Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Статистика саласындағы ақпараттық өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қою туралы ұсыныс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 мамырдағы № 518 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Статистика саласындағы ақпараттық өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қою туралы ұсыныс енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Жоба

Статистика саласындағы ақпараттық өзара іс-қимыл туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы
      2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шартты (бұдан әрі – Шарт) негізге ала отырып,
      Еуразиялық экономикалық комиссияны және Тараптарды олардың қызметін жүзеге асыру және Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық базасын құрайтын халықаралық шарттардың, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешімдерінің орындалуын мониторингілеу үшін қажетті ресми статистикалық ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      «Тараптардың уәкілетті органдары» – Тараптардың ресми статистикалық ақпаратын қалыптастыру функциялары жүктелген Тараптардың ұлттық (орталық) банктерін қоса алғанда, мемлекеттік органдар;
      «Тараптардың ресми статистикалық ақпараты» – статистикалық жұмыстардың ұлттық бағдарламалары шеңберінде және (немесе) Тараптардың әрқайсысының заңнамасына сәйкес Тараптардың уәкілетті органдары қалыптастыратын статистикалық ақпарат;
      «Кеден одағының және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ресми статистикалық ақпараты» – Тараптардың ресми статистикалық ақпараты, халықаралық ұйымдардың ресми статистикалық ақпараты және Тараптардың заңнамасымен тыйым салынбаған дереккөздерден алынған өзге де ақпарат негізінде Еуразиялық экономикалық комиссия қалыптастыратын статистикалық ақпарат.

2-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың заңнамасына сәйкес Тараптардың мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) немесе таратылуы (қолжетімділігі) шектеулі мәліметтерге жатқызылған ресми статистикалық ақпаратына қолданылмайды.

3-бап

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеден одағының және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуі мен дамуын сипаттайтын Кеден одағының және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ресми статистикалық ақпаратын жинауды, жинақтауды, жүйелендіруді, талдауды және таратуды, Тараптардың сұрау салуы бойынша көрсетілген ақпаратты ұсынуды, сондай-ақ осы Келісім шеңберінде Тараптардың уәкілетті органдарының ақпараттық және әдіснамалық өзара іс-қимылын үйлестіруді жүзеге асырады.
      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеден одағының және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ресми статистикалық ақпаратын Еуразиялық экономикалық комиссияның Интернет желісіндегі ресми сайтына орналастырады.

4-бап

      Тараптардың Еуразиялық экономикалық комиссияға ұсынатын ресми статистикалық ақпараты бөлігінде, жіктеуіштер мен әдіснаманы қоса, Тараптардың бірыңғай, халықаралық деңгейде салыстырмалы стандарттарды қолдануы бойынша ұсынымдарды әзірлеу мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия Тараптардың статистикалық әдіснамасын зерделеуді және талдауды жүзеге асырады.

5-бап

      Тараптардың ресми статистикалық ақпаратын Тараптардың уәкілетті органдарының Еуразиялық экономикалық комиссияға беруі статистикалық көрсеткіштердің тізбесі бойынша жүзеге асырылады.
      Статистикалық көрсеткіштердің тізбесін, Тараптардың ресми статистикалық ақпаратын ұсыну мерзімдері мен форматтарын Еуразиялық экономикалық комиссия Тараптардың уәкілетті органдарымен келісу бойынша бекітеді.
      Тараптардың уәкілетті органдары Еуразиялық экономикалық комиссияға белгіленген мерзімдерде ресми статистикалық ақпаратты ұсынудың мүмкін еместігі туралы хабарлайды.
      Еуразиялық экономикалық комиссия Тараптардың уәкілетті органдарынан статистикалық көрсеткіштердің тізбесіне енгізілмеген Тараптардың өзге де ресми статистикалық ақпаратын сұрауға құқылы.

6-бап

      Еуразиялық экономикалық комиссия Тараптардың уәкілетті органдарымен келісу бойынша статистикалық көрсеткіштер тізбесін өзектілендіруді жүзеге асырады.

7-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

8-бап

      Осы Келісім оған қол қойылған күнінен бастап 60 күн өткен соң уақытша қолданылады.
      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жібереді.

      2013 жылғы «___» ____________ _________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.

           Беларусь               Қазақстан               Ресей
      Республикасы үшін       Республикасы үшін      Федерациясы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады