Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 1483 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 сәуірдегі № 223 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 14.04.2022 № 223 қаулысымен.

      "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2015 № 95 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 23 қарашадағы
№ 1483 қаулысымен
бекітілген

Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 01.09.2021 № 595 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 18-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтерді Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:

      1) автоматтандырылған жұмыс орны (бұдан әрі – АЖО) – ақпаратты жасауды, жинауды, өңдеуді, жинақтауды, сақтауды, іздестіруді, таратуды және тұтынуды қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық кешен;

      2) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

      3) электрондық ақпараттық ресурстар – электрондық жеткізгіште және ақпараттандыру объектілерінде қамтылған электрондық-цифрлық нысандағы ақпарат;

      4) ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға қатысушылар – Агенттік және осы Қағидаларға сәйкес Агенттікке өзінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беретін тиісті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

      5) Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлiк ортасы (бұдан әрі – МО БКО) – "электрондық үкiмет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына кіретін және ақпараттық қауіпсіздіктің талап етілетін деңгейін сақтай отырып, мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған өзге де ақпараттандыру субъектілерінің жергілікті (Интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желісі;

      6) МО АЖмР – Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелері мен ресурстары.

2. Ақпараттық жүйелерден және ресурстардан мәліметтер беру тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздерінің МО АЖмР-дан мәліметтерді Агенттікке мынадай тәсілдермен:

      1) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес МО БКО арқылы МО АЖмР деректер қорына Агенттіктің ақпараттық жүйелерін интеграциялау жолымен;

      2) осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тәсілмен мәліметтер беру мүмкін болмаған жағдайда, АЖО-ға рұқсат беру арқылы;

      3) осы Қағидалардың 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тәсілмен мәліметтер беру мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салу және жауап беру режимінде МО БКО арқылы МО АЖмР деректер қорына рұқсат беру жолымен;

      4) осы Қағидалардың 3-тармағының 1) – 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілмен мәліметтер беру мүмкін болмаған жағдайда, Агенттіктің ақпараттық ресурстарына мәліметтер алу арқылы;

      5) осы Қағидалардың 3-тармағының 1) – 4) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен мәліметтер беру мүмкін болмаған жағдайда, қағаз жеткізгіште береді.

      4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қол жеткізу шектелген ақпараттық ресурстардан мәліметтерді Агенттікке Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, осы Қағидалардың 3-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген тәсілмен береді.

      5. Ақпараттық жүйелерден және ресурстардан берілетін мәліметтерді және оларды беру мерзімін ақпараттық өзара іс-қимылға қатысушылар бірлесіп бекітілетін актіге сәйкес айқындайды.

      6. Ақпараттық өзара іс-қимылға қатысушылар осы Қағидалардың шеңберінде алынған ақпараттың құпиялылығын сақтайды және өз қызметінің процесінде алынған қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты сақтаудың, қорғаудың және оның сақталуының режимін қамтамасыз етеді.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады