Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 10 қыркүйектегі № 1175 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкiметi арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Сарыбайұлы Мамытбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 1175 қаулысымен 
мақұлданған   

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік
Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және
оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасы Үкіметі
      өсімдіктер карантині және оларды қорғау және өсімдіктер мен өсімдік өнімдеріне зиян келтіретін карантиндік объектілермен күрес, сондай-ақ өз мемлекеттерінің аумақтарын карантиндік зиянды организмдердің әкелінуінен қорғау және олардың келтіретін залалдарын азайту саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын тани отырып,
      1951 жылғы 6 желтоқсандағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияны басшылыққа ала отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімде келтірілген терминдердің мынадай мағынасы болады:
      өсiмдiктер – тұқымдар мен генетикалық материалды қоса алғанда, тірі өсімдіктер мен олардың бөліктері;
      өсiмдiк өнiмдерi – өсімдік (астықты қоса алғанда) өңделмеген материал, сондай-ақ өзінің жаратылысы бойынша немесе өзінің өңделу тәсілі бойынша зиянды организмдердің жерсіну және таралу қаупін төндіре алатын өңделген өнімдер;
      карантиндік объект – карантиндік объектілердің ұлттық тізбесіне сәйкес, Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы аумағында болмайтын немесе шектеулі таратылған, бірақ өсімдіктерге немесе өсімдік өніміне айтарлықтай зиян келтіретін өсімдіктер мен арамшөптер зиянкестерінің, ауруларын қоздырушылар, зиянкестер;
      фитосанитариялық бақылау – өсiмдiктерде, өсiмдiк өнiмдерiнде және карантинге жатқызылған материалдарда карантиндiк объектілердің бар немесе жоқ екендiгiн, сондай-ақ фитосанитариялық талаптардың орындалуын тексеру мақсатында, қолданылатын iс-әрекет;
      өңдеу – карантиндік объектілерді жою, инактивациялау немесе кетіру бойынша рәсімдер;
      карантинге жатқызылған материалдар - зиянды организмдердің тасалану орны болуға қабілетті немесе олардың таралуына ықпал ететін, әсіресе халықаралық тасымал істеріне қатысты жағдайларда оларға қатысты фитосанитариялық шаралар қолданылу қажет кез келген өсімдік, өсімдік өнімі, қоймалау орны, буып-түю орамы, көлік құралы, контейнер, топырақ және кез келген басқа да организм, объект немесе материал;
      жүк – бір тараптың мемлекет аумағынан келесі тараптың мемлекет аумағына әкелінетін және фитосанитариялық сертификатпен ілесіп жүретін өсімдіктердің, өсімдік өнімдерінің және карантинге жатқызылатын материалдардың кейбір мөлшері;
      заңнама – қазақстандық Тарап үшін: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының және Кеден Одағының басқа да нормативтік құқықтық актілері;
      Вьетнам тарапы үшін: Вьетнам Социалистік Республикасының Конституциясы, Вьетнам Социалистік Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілері.

2-бап
Құзыретті органдар

      Осы Келiсiмнiң орындалуын қамтамасыз ететін Тараптардың құзыретті органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі;
      Вьетнам Тарапынан – Вьетнам Социалистік Республикасы Ауыл шаруашылығы және ауылды дамыту министрлігі.
      Ресми түрде ақпарат алмасу мақсатында Тараптардың құзыретті органдары дипломатиялық арналар арқылы хабарласады.
      Тараптар мемлекеттерінің жоғарыда аталған құзыретті органдарының атауы өзгерген кезде Тараптар бiрiн-бiрi дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етедi.

3-бап
Ынтымақтастық және ақпарат алмасу

      Тараптар мыналарға міндетті:
      1) Өсімдіктер карантині және оларды қорғауға қатысты нормативтік құқықтық актілерінің және Тараптар қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарының мәтіндерімен алмасуға;
      2) Карантиндік объектілердің ұлттық тізбесін бекіту бойынша өз мемлекеттерінің нормативтік құқықтық актілеріндегі өзгерістер туралы олар жарияланған күннен бастап екі айдан кешіктірмей бір-біріне хабарлауға;
      3) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында карантиндік объектілердің пайда болу және таралу жағдайлары, сондай-ақ олармен күресу әдістері туралы оларды анықтаған күннен бастап екі айдан кешіктірмей бір-біріне хабарлауға;
      4) Фитосанитариялық ғылым саласында ғылыми-зерттеу иснтитуттарымен және өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі ұйымдармен өзара байланыс негізінде ынтымақтастықта болуға және осының негізінде алынған қандай да бір нәтижелерді немесе ақпаратты екінші Тараптың келісімінсіз үшінші тарапқа бермеуге.

4-бап
Әкелінетін жүктерге қатысты талаптар

      1. Бір тараптың мемлекет аумағынан (арқылы) келесі тараптың мемлекет аумағына әкелінетін жүктердің әр партиясы Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелерінің талаптарына және өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы олардың заңнамаларына сәйкес келуі керек.
      2. Басқа Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелінетін жүктер фитосанитариялық бақылаудан өтуі және ресми фитосанитариялық сертификатпен ілесіп жүруі керек.
      3. Халықаралық міндеттемелерге және өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес Тараптардың құзыретті органдары фитосанитариялық бақылауды және қажет болған кезде зертханалық зерттеу, жүктерді оларды тасымалдау құралдарын өңдеуді жүргізу үшін, сондай-ақ өз мемлекеттері аумағына карантиндік объектілердің енуін болғызбау үшін басқа да шаралар қолданады.
      4. Тараптардың құзыретті органдары қажет болған жағдайда және ғылыми негізде жүктердің жекелеген партияларын енгізу үшін қосымша фитосанитариялық шараларды анықтауға құқылы. Бұл ретте Тараптардың құзыретті органдары мыналарға міндетті:
      1) Қосымша фитосанитариялық шараларды бекіткеннен және жариялағаннан кейін олар жарияланған күннен бастап екі айдан кешіктірмей бір-біріне хабарлауға;
      2) Тараптардың құзыретті органдарының кез-келгенінен келіп түскен сұранымға жауап ретінде қосымша фитосанитариялық шараларды қабылдау туралы негіздеме жіберуге.
      3) Жүктерді әкелу пунктілері импорттаушы Тараптың заңнамасына сәйкес анықталады.
      6. Тараптардың құзыретті органдары әкелінетін жүктерге фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыратын өз мемлекеттері аумағындағы әкелу пунктілері туралы бір-біріне хабарлайды.
      7. Жүктерді әкелген кезде буып-түйетін материалдар ретінде карантиндік объектілерді тасымалдаушы бола алмайтын жоңқа, қағаз, пластик және басқа да материалдар қолданылуы тиіс және топырақтан бос болуы керек. Тараптардың құзыретті органдары карантиндік объектілерді тасымалдаушы болуы мүмкін топырағымен тамырланған тірі өсімдіктердің топырағын (торфты есепке алмағанда) импорттауға тыйым салады.
      8. Басқа Тараптардың мемлекеттік аумақтарына жүктерді тасымалдау үшін қолданылатын бір Тараптың көліктік құралы мұқият тазартылуға және қажетті болғанда зарарсыздандырылуға тиіс.
      9. Тараптардың құзыретті органдары экспортаушыға экспорттаушы елдің шекаралық бекетінде фитосанитарлық бақылау кезінде карантиндік организмдер табылған жағдайда оның иесі есебінен қайтаруға немесе карантиндік материалдарды зарарсыздандыруға құқығы бар, ал жоюға - материалды қайтаруға немесе залалсыздандыруға мүмкіндігі болмаған жағдайда Тараптардың құзыретті органдары әрбір жеке жағдайда алдын-ала хабарланып отыруға тиіс.

5-бап
Фитосанитариялық сертификат

      Жүк партиясымен қоса берілетін фитосанитариялық сертификат түпнұсқада болуы және ағылшын тілінде толтырылуы керек. Фитосанитариялық сертификаттағы мемлекеттік инспектордың қолымен және мөрімен бекітілмеген түзетулер, сызылулар мен мәтіннің түсініксіздігі заңды күшінен айырады.
      Жүкті реэкспорт жасағанда фитосанитариялық сертификат реэкспорт жасау үшін міндетті түрде өндіруші-мемлекеттің фитосанитариялық сертификатының түпнұсқасымен қоса берілуі керек.

6-бап
Басқа да халықаралық міндеттемелермен ара-қатынас

      Осы Келiсiмнің ережелері Тараптардың мемлекеттері халықаралық ұйымдарда қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
      Осы Келісіммен реттелмеген мәселелер 1951 жылғы 6 желтоқсандағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға, Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес реттелетін болады.

7-бап
Дауларды реттеу

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға қатысты даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер жүргізу және консультациялар беру арқылы шешіледі.

8-бап
Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап
Күшіне енуі

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажетті Тараптармен мемлекетішiлiк рәсімдердің орындалуы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алғаннан кейiн отыз бірінші күні күшiне енедi.
      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың біреуі басқа Тараптан дипломатиялық арналар бойынша осы Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабар алған күннен бастап алты ай өткенге дейін өз күшінде қалады.
      «___» ____________ 20 ___ жылы __________________ қаласында, қазақ, вьетнам, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi данада жасалды, әрi барлық мәтiндердің күшi бiрдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының           Вьетнам Социалистік
            Үкіметі үшін              Республикасының Үкіметі үшін
 
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады