Экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесін құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 13 наурыздағы № 232 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 77 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 17.02.2017 № 77 қаулысымен.

      Экономикалық интеграция және Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуі шеңберінде экономиканың жаңа жағдайларға интеграциялануы және бейімделуі мәселелері бойынша талдамалық жұмысты үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес құрамда экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Үйлестіру кеңесі туралы ереже бекітілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 13 наурыздағы
№ 232 қаулысына
қосымша

Экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.

       Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры, хатшы

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің директоры (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 13 наурыздағы
№ 232 қаулысымен
бекітілген

Экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі
туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, өзге де нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен, жеке кәсіпкерлік субъектілерімен және олардың бірлестіктерімен Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуі, сондай-ақ интеграцияны одан әрі дамыту және Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселелері бойынша өзара іс-қимылда жүзеге асырады.

      4. Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатқа ие.

2. Кеңестің міндеттері мен функциялары

      5. Кеңестің негізгі міндеттері:

      1) Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) шешімдері мен ұсынымдары бойынша ұсыныстар қалыптастыру;

      2) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуіне байланысты проблемалық мәселелерді талдауды жүзеге асыру;

      3) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуіне байланысты, сондай-ақ интеграцияны одан әрі дамыту және Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселелерін шешуде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын, ұйымдарын, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін, жеке кәсіпкерлік субъектілерін және олардың бірлестіктерін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      4) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық базасын құрайтын халықаралық шарттардың, Комиссия шешімдерінің қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;

      5) Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында өңіраралық кооперацияны дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      6) Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігі (бұдан әрі – БЭК) жағдайында экономиканы дамыту, өндірісті кеңейту, басқару тиімділігі мен ғылыми-техникалық прогресті арттыруды ынталандыру, тауар нарықтарында ресурстардың оңтайлы бөлінуін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 11.05.2014 № 466 қаулысымен.

       6. Негізгі міндеттерді орындау мақсатында Кеңес мынадай функцияларды атқарады:

      1) экономикалық интеграцияны дамыту жағдайларында ұлттық экономикада бәсекеге қабілетті өндірістердің дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша ұсыныстарды қарайды;

      2) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық базасын Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына имплементациялау, стратегиялық мақсаттарға және мемлекеттік органдар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының тиімділігі мен өзара іс-қимылын арттырудың міндеттеріне қол жеткізу, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру шеңберінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстар, ұсынымдар және консультативтік қорытындылар дайындайды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;

      3) экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі зерттеулердің өзекті тақырыптары бойынша ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      4) БЭК шеңберінде жаңғырту және инновациялық технологиялық дамыту мен өнеркәсіптік кооперация саласындағы өзара келісілген шешімдер негізінде БЭК шеңберінде өнеркәсіптік саясат жүргізуде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 11.05.2014 № 466 қаулысымен.

3. Кеңестің құқықтары

      7. Кеңес өз міндеттерін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан

      Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті құжаттарды, материалдарды және экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі ақпаратты сұратады;

      2) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуі, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі интеграциялауды дамыту және құру мәселелері бойынша ұсынымдар береді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізеді;

      3) Қазақстан Республикасы мемлекеттік ұйымдарының, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің, жеке кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерінің өкілдерін Кеңес отырыстарына шақырады және тыңдайды;

      4) Кеңес шеңберінде экономикалық интеграция проблематикасының жекелеген бағыттары бойынша арнайы жұмыс топтарын құрады.

4. Кеңес қызметін ұйымдастыру

      8. Кеңесті төраға басқарады.

      9. Кеңес төрағасы:

      1) Кеңестің жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі алдында Кеңес жұмысының қорытындылары туралы есеп береді.

      10. Кеңес отырысы өткізілгеннен кейін Кеңес хатшысы хаттама ресімдейді. Хатшы Кеңес мүшесі болып табылмайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       11. Кеңестің отырысын төраға өз бастамасы, Кеңес төрағасы орынбасарының бастамасы не Кеңес мүшесінің бастамасы бойынша Кеңестің қарауына ұсынылатын материалдар негізінде шақырады.

      12. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда бір реттен сиретпей өткізіледі және Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       13. Кеңес отырыстарына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін басқа да мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу органдарының, бизнес-қоғамдастықтарының және өзге де ұйымдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.

      14. Төраға болмаған кезде отырыстарда Кеңес төрағасының орынбасары төрағалық етеді.

      15. Кеңес шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Кеңестің отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен жүргізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Кеңес мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда ол жазбаша түрде баяндалуға және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген комиссияның есеп-хатына қоса берілуі тиіс.

      Кеңес отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.

      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Кеңес хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Кеңес мүшелеріне келісу үшін жібереді.

      Кеңес мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       16. Шешім қабылдау кезінде Кеңес мүшелерінің дауыстары тең болады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      17. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      18. Қажет болған жағдайда, Кеңес шешімдері Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарына Кеңес отырыстарының хаттамасынан үзінді көшірмелерді жолдау арқылы жеткізіледі.

      19. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

      Кеңестің жұмыс органы Кеңес жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Кеңес отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Кеңес мүшелеріне жіберілуі тиіс.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.

       20. Кеңестің жұмыс органы:

      1) Кеңесте қарау үшін ұсыныстарды жинауды жүзеге асырады, Кеңестің қарауына мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар енгізетін ұсыныстарды қалыптастырады;

      2) Кеңес шешімдерінің орындалуын бақылайды;

      3) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан Кеңестің міндеттерін орындау үшін қажетті ақпаратты сұратады.

      21. Дауыс беру парақтарымен қоса Кеңес материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.

      Ескерту. Ереже 21-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады