Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 11 қыркүйектегі
№ 1178 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам
Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы
ынтымақтастық туралы
МЕМОРАНДУМ
(2012 жылғы 13 қарашада күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2013 ж., N 1, 8-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі,
Тараптар мемлекеттерінің арасындағы әскери ынтымақтастықты ілгерілету арқылы достық қарым-қатынастарды нығайтуға және одан әрі дамытуға үлес қосуға ниет білдіре отырып,
әскери саладағы ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,
өзара құрмет пен сенім негізінде ынтымақтастыққа ұмтылысты білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Осы Меморандум шеңберінде Тараптар халықаралық құқық нормаларына және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес мынадай салаларда ынтымақтасады:
1) қорғаныс саясаты;
2) тылдық қамтамасыз ету;
3) әскери білім беру;
4) армиядағы қоғамдық, мәдени және спорттық жұмыстар;
5) әскери-ғылыми қызмет және әскери тарих;
6) әскери медицина;
7) сенім мен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі шаралар;
8) ынтымақтастықтың Тараптар бірлесе айқындаған басқа да салалары.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ынтымақтастықтың нақты салаларын іске асыру мақсатында Тараптар жекелеген халықаралық шарттар жасасуы мүмкін.
2-бап
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) Тараптар өкілдерінің ресми сапарлары;
2) Тараптар делегацияларының жұмыс кездесулері;
3) тәжірибе алмасу және консультациялар өткізу;
4) оқу жобаларына, тағылымдамаларға, біліктілікті арттыру курстарына қатысу;
5) әскери оқу-жаттығу өткізу кезінде бақылаушылардың қатысуы;
6) конференциялар мен семинарларға қатысу;
7) құжаттамамен және ғылыми еңбектермен алмасу;
8) концерттер, көрмелер, фестивальдар және басқа да мәдени іс-шаралар;
9) Тараптар айқындаған ынтымақтастықтың өзге де нысандары.
3-бап
Мыналар осы Меморандумды іске асыру бойынша уәкілетті органдар болып табылады:
Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
Пәкістан Тарапынан – Пәкістан Ислам Республикасының Қорғаныс министрлігі.
4-бап
Осы Меморандум шеңберінде Тараптардың уәкілетті органдары әрбір тараптан 5 мүшеден аспайтын құрамда осы Меморандумның 2-бабының 1-тармағында көрсетілген әскери саладағы іс-шараларды айқындауға, ұйымдастыру мен үйлестіруге уәкілетті Бірлескен Қазақстан-Пәкістан әскери комиссиясын (бұдан әрі – Комиссия) құрады.
Комиссияны әрбір Тараптың баламалы атақтары бар өкілдері басқарады.
Тараптар өз өкілдері туралы бір-бірін алдын ала хабардар етеді.
Комиссия Тараптардың келісуі бойынша өз мемлекеттерінің аумағында жылына бір рет отырыс жасайды. Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың келісуі бойынша кездесудің шарттары мен күн тәртібін айқындайды.
5-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, осы Меморандумды орындаумен байланысты барлық шығыстарды Тараптар дербес көтереді.
6-бап
1) Тараптар ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қорғауды қамтамасыз етуге міндеттенеді.
2) Тараптар ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты осы ақпаратты ұсынған Тарапқа залал ретінде пайдаланбауға міндеттенеді.
3) Тараптар ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты осы ақпаратты ұсынған Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші Тарапқа бермеуге міндеттенеді.
7-бап
Осы Меморандумның ережелерін түсіндіру мен қолдану бойынша туындайтын кез келген келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар жолымен реттелуге жатады.
8-бап
Осы Меморандумға Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Меморандумның ажырамас бөліктері болып табылатын, жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
9-бап
Осы Меморандум қол қойған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Меморандум бес жыл мерзімге жасалады, егер Тараптардың бір де бірі ағымдағы бес жылдық кезеңнің аяқталуына дейін кемінде алты ай бұрын басқа Тарапты дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы жазбаша хабардар етпесе, оның мерзімі аяқталған соң автоматты түрде келесі бесжылдық кезеңдерге ұзартылатын болады.
Осы Меморандумның қолданысын тоқтату осы Меморандумның шеңберінде, оларға қатысты Тараптар арасында өзге уағдаластық болмаған жағдайларды қоспағанда, бұрын басталған бағдарламалар мен жобаларды орындауға әсер етпейді.
2012 жылғы «____» ____________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Меморандумның ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін