"Жеке детективтік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы. Ескерту. Жоба қайтарылып алынды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 404 қаулысымен

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 мамырдағы № 548 қаулысы.

      Ескерту. Жоба қайтарылып алынды – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 404 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Жеке детективтік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


      Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
Жеке детективтік қызмет туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасында жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, жеке детективтік қызметтің құқықтық негізін, қағидаттарын, міндеттерін және оны жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ жеке детективтердің құқықтық мәртебесін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жеке детективтік қызмет – өтеулі шарттық негізде тапсырыс берушінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға байланысты детективтік қызметтер көрсету жөніндегі лицензияланатын қызмет түрі;

      2) детективтік қызметтер көрсету – жеке детективтер (өтеулі) шарттық негізде жеке немесе заңды тұлғаларға көрсететін қызметтер;

      3) детективтік іс-шаралар – жеке детективтердің толық тізбесі осы Заңның 19-бабында көзделген, детективтік қызметтер көрсету туралы шартты орындауға бағытталған іс-әрекетінің жиынтығы;

      4) жеке детектив – заңнамада белгіленген тәртіппен жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы;

      5) тапсырыс беруші – жасалған шарт негізінде детективтік қызметтердің тұтынушысы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;

      6) уәкілетті орган – жеке детективтік қызметті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

2-бап. Қазақстан Республикасының жеке детективтік қызмет саласындағы заңнамасы

      Қазақстан Республикасының жеке детективтік қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен осы Заңды іске асыру мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

3-бап. Жеке детективтік қызметтің міндеттері мен қағидаттары

      1. Жеке детективтік қызметтің міндеттері:

      1) жеке немесе заңды тұлғаларға детективтік қызметтер көрсету;

      2) тапсырыс берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады.

      2. Жеке детективтік қызмет:

      1) заңдылық;

      2) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, конституциялық құрылысты, қоғамдық имандылықты және қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын өзге де мүдделерін бұзуға жол бермеу;

      3) құпиялылық;

      4) жеке детективтер қызметіне лауазымды адамдардың араласпауы қағидаттарына негізделеді.

4-бап. Заңдылық

      Жеке детектив детективтік қызметтер көрсету кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Заңның және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті.

5-бап. Адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, конституциялық құрылысты, қоғамдық имандылықты және қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын өзге де мүдделерін бұзуға жол бермеу

      1. Детективтік қызметтер көрсету кезінде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға, конституциялық құрылысқа, қоғамдық имандылыққа және қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын өзге де мүдделеріне қол сұғуға жол берілмейді.

      2. Детективтік қызметтер көрсету кезінде адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзу салдарынан оған келтірілген зиян заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен өтелуге жатады.

6-бап. Құпиялылық

      1. Детективтік қызметтер көрсету барысында өзіне белгілі болған мәліметтерді жеке детектив Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамдардан жауап алу (сауал жүргізу) жағдайларын қоспағанда, жария етуге құқылы емес.

      2. Детективтік қызметтер көрсету барысында өзіне белгілі болған мәліметтерді жеке детективтің жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

7-бап. Лауазымды адамдардың жеке детективтердің қызметіне араласпауы

      1. Қадағалау және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды адамдарының жеке детективтердің қызметіне кедергі келтіретін заңсыз актілер шығару және заңсыз тапсырмалар беру арқылы олардың қызметіне заңсыз араласуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      2. Жеке детектив шеккен барлық залал және жеке детективтік қызметке заңсыз араласу салдарынан оған келтірілген өзге де зиян Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.

2-тарау. Жеке детективтің құқықтық жағдайы 8-бап. Жеке детективтің құқықтық мәртебесінің негізгі ережелері

      1. Жеке детективтік қызметпен айналысуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматы жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия алуға міндетті, оның жоғары заң білімінің болуы және құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдардың жедел немесе тергеу бөлімшелерінде кемінде он бес жыл жұмыс өтілінің болуы міндетті.

      2. Мыналар:

      1) отыз бес жасқа толмаған;

      2) мемлекеттік қызметтегі;

      3) алкоголизм, нашақорлық, уытқұмарлық немесе психикалық ауру диагнозымен денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған;

      4) заңда белгіленген тәртіппен алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар;

      5) ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық қудалау тоқтатылған;

      6) қылмыс жасаған деп айып тағылған (кінәлілігі туралы мәселе шешілгенге дейін);

      7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін және өзге де теріс себептермен мемлекеттік қызметтен босатылған;

      8) шет мемлекеттің азаматтығы бар адам, сондай-ақ азаматтығы жоқ адам жеке детектив бола алмайды.

      3. Жеке детективтің қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелуге жатады.

      4. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы және детектив куәлігі болған кезде жеке детектив өз қызметін жүзеге асырады, міндеттерін орындайды және осы Заңда көзделген құқықтарын пайдаланады.

9-бап. Жеке детективтің құқықтары

      1. Детективтік қызметтер көрсету туралы шарт шеңберінде жеке детективтің:

      1) жеке әңгімелесуді жүзеге асыруға;

      2) жеке немесе заңды тұлғаларға коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, ақпарат алу үшін өтініш жасауға;

      3) қоғамдық бірлестіктер құруға құқығы бар.

10-бап. Жеке детективтің міндеттері

      Жеке детектив мыналарға міндетті:

      1) жеке тұлғаларды немесе заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауға, жеке детективтік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған материалдарды сақтауға арналған қызметтік үй-жайының болуы;

      2) уәкілетті орган белгілеген үлгілер бойынша өз қаражатына жасалған жеке мөрі, жеке бланкілері (өзінің тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), лицензиясының нөмірі және берілген күні көрсетілген), куәлігі, сондай-ақ кіріс және шығыс хат-хабарлары журналының болуы;

      3) кез келген тұлғаның талап етуі бойынша жеке детектив куәлігін көрсету;

      4) детективтік қызметтер көрсетуге байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді құпия сақтау;

      5) дайындалып жатқан, жасалып жатқан немесе жасалған қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың өзіне белгілі фактілерін, сондай-ақ олармен байланысты тұлғалар туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлау;

      6) уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне мөрінің, куәлігінің, жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясының жоғалғаны немесе бүлінгені туралы хабарлау;

      7) республика аумағында шетелдік жеке немесе заңды тұлғаларға, оның ішінде дипломатиялық өкілдіктерге, халықаралық ұйымдарға, сондай-ақ шет елдер қатысатын ұйымдарға детективтік қызметтер көрсету туралы шарт жасасуға ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсатын алу;

      8) шарт талаптарының сақталмауынан келтірілген залалды өтеу;

      9) тексеру жүргізуге уәкілетті лауазымды адамдарға тексеру жүргізу үшін қажетті ақпаратты беру;

      10) жеке детективтік қызмет туралы заңнаманы және детективтік қызметтер көрсету туралы шарт талаптарын сақтау.

3-тарау. Жеке детективтік қызметті ұйымдастыру 11-бап. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия

      1. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия жеке детективтік қызметпен айналысуға рұқсат болып табылады және Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда бес жыл мерзімге беріледі.

      2. Жеке детективтік қызметті лицензиялауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті орган жүзеге асырады.

      3. Шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға, азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының аумағында:

      1) жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ детективтік ұйымдарды құруға немесе олардың ортақ құрылтайшысы болуға;

      2) шетелдік детективтік ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін құруға;

      3) Қазақстан Республикасының жеке детективтерімен үлестес болуға;

      4) Қазақстан Республикасының жеке детективтеріне кез келген қаржылық немесе өзге де материалдық көмек көрсетуге;

      5) жеке детективтерді кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға байланысты білім беру іс-шараларын ұйымдастырушы болуға тыйым салынады.

      4. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына шетелдік детективтік ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін құруға тыйым салынады.

12-бап. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру

      1. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру жеке детективтің өтініші, сондай-ақ аумақтық уәкілетті органдардың ұсынымдары негізінде уәкілетті органның бұйрығымен жүзеге асырылады.

      2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысы:

      1) Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының, өз қызметін бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін тұрақты немесе босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутатының өкілеттіктерін атқарған;

      2) сот жеке детективті лицензиясынан айыру туралы талап қою ісін қозғаған және жүзеге асырған;

      3) жеке детектив қылмыстық іс бойынша (заңда белгіленген тәртіппен оның кінәлілігі туралы мәселе шешілгенге дейін) айыпталушы ретінде тартылған;

      4) жеке детективтің жеке тұлғаларды немесе заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауға, жеке детективтік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған материалдарды сақтауға арналған қызметтік үй-жайы болмаған;

      5) жеке мөрі, жеке бланктері (өзінің тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), лицензияның нөмірі мен берілген күні көрсетілген), уәкілетті орган белгілеген үлгілер бойынша жасалған жеке детективтің куәлігі, сондай-ақ кіріс және шығыс хат-хабарлары журналдары болмаған кезеңге тоқтатыла тұрады.

      3. Уәкілетті органның жеке детектив лицензиясының қолданысын тоқтата тұру туралы бұйрығында лицензияны тоқтата тұрудың негіздері мен мерзімі көрсетілуге тиіс. Қабылданған шешім туралы үш күндік мерзімде лицензиялар тізілімінде тиісті жазба жасалады.

      4. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын қайта бастау уәкілетті органның бұйрығы және оны тоқтата тұру негіздерінің тоқтатылғанын растайтын құжаттар негізінде күнтізбелік он күн ішінде жеке детективтің өтініші бойынша жүзеге асырылады, бұл туралы үш күндік мерзімде лицензиялар тізілімінде тиісті жазба жасалады.

      5. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе қолданысын қайта бастаудан бас тарту туралы шешімге жеке детектив сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.

13-бап. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыру және оның қолданысын тоқтату

      1. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыру және оны тоқтату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздерден басқа, жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыру:

      1) жеке детективтің жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны беру үшін негіз болып табылған құжаттарда дәйексіз немесе қасақана бұрмаланған ақпаратты ұсыну фактісі белгіленген;

      2) детективтік қызметтер шарт жасаспай көрсетілген;

      3) заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, қару және дене күшін қолданған;

      4) бейне-, дыбыс жазбасын, кино- және фото түсірілімін жүзеге асырған;

      5) өз лицензиясын басқа тұлғалардың пайдалануы үшін берген;

      6) детективтік қызметтерді көрсетуге байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді үшінші тұлғаларға жария еткен;

      7) дайындалып жатқан, жасалып жатқан немесе жасалған қылмыстардың өзіне белгілі фактілерін мемлекеттік органдарға хабарламаған жағдайларда уәкілетті органның не прокуратура органдарының талап қоюы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады.

      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген негіздерден басқа, жеке детектив лицензиясының қолданысын тоқтатуды уәкілетті орган:

      1) жеке детектив өз еркімен өтініш берген;

      2) заңды күшіне енген сот шешімі бойынша жеке детектив әрекетке қабілетсіз немесе әрекет жасау қабілеті шектеулі, қайтыс болды не хабар-ошарсыз кетті деп танылған;

      3) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;

      4) жеке детектив мемлекеттік қызметке түскен;

      5) жеке детективке қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген немесе қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған;

      6) жеке детективке медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;

      7) жеке детектив детективтік қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан тұлғаға қарсы қызметті жүзеге асырған;

      8) салықтық міндеттемелерді жүйелі түрде орындамаған жағдайларда жүзеге асырады.

      4. Уәкілетті орган жеке детектив өз еркімен өтініш берген немесе осы баптың 3-тармағының 2)-8) тармақшаларында көзделген мән-жайлардың орын алғанын растайтын құжаттар алынған кезден бастап күнтізбелік бес күн ішінде жеке детектив лицензиясының қолданысын тоқтату туралы бұйрық шығарады.

      5. Уәкілетті орган:

      1) жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыру және оның қолданысын тоқтату туралы сот актілерін алған;

      2) жеке детектив лицензиясының қолданысын тоқтату туралы бұйрық шығарылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде лицензиялар тізілімінде жеке детектив лицензиясының қолданысын тоқтату туралы жазба жасайды.

      6. Жеке детектив лицензияның қолданысын тоқтату немесе лицензияның қолданысын қайта бастаудан бас тарту туралы шешімге сот тәртібінде шағым жасауға құқылы.

14-бап. Детективтік қызметтер көрсету туралы шарт

      1. Детективтік қызметтер көрсету жеке детектив пен тапсырыс беруші арасында жазбаша нысанда жасалған детективтік қызметтер көрсету туралы шарт негізінде жүзеге асырылады.

      2. Шартты жасасу, орындау, тоқтату тәртібі, шарт бойынша тараптардың жауапкершілігі азаматтық заңнамаға сәйкес айқындалады.

      3. Егер детективтік қызметтер көрсету туралы шарт бойынша үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделері қозғалса немесе қозғалуы мүмкін болса, жеке детективтік қызметті олардың жазбаша келісімінсіз жүзеге асыруға болмайды.

15-бап. Жеке детективтік қызметті құжаттандыру

      1. Жеке детективтің детективтік қызметтер көрсету кезінде жасайтын іс-әрекеті міндетті түрде құжаттандырылуға жатады.

      2. Жеке детективтің өз іс-әрекетін құжаттандыруы кезінде адамның жеке өмірі туралы ақпаратты оның жазбаша келісімінсіз пайдалануына жол берілмейді.

      3. Детективтік қызметтер көрсету туралы шарт бойынша мәліметтерді қамтитын құжаттар мен материалдар жеке детективтің құлыпталатын металл шкафында (сейфінде) бес жыл бойы сақталуға және уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жойылуға тиіс.

16-бап. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыру кезіндегі шектеулер

      Жеке детективке:

      1) қылмыстарға немесе әкімшілік құқық бұзушылықтарға байланысты істер бойынша детективтік қызметтер көрсетуге;

      2) өзін мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті немесе соларға теңестірілген тұлға ретінде таныстыруға, сондай-ақ осындай тұлғаның функцияларын жүзеге асыруға;

      3) қаруды және дене күшін қолдануға;

      4) арнайы техникалық құралдарды пайдалануға;

      5) өз жұмысында мемлекеттік органдардың жедел-іздестіру және іс жүргізу қызметі шеңберінде алынған құжаттар мен өзге де мәліметтерді пайдалануға;

      6) детективтік қызметті мемлекеттік қызметпен қоса атқаруға;

      7) детективтік қызметтер көрсету мақсатында бейне-, дыбыс жазбасын, кино- және фото түсірілімін жүзеге асыруға;

      8) "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға;

      9) әңгімелесу жүргізілетін адамның келісімінсіз жеке әңгімелесуді жүзеге асыруға;

      10) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, оның ішінде жеке өмірге қол сұқпауға, жеке басының және отбасының құпиясына, өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, жеке салымдары мен жинақ ақшаларының, хат алмасуының, телефон арқылы сөйлесуінің, пошталық, телеграфтық және өзге де хабарламаларының құпиясына құқығын бұзатын іс-әрекет жасауға;

      11) қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне қайшы келетін іс-әрекет жасауға;

      12) адамның және азаматтың өміріне, денсаулығына, ар-намысына, қадір-қасиетіне және мүлкіне қауіп төндіретін іс-әрекет жасауға;

      13) адамның және азаматтың жеке өміріне қолсұқпаушылықты, жеке басының және отбасының құпиясын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қозғайтын мәліметтерді жария етуге;

      14) алынған ақпаратты тапсырыс берушінің немесе басқа да тұлғалардың заңмен қорғалатын мүдделеріне қарамастан пайдалануға;

      15) дайындалып жатқан, жасалып жатқан немесе жасалған қылмыстардың өзіне белгілі фактілерін құқық қорғау органдарынан жасыруға;

      16) материалдарды бұрмалауға немесе тапсырыс берушіні және үшінші тұлғаларды жаңылыстыруға тыйым салынады.

17-бап. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыру кезінде тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау

      1. Осы Заңда көзделмеген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді.

      2. Жеке детективтің іс-әрекетіне уәкілетті органға, прокуратураға немесе сотқа шағымдануға болады.

      3. Егер жеке детективтік қызмет нәтижесінде алынған адамның жеке өміріне, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, заңды тұлғаның іскерлік беделіне қатысты мәліметтерде заңда тыйым салынған іс-әрекет жасағаны туралы ақпарат қамтылмаған болса, ол сақталуға жатпайды және жойылады.

      4. Жеке детективтік қызмет нәтижелерін сақтау және жою тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган белгілейді.

18-бап. Жеке детективтік қызметті қаржыландыру

      1. Жеке детектив өз қызметін дербес қаржыландырады.

      2. Жеке детектив өз қызметі үшін төлемақы ретінде алынған ақшадан салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу, мұрағаттың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетті төлемдерді жүргізеді.

4-тарау. Детективтік іс-шаралар 19-бап. Детективтік іс-шаралардың түрлері

      1. Жеке детективтер детективтік қызметтер көрсету туралы шарт бойынша детективтік іс-шаралардың мынадай түрлерін жүзеге асырады:

      1) жеке әңгімелесу;

      2) жеке немесе заңды тұлғалардан анықтамаларды, мінездемелерді, өзге де құжаттарды сұрату.

      2. Детективтік іс-шаралар түрлерінің осы тізбесі толық болып табылады.

      3. Детективтік іс-шараларды жүзеге асыру осы Заңда белгіленген шектеулерді бұзбауға тиіс.

20-бап. Жеке әңгімелесу

      Жеке әңгімелесу – бұл детективтік қызметтер көрсету туралы шарттың нысанасы бойынша ақпарат алу мақсатында жеке детективтің жеке тұлғамен тең құқылы қатынас жасауы.

21-бап. Жеке немесе заңды тұлғалардан анықтамаларды, мінездемелерді, өзге де құжаттарды сұрату

      1. Жеке детектив жеке немесе заңды тұлғалардан детективтік қызметтер көрсету үшін қажетті мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы.

      2. Жеке немесе заңды тұлғалардан анықтамаларды, мінездемелерді, өзге де құжаттарды сұрату детективтік қызметтер көрсету туралы шарттың нысанасы бойынша ақпаратты білетін немесе білуі мүмкін тұлғаларға сұрау салуды жіберу арқылы жүзеге асырылады.

      Жеке және заңды тұлғалар жеке детективке анықтамаларды, мінездемелерді және өзге де ақпаратты беруден бас тартуға құқылы.

5-тарау. Жеке детективтік қызметті мемлекеттік реттеу 22-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жеке детективтік қызмет саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі жеке детективтік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған материалдарды сақтауға арналған қызметтік үй-жайды жабдықтау қағидаларын бекітеді.

23-бап. Уәкілетті органның жеке детективтік қызмет саласындағы құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      2) жеке детективтік қызмет материалдарын сақтау және жою қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      3) жеке детектив мөрінің, бланкілерінің, куәлігінің үлгілерін әзірлейді және бекітеді;

      4) жеке детективтердің қызметін лицензиялауды жүзеге асырады;

      5) жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың тізілімін жүргізеді және тізілім мәліметтерін, сондай-ақ жеке детективтік қызметпен айналысатын лицензиаттардың тізімін интернет-ресурсқа орналастыруды қамтамасыз етеді;

      6) заңнамада көзделген негіздемелер бойынша жеке детективтер лицензияларының қолданысын тоқтата тұру, тоқтату туралы шешім қабылдайды;

      7) лицензиялардың қолданысын тоқтата тұру, одан айыру және тоқтату туралы деректерді есепке алуды жүргізеді және лицензиялар тізілімінде тиісті жазба жасайды;

      8) уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жеке детективтің өз қызметі туралы ақпарат беруінің тәртібі мен шарттарын айқындайды;

      9) жеке детективтердің осы Заңды сақтауын бақылауды ұйымдастырады;

      10) жеке детективтің мөрлерін, бланкілерін, куәлігін тіркейді;

      11) жеке детективтердің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарайды;

      12) оның заңсыз іс-әрекеті (әрекетсіздігі) жөнінде жеке және заңды тұлғалардың шағымдары негізінде жеке детективтің қызметін тексеруді жүргізеді.

6-тарау. Қорытынды ережелер 24-бап. Жеке детективтік қызметті мемлекеттік бақылау

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жеке детективтік қызметті мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган тексеру нысанында жүзеге асырады.

      2. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Жеке детективтің салық заңнамасын сақтауын бақылауды Қазақстан Республикасының салық қызметі органдары жүзеге асырады.

25-бап. Жеке детективтік қызметті қадағалау

      1. Жеке детективтік қызметті жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және оған бағынышты прокурорлар жүзеге асырады.

      2. Жеке детективтік қызметті қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокурор:

      1) жеке детективтік қызметті жүзеге асырудың заңдылығын тексеруді жүргізеді;

      2) жеке детективтердің іс-әрекетіне шағымдар мен өтініштерді қарайды;

      3) жеке детективтік қызметті жүзеге асыру кезінде құқыққа қайшы іс-әрекетке жол берген жеке детективтерге қатысты қылмыстық іс қозғау туралы қаулы шығарады;

      4) жеке детективтік қызметтің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырған кезде анықталған бұзушылық фактілері бойынша прокурорлық қадағалаудың басқа актілерін шығарады.

26-бап. Жеке детективтің, жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігі

      1. Заңнаманы бұзу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен жеке детективтің жауаптылығына әкеп соғады.

      2. Жеке детективтік қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін осыған кінәлі жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары жауапты болады.

27-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Президенті



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады