c) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылыққа;
      d) сот талқылауындағы сот бұйрықтары мен сот шешімдеріне;
      e) қабылдайтын Уағдаласушы Тарап үшін елеулі макроэкономикалық қиындықтар немесе төлеу балансы бойынша елеулі қиындықтар сияқты ерекше жағдайларда қабылдануы мүмкін қажетті уақыт мерзімінде қорғаныс шараларын қабылдауға қатысты заңнамасын әділ, кемсітушіліксіз және адал ниетпен қолдану арқылы;
      Тараптар мемлекеттерінің осындай ұлттық заңнамаларын қолдану Тараптардың осы Келісім бойынша міндеттемелерін орындаудан жалтару құралы ретінде пайдаланылмауға тиіс деген жағдайда аударымды шектей алады.

7-бап
Суброгация

      1. Егер Тарап немесе оның уәкілетті органы, екінші Тарап аумағында инвестордың инвестицияларына қатысты берілген орнын толтыруға, кепілдікке немесе сақтандыру келісімшартына сәйкес төлемдерді жүзеге асырып отырса, соңғы Тарап осындай инвестордың кез келген құқықтары мен талаптары бірінші Тарапқа немесе ол уәкілеттік берген органға, ал бірінші Тараптың немесе ол уәкілеттік берген органның суброгацияға байланысты осындай кез келген құқықты немесе талапты оның алдыңғысындай жүзеге асыру құқықтары ауысқанын мойындауға тиіс.
      2. Инвестор, егер оған Уағдаласушы Тарап уәкілеттік бермеген болса, осы баптың 1-тармағында көзделген суброгация жағдайында талаптарды қоя алмайды.
      3. Құқықтар суброгациясы инвестордың бастапқы құқықтарынан асып кетпеуге тиіс.

8-бап
Инвестор мен Тарап арасындағы даулар

      1. Бір Тарап және екінші Тараптың инвесторлары арасындағы тікелей инвестициялардан туындайтын кез келген дау, мүмкіндігінше, екі Тараптың арасында достастықпен келіссөздер арқылы шешілуге тиіс.
      2. Егер дау даудың бір Тарапы жазбаша сұрауды алған күннен бастап 6 ай ішінде шешілмесе, дау инвестордың немесе Тараптардың біреуінің қалауынша:
      a) аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Тарап мемлекетінің құзыретті соттарына, немесе
      b) 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтон қаласында қол қою үшін ашылған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың (бұдан әрі – орталық) төрелігіне қарауына, егер екі Тараптың мемлекеттері осы Конвенцияға қатысушы болса, немесе
      c) Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі Комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) төрелік қағидаларына сәйкес құрылатын кез келген «ad hoc» төрелік сотына қарауға жіберілуі мүмкін.
      3. Кез келген Төрелік осы бапқа сәйкес, даудың кез келген тарапының өтініші бойынша 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йорк қаласында қабылданған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенцияға (бұдан әрі – Нью-Йорк конвенциясы) қатысушы болып табылатын мемлекетте өтуге тиіс. Осы бапқа сәйкес төрелікке ұсынылған талаптар Нью-Йорк конвенциясының 1-бабының мақсаттары үшін коммерциялық (сауда) қатынастардан немесе шарттардан туындағандар ретінде қаралуы тиіс.
      4. Осы бапқа сәйкес қабылданған шешім даудағы тараптар үшін міндетті болуға тиіс және аумағында осы шешімді Тарап мемлекетінің құзыретті органы орындайтын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес шешімде көрсетілген күннен бастап орындалуға тиіс.

9-бап
Тараптар арасындағы даулар

      1. Тараптар арасында осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар келіссөздер мен консультациялар арқылы шешілуге тиіс.
      2. Егер кез келген Тарап жазбаша түрде осындай келіссөздерді сұратқан күннен бастап алты (6) ай ішінде осындай түрде дау шешілмейтін болса, ол кез келген Тараптың өтініші бойынша төрелік соттың қарауына ұсынылуға тиіс.
      3. Мұндай төрелік сот әрбір жеке іс үшін мынадай түрде құрылуға тиіс. Тараптардың әрқайсысы төрелік туралы өтінішті алғаннан кейін екі (2) ай ішінде соттың бір мүшесін тағайындайды. Одан кейін осы екі мүше үшінші мемлекеттің азаматын төраға ретінде таңдауға тиіс, ол Тараптардың мақұлдауынан кейін сот төрағасы болып тағайындалады. Төраға басқа екі мүше тағайындалған күннен бастап төрт (4) ай ішінде тағайындалады.
      4. Егер осы баптың 3-тармағында белгіленген кезеңдер ішінде қажетті тағайындаулар жасалмаса, кез келген Тарап кез келген басқа келісім жоқ болған кезде, Халықаралық соттың төрағасын қажетті тағайындауларды жасауға шақырады. Егер Төраға кез келген Тараптың азаматы болып табылса немесе өзге де жағдай аталған функцияны атқаруға кедергі болса, кез келген Тараптың азаматы болып табылмайтын немесе өзге жағдай аталған функцияны атқаруға кедергі болмайтын, БҰҰ Халықаралық сотының одан кейінгі шенді мүшесі қажетті тағайындауларды жасауға шақырылуға тиіс.
      5. Төрелік сот шешімді көпшілік дауыспен қабылдайды. Сот шешімі соңғы және екі Тарап үшін міндетті болуға тиіс. Тараптардың әрқайсысы өзі тағайындаған мүшенің және төрелік процестегі өз өкілдігінің шығыстарын көтереді. Тараптардың екеуі де төрағаның шығыстарын, сондай-ақ төрелік рәсімдерге байланысты басқа да шығыстарды бірдей үлестермен өздері көтереді. Сот шығыстарды бөлуге қатысты басқа шешім қабылдауы мүмкін. Төрелік сот барлық қалған қатынастарда рәсімдердің өзіндік қағидаларын белгілейді.
      6. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген дауға қатысты даулы мәселелер осы Келісімнің ережелеріне және халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидаттарына сәйкес шешілуге тиіс.

10-бап
Рұқсат берулер

      1. Тараптардың әрқайсысы өзінің аумағында, өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тараптың инвесторларына инвестицияларды жүзеге асыру үшін қажетті рұқсаттарды кідіріссіз ұсынады.
      2. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Тараптың инвесторының инвестицияларына байланысты шетелде басшы, маман немесе техникалық персонал ретінде жалданған және кәсіпорын үшін бұл адамдар осы тармақтың талаптарына сәйкес болғанша елеулі болып табылатын жеке тұлғаларға уақытша кіруді және болуды ұсынады және кез келген қажетті растайтын құжаттамамен қамтамасыз етеді.

11-бап
Басқа қағидаларды қолдану

      1. Кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасының немесе Уағдаласушы Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың нормалары басқа Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларға осы Келісім ұсынғаннан гөрі неғұрлым қолайлы режим беретін жалпы немесе ерекше қағидаларды қамтитын болса, неғұрлым қолайлы режим ұсынылады.

12-бап
Келісімді қолдану

      Осы Келісім кез келген Тараптың инвесторлары басқа Тараптың аумағында осы Келісім күшіне енгеннен кейін жүзеге асырған барлық инвестицияларға қатысты қолданылады, бірақ осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған және/немесе реттелген инвестицияға қатысты кез келген дауға немесе талапқа қолданылмауға тиіс.

13-бап
Жалпы ерекшеліктер

      1. Осы Келісімде ешнәрсе де Тараптардың бірінің ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қорғау үшін қажетті кез келген іс-әрекеттері немесе қоғамдық тәртіпті ұстап тұру үшін қажетті шаралары немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша олардың халықаралық бейбітшілікті және қауіпсіздікті ұстап тұру міндеттемелеріне сәйкес, Тараптың еркін немесе ақталмаған кемсітушілігін немесе инвестицияларды жасырын шектеуді білдірмеген жағдайдағы шаралары, осындай шараларды қабылдауға кедергі келтіреді деп түсіндірілмеуге тиіс.
      2. Осы Баптың ережелері осы Келісімнің 6-бабының 1-тармағының (e) тармақшасына қолданылмауға тиіс.

14-бап
Транспаренттік

      Осы Келісімде ешнәрсе де Тараптан ашылуы құқық қолдануға кедергі жасайтындай немесе оның құпиялылықты қорғайтын құқығына қайшы келетіндей немесе жекелеген инвесторлардың заңды мүдделеріне нұқсан келтіретіндей ақпаратты қоса алғанда, кез келген құпия немесе меншікті құрайтын, инвесторлар мен олардың инвестицияларына қатысты ақпаратты ұсынуды немесе оларға қол жеткізуді талап етуге тиіс емес.

15-бап
Консультациялар

      Тараптар кез келген Тараптың бастамасы бойынша осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты кез келген даулы мәселе бойынша консультациялар жүргізеді. Консультациялардың өтетін орны мен уақыты Тараптар мемлекетінің құзыретті органдарымен дипломатиялық арналар арқылы келісіледі.

16-бап
Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап
Күшіне ену, қолданылу мерзімі және қолданысты тоқтату

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім он (10) жыл мерзімге жасалады, ол өткеннен кейін, егер алғашқы немесе келесі 10 (он) жылдық кезең өткенге дейін бір жыл бұрын Тараптардың біреуі басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы хабарламаса, келесі он жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің 1-16-баптарының ережелері осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап келесі он жылдық кезеңге күшінде қалады.
      ____________ қаласында 20__ жылғы «____» ________ әрқайсысы қазақ, македония, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің ережелері әртүрлі түсіндірілген жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ             МАКЕДОНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
            ҮКІМЕТІ ҮШІН                          ҮКІМЕТІ ҮШІН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады