Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 1997 жылғы 17 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. 1997 жылғы 17 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін қалыптастыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 29 мамырдағы
№ 532 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
1997 жылғы 17 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының
бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін қалыптастыру жөніндегі
ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын 1997 жылғы 17 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
Келісімнің 12-бабын, 2008 жылғы 14 қарашада қол қойылған 1997 жылғы 17 қаңтардағы Білім тарату және ересектер білімі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың 1 және 2-баптарын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1. Келісімге мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) 2-баптың бесінші абзацындағы «балама» деген сөз алынып тасталсын, «ғылыми дәрежесі және атағы» деген сөздер «дәрежелері және ғылыми атақтары» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 8-баптағы «мұғалімдер және ғылыми-педагогикалық қызметкерлер» деген сөздер «педагогикалық қызметкерлер, ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлер» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«12-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.»;
4) 15-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«15-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ол депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Осы Келісім Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер үшін депозитарийдің қосылу туралы құжатты алған күнінен кейін 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қатысушысы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойғандардың немесе осындай қосылуға қосылған мемлекеттердің келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарийдің алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.»;
5) мәтін бойынша «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы Хатшылығында» деген сөздер «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде» деген сөздермен ауыстырылсын.
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің білім саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңес туралы ереже мынадай редакцияда жазылсын:
«1997 жылғы 17 қаңтардағы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының
бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін
қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық
туралы келісімге
қосымша
2013 жылғы 31 мамырдағы редакция
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің білім
беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1.1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) 1997 жылғы 17 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім негізінде құрылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастық органы болып табылады, оның мақсаты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (жалпы) білім беру кеңістігін қалыптастыру болып табылады.
Кеңестің міндеттері:
білім саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту;
ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға және аттестаттауға ықпал ету;
халықаралық, өңірлік, ұлттық білім беру бірлестіктерімен және қауымдастықтарымен өзара іс-қимыл ұйымдастыру;
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық білім жүйесін дамыту бойынша тәжірибесін насихаттау.
1.2. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысын, Достастық шеңберінде қабылданған шарттар мен шешімдерді және осы Ережені басшылыққа алады.
1.3. Кеңес Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық кеңесі қабылдаған шешімдердің орындалуын ұйымдастырады және үйлестіреді.
1.4. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкімет басшылары кеңесіне есеп береді.
1.5. Кеңестің жұмыс жүргізу тілі орыс тілі болып табылады.
II. Кеңестің функциялары
Кеңес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін қалыптастыруға ықпал етеді және келесі қызметтерді атқарады, оның ішінде:
білім, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау және аттестаттау саласындағы ынтымақтастық жай-күйі мәселелерін қарастырады, білім, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау және аттестаттау саласындағы ынтымақтастық туралы көпжақты келісімдердің іске асырылу барысын талдайды;
мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара іс-қимылын, Достастық шеңберінде Достастыққа қатысушы мемлекеттердің мүдделеріне сәйкес білім беру процестері мен білім, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау және аттестаттауды дамыту үрдістерін зерделеуді қоса алғанда, білім, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау және аттестаттау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндігін зерттейді;
білім, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау және аттестаттау саласындағы жан-жақты бағдарламалар жобасын қарайды және дайындайды және белгіленген тәртіппен Достастықтың жарғылық органдарының қарауына енгізеді, Кеңестің құзыреті шегінде бірлескен іс-шараларды өткізеді;
Достастықтың бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін қалыптастыру саласындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің білім, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау және аттестаттау, қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың басқару органдарына ықпал етеді;
Достастыққа қатысушы мемлекеттердің білім алушылар мен білім қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау және аттестаттау, Достастық шеңберіндегі білім, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар жөніндегі құжаттарды өзара тану бойынша тәжірибені зерттейді және жинақтайды;
Достастық шеңберінде Достастыққа қатысушы мемлекеттердің ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау және білім, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану саласындағы қызметіне ықпал етеді;
1997 жылғы 17 қаңтардағы Білім тарату және ересектер білімі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру бойынша жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асырады.
III. Кеңестің құрылу тәртібі
3.1. Кеңес құрамына білім мәселелерінен хабардар мемлекеттік билік органдарының басшылары, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларын аттестаттау органдарының басшылары (әрбір мемлекеттен екі адамнан) кіреді. Әрбір мемлекет бір дауысқа ие.
Кеңес отырысына Кеңеске мүше тұлғаны ауыстыратын тұлғаны жіберген кезде олардың өкілеттілігін растау қажет.
3.2. Кеңес құрамына кеңесші дауыс құқығымен Кеңес хатшылығының басшысы және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің өкілі кіреді.
Кеңес отырысына оның шешімі бойынша кеңесші дауыс құқығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде білім, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау және аттестаттау саласындағы қызметті жүзеге асыратын халықаралық және ұлттық ұйымдардың, сондай-ақ Кеңес қызметіне мүдделі басқа да ұйымдардың өкілдері қатыса алады.
3.3. Кеңес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетімен, Достастықтың басқа органдарымен, қажет болған жағдайда басқа халықаралық ұйымдардың хатшылығымен, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен өзара әрекет етеді.
3.4. Кеңесте төрағалық ету әдетте бір жыл бойы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің атауы орыс әліпбиіне сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы әрбір мемлекеттің өкілі арқылы кезекпен жүзеге асырылады. Кеңестің алдыңғы және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады. Кеңестің төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеті тең төрағаның біреуіне жүктеледі.
IV. Жұмысты ұйымдастыру
4.1. Кеңес өз жұмысын өзі әзірлеген және бекіткен жоспарлар негізінде ұйымдастырады.
Кеңес отырысы қажеттілігіне қарай, бірақ жылына бір реттен кем емес өткізіледі.
Кеңес өз құзыреті шегінде шешімдер және ұсыныстар қабылдайды, ал қажет болған жағдайда белгіленген тәртіппен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкімет басшылары кеңесінің қарауына ұсыныстар енгізеді.
Кеңес қызметін ұйымдастыру-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді хатшылық жүзеге асырады.
Кеңес хатшылығының қызметі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшесімен бірлесіп басшысы Кеңесте төрағалық ететін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарына жүктеледі.
Кеңес хатшылығының басшысы Кеңесте төрағалық етуші мемлекеттің мемлекеттік билік органының өкілі, ал хатшылық басшысының орынбасары – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің өкілі болып табылады.
Кезекті отырысты өткізу орны Кеңес мүшелерінің алдын ала уағдаластығы бойынша анықталады.
Кеңес жыл сайын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетіне өз қызметі туралы ақпаратты ұсынады.
4.2. Кеңестің шешімдері, егер Кеңес басқаша белгілемесе, қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады және ұсынымдық сипатқа ие. Кеңестің кез келген мүшесі осы немесе басқа мәселеге қатысты өзінің мүддесіздігін мәлімдей алады, бұл шешім қабылдау үшін кедергі ретінде қарастырылмауы тиіс. Оның шешімімен келіспейтін Кеңес мүшелері отырыс хаттамасына енгізілетін ерекше пікірлерін білдіре алады.
4.3. Кеңес өзінің отырыстарына мәселелерді, талдау және ақпараттық материалдарды дайындау үшін қажет жағдайда уақытша жұмыс топтарын құра алады.
4.4. Кеңес отырыстары Кеңес төрағасы қол қоятын хаттамалармен ресімделеді және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетіне жіберіледі.
4.5. Кеңестің жұмыс регламентін оның өзі анықтайды.
4.6. Кеңесті қайта ұйымдастыру немесе қысқарту туралы шешімді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкімет басшыларының кеңесі қабылдайды.
V. Қаржыландыру
5.1. Кеңес отырысын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар қабылдаушы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тиісті мемлекеттік билік органдарының есебінен жүзеге асырылады.
Кеңес отырысының мүшелері мен қатысушыларының іссапар шығыстарын жіберуші мемлекеттік билік органдары және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұйымдары жүзеге асырады.
5.2. II бөлімде көзделген жан-жақты бағдарламаларды қаржыландыру қосымша құжаттармен ресімделеді.».
3. Осы Хаттама оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламаны депозитарийдің алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2013 жылғы 31 мамырда Минск қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқалық дана осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Әзербайжан Республикасының |
Ресей Федерациясының |
Армения Республикасының |
Тәжікстан Республикасының |
Беларусь Республикасының |
Түрікменстан Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының |
Өзбекстан Республикасының |
Қырғыз Республикасының |
Украина Үкіметі үшін |
Молдова Республикасының |