Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп тану туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 21 қарашадағы № 1474 Қаулысы

«Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қарашадағы № 1474 қаулысы бойынша пресс-релиз

      2012 жылғы 21 қарашада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына (бұдан әрі –қаулы) қол қойылды.
      Қаулы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау мен қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 10 шілдедегі Заңын (бұдан әрі – Заң) іске асыру үшін әзірленді.
      Заңмен «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына лицензиарлардың және лицензия беруді келісуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуі қажеттілігін алып тастау бөлігінде өзгерістер енгізілді, сондай-ақ:
      мемлекеттiк құпияларды техникалық қорғау бойынша;
      қауiптi жүктердi тасымалдау бойынша;
      геодезия және картография саласында;
      мемлекеттiк орман қорының учаскелерiнде сүрек дайындау бойынша;
      қолға ұстайтын жауынгерлiк атыс қаруы мен оның патрондарын әзiрлеу, өндiру, жөндеу, сату, сатып алу бойынша қызмет түрлерін лицензиялауды алып тастау көзделеді.
      Бұдан басқа, Заңмен рұқсаттардың және рұқсат беру рәсімдерінің мынадай түрлері алып тасталды:
      келісімшарттық аумақта немесе одан тыс жерлерде барлауға немесе өндіруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған және радиоактивті қалдықтарды, зиянды заттарды және сарқынды суларды көмуге арналған рұқсат;
      атқаратын қызметіне сәйкестігі бойынша авиациялық персоналды аттестаттау;
      азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету бойынша сертификат;
      мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы жеткізушілерді аккредиттеу (хабарлама тәртібіне ауыстырылды);
      штемпель-граверлік кәсіпорындарды ашуға рұқсат;
      асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында аттестаттау және қайта аттестаттау (хабарлама тәртібіне ауыстырылды);
      мәдени құндылықтарды әкету және әкелу жөніндегі сараптама комиссиясының қорытындысы;
      Каспий теңiзi түбiнiң қазақстандық учаскесi шегiнде келiсiм-шарт аумағынан тыс мұнай-газ құбырларын салуға рұқсат.
      Осыған байланысты, «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-1-бабы 12 және 8-тармақтарына сәйкес көрсетілген Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасы әзірленді.

      Қазақстан Республикасы
      Экономикалық даму және
      сауда министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз