"Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобаcы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы № 1113 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
«Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы»

      Осы Заң мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсыну саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі жеке және заңды тұлғалардың тегін мемлекет кепілдік берген заң көмегіне құқықтарын іске асырудың тетіктерін белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) құқықтық ақпараттандыру – қолданыстағы заңнама мәселелері бойынша ақпарат ұсыну түрінде ауызша, жазбаша және көрнекі нысандарда белгісіз адамдар тобына көрсетілетін мемлекет кепілдік берген заң көмегі;
      2) құқықтық консультация беру – оны алуға құқығы бар адамдарға ауызша және жазбаша консультация беру нысандарында, соның ішінде өтініштер, шағымдар, қолдаухаттар мен нақты құқықтық мәселе бойынша құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жасауға қатысты көрсетілетін мемлекет кепілдік берген заң көмегі;
      3) мемлекет кепілдік берген заң көмегі – осы Заңда көзделген негізде және тәртіппен тегін негізде оны алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға ұсынылатын заң көмегі;
      4) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін субъектілер – мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсынатын жеке және/немесе заңды тұлғалар;
      5) мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсыну саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті мемлекеттік орган)  халыққа заң қызметтерін көрсету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      6) мемлекет кепілдік берген заң көмегінің жүйесі –мемлекет кепілдік берген құқықтың заң көмегіне заңнамада белгіленген құқықтық негіздері және іске асыру тетіктері.
      2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекет кепілдік берген заң
             көмегі туралы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңда қамтылғаннан басқа өзге де ережелер белгіленген болса, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
      Осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар және заңды тұлғаларға қолданылады.
      4-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетудің негізгі
             қағидаттары
      Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету:
      1) заңдылық;
      2) тегін мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж жеке тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерінің басымдылығы;
      3) мемлекет кепілдік берген заң көмегінің қол жетімділігі және сапалылығы;
      4) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетілетін мәселенің құпиялылығын қамтамасыз ету;
      5) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету үдерісіне тиімді мемлекеттік бақылау жасау қағидаттарына негізделеді.
      5-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы
             мемлекеттік саясат
      1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясат ұйымдастырушылық-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ақпараттық, лицензиялық-бақылау және жеке және заңды тұлғалардың білікті мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқықтарының кепілдіктерін іске асыру мақсатында жүзеге асырылатын өзге де шаралардың жиынтығымен қамтамасыз етіледі.
      2. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      3. Республикада негізі, тәртібі және қызметінің шарты Заңмен белгіленетін мемлекеттік адвокатура енгізілуі мүмкін.

2. Мемлекет кепілдік берген заң көмегінің түрлері

      6-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегінің түрлері
      Мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
      1) құқықтық ақпараттандыру;
      2) құқықтық консультация беру;
      3) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен жеке тұлғалардың мүдделерін соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда қорғау және білдіру түрінде көрсетіледі.

3. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін субъектілер

      7-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін
             субъектілер
      Мемлекет кепілдік берген заң көмегін:
      1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар;
      2) осы Заңда, «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен адвокаттар;
      3) «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен нотариустар;
      4) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жеке сот орындаушылар;
      5) жоғары оқу органдары және үкіметтік емес ұйымдар көрсетеді.

4. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар адамдар

      8-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар
             адамдар
      1. Барлық жеке және заңды тұлғалардың құқықтық ақпараттандыру түрінде тегін мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар.
      2. Осы Заңның 6-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген мемлекет кепілдік берген заң көмегі Қазақстан Республикасының іс-жүргізу заңнамасында және «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен тегін мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар адамдарға ұсынылады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген адамдар тұратын жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқылы.
      4. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж адамдардың мүддесі үшін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген сенімхаттың негізінде оның өкілі жүгіне алады.
      9-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж адамдардың
             құқықтары мен міндеттері
      1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж адамның:
      1) өзінің құқықтары, міндеттері және мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсыну шарттары туралы ақпарат алуға;
      2) білікті мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету үшін оны ұсынатын субъектілерге жүгінуге;
      3) кепілдік берілген көлемде мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға немесе оны алудан бас тартуға;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсынатын субъектілердің әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағымдануға;
      5) мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілген мәселенің құпиялылығына құқығы бар.
      2. Оған мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы өтінішпен жүгінген адам:
      1) оның мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығын растайтын құжаттарды ұсынуға;
      2) мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсынудың шарттарына ықпал ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақытында хабарлауға;
      3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету қажеттілігіне негізделген ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз етуге міндетті.

5. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұсыну саласындағы мемлекеттік реттеу

      10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекет кепілдік
              берген заң көмегін көрсету саласындағы құзыреті
      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесінің жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз етеді;
      3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      11-бап. Уәкілетті мемлекеттік органның құзыреті:
      1. Уәкілетті мемлекеттік орган:
      1) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
      2) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      3) мемлекет кепілдік берген заң көмегінің барлық түрлері бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болып табылады;
      4) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;
      5) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін субъектілердің қызметін үйлестіреді;
      6) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы заңнамаға мониторинг жүргізеді;
      7) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы халықтың құқықтық сауатын ашуды және оларды құқықтық ақпараттандыруды
қамтамасыз етеді;
      8) жоғары оқу орындарына және үкіметтік емес ұйымдарға құқықтық ақпараттандыру түрінде халыққа тегін мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету бойынша әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетеді;
      9) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспа басылымдарында мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесінің жағдайы туралы ақпаратты жарты жылда бір рет жариялануын қамтамасыз етеді.

6. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету тәртібі

      12-бап. Мемлекеттік органдардың мемлекет кепілдік берген заң
              көмегін көрсету тәртібі
      Мемлекеттік органдар құқықтық ақпараттандыру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін өз құзыреті шегінде «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен көрсетеді.
      13-бап. Адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін
              көрсету тәртібі
      1. Адвокаттар мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетудің субъектісі ретінде осы Заңда, «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда және тәртіпте азаматтарға тегін мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетеді.
      2. Адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысуын облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың адвокаттар алқасы қамтамасыз етеді.
      Селолық елді мекендерде мемлекет кепілдік берген заң көмегін адвокаттардың көрсетуін облыстың адвокаттар алқасы қамтамасыз етеді.
      Мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесіне қатысатын адвокаттардың іріктеу өлшемдерін Республикалық адвокаттар алқасы бекітеді.
      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың адвокаттар алқасы жыл сайын 1 желтоқсаннан кешіктірмей аумақтық әділет органына мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін жібереді. Тізімде адвокаттық қызметпен айналысуға лицензияның нөмірі мен берілген күні, адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысаны, атаулары мен адвокаттық қызметті жүзеге асыру орны көрсетіледі.
      Аумақтық әділет органы жыл сайын 25 желтоқсаннан кешіктірмей мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымында жариялауға және «Интернет» ақпараттық-телекоммуникациялық желідегі өзінің ресми сайтына орналастыруға шаралар қабылдайды.
      4. Аумақтық әділет органы жыл сайын 15 желтоқсаннан кешіктірмей адвокаттармен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы келісім жасайды.
      Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітетін келісім нысанында облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында тұратын халықты адвокаттық қызметпен толыққанды қамтамасыз ету міндеті қамтылады.
      5. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін адвокаттар өз қызметінде осы Заңның, «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және адвокаттық қызметті реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілердің ережелерін басшылыққа алады.
      Адвокаттар «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 4-бабының 1-тармағында көзделген мемлекет кепілдік берген заң көмегінің барлық түрлерін көрсетеді.
      6. Адвокаттар алқасына адвокаттар ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 5 күнінен кешіктірмей, олар көрсеткен мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы есепті береді. Есептің нысанын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып бекітеді.
      7. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың адвокаттар алқасы Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітетін нысан бойынша аумақтық әділет органдарына жыл сайын 20 шілдеден және 20 қаңтардан кешіктірмей адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсеткені туралы жиынтық есепті береді.
      Облыстың адвокаттар алқасының жиынтық есебі селолық елді мекендердің мемлекет кепілдік берген заң көмегімен қамтамасыз етілуі туралы ақпаратты қамту қажет.
      8. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде азаматтарға заң көмегін көрсеткен адвокаттардың еңбегіне ақы төлеудің және олардың қорғауға және өкілдік етуге және өзге де заң көмегін көрсетуге байланысты шығыстарын өтеудің мөлшерін, тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      14-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас
              тарту
      1. Егер өтініш беруші өтінішінің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық ақпараттандыру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.
      2. Құқықтық консультация беру және өкілдік ету түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден, егер:
      1) өтініш беруші осы Заңның 8-бабының 2-тармағында көзделген мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар адамдар санатына жатпайтын болса;
      2) өтініш беруші өтінішінің құқықтық сипаты болмаса, бас тартылады.
      3. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту дәлелденген болуы тиіс және жоғары тұрған органға, прокуратураға не сотқа шағымдана алады.
      15-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

7. Қорытынды ережелер

      16-бап. Қазақстан Республикасының мемлекет кепілдік берген заң
              көмегі туралы заңнамасының сақталуын бақылау
      Қазақстан Республикасының мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы заңнамасының сақталуын бақылауды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.

17-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
       Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады