Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.04.2013 № 341 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасында мектеп салу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасында мектеп салу туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 22 тамыздағы
№ 1069 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасында мектеп салу туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі,
екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды дамытуға, Тараптар мемлекеттері халықтарының арасындағы тарихи және мәдени байланыстарды нығайтуға ниет білдіре отырып,
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларының нормаларын ескере отырып,
білімнің дамуын екі мемлекеттің мәдени өзара іс-қимылының және ынтымақтастығының маңызды шарты деп есептей отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты қазақстандық тараптың «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы бөлетін 1 200 800 (бір миллиард екі жүз миллион сегіз жүз) мың теңге мөлшеріндегі қаражаты есебінен Бішкек қаласында 500 орындық және Ош қаласында 500 орындық мектептер салу және оларға іргелес жатқан аумақтарды (бұдан әрі – объектілер) абаттандыру болып табылады.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.04.2013 № 341 қаулысымен.
2-бап
Қырғыз тарапы объектілерді салу үшін Бішкек қаласында 2,49 га көлемінде және Ош қаласында 2,5 га көлемінде Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес қандай да бір міндеттемелерден босатылған жер учаскелерін ұсынады.
Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.04.2013 № 341 қаулысымен.
3-бап
Қырғыз тарапы объектілердің құрылысы бойынша бас мердігерді іріктеуді жүзеге асырады, ол өз кезегінде құрылысты Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі қырғыз тарапының, бас мердігердің және қосалқы мердігерлердің міндеттемелеріне жауапты емес.
Қазақстан тарапы 1-бапта көзделгеннен басқа қосымша қаражат бөлмейді.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 11.04.2013 № 341 қаулысымен.
4-бап
Қырғыз тарапы Қырғыз Республикасының техникалық және нормативтік талаптарына сәйкес жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді, объектілерді инженерлік желілерге қосу және басқа да жұмыстар үшін қажетті барлық рұқсаттама құжаттамаларын ресімдеуді, мемлекеттік сараптама жүргізуді қамтамасыз етеді.
Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 11.04.2013 № 341 қаулысымен.
5-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
6-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және/немесе түсіндіруге байланысты даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.
7-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын әр Тараптар мемлекетінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
8-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама диломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
20___ жылғы «___» __________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін