Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2007 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз-Қазақстан инвестициялық қорын құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан 2007 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз-Қазақстан инвестициялық қорын құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 5 қыркүйектегі
№ 1150 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
2007 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз-Қазақстан
инвестициялық қорын құру туралы келісімге өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы хаттама
Бұдан әрі бірлесіп «Тараптар», ал жеке алғанда «Тарап» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі
экономикалық ынтымықтастықтың, нарықтық қатынастарды дамытуға ынталандырудың, жаңа өндірістер құрудың, кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын мойындай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
2007 жылғы 11 шілдеде Бішкек қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметі арасындағы Қырғыз-Қазақстан инвестициялық қорын құру туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. Келісімнің 1-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап.
Тараптар Қырғыз Республикасы аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін капиталы 101000000 (бір жүз бір миллион) АҚШ доллары болатын Қырғыз-Қазақ инвестициялық қорын құрады. Оның ішінде 100000000 (бір жүз миллион) АҚШ долларын немесе 99,01 (тоқсан тоғыз бүтін жүзден бір) %-ын Қазақстан тарапы береді, ал 1000000 (бір миллион) АҚШ долларын немесе 0,99 (нөл бүтін жүзден тоқсан тоғыз) %-ын Қырғыз тарапы береді.
Тараптар Қордағы капиталды кезең-кезеңмен қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
Қордың капиталы бірінші кезеңде 30000000 (отыз миллион) АҚШ доллары көлемінде құралады, оның ішінде 29703000 (жиырма тоғыз мың жеті жүз үш миллион) Қазақстан тарапы, 297000 (екі жүз тоқсан жеті мың) АҚШ долларын Қырғыз тарапы береді.
Екінші кезеңде, егер өз қызметін бастаған күнінен бастап төртінші жыл басталған күнге дейін Қор бірінші кезеңде Қорды капиталдандырудың жалпы сомасының 80 % мөлшерінде инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша міндеттемелерін игерген жағдайда, Тараптар Қорды бірінші жабылуындағы міндеттемелерге пропорционалды түрде және/немесе қосымша инвесторлар тарту арқылы Тараптардың жеке қаражатынан 101000000 (бір жүз бір миллион) АҚШ доллары мөлшеріне дейін қосымша капиталдандыру мәселесін қарайтын болады.».
2. Келісім мынадай мазмұндағы 1-1-баппен толықтырылсын:
«1-1-бап.
Тараптар айқындайтын Қор инвесторларының өзара келiсiмi бойынша қосымша тартылған инвесторлар қаражаты есебінен Қорды капиталдандыруды ұлғайтуға болады.».
3. Келісім мынадай мазмұндағы 2-1-баппен толықтырылсын:
«2-1-бап.
Қор Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша Алматы қаласында (Қазақстан Республикасы) құрылады және өз қызметін акционерлiк қоғам нысанында жүзеге асырады. Қордың Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) өкiлдiгi бар.».
4. Келісім мынадай мазмұндағы 2-2-баппен толықтырылсын:
«2-2-бап.
Қор қызметінің мерзімі Қордың операциялық қызметi басталған күнінен бастап 10 (он) жылды құрайды. Қор инвесторларының өзара келісімі бойынша Қор қызметінің мерзімі 2 (екі) жылға ұзартылуы мүмкін.».
5. Келісім мынадай мазмұндағы 2-3-баппен толықтырылсын:
«2-3-бап.
Қордың инвестициялық мерзімі 5 (бес) жылды құрайды. Қор инвесторларының өзара келісімі бойынша Қордың инвестициялық мерзімі 1 (бір) жылға ұзартылуы мүмкін.».
6. Келісім мынадай мазмұндағы 2-4-баппен толықтырылсын:
«2-4-бап.
Қордың инвестициялары күшті-алкогольды және темекі өнімдері өндірісі, ойын бизнесін дамыту саласындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталмайды.».
7. Келісім мынадай мазмұндағы 2-5-баппен толықтырылсын:
«2-5-бап.
Қорды ұстауға арналған шығыстарды төлеудегі Қор шығындарының көлемі Қордың барлық қатысушыларының жиынтық міндеттемелері көлемінің 2 (екі) %-нан аспайды.».
8. Келісім мынадай мазмұндағы 3-1-баппен толықтырылсын:
«3-1-бап.
Тараптардың өзара келiсiмі бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуі мүмкін, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады және жекелеген хаттамалармен ресiмделедi.».
9. Келісім мынадай мазмұндағы 3-2-баппен толықтырылсын:
«3-2-бап.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар жолымен шешеді.
Тараптардың әрқайсысы басқа Тарапқа осындай ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібере отырып осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Осы Келісімнің қолданылуы Тараптардың бірі осындай хабарламаны алған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін тоқтатылады.
Келісімнің қолданысын тоқтату өз қызметін құрылтай құжаттардың негізінде және оларда көзделген тәртіппен тоқтататын Қордың және оның өкілдігі қызметінің өздігінен тоқтатылуына әкеліп соқпайды.
Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісімнің қолданылуы кезеңінде жобалар мен келісімшарттарды тоқтата тұруға немесе тоқтатуға әкеліп соқпайды. Бұл ретте инвестициялық жобалар мен келісімшарттарды іске асыруда пайдаланылмайтын Қордың меншікті капиталы, оның ішінде Қордың алған кірісі осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген инвестициялау бойынша міндеттемелерінің көлеміне сәйкес Қордың инвесторларына қайтарылады.».
2-бап
Осы Хаттама көрсетiлген Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады және оған қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Осы Хаттама Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылған сәттен бастап өз күшін жояды.
2012 жылғы «___» _____________ __________ қаласында орыс тілінде екі түпнұсқа данада жасалды.
Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін