"Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығу үшін құжаттар ресімдеу" мемлекеттік қызмет стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 ақпандағы № 199 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 қаңтардағы № 21 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 ақпандағы № 54 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.02.2014 № 54 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығу үшін құжаттар ресімдеу» мемлекеттік қызмет стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 ақпандағы № 199 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 22, 278-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығу үшін құжаттар ресімдеу» мемлекеттік қызмет стандартында:
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Мемлекеттік қызмет:
      1) «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 54 – 56-баптары;
      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 361 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге  тұрақты тұруға шығу үшін құжаттар ресімдеу қағидаларының 5 –  10-тармақтары негізінде көрсетіледі.»;
      11-тармақта:
      бірінші бөлік мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      «7) бюджетке мемлекеттік баж салығын төлегенін растайтын құжаттың көшірмесі.»;
      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Тұтынушының өтініші бойынша осы тармақтың 3) және 6)
тармақшаларында көрсетілген адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында тіркеуі жоқ екені туралы ақпарат «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер базасының мәліметтері негізінде ұсынылады.»;
      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «13. Осы стандарттың 11-тармағында көрсетілген құжаттар  тұтынушының тұрақты тұратын жері бойынша осы стандарттың 1-қосымшасына сәйкес көші-қон полициясы бөліністеріне ұсынылады.»;
      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «16. Егер Қазақстан Республикасының азаматы:
      1) мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді білсе және өзінің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу фактісі туралы тиісті уәкілетті органдарға хабарламаса – осы мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылғанға дейін;
      2) қылмыс жасаған деген күдікпен ұсталса немесе айыпталушы ретінде жауапқа тартылса – іс бойынша шешім шығарылғанға немесе сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін;
      3) қылмыс жасағаны үшін сотталса – жазасын өтегенге немесе жазадан босатылғанға дейін;
      4) өзіне сот жүктеген міндеттерді орындаудан жалтарса – осы міндеттемелер тоқтатылғанға дейін;
      5) мерзімді әскери қызметін өткеріп жатса – осы қызметті өткеру  аяқталғанға дейін немесе «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес одан босатылғанға дейін;
      6) Қазақстан Республикасынан шығу үшін құжаттар ресімдеу кезінде өзі туралы көрінеу жалған мәліметтер хабарласа – бас тарту үшін негіз болған себептерді жойғанға және шынайы мәліметтер ұсынғанға дейін;
      7) азаматтық сот ісін жүргізуде жауапкер болып табылса – сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін оған мемлекеттік қызметті ұсынудан бас тартылады.
      Қазақстан Республикасының азаматында салықтық берешегі болған кезде оны Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығарудан бас тартылады.
      Қазақстан Республикасынан тұрақты тұруға шығу құқығын шектеудің  барлық жағдайларында халықтың көші-қоны жөніндегі уәкілетті орган  Қазақстан Республикасының азаматына хабарлама береді, онда негіздеме және шектеу мерзімі мен осы шешімге шағымдану тәртібі көрсетіледі.»;
      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «26. Мемлекеттік қызмет туралы қосымша ақпаратты мына мекенжай бойынша: 010000, Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы 1/1, Көші-қон полициясы комитеті, ІІМ-нің www.mvd.kz интернет-ресурсында «Ішкі
істер органдарының қызметі туралы» бөлімнен, қабылдау бөлмесінің телефоны (7172) 71-51-31, осы стандартқа 1-қосымшаға сәйкес ІІД-де алуға болады.».
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           С. Ахметов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады