Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 14 мамырдағы № 481 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2012 жылғы 30 мамырда Ашхабад қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз ету
саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ Ресми расталған мәтін

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі - ТМД) қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз етуді дамытуда және жетілдіруде күш-жігерді біріктіру қажеттігін негізге ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар осы Келісімге, ұлттық заңнамаға және халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидаттары мен нормаларына сәйкес мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастық жасайды:
      инженерлік қамтамасыз ету мәселелеріндегі өзара іс-қимыл;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз етудің ұйымдастыру және техникалық мәселелерін шешуге ортақ ұстанымдарды пысықтау;
      инженерлік қамтамасыз ету құралдарына ғылыми әзірлемелер жүргізу, жобалау, жасау, сатып алу және енгізу кезінде, соның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз етудің әдістерін жетілдіру жөніндегі бірлескен бағдарламаларды әзірлеу жолымен қызметті үйлестіру;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз ету мүддесінде бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті дамытуға жәрдемдесу;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері инженерлік әскерлерінің гуманитарлық қызметін дамыту;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің инженерлік әскерлері үшін кадрлар даярлау;
      инженерлік техниканы әзірлеу мен жасау жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру кезінде стандарттау, тізімдемесін жасау, сертификаттау мен метрология саласындағы өзара іс-қимыл;
      өзара мүдделілікті білдіретін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз ету саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың басқа да мәселелері бойынша.

2-бап

      Ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары:
      қабылданған шешімдерді пысықтау мен іске асырудағы тең құқықтық; инженерлік қамтамасыз ету міндеттерін орындау кезінде туындайтын проблемаларды ұжымдық талқылау және шешу;
      инженерлік қамтамасыз ету мәселелері туралы өзара ақпарат алмасу; ұлттық мүдделерді өзара құрметтеу болып табылады.

3-бап

      Тараптар инженерлік қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты мынадай нысандарда дамытады:
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз ету саласындағы халықаралық шарттар мен ТМД органдарының шешімдерін дайындау және іске асыру;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік және инженерлік-техникалық қамтамасыз етудің ұйымдастыру және техникалық мәселелерін шешу;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің инженерлік әскерлері арасында инженерлік қамтамасыз ету, инженерлік техниканың мүмкіндіктері және оны дамыту мен жетілдірудің перспективалары туралы өзара ақпарат алмасу;
      ақпараттық жүйелер мен деректер базасын құру жөніндегі жұмысты жоспарлау және ұйымдастыру;
      инженерлік әскерлерді қолдануға және олардың инженерлік қамтамасыз ету міндеттерін орындауына келісілген ұстанымдарды пысықтау;
      гуманитарлық жолындағы минасыздандыруды жүргізу үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің инженерлік әскерлерін қолдану;
      жаяу әскерлерге қарсы миналарды қолданған кезде халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтауға ортақ бірыңғай ұстанымдарды пысықтау;
      бірлескен арнайы оқу-жаттығуларды өткізу;
      инженерлік әскерлер бөлімшелерінің бірлескен жиындарын ұйымдастыру;
      қосымша уағдаластықтарға сәйкес инженерлік қамтамасыз ету міндеттерін шешу кезінде инженерлік қару-жарақ құралдарын жасау және инженерлік әскерлер бөлімдері мен бөлімшелерін қолдану тәсілдерін әзірлеу саласында бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу;
      инженерлік техника мен инженерлік мүлікті жөндеу және оған қызмет көрсету бойынша бірлескен сертификатталған орталық құру жөніндегі жұмыстарды жоспарлау және ұйымдастыру.

4-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесіне жүктеледі.

5-бап

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіруді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы Инженерлік қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі үйлестіру комитеті (бұдан әрі - Комитет) жүзеге асырады.

6-бап

      Тараптар арасында ақпарат алмасу және оны қорғау ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Мемлекетаралық құпиялармен жұмыс істеу тәртібі және оларды қорғау 1993 жылғы 22 қаңтардағы Мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге және құпия ақпаратты (мемлекеттік құпияларды) өзара қорғау (сақтау) туралы екіжақты шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Осы Келісімді іске асыру барысында Тараптардың бірінен алынған ақпарат басқа Тараптардың мүдделеріне зиян келтіру үшін пайдаланылмайды.

7-бап

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз ету саласында әскери кадрлар мен мамандарды даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау тәртібі қосымша уағдаластықтар негізінде айқындалады.
      Әскерлерді инженерлік қамтамасыз ету саласында мамандарды даярлау мен қайта даярлау келісілген әдістемелер мен бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады.

8-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

9-бап

      Әрбір Тарап осы Келісімді іске асыру жүктелетін уәкілетті органды айқындайды, оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабардар етумен бір уақытта ол туралы депозитарийді хабардар етеді.
      Уәкілетті органның атауы өзгерген жағдайда тиісті Тарап 30 күн ішінде ол туралы депозитарийді хабардар етеді, ол 30 күн ішінде басқа Тараптарға хабарлайды.

10-бап

      Осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер Комитет шеңберінде мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен немесе мүдделі Тараптар келіскен басқа да рәсімдер арқылы шешіледі.

11-бап

      Осы Келісім әрбір Тараптың оның мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

12-бап

      Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін, осы Келісімінің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы депозитарийдің үшінші хабарламаны алған күнінен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийдің тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Әрбір Тарап шығуға дейін 6 айдан кешіктірмей депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып және Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерін реттей отырып осы Келісімнен шығуға құқылы.

15-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжат беру жолымен кез келген ТМД-ға қатысушы мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      Қосылатын мемлекет үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжат алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2012 жылғы 30 мамырда Ашхабад қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.

      Әзірбайжан Республикасының            Ресей Федерациясының
             Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Армения Республикасының               Тәжікстан Республикасының
             Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының              Түрікменстан Үкіметі үшін
             Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының             Өзбекстан Республикасының
             Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының                Украина Үкіметі үшін
             Үкіметі үшін                

      Молдова Республикасының
             Үкіметі үшін

      Осымен қоса берілген мәтін 2012 жылғы 30 мамырда Ашхабад қаласында болған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің отырысында қабылданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері инженерлік қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің аутентикалық көшірмесі екенін куәландырамын. Жоғарыда аталған Келісімнің түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетінде сақталады.

      ТМД Атқарушы хатшысы -
      Атқару комитеті төрағасының
      бірінші орынбасары                                    В. Гаркун

      2012 жылғы 30 мамырда Ашхабад қаласында қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерін инженерлік қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі 
      Халықаралық құқық
      департаментінің
      басқарма бастығы                                    Д. Есентаев

      Орыс тіліндегі мәтінге сәйкес мемлекеттік тілге аударылды.

      Қазақстан Республикасы
      Қорғаныс министрлігі
      Халықаралық ынтымақтастық
      департаменті бастығының орынбасары
      полковник                                            Ә. Кулбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады