Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру шарттарын айқындау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 қазандағы 1366 Қаулысы

      «Өнiмдiлiк 2020» бағдарламасын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 14 наурыздағы № 254 қаулысына (бұдан әрi – Бағдарлама) сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) «2012 - 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 24 қарашадағы Заңына сәйкес кейіннен «Қазақстанның Даму Банкі» (бұдан әрі - банк) акционерлік қоғамына кредит беру үшін 052 «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 10 000 000 000 (он миллиард) теңге сомасында бюджеттік кредит (бұдан әрі – кредит) берілсін.
      2. Банкке кредит беру үшін қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттары айқындалсын:
      1) кредит берудің мақсаты қаржылық лизингті қорландыру құнын төмендету болып табылады;
      2) кредит жеделдік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 10 (он) жыл мерзімге жылдық 0,15 (нөл бүтін жүзден он бес) пайызға тең сыйақы ставкасы бойынша беріледі;
      3) қарыз алушы банкке кредит бергеннен кейін кредит банктің еншілес ұйымы «БРК-Лизинг» акционерлік қоғамына Бағдарламаны іске асыру шеңберінде оның лизингтік қызметін қаржыландыру мақсатында уәкілетті органның «БРК-Лизинг» акционерлік қоғамының лизингтік мәмілелерін мақұлдауына қарай қарыз нысанында беріледі;
      4) банк үшін сыйақы ставкасы жылдық 0,2 (нөл бүтін оннан екі) пайыздан аспауы тиіс;
      5) «БРК-Лизинг» акционерлік қоғамына кредит беруге арналған сыйақы ставкасы жылдық 0,3 (нөл бүтін оннан үш) пайыздан аспауы тиіс;
      6) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген мерзімнің соңында негізгі борышты мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігімен бір мезгілде жүзеге асырады;
      7) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жартыжылдық кезеңділікпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақыны алғашқы төлеу кредит игерілген күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң жүргізіледі;
      8) қарыз алушы үшін игеру кезеңі кредит қарыз алушының шотына аударылған күннен бастап 3 (үш) жылды құрайды.
      3. Кредит шартының тараптары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі – кредит беруші), Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі (бұдан әрі - әкімші) және қарыз алушы болып табылады.
      4. Кредит қарыз алушының кредит бойынша міндеттемелерді қамтамасыз етуді ұсынуынсыз бөлінеді.
      5. Кредит беруші мен әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 3-тармағында көрсетілген кредит шартын жасауды қамтамасыз етсін.
      6. Әкімші заңнамада белгіленген тәртіппен кредиттің мақсатты және тиімді пайдаланылуын, игерілуін, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингілеуді қамтамасыз етсін.
      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады