Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2013 жылғы 18 ақпандағы № 146 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 8 маусымдағы № 422 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 08.06.2015 № 422 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

       «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2013 жылғы 18 ақпандағы
№ 146 қаулысымен 
бекітілген    

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және заңды тұлғаларды аккредиттеуді жүргізу, уәкілетті органның аккредиттеу туралы куәлік беруінің тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аккредиттеу — уәкілетті органның энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыруға заңды тұлғалардың құзыретін ресми тану рәсімі;
      2) аккредиттеу туралы куәлік — энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган беретін, заңды тұлғалардың энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыру құзыретін куәландыратын ресми құжат;
      3) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы  уәкілетті орган(бұдан әрі - уәкілетті орган) - энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      4) энергетикалық аудит - энергия үнемдеудің мүмкіндігі мен әлеуетін бағалау және қорытынды дайындау мақсатында энергетикалық ресурстардың пайдаланылуы туралы деректерді жинау, өңдеу және талдау;
      5) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы - энергетикалық ресурстарды пайдаланумен және үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды салу, сондай-ақ оларды реконструкциялауды, күрделі жөндеуді жүргізу кезінде тұтынушылардың энергиямен қамтамасыз етуге арналған шығындарын оңтайландырумен байланысты сәулет-құрылыс және техникалық шешімдердің энергия тиімділігін бағалау мақсатында жүргізілетін сараптама;
      6) сараптамалық ұйым - энергоаудитор - өнеркәсіп кәсіпорындарының және (немесе) үйлердің, ғимараттардың, құрылыстардың энергия аудитін жүзеге асыруға уәкілетті орган аккредиттеген заңды тұлға;
      7) энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін арттыруды сараптау жөніндегі сараптамалық ұйым - үйлердің, ғимараттардың, құрылыстардың жоба алды және (немесе) жоба (жобалау-сметалық) құжаттарына энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыруға уәкілетті орган аккредиттеген заңды тұлға.
      3. Аккредиттеу энергия аудитін немесе энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүргізу бойынша қызметтерді көрсету құқығын алу үшін заңды тұлғаға қатысты жүзеге асырылады.
      4. Заңды тұлғаны аккредиттеуді уәкілетті орган жүргізеді.

2. Аккредиттеуді жүргізу тәртібі

      5. Энергия аудитін немесе энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүргізуге аккредиттеуді алу үшін заңды тұлға уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
      2) жарғының және заңды тұлға ретінде мемлекеттік (қайта тіркеу) тіркеу туралы куәліктің* немесе анықтаманың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларды бермеген жағдайда нотариалды куәландырылған);
      Ескертпе: * «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады;
      3) тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз етудің болуын растайтын құжаттар, атап айтқанда:
      өнеркәсіптік кәсіпорындардың, сондай-ақ үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия аудитін жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге аккредиттелетін сараптамалық ұйым - энергоаудиторлар үшін - осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес меншік құқығындағы ақпараттық-өлшеу кешендері мен техникалық құралдар, олардың аттестациясы мен мемлекеттік тексерісі;
      үйлердің, ғимараттардың және құрылыстардың энергия аудитін жүргізу бойынша қызметтерді көрсету үшін аккредиттелетін энергия аудитін жүргізетін сараптамалық ұйымдар үшін - осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес меншік құқығындағы ақпараттық-өлшеу кешендері мен техникалық құралдар, олардың аттестациясы және мемлекеттік тексерісі;
      4) жоғары инженерлік-техникалық білімі бар, жалпы техникалық
жұмыс өтілі кемінде 3 жыл білікті персоналдың болуын растайтын құжаттар, атап айтқанда:
      сараптамалық ұйым - энергоаудиторлар үшін электр қауіпсіздігі бойынша рұқсаттың IV және одан жоғары тобы бар электр энергетиктері, сондай-ақ электр қауіпсіздігі бойынша рұқсаттың IV және одан жоғары тобы бар жылу энергетиктері;
      энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін арттыруды сараптау жөніндегі сараптамалық ұйымдар үшін - сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган берген тиісті аттестатты қоса бере отырып, қала құрылысы, жоба алды және жобалық-сметалық құжаттаманы сараптау жөніндегі сарапшылар;
      5) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарында энергия аудиті және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы бағыты бойынша курстан өту туралы сертификаттар.
      2013 жылғы 1 шілдеге дейін аккредиттелетін заңды тұлғалар аккредиттеу рәсімінен өту үшін уәкілетті органға осы Қағидалардың 5-тармағының 1)-4) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.07.2013 № 706 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      6. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттар басшының
қолымен және ұйымның мөрімен куәландырылады.
      Куәландырылған құжаттардың дұрыстығы үшін жауапкершілік өтініш берушіге жүктеледі.
      7. Уәкілетті орган заңды тұлғаның құжаттары келіп түскен күннен
бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.
      Ұсынылған құжаттар толық болмаған жағдайда, уәкілетті орган көрсетілген мерзімде заңды тұлғаға құжаттарды қайтару және өтінішті одан әрі қараудан бас тарту туралы дәлелді жазбаша хабарлама жібереді.
      8. Заңды тұлғалардың аккредиттеу туралы құжаттарын қарау және уәкілетті органның олар бойынша шешім қабылдауы үшін тұрақты жұмыс істейтін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылады.
      9. Аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды Комиссия олар уәкілетті органға келіп түскен сәттен бастап саналатын отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
      10. Оң шешім қабылданған жағдайда, Комиссия мұндай шешім қабылдаған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде заңды тұлғаға уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қолданылу мерзімі бес жыл аккредиттеу туралы куәлік береді.
      11. Уәкілетті орган берген аккредиттеу туралы куәліктің тіркеу нөмірі болады, қолданылу мерзімі бес жыл және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды болады.
      Аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу мерзімі аккредиттеу туралы шешім қабылданған сәттен бастап есептеледі.
      12. Заңды тұлғаны аккредиттеуден бас тартуға:
      1) ұсынылған құжаттарда дәйексіз ақпараттың болуы;
      2) ұсынылған ақпараттың энергия аудиті және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы бойынша қызметті жүзеге асыру үшін қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі;
      3) қызметтің мәлімделген түрімен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімінің болуы негіз болып табылады.
      13. Аккредиттеуден бас тартылған жағдайда заңды тұлғаға мұндай бас тартудың себебі көрсетіле отырып, шешім қабылданған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде дәлелді жазбаша жауап жіберіледі.
      14. Аккредиттеуден бас тарту туралы шешімге заңнамада белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
      15. Егер уәкілетті орган белгіленген мерзімде заңды тұлғаға аккредиттеу туралы куәлікті бермесе не жазбаша дәлелді бас тартуды бермесе, онда беру мерзімі аяқталған күннен бастап аккредиттеу туралы куәлік берілген болып саналады.
      Уәкілетті орган аккредиттеу туралы куәлікті беру мерзімі аяқталған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей заңды тұлғаға тиісті аккредиттеу туралы куәлікті беруге міндетті.
      16. Уәкілетті орган аккредиттеу туралы куәліктердің бланкілерін дайындауды, есепке алуды және сақтауды қамтамасыз етеді.
      17. Аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтатудың энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты емес негіздері мыналар болып табылады:
      1) аккредиттелген субъектінің жазбаша өтініші;
      2) аккредиттелген субъектінің таратылуы немесе банкрот болуы.
      18. Атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген, сондай-ақ қайта құрылған жағдайларда аккредиттелген заңды тұлға өзгеріс болған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға бұрын берілген аккредиттеу туралы куәлікті қайтарады және осы Қағидалардың 5-тармағының 2)3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, уәкілетті органға еркін нысанда аккредиттеу туралы куәлікті қайта рәсімдеу туралы өтініш береді.
      19. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдеу үшін ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруді жүзеге асырады.
      20. Аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдеу туралы өтініш уәкілетті органға өтініш келіп түскен сәттен бастап бес жұмыс күн ішінде Комиссия отырысында қаралады, оның қорытындысы бойынша аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдеу немесе қайта ресімдеуден бас тарту туралы шешім қабылданады.
      21. Қайта ресімдеуден бас тарту осы Қағидалардың 13 және  14-тармақтарына сәйкес жүзеге асырады.
      22. Оң шешім қабылданған жағдайда уәкілетті орган шешім қабылдаған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәлікті қайта рәсімдейді.
      23. Қайта ресімделген аккредиттеу туралы куәлікке жаңа тіркеу нөмірі беріледі. Бұл ретте бұрын берілген аккредиттеу туралы куәлік жарамсыз деп танылады.
      Қайта ресімделген аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу мерзімі алдыңғы аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу мерзіміне тең болады.
      24. Аккредиттеу туралы куәлік жоғалған жағдайда уәкілетті орган
заңды тұлғаның жазбаша өтініші бойынша бес жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәліктің телнұсқасын береді.
      Жоғалған аккредиттеу туралы куәліктің түпнұсқасы жарамсыз деп танылады.
      25. Аккредиттеу туралы куәліктен айыру және аккредиттеу туралы куәліктің қолданысын тоқтата тұру «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      26. Берілген аккредиттеу туралы куәлік, қайта рәсімдеу, аккредиттеу туралы куәліктен айыру, оның қолданысын тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау туралы шешім тіркеу журналында тіркеліп, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттелген ұйымдардың тіркелімінде тиісті ақпарат енгізіледі.

Энергия үнемдеу және энергия
      тиімділігін арттыру  
      саласындағы аккредиттеу
      қағидаларына     
      1-қосымша      
      _____________________________________
      (бірінші басшының лауазымы)
      _____________________________________
      (аккредиттеу жөніндегі органның атауы)
_____________________________________
      (Т.А.Ә.)

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеуге өтініш
_______________________________________________________________(қызмет түрін көрсетіңіз: энергия аудиті, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы)

      жүргізу құқығын иелену үшін

_____________________________________________________________________(заңды тұлғаның толық және қысқартылған атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетіледі)

      аккредиттеуді сұраймын.

      Осы өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1._____________________________________________________________
      2._____________________________________________________________
      3._____________________________________________________________
      4._____________________________________________________________
      5._____________________________________________________________
      6._____________________________________________________________
      7._____________________________________________________________ _____________________________________________________________________        заңды тұлға басшысының лауазымы қолы " (Т.А.Ә.)

                                                            М.О.

Энергия үнемдеу және энергия
      тиімділігін арттыру   
      саласындағы аккредиттеу  
      қағидаларына      
      2-қосымша        

Өнеркәсіптік кәсіпорындардың, сондай-ақ үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия аудитін жүргізу бойынша қызметтерді көрсету үшін аккредиттелетін сараптамалық ұйым — энергоаудиторлар үшін ақпараттық-өлшеу кешендері мен техникалық құралдар құрамының тізбесі

 
      1. Жылу көргіш.
      2. Ультрадыбыстық сұйықтық шығынын өлшеуіш.
      3. Өлшеу диапазоны 0 бастап 600 С дейінгі контактісіз (инфрақызыл) термометр.
      4. Жылу өлшеуіш немесе жылу ағындарының өлшеуіші.
      5. Тоқ қармауыштар.
      6. Анемометр.
      7. Гигрометр.
      8. Люксметр.
      9. Лазерлі ұзындық өлшеуіш.
      10. Қалыңдық өлшегіш (егер шығын өлшеуіште осы функция болмаса).
      11. Электр энергиясының сапасын талдауыш. 
      12 Контактілі термометр.
      13. Манометр.
      14. Газ талдауышы.

Энергия үнемдеу және энергия
      тиімділігін арттыру  
      саласындағы аккредиттеу
      қағидаларына      
      3-қосымша        

Үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия аудитін жүргізу бойынша қызметтерді көрсету үшін аккредиттелетін сараптамалық ұйым - энергоаудиторлар үшін ақпараттық-өлшеу кешендері мен техникалық құралдар құрамының тізбесі

      1. Жылу көргіш.
      2. Өлшеу диапазоны 0 бастап 600 С дейінгі контактісіз (инфрақызыл) термометр.
      3. Жылу өлшеуіш немесе жылу ағындарының өлшеуіші.
      4. Тоқ қармауыштар.
      5. Анемометр.
      6. Гигрометр.
      7. Люксметр.
      8. Лазерлі ұзындық өлшеуіш.
      9. Контактісіз термометр.
      10. Манометр

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады