Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан
Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің
ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы
келісімді ратификациялау туралы
2011 жылғы 20 қазанда Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан
Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің
ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі
екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту,
Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасында және Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасында Дипломатиялық өкілдіктерінің болуы мен жұмыс істеуінің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында,
1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қазақстан Тарапы әзербайжандық Тарапқа Қазақстан Республикасында Әзербайжан Республикасы Елшілігінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласындағы Президенттік саябақ ауданындағы Ш.Қалдаяқов көшесінің оңтүстігіндегі жалпы алаңы 0,5 га жер учаскесін жылына 1 теңге мөлшеріндегі жалға алу ақысымен қырық тоғыз (49) жыл мерзімге өтемді жер пайдалануға (жалға) береді.
Әзербайжан Тарапы қазақстандық Тарапқа Әзербайжан Республикасында Қазақстан Республикасы Елшілігінің ғимараттарын салу үшін Баку қаласындағы Хатаи ауданындағы Н.Рафиев көшесі бойындағы 1210 кварталдағы жалпы алаңы 0,5 га жер учаскесін жылына 1 манат мөлшеріндегі жалға алу ақысымен қырық тоғыз (49) жыл мерзімге өтемді жер пайдалануға (жалға) береді.
Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап 180 күннен кешіктірмей, осы бапта көрсетілген жер учаскелерінің жалға алу төлемін біржолғы тәртіппен жүргізуге міндеттенеді.
2-бап
Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін кеңейтуге, сатуға, ауыртпалық түсіруге немесе үшінші тараптарға қосалқы жалға тапсыруға құқылы емес.
3-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелері оларды осы Келісімнің мақсатында пайдалануға кедергі келтіретін қарыздарсыз, ауыртпалықтарсыз және үшінші тараптардың құқықтарынсыз беріледі.
4-бап
Тараптар дипломатиялық өкілдіктердің объектілерін жобалау мен салу кезінде болу мемлекетінің қала құрылысы және сәулет саласындағы ұлттық заңнамасын сақтауға міндеттенеді.
5-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу жер учаскелерін пайдалану үшін төлемді қоспағанда, болу мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес алынатын барлық салықтардан, алымдардан, баждардан тепе-тең негізде босатылады.
6-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде салынған ғимараттар мен құрылыстар болу мемлекетінің оларды сатып алуға басым құқығы ескеріле отырып сатылуы мүмкін.
Осы Келісімнің сатылған жылжымайтын мүлікке қатысты қолданысы автоматты түрде тоқтатылады.
7-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде жерге орналастыру және топографиялық-геодезиялық, жобаны сараптау және ғимаратты салу сияқты нақты жұмыс түрлеріне арналған барлық шығыстарды, сондай-ақ оны күтіп ұстауға және жөндеуге, электрмен, газбен, сумен және жылумен жабдықтауға, байланыс қызметіне және басқа да нақты қызмет түрлеріне арналған шығыстарды Тараптар болу мемлекетінде қолданылатын нормативтер мен тарифтерге сәйкес дербес төлейді.
8-бап
Тараптар болу мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген барлық қолданылатын рәсімдерді міндетті түрде сақтаған жағдайда, Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде жобалау құжаттамасын келісуде және бекітуде, ғимараттар мен қосалқы құрылыстарды салуға рұқсат беруді ұйымдастыруда бір-біріне жәрдем көрсетеді.
9-бап
Тараптар өзара негізде өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес ғимараттар мен құрылыстарға меншік құқықтарын және осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін жалға алу құқығын заңды түрде ресімдеуді қамтамасыз етеді.
10-бап
Өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметін қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің 1-бабында көрсетілгеннен басқа жер учаскелерін Тараптардың жалға алуы жекелеген халықаралық шарттардың негізінде жүзеге асырылады.
11-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
12-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындауы мүмкін барлық дауларды Тараптар өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.
13-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім қырық тоғыз (49) жыл бойы қолданыста болады, егер Тараптардың бірде-бірі ағымдағы қырық тоғыз жылдық кезең өткенге дейін кемінде 1 жыл бұрын оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабардар етпесе, осы мерзім өткеннен кейін келесі қырық тоғыз жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
2011жылғы 20 қазанда Алматы қаласында әрқайсысы қазақ, әзербайжан және орыс тілдеріндегі екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін