"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 19 наурыздағы № 257 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              С.Ахметов

      Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы

      2012 жылғы 27 ақпанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі «қазақстандық Тарап» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және бұдан әрі «британдық Тарап» деп аталатын Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Үкіметі, бірлесе «Тараптар» деп аталатындар,
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 1368 (2001), 1373 (2001), 1386 (2001), 1444 (2002), 1510 (2003), 1536 (2004), 1589 (2005), 1623 (2005), 1659 (2006), 1707 (2006), 1776 (2007), 1833 (2008) және 2011 (2011) қарарларының ережелерін,
      1995 жылғы 19 маусымда Брюссельде жасалған Солтүстік Атлант шартына қатысушы мемлекеттер мен «Бейбітшілік үшін әріптестік бағдарламасына қатысатын басқа да мемлекеттер арасындағы олардың Қарулы Күштерінің мәртебесіне қатысты келісімнің (бұдан әрі — PfP келісімі) ережелерін назарға ала отырып,
      Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға жәрдемдесу мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарды қолдау мақсатында британдық Тараптың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      1) «транзит» - қазақстандық Тapaп осы Келісімнің шарттарына сәйкес ұсынатын, осы Келісімнің Қосымшасында көрсетілген бағыттар бойынша әскери мүлік пен персоналды тасымалдайтын әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы қонбай ұшып өтуі;
      2) «әуе кемесі» - Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің әскери-көлік әуе кемесі немесе британдық Тарап жалдаған, бортында әскери мүлік және/немесе персонал бар әуе кемесі;
      3) «әскери мүлік» — 1990 жылғы 19 қарашадағы Еуропадағы әдеттегі қарулы күштер туралы шартта, сондай-ақ 1968 жылғы 1 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шартта белгіленген шектеулерді ескере отырып, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің жауапкершілігіндегі қауіпсіздік жәрдемі жөніндегі халықаралық күштердің (ҚЖХК) бітімгершілік операциялары шеңберінде айқындалған қару түрлерінің кешендері және оны жауынгерлік қолдануды қамтамасыз ету құралдары, оның ішінде жеткізу құралдары, бағыттау, ұшыру, басқару жүйелері, қарулы күштерді жарақтандыруға арналған, оқ-дәрілер және олардың құрам бөліктері, қосалқы бөлшектер, аспаптар мен аспаптарды құрайтын бұйымдар, қарулы күштердің жеке құрамының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелері, жаппай қырып-жоятын қарудан қорғанудың ұжымдық және жеке құралдары, жаппай қырып-жоятын қаруды қолдану нәтижесінде туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою құралдары, арнаулы тыл құрал-жабдығы, әскери киім нысаны мен оған қатысты айырым белгілері және атрибуттар;
      4) «персонал» - Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің әскери қызметшілері мен азаматтық қызметшілері.

3-бап

      1. Әуе кемелерінің транзиті (топтық емес, жеке ұшулар) осы Келісімнің Қосымшасында көрсетілген әуе дәліздері арқылы Қазақстан Республикасының аумағында аралық қонусыз, осы бапқа сәйкес берілетін рұқсаттардың негізінде жүзеге асырылады.
      2. Дипломатиялық арналар арқылы қазақстандық Тарапқа жіберілген тиісті сұрау салудың негізінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану үшін британдық Тарапқа мынадай рұқсат түрлері беріледі:
      1) арнайы (тұрақты) рұқсат — Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің әскери-көлік әуе кемелері үшін;
      2) біржолғы рұқсат — британдық Тарап жалдаған әуе кемелері үшін.
      3. Арнайы (тұрақты) рұқсат алу үшін британдық Тарап қазақстандық Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы тиісті сұрау салуды жібереді. Сұрау салуда мынадай ақпарат көрсетіледі:
      1) тасымалдануы болжанып отырған жүктің және персоналдың межелі пункті мен жалпы сипаттамасы;
      2) транзит бағыттары.
      4. Кезекті арнайы (тұрақты) рұқсатты алу үшін британдық Тарап дипломатиялық арналар арқылы қазақстандық Тарапқа тиісті күнтізбелік жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей жазбаша сұрау салу жібереді. Қазақстандық Тараптың мұндай кезекті арнайы (тұрақты) рұқсаты келесі күнтізбелік жылдың соңына дейін қолданыста болады.
      Бастапқы арнайы (тұрақты) рұқсат — рұқсат берілетін күнтізбелік жылдың соңына дейін қолданыста болады.
      Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда қолданыстағы арнайы (тұрақты) рұқсат автоматты түрде күшін жояды.
      5. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға біржолғы рұқсат алу үшін британдық Тарап әрбір болжанып отырған транзитті жүзеге-асыруға дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей, мынадай ақпаратты:
      1) пайдаланушының толық атауы мен пошталық мекенжайы;
      2) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) коды мен рейс нөмірі;
      3) әуе кемесінің түрі, тіркеу нөмірі, радиошақыру белгісі және әуе кемесі тіркелген мемлекет;
      4) навигациялық және байланыс жабдығының түрі;
      5) қосалқы әуеайлақтар көрсетіліп, әуе кемесінің ұшып шығу және қону пункттері;
      6) әскери мүліктің жалпы сипаттамасы, борттағы персоналдың саны, сондай-ақ бортта қауіпті жүктің бар екені;
      7) күні, толық әуе бағыты және ұшу бағытындағы әуе жолдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне/әуе кеңістігінен кіру/шығу нүктелері міндетті түрде көрсетілген қозғалыс кестесін көрсете отырып, дипломатиялық арналар арқылы жазбаша сұрау салуды жібереді.
      6. Транзитті жүзеге асыру барысында арнайы (тұрақты) немесе біржолғы рұқсаттың қолданысы тоқтатыла тұрған немесе күші жойылған жағдайда британдық Тарап әуе кемесінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінен бортындағы барлық әскери мүлкімен және персоналымен бірге Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне кіру пункті арқылы немесе, егер бұл техникалық себептер бойынша қажет болса, жақын маңдағы пункт арқылы транзитті аяқтамай ұшып кетуін өз есебінен қамтамасыз етеді.
      7. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіндегі ұшулар ИКАО-ның белгіленген қағидаларына, ұшуларды жүзеге асыруды регламенттейтін және қазақстандық Аэронавигациялық ақпарат жинағында (АІР) жарияланатын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Келісімге сәйкес орындалады.
      8. Қазақстандық Тарап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аэронавигациялық алымдарды өндіріп ала отырып, әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсетеді.
      9. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшатын әуе кемелері:
      1) аэронавигациялық қызмет көрсететін қызметпен екіжақты радиобайланыс жасауды қамтамасыз ететін радиобайланыс аппаратурасымен;
      2) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгілеген тәртіпке сәйкес тиісті режимде жұмыс істейтін радиолокациялық қабылдаушы жауап беру құрылғысымен (транспондермен) жабдықталуға тиіс.
      10. Әуе кемелері экипаждарының диспетчерлермен сөйлесулері ИКАО радиобайланысы фразеологиясының белгіленген қағидалары бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі.

4-бап

      1. Қазақстандық Тарап осы Келісімнің 3-бабына сәйкес сұратылған кез келген рұқсатты беруден бас тартуға құқылы.
      2. Егер қазақстандық Тарап осы Келісімнің ережелері сақталмағанын не әскери мүлік пен персоналдың тасымалдануы осы Келісімнің ережелеріне сай келмейтінін немесе Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін анықтаса, қазақстандық Тарап осы Келісімнің шеңберінде әуе кемесіне бұрын берілген кез келген рұқсаттың қолданысын тоқтата тұруға немесе күшін жоюға құқылы.
      3. Қазақстандық Тарап рұқсатты тоқтата тұру немесе күшін жою туралы әрбір шешім жөнінде британдық Тарапты дереу хабардар етеді.

5-бап

      1. Британдық Тарап Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану туралы хабарламаны әрбір жоспарланған ұшуға дейін 4 (төрт) сағаттан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығына (AFTN - UAAKZDZK, UAAAZDZW) ұшу жоспарын жіберу арқылы ұсынады.
      2. Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің әскери-көлік әуе кемелеріне қатысты хабарламалар мынадай ұшу деректерін:
      1) арнайы (тұрақты) рұқсаттың нөмірін;
      2) әуе кемесінің түрін, тіркеу нөмірін - және радиошақыруын;
      3) қосалқы әуеайлақтарды көрсете отырып, әуе кемесінің ұшып шығу және қону пункттерін;
      4) борттағы персоналдың санын;
      5) күні, толық әуе бағыты және ұшу бағытындағы әуе жолдары, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне/әуе кеңістігінен кіру/шығу нүктелері міндетті түрде көрсетілген қозғалыс кестесін қамтиды.
      3. Британдық Тарап жалдаған әуе кемелеріне қатысты хабарламалар мынадай ұшу деректерін:
      1) ұшуға қазақстандық Тарап берген біржолғы рұқсаттың нөмірін;
      2) әуе кемесінің түрін, тіркеу нөмірін, радиошақыруын, ИКАО кодын және рейстің нөмірін;
      3) қосалқы әуеайлақтарды көрсете отырып, әуе кемесінің ұшып шығу және қону пункттерін;
      4) борттағы персоналдың санын;
      5) күні мен болжамды әуе бағытын, әуе кемесінің әмбебап үйлестірілген уақыттағы (UTC) қозғалыс кестесін және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне/әуе кеңістігінен кіру/шығу нүктелерін қамтиды.
      Ұшу жоспарында көрсетілетін ақпарат ИКАО құжаттарында айқындалғандай етіп және осы Келісімнің баптарына сәйкес беріледі.
      4. "Әуе кемесінің бортында тасымалданатын әскери мүліктің саны мен атауын растайтын сипаттамалық және/немесе өзге де құжаттама (әуе жүкқұжаты немесе соған ұқсас құжат) болуға тиіс.
      5. Қазақстан Республикасының әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығына ұшу жоспары берілмеген әуе кемесінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне кіруіне тыйым салынады.

6-бап

      Осы Келісімнің шеңберінде транзитті жүзеге асыратын әуе кемесі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде жанармай құюды жүргізе алмайды, сондай-ақ авариялық қону жағдайларын қоспағанда, жанармай құю, экипаждың демалуы үшін немесе өзге де мақсаттарда Қазақстан Республикасының аумағына техникалық қону жасай алмайды.

7-бап

      1. Қазақстандық Тарап әуе кемесін мәжбүрлеп қонуға бағыттау жөніндегі өзінің егеменді құқығын пайдалана алады. Мұндай жағдайда, сондай-ақ әуе кемесі авариялық қонған жағдайда Қазақстан Республикасының кедендік және шекаралық бақылау органдары әуе кемесінің бортындағы әскери мүлік пен персоналға тексеру жүргізуге құқылы.
      2. Британдық Тарап қазақстандық Тараптың сұрау салуы бойынша әскери мүліктің Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздігін, тұрақтылығын қамтамасыз ету және оны қалпына келтіру мақсаттарына арналғаны жөніндегі растауды ұсынады.
      3. Әуе кемесі Қазақстан Республикасының аумағына қонған жағдайда қазақстандық Тарап шекаралық және кедендік бақылау мақсатында әуе кемесінің бортындағы әскери мүлік пен персоналдың осы Келісімнің 5-бабының 2, 3 және 4-тармақтарында көзделген құжаттарда мәлімделгендерге сәйкес екендігіне көз жеткізу үшін әскери мүлік пен персоналға қатысты құжаттарды тексеруге құқылы.
      4. Осы Келісімді орындау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағындағы персоналдың мәртебесі 1951 жылғы 19 маусымда Лондонда жасалған Солтүстік Атлант шартына қатысушы мемлекеттер арасындағы өз күштерінің мәртебесіне қатысты келісімде (бұдан әрі - NATO-SOFA келісімі) және PfP келісімінде айқындалған.
      Персонал Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға және оның ішкі істеріне араласпауға міндетті.
      Әуе кемесінің бортында болу персоналдың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына қонған жағдайда, әуе кемесінің бортындағы персонал Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының келісімінсіз әуе кемесі қонған жерді тастап кете алмайды.
      5. Әскери мүліктің транзиті Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кедендік баждар мен салықтарды өндіріп алусыз жүзеге асырылады.
      6. Қазақстан Республикасының аумағына осы баптың 1-тармағына сәйкес қонған әуе кемесі қону себебі жойылғаннан кейін қонған жерін тастап ұшып кетеді.

8-бап

      Осы Келісімнің 7-бабында көзделген рәсімдерді қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ әуе қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық Тарап әуе кемелерін мәжбүрлеп қондыруға бағыттауға құқылы.
      Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінің шегіндегі әуе кемелерінің экипаждары Қазақстан Республикасының әуе қозғалысын басқару (қызмет көрсету) мен ұйымдастыру органдарының нұсқамаларын орындауға міндетті.

9-бап

      NATO-SOFA келісімінің VIII бабына сәйкес, Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді орындау үшін жүзеге асырылатын қызметке байланысты оның персоналына немесе мүлкіне келтірілген зиян үшін екінші Тарапқа өтемақы төлеу жөніндегі кез келген талаптардан бас тартады.
      Британдық Тараптың қазақстандық Тарап аумағында үшінші тұлғаларға келтірген зиянды NATO-SOFA келісімінің VIII бабының 5-тармағының ережелеріне сәйкес өтейді.

10-бап

      1. Транзитке байланысты бір Тарап алған ақпарат үшінші тарапқа осы ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз берілуі мүмкін емес.
      2. Осы баптың 1-тармағы қазақстандық Тарапқа осы Келісімнің 3 және 5-баптарына сәйкес берілген ақпаратқа қолданылмайды. Мұндай ақпарат үшінші тарапқа осы Келісім шеңберіндегі транзитке жәрдемдесу мақсатында ғана берілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

12-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге, оның ішінде оның ажырамас бөлігі болып табылатын Қосымшасына осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      3. Осы Келісімнің қолданысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес айқындалатын Қауіпсіздік жәрдемі жөніндегі халықаралық күштердің өкілеттіктері аяқталғаннан кейін немесе Тараптардың бірі осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.
      4. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда осы Келісімнің 9-бабында көзделген міндеттемелер Тараптардың өзгеше келіскеніне дейін Тараптар үшін күшінде қалады.

      2012 жылғы 27 ақпанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан                          Ұлыбритания және
   Республикасының                      Солтүстік Ирландия  
     Үкіметі үшін                      Құрама Корольдігінің                                                 Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі    
мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия 
Құрама Корольдігінің Үкіметі арасындағы 
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама
Корольдігінің Ауғанстан Ислам Республикасын
тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі
халықаралық іс-қимылдарға қатысуына   
байланысты Қазақстан Республикасының аумағы
арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін
қамтамасыз ету туралы келісімге   
қосымша                 

      Екі бағытта ұсынылған маршруттар:

      1. Кіру нүктесі GASBI G161 бағыты NEPIL В363 бағыты шығу нүктесі KUNAS
      2. Кіру нүктесі AZABI А87 бағыты AKTAU В363 бағыты шығу нүктесі KUNAS».

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады