"Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 маусымдағы № 894 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы»
Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы

      1-бап. «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» 2010 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 1-2, 3-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1-бапта:
      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «10) сот сараптамасы органдары – заңда белгiленген тәртiппен сот-сараптама қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк заңды тұлғалар;»;
      13) және 14) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «13) сот сарапшысы мамандығы – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы белгілеген сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу саласындағы сот сарапшысының ғылыми құзыреттілігі;
      14) үлгiлер – сот-сараптамалық зерттеу жүргізу және сарапшының қорытынды беруі үшін қажетті тірі адамның, мәйіттің, жануардың, заттың, нәрсенің, құжаттың қасиеттерін бейнелейтін материалдық дүние объектілері.»;
      4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «4-бап. Сот-сараптама қызметiнiң мiндеті
      Сот-сараптама қызметінің міндеті арнаулы ғылыми біліммен қылмыстық, азаматтық істер бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету болып табылады.»;
      12-бапта:
      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) сот-сараптама қызметiн лицензия негiзiнде жүзеге асыратын жеке тұлғаларға;»;
      3-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы белгілеген сот сараптамалары түрлерінің тізбесінде көзделмеген сот сараптамасы тағайындалған;»;
      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Сот сараптамасы органдарына алғаш жұмысқа кіретін адамдар біліктілік емтиханын тапсырумен аяқталатын арнайы кәсіптік даярлықтан өтеді. Арнайы кәсіптік даярлықтан өту тәртібін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы белгілейді.»;
      131415 және 16-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
      «13-бап. Сот сарапшысы біліктілігін беру
      1. Сот сарапшысы біліктілігін беру оның біліктілік емтиханын тапсырып, сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығына сот сарапшысының біліктілік куәлігі берілуі арқылы жүзеге асырылады.
      2. Біліктілік емтихандарын қабылдауды және сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығына сот сарапшысының біліктілік куәлігін беруді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының біліктілік комиссиялары жүзеге асырады.
      3. Сот сарапшысы біліктілігін беру үшін біліктілік емтихандарын қабылдау тәртібін, сондай-ақ біліктілік комиссиялары қызметінің тәртібін және олардың құрамын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.
      14-бап. Сот сарапшысын аттестаттау
      1. Сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшылары, сондай-ақ сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғалар олардың кәсіптік даярлығының деңгейін анықтау мақсатында бес жылда бір рет Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының аттестаттау комиссиялары жүргізетін аттестаттаудан өтеді.
      Сот сарапшысының кәсіптік даярлығының тиісті деңгейіне негізді күмән туындаған кезде ол кезектен тыс аттестаттаудан өткізіледі.
      2. Сот сарапшысын аттестаттау, оның ішінде кезектен тыс аттестаттау жүргізудің тәртібін, сондай-ақ аттестаттау комиссиялары қызметінің тәртiбiн және олардың құрамын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.
      15-бап. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны
              берудің, беруден бас тартудың тәртібі мен шарттары
      1. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия жеке тұлғаларға беріледі.
      2. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия бас лицензия болып табылады.
      3. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны берудің, беруден бас тартудың тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасымен белгіленеді.
      4. Сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссияның құрамы мен қызметінің тәртібін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы белгілейді.
      16-бап. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған
              лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату
              және одан айыру
      1. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың, тоқтатудың және одан айырудың тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасымен белгіленеді.
      2. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке тұлғаның сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиясының қолданылуы:
      1) ол мемлекеттік қызметте болған;
      2) Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының, өз қызметін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін тұрақты немесе босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутатының өкілеттіктерін атқарған;
      3) сот сараптамасы органдарында сот сарапшысы лауазымында жұмыс істеген;
      4) мерзімді әскери қызметті өткерген кезеңде тоқтатыла тұрады.
      Көрсетілген жағдайларда лицензияның қолданылуы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының бұйрықтарымен тоқтатыла тұрады. Лицензиясының қолданылуы тоқтатылған адам қабылданған шешім туралы хабардар етіледі. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру және одан айыру туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне енгізеді.
      3. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке тұлғаның сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиясының қолданылуын тоқтату:
      1) мынадай:
      адам сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын өрескел не бірнеше рет бұзған;
      адамды аттестаттау нәтижелерімен расталған кәсіптік даярлығының жеткіліксіз деңгейі салдарынан оның сот сарапшысы міндеттерін атқаруы мүмкін болмаған;
      адам аттестаттаудан өтуден жалтарған жағдайларда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады;
      2) мынадай:
      адам соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі, қайтыс болған не хабарсыз кеткен деп танылған;
      адам Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылған;
      адам қасақана қылмыс жасағаны үшін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған;
      адамға қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайларда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады.
      4. Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы талап-арызды дайындау туралы ұсыныммен Қазақстан Республикасы Әділет министріне жүгінеді.
      Қазақстан Республикасы Әділет министрі сот шешімі негізінде сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы бұйрық шығарады, оның көшірмесі лицензиясының қолданылуы тоқтатылған адамға жіберіледі.
      5. Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы сот шешімі негізінде сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтатады.
      Лицензияның қолданылуын тоқтату туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне енгізеді.
      6. Осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы ұсыныммен Қазақстан Республикасы Әділет министріне жүгінеді.
      Қазақстан Республикасы Әділет министрі сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы бұйрық шығарады, оның көшірмесі лицензиясының қолданылуы тоқтатылған адамға жіберіледі.
      7. Осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтатады.
      Лицензияның қолданылуын тоқтату туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне енгізеді.»;
      5) 17-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшылары туралы, сондай-ақ сот-сараптама қызметiмен айналысуға арналған лицензиялары бар жеке тұлғалар туралы мәліметтер мақсаттарын және қалыптастырылу мен пайдаланылу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейтін Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi.»;
      6) 20-мынадай редакцияда жазылсын:
       «20-бап. Сот сараптамасы органдары
      Сот сараптамасы органдарына:
      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдары;
      2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органының сот сараптамасы органдары, оның ішінде өздерінің функцияларына сот-психиатриялық, сот-наркологиялық сараптамаларды жүргізу жатқызылған денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының мамандандырылған психиатриялық және наркологиялық ұйымдары жатқызылады.»;
      7) 23-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бар органның (лауазымды адамның), прокурордың, нотариустың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шығарылған сот сараптамасын тағайындау туралы қаулысы, ұйғарымы сот сараптамасын жүргізу үшін негіз болып табылады.»;
      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      «4. Сот сараптамаларын ұйымдастыру және жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.»;
      25-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «25-бап. Сот сараптамасын жүргізу мерзiмдерi
      1. Сот сараптамасын жүргiзу мерзiмi сот сараптамасы органы не сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын, сот сарапшысы ретiнде тартылған адам сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды және оның объектiлерiн iс жүргiзуге қабылдаған күннен бастап есептеледі.
      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы көздеген ерекше жағдайларды қоспағанда, сот сараптамасын жүргізу мерзімі отыз тәуліктен аспауға тиіс.
      Сот сараптамасын жүргiзу мерзiмiн ұзартуды сот сараптамасы органы басшысының не сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын сот сарапшысының (сот сарапшыларының) дәлелдi өтiнiшi бойынша сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) жүзеге асырады. Сот сараптамасын жүргiзу үшiн адамның медициналық ұйымда болу мерзiмдерiн ұзартудың ерекшелiктерi осы Заңның 37-бабының 2 және 3-тармақтарында белгiленген.
      3. Сот сараптамаларының күрделілік санаттарын айқындаудың жалпы критерийлерін, олардың күрделілік санаттарына қарай сот сараптамаларын жүргізу мерзімдерін есептеу тәртібін, сондай-ақ сот сараптамасын жүргізу мерзімін ұзарту тәртібін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы белгілейді.
      4. Осы Заңда белгіленген жағдайда сот сараптамасын жүргізуді тоқтата тұру ол үшін негіз болған мән-жайлар жойылғанға дейін, бірақ он тәуліктен асырылмай жүргізіледі. Егер сот сараптамасын жүргізуді тоқтата тұру үшін негіз болған мән-жайлар көрсетілген мерзім ішінде жойылмаса, сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) атына материалдар орындаусыз жіберіледі.
      5. Сот сарапшысының қорытындысы не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлама олар жасалғаннан кейiн үш тәулiк iшiнде сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жiберiледi.»;
      9) 29-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Сот сараптамасының әртүрлі органдарына тапсырылған кешенді сот сараптамаларын жүргізуді ұйымдастырудың ерекшеліктерін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы белгілейді.»;
      10) 31-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Комиссиялық, кешенді, қосымша және қайталама сот сараптамасын жүргізу нәтижелерін ресімдеу ерекшеліктерін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.»;
      11) 32-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаның құрылымын және мазмұнын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы айқындайы.»;
      12) 37-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Ерікті түрде сот сараптамасына тартылған адамдар үшін көрсетілген мерзімді ұзарту Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы белгілеген тәртіппен олардың келісімімен жүзеге асырылады.»;
      13) 39-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Күзетпен ұсталмаған адамдарға психиатриялық стационарларда сот-психиатриялық сараптама жүргiзу кезеңiнде оларға Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу, Азаматтық iс жүргiзу кодекстері нормаларының күшi қолданылады.»;
      14) 42-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Сот-сараптамалық зерттеулердің әдiстемелерін әзірлеу, байқаудан өткізу және енгізу Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.».
      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады