"Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 қазандағы № 1375 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  С. Ахметов

«Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да
әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру
ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы
Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына
өзгеріс енгізу туралы

      «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 19, 183-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелері осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
            Президентi

Қазақстан Республикасы
Президентінің  
2012 жылғы « »   
№   Жарлығына   
ҚОСЫМША      

Қазақстан Республикасы
Президентінің  
2006 жылғы 25 мамырдағы
№ 124 Жарлығымен 
БЕКІТІЛГЕН   

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да
әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет
өткеру ережелері 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелері (бұдан әрі – Ережелер) Қазақстан Республикасы азаматтарының әскерге шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру тәртібін айқындайды.
      Арнаулы мемлекеттік органдардың әскери қызметшілері «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 567 және 9-тарауларында715-19222429-37-баптарында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып әскери қызмет өткереді.
      2. Ережелерде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) конкурстық комиссия – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының (бұдан әрі – Қарулы Күштер) әскери бөлімдерінде (мемлекеттік мекемелерінде) құрылатын келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматтарды іріктеу жөніндегі комиссия;
      2) штаттық-лауазымдық санат – әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) штатында әскери лауазымға көзделген әскери атақ.

2. Әскери қызмет өткеру

      3. Бейбіт және соғыс уақытында әскери қызмет өткеру техникалық және кәсіптік орта, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарында, жоғары оқу орындарының әскери факультеттерінде (бұдан әрі – әскери факультеттер) оқуды, әскери қызметке шақыруды, келісімшарт бойынша әскери қызметке ерікті түрде кіруді, әскери атақ беруді, әскери лауазымға тағайындалуды және әскери қызметі бойынша ауыстырылуды, ротациялауды, әскери қызметтен шығаруды, аттестаттауды, демалыстар беруді, әскери қызметпен байланысты басқа да жағдайларды (оқиғаларды) қамтиды.
      4. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Ережелерге сәйкес Қарулы Күштерде келісімшарт бойынша ерікті тәртіппен немесе әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткереді.
      5. Техникалық және кәсіптік орта, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына немесе әскери факультеттерге түскен және бұрын келісімшарт бойынша әскери қызметте болмаған азаматтардың келісімшарт жасасқанға дейін әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер мәртебесі болады.
      6. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші бейбіт уақытта әскери қызметтің алты айынан кейін және олар әскери-есептік мамандықтардың біреуі бойынша міндетті даярлық курсынан өткен кезде ерікті түрде, оның ішінде бөлімшенің немесе әскери бөлімнің құрамында Қазақстан Республикасынан тыс жерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін жіберілуі мүмкін.
      7. Қазақстан Республикасынан тыс жерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға (бітімгершілік операцияларына), жауынгерлік іс-қимылдарға және террорға қарсы операцияларға қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасынан тыс жерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға (бітімгершілік операцияларына), жауынгерлік іс-қимылдарға және террорға қарсы операцияларға қатысу кезеңін айқындау тәртібін уәкілетті органның бірінші басшысы белгілейді.
      8. Әскери қызметшілерді көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртіптік жарғыда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      9. «Старшина» («бас корабль старшинасы»), «прапорщик» («мичман»), «аға прапорщик» («аға мичман») әскери атақтарындағы әскери қызметшілерге осы Ережелердің аға сержанттар құрамының әскери қызмет өткеру тәртібін регламенттейтін нормалары қолданылады.

3. Әскери қызметтің басталуы, мерзімдері және аяқталуы

      10. Әскери қызметтің басталуы:
      1) әскери қызметке (әскери жиындарға) шақырылғандар үшін – жергілікті әскери басқару органынан (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) әскери қызмет өткеру (жиындардан өту) орнына кету туралы тиісті командирдің (бастықтың) бұйрығы шыққан күн;
      2) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіргендер үшін – бөлім жеке құрамының тізімдеріне енгізу туралы әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) бұйрығы шыққан күн;
      3) техникалық және кәсіптік орта, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түскендер және бұрын әскери қызметте болмағандар үшін – әскери оқу орны (әскери факультет) жеке құрамының тізімдеріне енгізу туралы оқу орны бастығының бұйрығы шыққан күн, ал техникалық және кәсіптік орта, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетел әскери оқу орнына түскен кезде – оқуға жіберу туралы уәкілетті орган басшысының бұйрығы шыққан күн болып саналады.
      11. Әскери қызмет мерзімдері «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы Заңында (бұдан әрі – Заң) белгіленген және:
      1) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретіндер үшін – әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің аяқталу мерзімінің соңғы айының соңғы күнінен кешіктірілмей;
      2) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретіндер үшін – келісімшарттың аяқталу мерзімінің соңғы айының тиісті күні аяқталады.
      Әскери қызмет мерзімінің аяқталуы ондай күн болмайтын айға тура келген жағдайларда көрсетілген мерзім сол айдың соңғы күні аяқталады.
      12. Әскери қызметтен шығарылуына (әскери жиындардың аяқталуына) байланысты әскери қызметші әскери бөлімнің тізімдерінен алып тасталған күн әскери қызмет аяқталған күн болып саналады.
      13. Әскери бөлімді немесе әскери қызмет орнын өз еркімен тастап кеткен уақыт кезеңі, сондай-ақ гауптвахтада ұстау түріндегі жазасын өтеу уақыты әскери қызметшінің әскери қызмет мерзіміне есептелмейді. Гауптвахтада ұстау түріндегі жазасын өтеу кезінде әскери қызмет өтілі үзілмейді.
      Әскери бөлімді немесе әскери қызмет орнын өз еркімен тастап кету кезеңінің басталуы әскери қызметшінің әскери бөлім немесе қызмет орны орналасқан жерді нақты тастап кеткен уақыт, демек, оның белгіленген мерзімде қызмет орнына негізсіз келмеуі, аяқталуы – әскери қызметшінің әскери бөлімге, әскери басқару органдарына немесе құқық қорғау органдарына келуі не оны ұстау уақыты болып табылады.
      14. Әскери қызметшінің әскери қызметінің жалпы ұзақтығы (еңбек сіңірген жылдары) оның әскерге шақыру бойынша, сондай-ақ келісімшарт бойынша әскери қызметінің барлық уақытын қамтиды.
      Әскери қызметтің жалпы ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен күнтізбелік және жеңілдік есептеумен жүргізіледі.

4. Келісімшарт жасасу және оның қолданысын тоқтату

      15. Әскери қызмет өткеру туралы келісімшартты ерікті түрде Қазақстан Республикасының азаматы Қарулы Күштердің уәкілетті лауазымды адамымен жазбаша түрде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі нысан бойынша:
      1) жоғары офицерлер құрамының штаттық-лауазымдық санатындағы әскери лауазымға тағайындалатындар – Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтындарды қоспағанда, уәкілетті органның бірінші басшысымен;
      2) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамдарының, офицерлер құрамының (жоғары офицерлер құрамын қоспағанда) штаттық-лауазымдық санатындағы әскери лауазымға тағайындалатындар – әскери бөлім командирінен (мемлекеттік мекеме басшысынан) және одан жоғары тиісті уәкілетті лауазымды адаммен;
      3) Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік орта, жоғары білім бері бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына түсетіндер – осы оқу орнының бастығымен;
      4) Қазақстан Республикасында әскери факультетке түсетіндер – әскери білім мәселелеріне жетекшілік ететін уәкілетті орган құрылымдық бөлімшесінің бастығымен;
      5) басқа мемлекеттің техникалық және кәсіптік орта, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына (әскери факультетке) түсетіндер – шетелде оқу мәселелеріне жетекшілік ететін уәкілетті орган құрылымдық бөлімшесінің бастығымен жасасады.
      Атқаратын лауазымдарында әскери қызмет өткеретін адамдармен келісімшарттар осы тармақтың 1), 2) тармақшаларына сәйкес жасалады.
      16. Келісімшарт әскери қызметке келісімшарт бойынша кірген кезде жасалады.
      Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшімен жаңа келісімшарт:
      1) Заңның 19-бабында айқындалған құрам өзгерген;
      2) әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданған;
      3) Заңның 39-бабының 6-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, әскери оқу орнына (әскери факультетке) түскенге дейін келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметші әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылған;
      4) әскери қызмет мерзімі ұзартылған;
      5) бір уәкілетті органнан басқасына ауыстырылған жағдайларда жасалады.
      17. Келісімшарт кемінде екі данада, әрқайсысы мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалады және оны жасасқан адамдар қол қояды. Келісімшарт жасасқан лауазымды адамның қолы мөрмен расталады, бұл ретте бірінші данасы келісімшарт жасасқан адамның жеке ісіне тігіледі, ал екінші данасы оған қолын қойғызып беріледі.
      Әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт әскери қызметшілермен келісімшарт жасасу, оларды әскери лауазымдарға тағайындау, ауыстыру, олардан босату, шығару, сондай-ақ оларға әскери атақ беру туралы бұйрықтар (жеке құрам бойынша бұйрықтар) шығаруға құқығы бар лауазымды адамдар тізбесіне (бұдан әрі – лауазымды адамдар тізбесі) сәйкес осы құқық берілген уәкілетті лауазымды адамның бұйрығы шыққан күннен бастап қолданысқа енгізіледі. Лауазымды адамдар тізбесін уәкілетті органның бірінші басшысы бекітеді.
      18. Келісімшарттың Заңның 37-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда қолданысы тоқтатылады.
      Заң қолданысқа енгізілгенге дейін әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейін жасалған әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттар әскери қызметшілер Заңның 25-бабының 1-тармағында белгіленген шекті жасқа толғанға дейін қолданылады.
      19. Одан әрі келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеруге ниет білдірген әскери қызметші қолданыстағы келісімшарттың мерзімі аяқталғанға дейін кемінде екі ай бұрын мерзімінде белгіленген тәртіппен әскери бөлімнің командиріне (мемлекеттік мекеменің басшысына) жаңа келісімшарт жасасу туралы баянат береді.
      Лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес осы құқық берілген уәкілетті лауазымды адамның келісімшарт бойынша әскери қызмет мерзімін ұзарту туралы шешімі бұйрықпен ресімделеді және әскери қызметшінің мәліметіне жазбаша түрде қолын қойғызып жеткізіледі.
      Келісімшарт бойынша әскери қызмет мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда әскери қызметшінің мәліметіне жазбаша хабарлама қолын қойғызып жеткізіледі.
      Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты әскери қызметтен шығу туралы шешім қабылдаған әскери қызметші келісімшартты қолдану мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бір ай бұрын уәкілетті лауазымды адамды өзінің шешімі туралы жазбаша хабардар етеді.
      Әскери қызметші жүктілігі және бала тууы бойынша демалыста немесе бала күтімі бойынша қосымша демалыста болған уақытта қолданыстағы келісімшарттың мерзімі аяқталған жағдайда келісімшарт белгісіз мерзімге дейін жасалған деп саналады. Әскери қызметші тұрақты әскери қызмет орнына демалыстан келгеннен кейін әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) екі ай ішінде әскери қызметшімен жаңа келісімшарт жасасу немесе осы Ережелерге сәйкес оны әскери қызметтен шығару мәселесін шешеді.
      20. Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындаған әскери қызметшілер тиісті лауазымдағы әскери қызметті келісімшарт жасамай өткереді. Олардың келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер мәртебесі сақталады.
      Көрсетілген лауазымға тағайындалғанға дейін әскери қызметшілердің осы санатымен жасасылған келісімшарттардың қолданысы тоқтатылады.
      21. Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындаған әскери қызметші лауазымынан босатылғаннан кейін ол осы Ережелерде айқындалған тәртіппен жаңа келісімшарт жасасады.

5. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін
азаматтар қатарынан кандидаттарды іріктеу

      22. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін кандидаттарды іріктеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:
      1) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін қажетті құжаттарды қабылдау;
      2) медициналық куәландырудан өту;
      3) дене дайындығы деңгейінің сәйкестігін анықтау;
      4) білім және кәсіби даярлық деңгейінің сәйкестігін анықтау;
      5) психологиялық тұрғыдан жарамдылығын тексеру.
      23. Әскери қызметте болмаған, келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматы жергілікті әскери басқару органының бастығына немесе әскери бөлімнің командиріне (мемлекеттік мекеменің басшысына) өтініш береді.
      Республикадан тыс жерлерде тұратын, келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне келгеннен кейін ғана өтініш береді.
      24. Өтініште:
      1) азаматтың тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның туған күні, айы мен жылы, тұрғылықты жері;
      2) азамат келісімшарт жасасуға ниет білдірген уәкілетті органның атауы, әскери бөлім (мемлекеттік мекеме);
      3) келісімшарт жасасу болжанатын мерзім көрсетіледі.
      Өтінішпен бірге азамат оның жеке басын және азаматтығын куәландыратын құжатты көрсетеді және:
      1) белгіленген үлгідегі бланкіде сауалнама деректерін;
      2) өзі қол қойған өмірбаянын;
      3) жеке басы мен азаматтығын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
      4) білімі туралы құжаттарының көшірмелерін (салыстыру үшін түпнұсқалары ұсынылмаған жағдайда нотариалдық куәландырылған көшірмелерін);
      5) бар болған кезде еңбек кітапшасының көшірмесін;
      6) сотталмағандығы туралы анықтаманы ұсынады.
      Құжаттарды қабылдаған кезде тиісті лауазымды адам құжаттардың көшірмелерін олардың түпнұсқаларымен салыстырады (салыстыру үшін ұсынған жағдайда) және түпнұсқаларды азаматқа қайтарады.
      Әйелдерді қоспағанда, бұрын әскери қызмет өткермеген, жоғары оқу орнының әскери кафедрасында оқымаған адамдар Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған білім беру ұйымында әскери даярлықтан өткенін растайтын құжатты ұсынады.
      25. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген азаматтардың өтініштерін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тіркейді. Өтініші тіркелген және қарауға қабылданған азамат келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге кандидат (бұдан әрі – кандидат) болып табылады.
      Кандидаттың өтініші мен құжаттары тіркелген күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде қаралады және онымен бір уақытта кандидаттың Заңның 38-бабында айқындалған талаптарға сәйкес келуі тексеріледі.
      Уәкілетті органдарда кандидаттардың өтініштері мен құжаттарын қарау тәртібін бірінші басшылар айқындайды.
      26. Қажетті құжаттар тізбесін, оларды ресімдеу тәртібін, сондай-ақ тексеру жүргізу мерзімдерін уәкілетті органдардың бірінші басшылары айқындайды.
      27. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс істеуді көздейтін әскери қызмет өткеру үшін кандидаттарға заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік құпияларға рұқсатнама беруге арнайы тексеру жүргізіледі. Осы кандидаттарды әскери қызметке қабылдау ол бойынша мемлекеттік құпияларға рұқсатнама беруге арнайы тексеру аяқталғаннан кейін жүргізіледі. Мемлекеттік құпияларға рұқсатнама беруге арнайы тексеруді ұйымдастыру жергілікті әскери басқару органдарына жүктеледі.
      28. Жергілікті әскери басқару органы кандидатқа жеке іс ресімдейді.
      29. Кандидаттарды медициналық куәландыру (Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына әскери қызметке кіретін азаматтардан басқа) екі кезеңнен тұрады:
      1) алдын ала медициналық куәландыру – тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдардың дәрігер мамандары жүргізеді;
      2) қорытынды медициналық куәландыру – әскерге шақыру (тіркеу) медициналық комиссияларының жұмысы кезеңінде жергілікті әскери басқару органдарында, сондай-ақ Қарулы Күштер әскери-медициналық бөлімдері мен мекемелерінің әскери-дәрігерлік комиссиясы жанында жүргізіледі.
      Уәкілетті органдар басшыларының келісімі бойынша кандидаттарды медициналық куәландыру ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, әскери-медициналық бөлімдер мен мекемелерде жүргізілуі мүмкін.
      30. Медициналық куәландырудан өту тәртібі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу ережелерімен (бұдан әрі – Әскери-дәрігерлік сараптама ережелері) белгіленеді.
      31. Кандидаттың білім және дене дайындығының деңгейі бойынша уәкілетті органның бірінші басшысы белгілеген талаптарға сәйкес келетіні тексеріледі.
      32. Кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды тиісті мамандар жүргізеді. Бұл ретте зияткерлік даму деңгейі, әскери қызмет өткеруге психологиялық тұрғыдан жарамдылығы, тексерілетін кандидаттардың әскери қызмет үшін қажетті кәсіби және жеке басының қасиеттері бағаланады.
      Кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу тәртібі мен әдістемесін уәкілетті органдардың бірінші басшылары айқындайды.
      33. Психологиялық іріктеу нәтижелері бойынша нақты әскери лауазымдарда келісімшарт бойынша әскери қызметке кандидаттың жарамдылығы туралы мынадай қорытындылардың біреуі шығарылады:
      1) «ұсынылады»;
      2) «ұсынылмайды».
      34. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамдарға қатысты арнайы тексеру жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайды.
      35. Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарындағы әскери лауазымдарға, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілер арсеналдарындағы, базалары мен қоймаларындағы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтаумен байланысты лауазымдарға кандидаттармен психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді жүргізу ұйымдастырылады.
      36. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін белгіленген талаптарға сәйкес келген кандидаттың құжаттары (жеке ісі) кандидаттың кәсіби жарамдылығын айқындағаннан кейін лауазымға орналасуға конкурс ұйымдастыру үшін әскери бөлімге (мемлекеттік мекемеге) жолданады.
      37. Әскери бөлімдер (мемлекеттік мекемелер) конкурстық комиссияларының құрылу және жұмыс тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

6. Әскери қызметшілер қатарынан келісімшарт бойынша
әскери қызметке кіру үшін кандидаттарды іріктеу

      38. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген әскери қызметші әскери бөлімнің командиріне (мемлекеттік мекеменің басшысына) (офицерлер құрамының әскери қызметшісі – әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін бір ай бұрын) баянат береді.
      39. Әскери қызметші баянатпен бірге осы Ережелердің 24-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.
      40. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген әскери қызметшінің баянаты тіркеледі және әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) қарауға қабылдайды. Әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшінің баянатын қарайды және он жұмыс күні ішінде ол бойынша шешім қабылдайды.
      Баянаты қарауға қабылданған әскери қызметші кандидат болып табылады.
      41. Әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) баянатты қарап:
      1) кандидатты медициналық куәландырудан өткізу туралы;
      2) кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы;
      3) Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарындағы әскери лауазымдарға, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілер арсеналдарындағы, базалары мен қоймаларындағы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтаумен байланысты лауазымдарға кандидаттармен психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді жүргізу туралы.
      4) кандидаттың білім, кәсіби және дене дайындығы деңгейінің келісімшарт бойынша әскери қызметшілер үшін белгіленген талаптарға сәйкес келуін тексеру туралы;
      5) әскери бөлім аттестаттау комиссиясының әскери қызметшінің кандидатурасын қарауы туралы нұсқаулар береді.
      42. Кандидат қажет болған жағдайларда белгіленген тәртіппен мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге рұқсатнаманы ресімдеу рәсімінен өткізіледі.
      43. Кандидаттың келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретіндер үшін белгіленген талаптарға сәйкес келуі (сәйкес келмеуі) туралы шешімді әскери бөлім аттестаттау комиссиясының ұсынымы бойынша әскери бөлімнің командирі қабылдайды және тікелей бастық (командир) бекітеді.
      Комиссия шешімінің көшірмесі әскери қызметшіге жоғары тұрған қолбасшылық шешімді бекіткеннен кейін он жұмыс күні ішінде беріледі.
      44. Ресімделгеннен кейін құжаттар осы Ережелерге сәйкес келісімшарт жасасу үшін уәкілетті лауазымды адамға қарауға ұсынылады.

7. Әскери қызметте болудың шекті жасына толған, оқытушылық,
ғылыми қызметті жүзеге асыратын және магистр академиялық
дәрежесі, ғылыми дәрежелері немесе атақтары бар әскери
қызметшілермен әскери қызмет мерзімдерін ұзарту кезінде
келісімшарттар жасасу

      45. Әскери қызметте болудың шекті жасына толған, оқытушылық, ғылыми қызметті жүзеге асыратын және магистр академиялық дәрежесі, ғылыми дәрежелері немесе атақтары бар және оны жалғастыруға ниет білдірген әскери қызметшілермен уәкілетті органның бірінші басшысының шешімі бойынша уәкілетті органның бірінші басшысы айқындаған, бірақ Заңның 25-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімнен аспайтын мерзімге жаңа келісімшарт жасасылады.
      46. Әскери қызметте болудың шекті жасынан тыс әскери қызмет мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданған кезде:
      1) кәсіби даярлығы және атқаратын лауазымы бойынша жұмыс тәжірибесі;
      2) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет өткеру үшін жарамдылығы;
      3) әскери-есептік мамандыққа немесе арнайы даярлыққа сәйкес бос лауазымның болуы ескеріледі.
      47. Осы Ережелердің 45-тармағында көрсетілген адамдар әскери қызметте болудың шекті жасынан тыс әскери қызмет мерзімін ұзарту үшін қолданыстағы келісімшарттың мерзімі аяқталғанға дейін кемінде төрт ай бұрын мерзімде уәкілетті лауазымды адамға жаңа келісімшарт жасасу туралы баянат береді.
      Баянатпен бірге:
      атқаратын лауазымы бойынша қызметтік мінездеме;
      әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы ұсынылады.
      48. Уәкілетті органның бірінші басшысының әскери қызмет мерзімін ұзарту туралы шешімі бұйрықпен ресімделеді және келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бір ай бұрын әскери қызметшінің мәліметіне жеткізіледі.
      49. Әскери қызмет мерзімін ұзартудан бас тартқан жағдайда уәкілетті органның жазбаша хабарламасы әскери қызметшінің мәліметіне ол әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға немесе қолданыстағы келісімшарттың мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бір ай бұрын қолын қойғызып жеткізіледі.

8. Әскери лауазымдарға тағайындау

      50. Әскери қызметшіні әскери лауазымға тағайындау әскери қызметшінің білім және кәсіби даярлығы деңгейін, денсаулық жағдайын, арнаулы мемлекеттік органдардың әскери лауазымдары үшін біліктілік талаптарын және осы Ережелерде көзделген өзге де жағдайларды ескере отырып жүргізіледі.
      51. Әскери қызметшілерді әскери лауазымдарға тағайындау оларды негізгі немесе бір бейінді әскери-есептік мамандық бойынша пайдалануды және қызметтік істерінің тәжірибесін және білімін ескеруді қамтамасыз етуге тиіс. Әскери қызметшілерді, олар үшін жаңа әскери-есептік мамандық бойынша лауазымдарда пайдалану қажет болған кезде оларды осы лауазымдарға тағайындауға тиісті қайта даярлау алғышарт болуға тиіс.
      52. Техникалық және кәсіптік орта, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданған азамат сарбаздар (матростар) немесе сержанттар (старшиналар) құрамының штаттық-лауазымдық санатындағы курсант әскери лауазымына тағайындалады.
      Офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданған әскери қызметші бұрын атқарған әскери лауазымынан босатылады және сарбаздар (матростар) немесе сержанттар (старшиналар) құрамының штаттық-лауазымдық санатындағы курсант әскери лауазымына тағайындалады.
      Офицерлер құрамының әскери атағы бар, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша әскери оқу орнына немесе әскери оқу орнының адъюнктурасына, магистратурасына не докторантурасына күндізгі оқу нысанына қабылданған әскери қызметші бұрын атқарған әскери лауазымынан босатылады және тыңдаушы әскери лауазымына тағайындалады.
      Әскери қызметшіні (азаматты) әскери оқу орнына қабылдаған кезде оған бұрын берілген әскери атағы сақталады.
      53. Әскери оқу орнына немесе әскери оқу орнының адъюнктурасына, магистратурасына не докторантурасына қабылданбаған әскери қызметшілер олар көрсетілген оқу орнына түсу үшін жіберілген әскери бөлімдерге бұрынғы әскери лауазымдарына қайтарылады.
      54. Әскери оқу орындарын немесе әскери оқу орнының адъюнктурасын, магистратурасын не докторантурасын бітірген әскери қызметшілер қажетті білім деңгейі бар адамдармен ауыстырылуға жататын, сондай-ақ егер Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы әскери лауазымдар және оларға сәйкес келетін әскери атақтар тізбесінде (бұдан әрі – әскери лауазымдар тізбесі) аталған әскери қызметшілердің әскери атақтарына қарағанда, оларға тең немесе анағұрлым жоғары әскери атақтар сәйкес келсе, офицерлер құрамының әскери лауазымдарына тағайындалады.
      Көрсетілген әскери лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған кезде мұндай әскери қызметшілер даярлық бейіні бойынша ұқсас өзге әскери лауазымдарға тағайындалады (ерекше жағдайларда одан әрі әскери лауазымға тағайындау үшін командирдің (бастықтың) қарамағына қабылданады).
      55. Әскери лауазымдарға тағайындау кезінде мынадай шарттар сақталады:
      1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) мен офицерлер құрамының штаттық-лауазымдық санатындағы әскери лауазымдарға тиісті құрамның әскери қызметшілері тағайындалады;
      2) тиісті командирлердің (бастықтардың) қарамағына қабылданған әскери қызметшілерді әскери лауазымдарға тағайындау Заңның 21-бабының 5-тармағында белгіленген мерзімнен аспайтын, мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүргізіледі;
      3) егер әскери қызметшіге мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге рұқсатнама беруден бас тартылған немесе ол көрсетілген рұқсатнамадан айырылған жағдайда ол мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге берілетін рұқсатнамамен байланысты емес әскери лауазымға белгіленген тәртіппен тағайындалады.
      56. Тиісті құрамның әскери қызметшілерін әскери лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған кезде оларға тиісті құрамның әскери міндеттілері, төмен тұрған құрамның әскери қызметшілері немесе уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен азаматтық персонал адамдары уақытша тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте әскери міндеттілер мен азаматтық персонал адамдарына лауазымдық жалақы әскери қызметшілердің атқаратын лауазымы бойынша белгіленеді.
      Әскери лауазымдарға уақытша тағайындалған әскери міндеттілер мен азаматтық персонал адамдары осы лауазымдарға әскери қызметшілер тағайындалған кезде басқа әскери лауазымға тағайындалады, ал басқа әскери лауазымға тағайындау мүмкін болмаған жағдайда – белгіленген тәртіппен шығарылады.
      57. Әскери қызметшілер жоғары, тең немесе төмен әскери лауазымдарға тағайындалады.
      58. Әскери лауазым, егер оған бұрынғы әскери лауазымға қарағанда, әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери лауазымның анағұрлым жоғары деңгейі немесе анағұрлым жоғары әскери атақ, ал әскери лауазымдар мен әскери атақтар тең болған кезде – әскери басқару органының анағұрлым жоғары деңгейі сәйкес келсе жоғары болып саналады.
      59. Әскери қызметшіні жоғары әскери лауазымға тағайындау қызметі бойынша жоғарылату тәртібінде жүргізіледі.
      Жоғары әскери лауазымға тағайындау кезінде басым құқық жоғары лауазымға жоғарылату үшін резервте тұрған, мұндай әскери лауазымға әскери қызметші әскери қызмет өткеретін әскери бөлімнің аттестаттау комиссиясы ұсыным жасаған, әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде жоғары кәсіби біліктілігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткен немесе ұйымдық-штаттық іс-шараларға байланысты бұрын төмен әскери лауазымға тағайындалған әскери қызметшіге беріледі.
      60. Әскери лауазымдар, егер оған әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери лауазымдардың тең деңгейлері, тең әскери атақтар, сондай-ақ әскери басқару органдарының тең деңгейі сәйкес келсе тең болып саналады.
      61. Әскери қызметшіні тең әскери лауазымға тағайындау:
      1) ротациялау тәртібінде;
      2) ұйымдық-штаттық іс-шараларға байланысты;
      3) әскери қызметшіні әскери қызметте мақсатқа сәйкес пайдалану үшін;
      4) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшінің баянаты бойынша Заңның 26-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген шарттар болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі нысан бойынша отбасы-мүліктік жағдайын тексеру актісімен расталатын отбасы жағдайы бойынша;
      5) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жүргізіледі.
      62. Әскери лауазым, егер оған бұрынғы әскери лауазымға қарағанда, әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери лауазымның төмен деңгейі немесе төмен әскери атақ, ал лауазымдар мен әскери атақтар тең болған кезде – әскери басқару органының анағұрлым төмен деңгейі сәйкес келсе, төмен болып саналады.
      63. Төмен әскери лауазымға тағайындау:
      1) әскери қызметшінің келісімімен:
      ұйымдық-штаттық іс-шараларға байланысты – оның даярлық бейініне тең бос әскери лауазым болмаған кезде;
      Заңның 26-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында айқындалған, отбасы-мүліктік жағдайын тексеру актісімен расталатын отбасы жағдайлары бойынша;
      әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша;
      әскери қызметшінің жеке баянаты бойынша;
      Заңның 21-бабы 5-тармағының 3) тармақшасында айқындалған жағдайларды қоспағанда, командирдің (бастықтың) қарамағында болған кезеңде;
      2) әскери қызметшінің келісімінсіз:
      аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша бір сатыдан төмен емес;
      келісімшартты бұзу үшін негіздемелер болып табылмайтын теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік реттілікте бір сатыдан төмен емес;
      офицерлер құрамының лауазымдарына уақытша тағайындалған сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамының әскери қызметшілері осы лауазымдар қысқартылған жағдайда немесе бұл лауазымдарға тиісті құрамның әскери қызметшілері тағайындалған кезде;
      сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жүргізіледі.
      64. Әскери қызметшіні әскери лауазымға тағайындаған, әскери лауазымнан босатқан, командирдің (бастықтың) қарамағына қабылдаған, қызметтен шығарған, әскери атақ берген, оны төмендеткен, одан айырған кезде, сондай-ақ жаңа келісімшарт жасасқан кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі нысан бойынша ұсыным немесе басқа құжаттар (баянат, ауыстыру жоспары, бөлу жоспары) ресімделеді.
      65. Әскери қызметі бойынша шектеу түрінде жазасын өтейтін әскери қызметшілер жоғары әскери лауазымға тағайындалмайды.

9. Әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша
атқаруды жүктеу

      66. Қызметтік қажеттілікке байланысты әскери қызметшіге ол әскери қызмет өткеретін әскери бөлімде (мекемеде) ол атқармайтын тең немесе жоғары әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқару жүктелуі мүмкін:
      1) бос (тағайындалмаған) әскери лауазым бойынша – әскери қызметші атқарып отырған әскери лауазымы бойынша міндеттерді атқарудан босатылады, бірақ атқарып отырған әскери лауазымынан босатылмайды және оған міндеттерін уақытша атқаруға жіберілген әскери лауазымы бойынша ақшалай үлес төленеді;
      2) бос емес (тағайындалған) әскери лауазым бойынша – оны атқарып отырған әскери қызметші уақытша болмаған немесе оны атқарып отырған әскери қызметшіні лауазымынан шеттеткен жағдайда, бірақ 2 айдан аспайтын мерзімге.
      67. Әскери қызметшіге бос әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеуді және оны атқарып отырған әскери лауазымы бойынша міндеттерді атқарудан босатуды осы әскери лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адам жүзеге асырады. Бос лауазымды шұғыл атқару қажет болған кезде лауазым тұрған әскери бөлімнің командиріне осы лауазымға тағайындауға құқығы бар бастықтың жазбаша келісімімен тиісті құрамның әскери қызметшілеріне тағайындалғанға дейін, бірақ 2 айдан аспайтын мерзімге бос әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеуге рұқсат етіледі.
      Әскери қызметшілерге жоғары офицерлер құрамы атқаруға тиіс бос әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеу уәкілетті органның бірінші басшысы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
      68. Әскери қызметшіге бос емес әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеуді әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) жүзеге асырады.
      Әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) өзі уақытша болмаған жағдайда міндеттерді уақытша атқаруды орынбасарларының біреуіне, олар болмаған кезде басқа лауазымды адамға жүктейді.

10. Командирдің (бастықтың) қарамағына қабылдау

      69. Лауазымынан босатылған кезде одан әрі әскери қызметті өткеру мәселелерін шешу үшін әскери қызметшілерді әскери лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адам жеке құрам бойынша бұйрықтар шығаруға құқығы бар тікелей бастықтың қарамағына қабылдайды.
      70. Әскери қызметшіні командирдің (бастықтың) қарамағына қабылдауға Заңның 21-бабының 5-тармағында айқындалған жағдайларда және мерзімдерде жол беріледі.
      71. Қарамағында әскери қызметшілер бар лауазымды адамдар олардың функционалдық міндеттерінің тізбесін бекітеді.

11. Әскери лауазымнан босату

      72. Әскери қызметші ауыстырылған, ротацияланған, әскери қызметтен шығарылған жағдайда атқарып отырған әскери лауазымынан босатылады.
      73. Әскери қызметшіні атқарып отырған әскери лауазымынан шығаруды лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес осы әскери лауазымға тағайындауға құқық берілген лауазымды адам жүргізеді.

12. Әскери қызметшілерді ауыстыру

      74. Әскери қызметшіні ауыстыру – бұл оның лауазымдық жағдайын немесе әскери қызмет өткеру орнын өзгерту.
      Ауыстыру:
      1) әскери лауазымға тағайындалған;
      2) ротацияланған;
      3) іссапарға жіберілген;
      4) Заңның 21-бабы 5-тармағының 1)2) тармақшаларында көрсетілген негіздемелер бойынша қарамағына қабылданған;
      5) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына қабылданған;
      6) бір уәкілетті органнан құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген басқасына ауыстырылған;
      7) әскери бөлім немесе бөлімше тұрақты орналасу пунктін өзгерткен жағдайларда жүргізіледі.
      75. Қарулы Күштерді дамыту бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылатын әскери бөлімнің немесе бөлімшенің тұрақты орналасу пунктін өзгерткен, сондай-ақ әскери бөлімнің тұрақты орналасу пунктіне қарамастан, тең әскери лауазымға тағайындалған кезде әскери қызметшіні ауыстыру оның келісімінсіз оған уәкілетті органның бірінші басшысымен осы құқық берілген командирдің (бастықтың) шешімімен жүргізіледі.
      76. Әскери қызметшіні ауыстыру тек ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен істері мен лауазымын тапсырғаннан кейін жүргізіледі.
      Істері мен лауазымын тапсыруды бастауды әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) жеке құрам бойынша бұйрықтан үзінділер немесе әскери қызметшіні ауыстыру жөнінде жазбаша хабарлама келіп түскен сәттен бастап, бірақ келіп түскен сәттен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей, ал демалыста немесе емделуде жүрген әскери қызметші үшін оның келген күнінен бастап айқындайды.
      Әскери бөлімнің тізімдерінен алу істері мен лауазымын тапсыру актілері бекітілгеннен кейін келесі жұмыс күнінде жүргізіледі.
      Әскери қызметшілерді бір мемлекеттік органнан құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген басқасына ауыстыру олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша жүргізіледі.
      77. Арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері бар құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің ауысу тәртібінде Қарулы Күштерге әскери қызметке кіруі Қарулы Күштердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен келісу бойынша қызметкерлер Заңның 38-бабында айқындалған талаптарға сәйкес келген кезде жүргізіледі.

13. Әскери қызметшілерді іссапарға жіберу, олардың
іссапарда болуы және әскери қызметті өткеру ерекшеліктері

      78. Әскери қызметшілер мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарына,сондай-ақ қабылданған келісімдер (шарттар) мен уағдаластықтарға сәйкес, егер келісімдермен (шарттармен) және уағдаластықтармен басқасы белгіленбесе, 5 жылдан аспайтын мерзімге халықаралық ұйымдарға әскери емес лауазымдарға іссапарға жіберілуі мүмкін.
      Іссапарға жіберілген адамның әскери қызметші мәртебесі сақталады, бұрын жасалған келісімшарттың қолданысы тоқтатылмайды.
      79. Әскери қызметшілерді іссапарларға жіберу:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының аппараттарына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне – Қазақстан Республикасы Үкіметінің актісі негізінде;
      2) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары мен ұйымдарына – әскери қызметші әскери қызмет өткеретін мемлекеттік органның актісі негізінде олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша;
      3) халықаралық ұйымдарға – егер қабылданған тиісті халықаралық келісімдерде және шарттарда өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актісі негізінде жүзеге асырылады.
      80. Іссапарға жіберілген әскери қызметшілерге көрсетілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген лауазымдық жалақылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әскери атағы бойынша жалақылар (қосымша ақылар) төленеді.
      Іссапарға жіберілген әскери қызметшілерге сыйлықақы беру көрсетілген мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері үшін айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
      Іссапарға жіберілген әскери қызметшілерге лауазымдық жалақыларды, сауықтыруға арналған жәрдемақылар мен сыйлықақыларды төлеу олар іссапарға жіберілген мемлекеттік органдарды, ұйымдар мен халықаралық ұйымдарды қамтуға көзделген қаражат есебінен жүргізіледі. Өзге де төлемдер, сондай-ақ заттай мүлікпен қамтамасыз ету тиісінше әскери қызметшілер іссапарға жіберілген уәкілетті органды қамтуға көзделген қаражат есебінен жүргізіледі.
      81. Іссапарға жіберілген әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен ұйымдарға іссапарға жіберілген әскери қызметшілер үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарда олардың атқарып отырған лауазымдары бойынша лауазымдық жалақылары, ал халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілгендер үшін іссапарға жіберілгенге дейін атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық жалақылары есепке алынады.
      Біржолғы сипаттағы қалған төлемдер бойынша іссапарға жіберілгенге дейін әскери қызметшінің атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық жалақысы есепке алынады.
      82. Мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген әскери қызметшілермен жаңа келісімшарттар жасасу осы Ережелерге сәйкес жүргізіледі.
      83. Мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген әскери қызметшілерге әскери атақтар беру, оларды әскери қызметтен шығару, мемлекеттік наградалармен және ведомстволық медальдармен (кеуде белгілерімен) наградтау олар іссапарға жіберілген мемлекеттік органдар, ұйымдар мен халықаралық ұйымдар бірінші басшыларының ұсынымдары бойынша жалпы негіздемелерде жүргізіледі.
      84. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға іссапарға жіберілген әскери қызметшілерді аттестаттау тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлері үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі, ал халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілгендерге осы Ережелерде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      85. Іссапарға жіберілген әскери қызметшілерді көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған осы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының қызметкерлері үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      86. Іссапарға жіберілген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарындағы, халықаралық ұйымдардағы лауазымдардан босатылғаннан және әскери қызметшілер әскери қызмет өткеретін мемлекеттік органға қайтып келгеннен кейін олар осы Ережелерде айқындалған тәртіппен әскери лауазымдарға тағайындалады немесе әскери қызметтен шығарылады.
      87. Қарулы Күштердің әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған жағдайларда мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде атқаратын әскери лауазымынан босатылмай және ақшалай үлесі сақтала отырып, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының қарамағына іссапарға жіберілуі мүмкін.
      Әскери қызметшілердің аталған санатына сыйлықақылар беру, зейнетақымен қамсыздандыру, жаңа келісімшарттар жасасу, әскери атақтар беру, әскери қызметтен шығару, мемлекеттік наградалармен және ведомстволық медальдармен (кеуде белгілерімен) наградтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпы негіздемелерде жүзеге асырылады.

14. Ротациялау

      88. Әскери қызметшілерді ротациялау әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыру үшін әскери қызмет өткеру шеңберінде, сондай-ақ қызметтік қажеттілік немесе әскери қызметшілердің кәсіби әлеуетін анағұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
      89. Ротациялау шарттары:
      1) әскери лауазымда уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын белгіленген мерзімнен артық болу;
      2) климат жағдайы ауыр жерлерде немесе елді мекеннен алыс аудандарда 5 жылдан астам болу;
      3) бір гарнизонда уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын мерзімнен артық әскери қызмет өткеру;
      4) бір әскери бөлімде (мекемеде) уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын мерзімнен артық әскери қызмет өткеру болып табылады.
      90. Қызметтік қажеттілік жағдайында әскери қызметші оның келісімінсіз ротациялау тәртібінде төмен лауазымға тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте әскери қызметші жаңа қызмет орны бойынша ротациялау тәртібінде тағайындалған төмен лауазымда әскери қызмет өткерудің барлық кезеңінде аттестаттаудан босатылады, жоғары лауазымға жоғарылату үшін резервке қойылады. Ротациялау тәртібінде төмен лауазымға тағайындау туралы әскери қызметші жеке ісінің қызметтік тізіміне тиісті жазба жасалады.
      91. Ротациялау тәртібін уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайды.

15. Әскери атақ беру

      92. Әскери атақтар әскери қызметшілерге дербес беріледі. Әскери атақ алғашқы немесе кезекті болуы мүмкін.
      93. Әскери қызметшілерге:
      1) жоғары офицерлер құрамының әскери атақтарын – уәкілетті орган бірінші басшысының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы;
      2) полковник (бірінші дәрежелі капитан) әскери атағын – уәкілетті органдардың бірінші басшылары;
      3) өзге де әскери атақтарды – лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес уәкілетті органдардың бірінші басшылары айқындаған лауазымды адамдар береді.
      94. Әскери міндеттілерге офицерлер құрамының әскери атақтарын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі береді.
      95. Алғашқы әскери атақтар:
      1) офицерлер құрамы үшін – лейтенант;
      2) сержанттар (старшиналар) құрамы үшін – кіші сержант (екінші сатылы старшина);
      3) сарбаздар (матростар) құрамы үшін – қатардағы жауынгер (матрос) болып саналады.
      96. «Лейтенант» әскери атағы:
      1) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білім беру бағдарламасы бойынша жоғары әскери оқу орнын (әскери факультетті) аяқтаған әскери қызметшіге;
      2) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, оқыған елдің заңнамасына сәйкес оқу бағдарламасы оқуды аяқтағаннан кейін офицерлер құрамының алғашқы әскери атағын беруді көздейтін шетел мемлекетінің жоғары әскери оқу орнын аяқтаған әскери қызметшіге;
      3) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған, оқу кезеңінде әскери жиындардан өткен және белгіленген емтихандарды тапсырған азаматқа – жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін;
      4) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білімі бар және запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған, штат бойынша офицерлер құрамының әскери атағы көзделген әскери лауазымға келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген азаматқа (әскери қызметшіге) – тиісті әскери лауазымға тағайындалған кезде;
      5) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білімі бар, штат бойынша офицерлер құрамының әскери атағы көзделген әскери лауазымға келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген азаматқа (әскери қызметшіге) – тиісті әскери лауазымға тағайындалған кезде, бірақ офицерлер лауазымдарында үздіксіз бір жыл әскери қызмет өткергеннен кейін;
      6) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білімі бар әскери міндеттіге – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітетін жетіспейтін мамандықтар тізбесіне сәйкес жұмылдыру жоспары бойынша әскери бөлімнің офицерлер лауазымына тіркелген жағдайда запастағы офицерлерді даярлау бойынша әскери жиындарды аяқтағаннан кейін, бірақ оқу орнын аяқтаған соң бір жыл өткеннен кейін беріледі.
      97. Офицерлер құрамының алғашқы әскери атағын құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген уәкілетті органның бірінші басшысы береді.
      98. «Қатардағы жауынгер» («матрос») әскери атағы әскери атағы жоқ азаматтарға:
      1) әскерге шақырылған немесе келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген кезде;
      2) запасқа қойылған кезде;
      3) техникалық және кәсіптік орта, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданған кезде беріледі.
      99. «Ефрейтор» («аға матрос») әскери атағы олар үшін әскери лауазымдар тізбесінде тиісті әскери атақтар көзделген лауазымдарға тағайындау кезінде мамандығын табысты меңгерген қатардағы жауынгерлер мен матростарға, бірақ алты ай өткеннен кейін беріледі.
      100. «Кіші сержант» («екінші сатылы старшина») әскери атағы техникалық және кәсіптік орта білім деңгейі бойынша әскери оқу орнын аяқтаған әскери қызметшілерге беріледі.
      101. «Кіші сержант» («екінші сатылы старшина») әскери атағы және кейінгілері қажетті деңгейде даярлығы мен білімі бар, тиісті лауазымдарға тағайындалған әскери қызметшілерге уәкілетті органның бірінші басшысы айқындаған тәртіппен беріледі.
      102. Егер әскери қызметші әскери лауазымдар тізбесінде тең немесе анағұрлым жоғары әскери атақ көзделген әскери лауазымды атқаратын болса, бұрынғы әскери атағында еңбек сіңірген мерзімі аяқталғаннан кейін оған кезекті әскери атақ беріледі.
      103. Алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған, әскери қызметі бойынша шектеуге сотталған, сондай-ақ тиісті командирлердің (бастықтардың) қарамағында тұрған әскери қызметшілер кезекті әскери атақ, сондай-ақ осы Ережелердің 96-тармағының 4), 5) тармақшаларына сәйкес офицерлер құрамының алғашқы әскери атағын беруге ұсынылмайды.
      104. Әскери атақтарда еңбек сіңірген мерзім әскери атақ берілген күннен бастап есептеледі.
      Сот үкімі бойынша әскери қызметі бойынша шектеу түрінде жаза тағайындалған әскери қызметшілерге жаза мерзімі, сондай-ақ гауптвахтада ұстау түрінде жазаны өтеу уақыты кезекті әскери атақ беру үшін еңбек сіңірген жылдары мерзіміне есептелмейді.
      105. Әскери оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша адъюнктурада, магистратурада, докторантурада оқитын әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтар осы әскери атақтарда белгіленген еңбек сіңірген мерзімі өткеннен кейін және берілетін атақ оқуға түсер алдында олар атқарған әскери лауазым үшін әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери атаққа сәйкес келген жағдайда беріледі.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына білім беру ұйымдарындағы лауазымдарда әскери қызмет өткеру үшін іссапарға жіберілген әскери қызметшілерге білім беру ұйымы басшысының ұсынысы бойынша осы Ережелерге сәйкес жалпы негіздемелерде, бірақ әскери оқу орындары үшін әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери атақтан жоғары емес әскери атақтар беріледі.
      106. Әскери борышын үлгілі орындайтын, жауынгерлік кезекшілікті атқару немесе әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау кезінде жоғары кәсіби шеберлік пен ынта-жігер танытқан әскери қызметшілерге кезекті әскери атақ мерзімінен бұрын берілуі мүмкін, бірақ олар атқарып отырған әскери лауазымдар бойынша әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери атақтан жоғары болмайды.
      Мерзімінен бұрын әскери атақ әскери атақтағы белгіленген еңбек сіңірген мерзімінің кемінде жартысы өткеннен кейін және берілетін атақ әскери лауазымдар тізбесі бойынша әскери атаққа сәйкес келген кезде беріледі, бірақ әскери қызмет өткерген кезеңде екі реттен артық емес.
      107. Оқытушылық, ғылыми қызметті жүзеге асыратын және ғылыми дәрежесі бар офицерлер құрамының әскери қызметшілеріне, сондай-ақ емдеу қызметін жүзеге асыратын медициналық мамандықтары бар офицерлерге кезекті әскери атақ полковникке дейінгіні қоса алғанда, атқарып отырған әскери лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бір саты жоғары берілуі мүмкін.
      108. Әскери қызметі бойынша шектеу түрінде жазасын өтеген уақытта әскери қызметшіге кезекті әскери атақ және офицерлер құрамының және сержанттар (старшиналар) құрамының алғашқы әскери атағы берілмейді.
      109. Әскери міндеттіге кезекті әскери атақ ол үшін әскери лауазымдар тізбесінде тең немесе анағұрлым жоғары әскери атақ көзделген лауазымда әскери жиындардан өткеннен кейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі белгілеген тәртіппен беріледі.
      110. Мамандығы бойынша даярлығы жоғары әрі жұмыс тәжірибесі мол және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында мемлекеттік басшылық лауазымын атқаратын, Қазақстан Республикасының өкілдік органдарына сайланған (тағайындалған), олар үшін Қарулы Күштерге әскерге шақырудан жұмылдыру бойынша броньдау көзделген запастағы офицерлерге запас бойынша кезекті әскери атақ Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі белгілеген тәртіппен әскери жиындардан өтуіне қарамастан берілуі мүмкін.
      111. Мамандығы бойынша даярлығы жоғары әрі жұмыс тәжірибесі мол және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында мемлекеттік басшылық лауазымын атқаратын, Қазақстан Республикасының өкілдік органдарына сайланған (тағайындалған), олар үшін Қарулы Күштерге әскерге шақырудан жұмылдыру бойынша броньдау көзделген адамдарды қоспағанда, запастағы офицерлерге «запастағы полковник» кезекті әскери атағы соғыс жағдайы енгізілген кезде осы Ережелерге сәйкес беріледі.

16. Әскери атағын төмендету, одан айыру және әскери
атағын қалпына келтіру

      112. Әскери қызметшілерді әскери атағында:
      1) жоғары офицерлер құрамын – Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы;
      2) офицерлер құрамын (жоғары офицерлер құрамынан басқа) – уәкілетті органның бірінші басшысы;
      3) өзге де әскери атақтарды – лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес бір сатыға төмендетуі мүмкін.
      Олардың бұрынғы әскери атағын қалпына келтіруді атқарып отырған штаттық лауазымына қарамастан, төмендетілген күнінен бастап кемінде алты айдан кейін тәртібі үлгілі болған және қызметін адал атқарған кезде әскери атағын төмендеткен адам жүргізеді. Әскери атағын қайта төмендетуге жол берілмейді, ықпал етудің өзге шаралары қолданылады.
      Әскери қызметшілердің төмендетілген әскери атақта болу уақыты қалпына келтірілген әскери атағындағы еңбек сіңірген мерзіміне есептелмейді.
      113. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін, әскери атағы «кіші сержант» («екінші сатылы старшина») әскери атағына дейін төмендетілген офицерлер тиісті құрамның лауазымдарына бір уақытта тағайындала отырып, сержанттар (старшиналар) құрамына ауыстырылады және мерзімді қызметтің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін қызмет өткереді.
      Тағайындау лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес әскери қызметшінің әскери атағы төмендетілгенге дейін атқарған лауазымына тағайындау құқығы берілген уәкілетті лауазымды адамның жеке құрам бойынша бұйрығымен жүргізіледі. Шығару сарбаздар (матростар) құрамындағы мерзімді қызмет әскери қызметшілері үшін айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
      114. Қылмыс жасаған әскери қызметшілер (әскери міндеттілер) оларға сәйкес әскери қызметшіге әскери атағынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалған, заңды күшіне енген соттың айыптау үкімі бойынша әскери атағынан айырылады.
      Әскери қызметшіні әскери атағынан айыру жеке құрам бойынша бұйрықпен, әскери міндеттілерді – жергілікті әскери басқару органы бастығының тиісті бұйрығымен ресімделеді.
      115. Офицерлер құрамының немесе сержанттар (старшиналар) құрамының әскери атағынан айырылған әскери қызметшіге (әскери міндеттіге) «қатардағы жауынгер» әскери атағымен сарбаздар (матростар) құрамының әскери есебіне ауыстырылады.
      116. Әскери атағынан айырылған адамға әскери атағы жоғары офицерлер құрамын қоспағанда, тек соттың ақтау үкімі шыққан немесе ақтайтын негіздемелер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайларда қалпына келтіріледі. Жоғары офицерлер құрамының әскери атағынан айырылған адамға әскери атағы Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша қалпына келтіріледі.
      Әскери атақ беруді әскери атағынан айырған адам жүргізеді.

17. Демалыс түрлерi

      117. Әскери қызметшілерге:
      1) жыл сайынғы негізгі;
      2) отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді;
      3) жүктілігі және бала тууы бойынша;
      4) қосымша;
      5) каникулдық;
      6) оқу;
      7) шығармашылық;
      8) науқастануы бойынша;
      9) көтермелеу түрінде қысқа мерзімді (тек мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері үшін) демалыстар беріледі.
      118. Демалыстар әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) бұйрығы негізінде беріледі.
      119. Демалыстардың ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
      120. Әскери қызметшілер демалысқа келгеннен кейін әскери есепке алуды жүргізетін органдарда әскери есепке тұрады.
      121. Демалыстардың барлық түрінде болған кезеңде (жүктілігі және бала тууы бойынша демалыста, бала күтімі бойынша демалыста болуды қоспағанда) әскери қызметшілердің ақшалай үлесі сақталады.

18. Жыл сайынғы негізгі демалыс беру

      122. Жыл сайынғы негізгі демалыстар әскери қызметшілерге оларды пайдалану кезеңдерін кезектестіруді, сондай-ақ әскери бөлімді жауынгерлік әзірлікте ұстауды ескере отырып және демалыстар кестесіне сәйкес жылдың кез келген уақытында беріледі. Демалыстар кестесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеңілдіктерді пайдаланатын әскери қызметшілердің санаттарын ескере отырып, әрбір күнтізбелік жылға жасалады және барлық әскери қызметшілердің назарына жеткізіледі.
      Келісімшартта көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыс уақытында әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) бастамасы бойынша әскери қызметшіні ауыстыруға, шығаруға жол берілмейді.
      123. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіге берілетін жыл сайынғы негізгі демалыстың ұзақтығы Заңның 46-бабының 12-тармақтарына сәйкес айқындалады. Офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілеріне берілетін демалыс ұзақтығы келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер үшін белгіленген тәртіппен айқындалады.
      124. Әскери қызметшінің келісімшарт (әскерге шақыру) бойынша әскери қызметке кірген жылы және шығарылған жылы жыл сайынғы негізгі демалысының ұзақтығы жыл сайынғы демалыс ұзақтығын он екіге бөлу және алынған тәулік санын әскери қызметке кірген немесе шығарылған жылы әскери қызметтің толық ай санына көбейту жолымен (берілетін демалысты ескере отырып) белгіленеді.
      Жүктілігі және бала тууы бойынша демалыстың алдында немесе тікелей одан кейін не бала күтімі бойынша демалыс аяқталғаннан кейін әскери қызметші әйелге оның қалауы бойынша жыл сайынғы негізгі демалыс беріледі.
      125. Әскери қызметке кірген немесе шығарылған жылы жыл сайынғы негізгі демалыстың толық емес тәулік санын жинақтау арттыру жағына қарай жүргізіледі. Әскери қызметшіні әскери қызметтен уақтылы шығару (әскери бөлім жеке құрамының тізімдерінен алу) мүмкін болмаған жағдайда оны шығарған күні толық пайдаланылмаған жыл сайынғы негізгі демалыс уақытының есебі әскери қызметшіге ұсыныла отырып жүргізіледі. Егер демалыс бұдан бұрын демалыстар кестесіне сәйкес пайдаланылмаған болса, мерзімінен бұрын шығару кезінде (келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін) әскери қызметшінің жыл сайынғы негізгі демалысының ұзақтығы осындай тәртіппен есептеледі.
      126. Әскери оқу орнын (әскери факультетті) аяқтаған әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыс күнтізбелік есептеумен еңбек сіңірген жылдарына байланысты ұзақтықта көрсетілген оқу орнын аяқтағаннан кейін беріледі.
      127. Әскери қызметшілердің жыл сайынғы негізгі демалысының ұзақтығы демалысты өткізу орнына дейін барып-қайту үшін қажетті уақытты ескере отырып, тәулік санына арттырылады. Егер әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыс бөлініп берілсе, онда демалысты өткізу орнына барып-қайту үшін қажетті уақыт бір рет беріледі.
      128. Әскери қызметшінің баянаты және әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімі бойынша әскери қызметшіге жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстарды олардың арасын үзбей бірінен кейін бірін беруге жол беріледі.
      129. Өткен жыл үшін жыл сайынғы негізгі және (немесе) қосымша демалыстар келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіге дәлелді себептермен берілмеген болса, демалыс келесі жылы оның баянаты бойынша демалысты өткізу орнына барып-қайту уақыты ескеріле отырып беріледі.
      Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін, жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстарды дәлелді себептермен пайдаланбаған офицерге көрсетілген демалыстар олардың соңғысы аяқталғаннан кейін келесі күні оны әскери бөлімнің тізімдерінен ала отырып, әскери қызметтен шығару кезінде беріледі.
      130. Жыл сайынғы негізгі немесе қосымша демалыстар уақытында (кейіннен әскери бөлімнің тізімдерінен ала отырып, шығару жылын қоспағанда) науқастанған әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі немесе қосымша демалыс, отбасы жағдайлары бойынша демалыстан басқа, науқастанған күндерінің тиісті санына ұзартылады. Бұл жағдайда демалысты ұзартуды әскери немесе ол болмаған кезде мемлекеттік емдеу-алдын алу мекемесінен алынған анықтама негізінде әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) жүзеге асырады.
      131. Әскери қызметші отбасы мүшесінің, жақын туысының, жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының денсаулығы нашарлаған немесе қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда, сондай-ақ демалыста жүрген әскери қызметшінің отбасы мүшелері, жақын туыстары, жұбайының (зайыбының) жақын туыстары табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ұшыраған кезде әскери қызметші демалыста жүрген аумақтағы жергілікті әскери басқару органы бастығының әскери қызмет өткеру орнына бару үшін қажетті уақытты есептемей, демалысты он тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартуға құқығы бар.
      Демалысты ұзартқаны туралы жергілікті әскери басқару органының бастығы көрсетілген әскери қызметші әскери қызмет өткеретін әскери бөлімнің командирін (мемлекеттік мекеменің басшысын) дереу хабардар етеді.

19. Отбасы жағдайлары бойынша демалыс беру

      132. Отбасы жағдайлары бойынша демалыс әскери қызметшілерге:
      бес тәулікке дейін:
      1) әскери қызметші неке қиған;
      2) әскери қызметшіде бала туылған жағдайларда;
      он тәулікке дейін:
      1) әскери қызметші жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының, әскери қызметші жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының денсаулығы нашарлаған немесе қайтыс болған (қаза тапқан);
      2) әскери қызметшінің жақын туыстары, әскери қызметші жұбайының (зайыбының) жақын туыстары табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ұшыраған жағдайларда беріледі.
      133. Осындай демалыс берілген жағдайлар құжатпен расталуға тиіс. Әскери қызметшіге берілетін отбасы жағдайлары бойынша демалыстың ұзақтығы демалысты өткізу орнына барып-қайту үшін қажетті тәулік санына арттырылады.

20. Жүктілігі және бала тууы бойынша демалыс, ұл немесе
қыз асырап алған әскери қызметшілерге демалыс беру

      134. Әскери қызметші әйелдерге жүктілігі және бала тууы бойынша демалыс бала туғанға дейін ұзақтығы жетпіс күнтізбелік күн және бала туғаннан кейін елу алты (ауыр босанған немесе екі немесе одан көп бала туған жағдайда – жетпіс) күнтізбелік күн беріледі. Есептеу жиынтықталып жүргізіледі және босанғанға дейін нақты пайдаланылған күндердің санына қарамастан демалыс толық беріледі.
      Көрсетілген демалыс әскери қызметшілерге тиісті медициналық мекеме берген уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде беріледі.
      135. Тікелей перзентханадан жаңа туған ұл немесе қыз баланы асырап алған әскери қызметшіге ұл немесе қыз баланы асырап алған күннен бастап және бала туған күннен бастап елу алты күн өткенге дейінгі кезеңге (ата-анасының біреуіне) демалыс беріледі.

21. Қосымша демалыстар беру

      136. Әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша демалыстар беріледі.
      Бұл ретте қосымша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы негізгі демалыс есебіне қосылмайды.
      137. Қосымша демалыстар әскери қызметке кірген немесе шығарылған жылы әскери қызметшілерге толық көлемде беріледі.
      138. Депутаттыққа кандидат ретінде белгіленген тәртіппен тіркелген әскери қызметшіге, оның қалауы бойынша әскери қызметші кандидат ретінде тіркелген күннен бастап және сайлау нәтижелері ресми жарияланған күнге дейін демалыс беріледі.
      139. Әскери қызметшіге:
      1) ата-аналардың таңдауы бойынша – баланың анасына не әкесіне;
      2) әкесіне – баланы жалғыз тәрбиелеп отырған;
      3) іс жүзінде баланы тәрбиелеп отырған әжесіне, атасына, басқа туысына немесе қамқоршысына;
      4) жаңа туылған ұл (қыз) (балаларды) асырап алған әскери қызметшіге оның баянаты бойынша бала үш жасқа толғанға дейін оған күтім жасауға байланысты қосымша демалыс беріледі.
      Қосымша демалыс уақытында әскери қызметшінің әскери лауазымы сақталады.

22. Каникулдық демалыстар беру

      140. Әскери оқу орындарында (әскери факультеттерде) күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын әскери қызметшілерге оқу сабақтарындағы үзілістер уақытында мынадай мерзімге каникулдық демалыстар беріледі:
      1) қысқы демалыс – 14 тәулік;
      2) жазғы демалыс – 30 тәулік.
      Каникулдық демалыстарды өткізу орнына барып-қайту үшін қажетті уақыт берілмейді.

23. Оқу демалыстарын беру

      141. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге сынақтар мен емтихандарға дайындалу және оларды тапсыру, дипломдық жұмысты (жобаны) қорғау үшін, сондай-ақ курстарда оқу немесе тіл дайындығынан өту кезеңінде оқу демалыстары беріледі.
      142. Оқу кезеңіндегі оқу демалыстарының ұзақтығы:
      1) жоғары оқу орындарында – бір айдан аспайды;
      2) тіл үйрену дайындығынан өту кезіндегі курстарда – уәкілетті органның оқу жопарларына сәйкес белгіленеді.
      Оқу демалысын оқу орнының жазбаша шақыртуы немесе оқуға жіберу туралы бұйрық негізінде әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) береді.

24. Шығармашылық демалыстар беру

      143. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін, ғылыми дәреже ізденушісі болып табылатын әскери қызметшіге қызметтік істерін ғылыми жұмыспен табысты үйлестірген жағдайда ол ғылыми дәреже ізденушісі болып табылатын ғылыми кеңестің ұсынымы бойынша әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімімен жалпы ұзақтығы екі айға дейінгі шығармашылық демалыстар беріледі.

25. Науқастануы бойынша демалыстар беру

      144. Науқастануы бойынша демалыс әскери қызметшіге Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу ережелеріне сәйкес әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде беріледі.
      Науқастануы бойынша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстар есебіне кірмейді.

26. Әскери қызметшіні демалыстан шақыртып алу

      145. Қызметтік қажеттілік жағдайында әскери қызметші жұмылдыру, соғыс немесе төтенше жағдай жарияланған жағдайда, соғыс уақытында демалыстан шақыртып алу жағдайларын қоспағанда, әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімі бойынша демалыстан әскери қызметшінің жазбаша келісімімен шақыртылып алынуы мүмкін.
      146. Әскери қызметшіні демалыстан шақыртып алу әскери бөлім (мемлекеттік мекеме) бойынша бұйрықпен ресімделеді.
      Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлігі он және одан көп күнтізбелік күнді құрайтын болса, әскери қызметшіге ол шақыртып алынған орыннан алыс емес демалысты өткізу орнына барып-қайту үшін қажетті қосымша уақыт беріледі.
      Әскери қызметшінің баянаты бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлігі келесі жылдың жыл сайынғы негізгі демалысына қосылады.

27. Аттестаттаудың мақсаттары мен міндеттерi

      147. Әскери қызметшілердің қызметтік істерін, олардың кәсіби және жеке қасиеттерін жан-жақты және объективті түрде бағалау, сондай-ақ әскери қызметшілерді дұрыс іріктеуді, орналастыруды және одан әрі қызметте пайдалану перспективаларын қамтамасыз ету мақсатында кезең-кезеңімен аттестаттау өткізіледі.
      148. Аттестаттаудың негізгі міндеттері:
      1) әрбір әскери қызметшінің кәсіби және жеке қасиеттерінің, әлеуетті мүмкіндіктеріне жан-жақты және объективті түрде мінездеме беру;
      2) аттестатталатын әскери қызметшілердің атқарып отырған лауазымдарына сәйкес келуін және оларды одан әрі қызметте пайдаланудың перспективасын айқындау;
      3) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің қызмет өткеру мерзімдерін ұзартудың және әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілермен алғашқы келісімшарт жасасудың орындылығын айқындау;
      4) әскери қызметшілерді даярлауды (қайта даярлауды), оқытуды жетілдіру бағыттарын айқындау;
      5) қызметі бойынша жоғарылату немесе оқуға жіберу үшін әскери қызметшілердің кадрлар резервін құру;
      6) орын алған кемшіліктерді жою жөнінде әскери қызметшілерге ұсынымдар әзірлеу.

28. Аттестаттауды өткізу

      149. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді аттестаттау уәкілетті орган бірінші басшысының шешімі бойынша кемінде төрт жылда бір рет өткізіледі.
      Уәкілетті органдарда әскери қызметшілерді аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шараларды орындау тәртібін олардың бірінші басшылары айқындайды. Аттестаттау парағы уәкілетті органның бірінші басшысы бекітетін үлгі бойынша ресімделеді.
      150. Халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген әскери қызметшілерді аттестаттау тәртібін уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайды.

29. Аттестаттау комиссиялары

      151. Аттестаттау комиссиясы (Жоғары аттестаттау комиссиясы) тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады және тиісті командирге (бастыққа) есеп береді.
      Жоғары аттестаттау комиссиясы уәкілетті органда оның басшысының шешімімен құрылады.
      Аттестаттау комиссиялары әскери бөлімдерде (мемлекеттік мекемелерде) әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімімен құрылады және бұйрықпен жарияланады.

30. Аттестаттау комиссиясының шешіміне шағымдану

      152. Аттестаттау тәртібінің бұзылуына және объективті еместігіне шағым әскери қызметші аттестаттау нәтижелерімен танысқан күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей тікелей бастығы арқылы (команда бойынша) әскери бөлімнің командиріне (мемлекеттік мекеменің басшысына) немесе сот тәртібімен берілуі мүмкін.
      Шағым бойынша түпкілікті шешімді аттестаттау нәтижелерін бекіткен бастық қабылдайды. Әскери қызметшінің шағымы негізделген деп танылған жағдайда жаңа аттестаттау өткізіледі.

31. Әскери қызметшілерді әскери қызметтен
шығару тәртібi

      153. Әскери қызметшілерді әскери қызметтен шығару Заңның 26-бабында айқындалған негіздемелер бойынша жүргізіледі. Бұл ретте запасқа немесе отставкаға шығару лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес оған құқығы бар уәкілетті орган лауазымды адамының бұйрығымен жүргізіледі.
      Әскери қызметшіні әскери бөлімнің тізімдерінен алу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде істері мен лауазымын тапсырғаннан кейін жүргізіледі.
      Әскери қызметші демалыста, емделуде немесе қызметтік іссапарда болған жағдайда әскери бөлімнің тізімдерінен алу жүргізілмейді.
      154. Заңның 26-бабының 23-тармақтарына сәйкес әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілерді мерзімінен бұрын шығару әскери-дәрігерлік комиссиясының қорытындысы, отбасы-мүліктік тексеру актісі мен қызметтен шығару жағдайларын растайтын басқа да құжаттар негізінде жүргізіледі.
      155. Әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, келісімшарт мерзімінің аяқталуы немесе құрамын немесе штаттарды қысқартуға байланысты алдағы уақытта шығарылуы туралы әскери қызметшіні әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) алдын ала (бірақ кемінде бір ай бұрын) жазбаша хабардар етеді.
      Әскери қызметшіні әскери қызметтен шығару туралы жеке құрам бойынша бұйрықтан үзінді оның мәліметіне қолын қойғызып жеткізіледі. Әскери қызметші әскери бөлімнен тыс жерде болған жағдайда бұйрықтан үзінді оның мәліметіне қайтып оралғаннан кейін жеткізіледі.
      156. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіде әскери қызметтен шығару үшін бірнеше негіздемелер болған кезде Заңның 26-бабы 1-тармағының 11)12)13) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол өзі таңдаған негіздеме бойынша шығарылады.
      157. Әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілер әскери қызметтен қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін шығарылады, бұл ретте:
      1) офицерлер құрамы лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес лауазымды адамның бұйрығымен шығарылады;
      2) мерзімді қызмет әскери қызметшілері Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде уәкілетті орган бірінші басшысының бұйрығымен шығарылады.
      158. Әскери қызметшілерді денсаулық жағдайы бойынша шығару Әскери-дәрігерлік сараптама ережелеріне сәйкес әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде жүргізіледі.
      Шығаруға ұсынымды (мерзімді қызмет әскери қызметшілері үшін – баянатты) ресімдеу әскери бөлім әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысын алғаннан кейін жүргізіледі.
      159. Құрамды немесе штаттарды қысқартуға байланысты шығару басқа әскери лауазымдарға тағайындау мүмкіндігі болмаған және әскери қызметші төмен лауазымға тағайындалудан бас тартқан жағдайда жүргізіледі.
      160. Мемлекеттік органдарға (мекемелерге) мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты шығару мемлекеттік қызметшінің лауазымын көрсете отырып, әскери қызметшіні мемлекеттік қызметке қабылдау туралы мемлекеттік органның (мекеменің) тиісті хабарламасы келіп түскен кезде әскери қызметшінің баянаты бойынша жүргізіледі.
      161. Әскери қызметшіні оған қатысты келісімшарт талаптарын елеулі және (немесе) жүйелі түрде бұзуға байланысты шығару әскери қызметшінің баянаты және өзге де растайтын құжаттар негізінде жүргізіледі. Әскери қызметшіні осы негіздеме бойынша шығарудан бас тартқан жағдайда әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын сақтау фактісін әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) құжатпен растауға тиіс.
      162. Әскери қызметшіні отбасы жағдайлары бойынша шығару әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы, отбасы-мүліктік тексеру актісі және шығару жағдайларын растайтын басқа да құжаттар негізінде жүргізіледі.
      163. Әскери қызметші Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған (тағайындалған) жағдайда, ол тиісті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сайлау қорытындылары негізінде шығарылуға жатады.
      164. Әскери қызметші судья лауазымына тағайындалған жағдайда оны тағайындау туралы тиісті актінің немесе оның тағайындалғаны туралы уәкілетті органның хабарламасы негізінде шығарылуға жатады.
      165. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты әскери қызметшілерді шығару Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті Жарлығы күшіне енген күннен бастап лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес уәкілетті лауазымды адамның шешімімен не басқа мемлекет азаматтығының бар екенін растайтын құжаттарды ұсыну бойынша жүргізіледі.
      166. Арнаулы тексеруден өтуден бас тартқан кезде шығару, егер әскери қызметші өзіне қатысты арнайы тексеру жүргізуден бас тартқан немесе егер арнайы тексеру нәтижелері бойынша оны мемлекеттік құпияларға рұқсатнаманы ресімдеуді талап етпейтін лауазымға тағайындау мүмкін болмаған кезде әскери қызметшіге мемлекеттік құпияларға рұқсатнаманы ресімдеуге кедергі келтіретін жағдайлар анықталған жағдайда жүргізіледі.
      167. Әскери қызметшілерді теріс себептер бойынша әскери қызметтен шығару:
      1) әскери қызметшіге әскери қызметі бойынша шектеу және гауптвахтада ұстау түріндегі жазаларды қоспағанда, қылмыстық, оның ішінде шартты түрде жаза тағайындау туралы сот үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты – бөлімге келіп түскен соттың айыптау үкімі және оның заңды күшіне енуі туралы өкім негізінде;
      2) ақталмайтын негіздемелер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатуға байланысты – бөлімге келіп түскен соттың айыптау үкімі және оның заңды күшіне енуі туралы өкім немесе қылмыстық қудалау органының қаулысы негізінде;
      3) әскери атағынан айыруға байланысты – заңды күшіне енген соттың айыптау үкімі негізінде, ал жоғары офицерлер құрамының адамдары үшін – әскери атағынан айыру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы келіп түскен кезде;
      4) әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйге ұшырататын заттарды тұтынуына байланысты – медициналық куәландыру актісі қоса берілген қызметтік тексеру қорытындысы негізінде;
      5) денсаулық жағдайы бойынша және отбасы жағдайлары бойынша шығарылған жағдайларды қоспағанда, әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылуына байланысты – шығару туралы бұйрық негізінде;
      6) әскери қызметші келісімшарттың талаптарын жүйелі түрде бұзған жағдайда – осы Ережелерге сәйкес әскери бөлімнің (мекеменің) аттестаттау комиссиясы осы фактілерді қарағаннан кейін;
      7) әскери қызметшінің ауыр салдарға әкеп соқтырған қауіпсіздік шараларын, оның ішінде өрт қауіпсіздігін не қызметтік көлікте жол жүру қауіпсіздігін бұзуына байланысты – қызметтік тексеру немесе алдын ала анықтау қорытындысы негізінде;
      8) әскери қызметшінің қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелсіз себептермен қызметте болмауына байланысты – қызметтік тексеру қорытындысы негізінде;
      9) ақшалай қаражатпен немесе әскери мүлікпен тікелей жұмыс істейтін әскери қызметшінің кінәратты әрекеттер жасауына байланысты, егер бұл әрекеттер командир (бастық) тарапынан оған сенімді жоғалту үшін негіздеме болса – қызметтік тексеру қорытындысы негізінде;
      10) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің, оларды тасымалдағыштардың жариялануына немесе жоғалтуға әкеп соқтырған құпиялылық режимді қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптарды бұзуға байланысты – қызметтік тексеру қорытындысы негізінде жүргізіледі.
      168. Белгіленген мерзiмдi өткерген адамдарды әскери қызметтен шығару төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда ол қолданылған кезеңге уақытша тоқтатылады.
      169. Әскери қызметшіні әскери қызметтен шығару күні оны әскери бөлім (мемлекеттік мекеме) бойынша бұйрықпен бөлім жеке құрамының тізімдерінен алған күн болып саналады.
      170. Әскери қызметтен шығарылған адамдардың шығару туралы бұйрықтан үзіндімен жазбаша танысқан күннен бастап үш айдан кешіктірмей, осы шешімге жоғары тұрған қолбасшылық алдында немесе сотқа заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқығы бар.
      171. Заңның 26-бабы 1-тармағының 13) тармақшасының негіздемелері бойынша шығарылған адамдардан басқа, Қарулы Күштерде 25 және одан көп жыл (күнтізбелік есеппен) мінсіз қызмет өткерген азаматтарға запасқа немесе отставкаға шыққан кезде әскери киім нысанын киіп жүруге рұқсат етіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады