Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 10 шілдедегі № 708 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.04.2017 № 158 қаулысымен.

       3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 10 шілдедегі
№ 708 қаулысымен
мақұлданған

      Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит
Корольдігінің Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше
жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі

      өз мемлекеттерінің халықтары арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды нығайтуға ұмтыла отырып,

      өз мемлекеттері арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастықты дамыту олардың халқының әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігіне жәрдемдесетінін мойындай отырып,

      Тараптардың мемлекеттері үшін төтенше жағдайлардың қауіп төндіретінін сезіне отырып,

      Тараптардың мемлекеттері үшін азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың пайдасын ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Келісімнің мәні

      Осы Келісім Тараптардың азаматтық қорғаныс, табиғи және техногендік қатерлердің алдын алу, төтенше жағдайларды жою, азаматтық қорғаныс мамандарын төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан авариялар, зілзалалар мен апаттар жағдайында ерікті және өзара көмек көрсету бойынша оқыту саласындағы өзара іс-қимылын айқындайды.

2-бап Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:

      сұрау салушы тарап – екінші Тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен құтқару құрал-жабдықтарын жіберу туралы сұрау салумен жүгінетін Тарап;

      ұсынушы тарап – екінші Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтар мен құтқару құрал-жабдықтарын жіберу туралы сұрау салуын қанағаттандыратын Тарап;

      құзыретті орган – осы Келісімді іске асыру үшін Тараптардың әрқайсысы тағайындайтын мемлекеттік орган;

      көмек көрсету жөніндегі топтар – сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша апат орнына келген, көмек көрсетуге арналған және қажетті жарақпен қамтамасыз етілген көмек көрсету жөніндегі мамандар топтары, оның ішінде әскери персонал;

      төтенше жағдай – адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші объектілерге залал келтіруге, елеулі материалдық шығынға және халықтың тіршілік жағдайының бұзылуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақтағы туындаған жағдай;

      төтенше жағдайлардың алдын алу – алдын ала жүргізілетін және төтенше жағдайлардың туындау қатерін барынша азайтуға, осы жағдайлар туындаған кезде адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілетін залал мөлшері мен материалдық шығынның мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;

      төтенше жағдайларды жою – төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргiзiлетiн және адамдардың өмiрiн құтқару мен денсаулығын сақтауға, залал мен материалдық шығынның мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймақтарын оқшаулауға бағытталған іздеу-құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстар;

      азаматтық қорғаныс – бұл басқару органдарының мемлекеттiк жүйесi мен бейбiт және соғыс уақытында халықты, шаруашылық жүргiзуші объектiлер мен ел аумағын қазіргі заманғы зақымдау құралдарының зақым келтіру (қирату) факторларының, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың әсерiнен қорғау мақсатында жүргiзiлетiн жалпымемлекеттiк іс-шаралар жиынтығы;

      төтенше жағдай аймағы – төтенше жағдай орын алған аумақ;

      құтқару жұмыстары – төтенше жағдай аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайды оқшаулау және жою немесе оған тән қауіпті факторлардың әсерін мүмкіндігінше төмен деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимыл;

      жарақ – техника, техникалық және көлік құралдары, көмек көрсету жөніндегі топтардың құрал-жабдығы, сондай-ақ көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің жеке құрал-жабдығы;

      құтқару құрал-жабдығы – көмек көрсету жөніндегі топтардың пайдалануына арналған қосымша құралдар мен басқа да заттар.

3-бап Құзыретті органдар

      1. Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін мынадай құзыретті органдарды айқындайды:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі;

      Иордан тарапынан – Иордан Хашимит Корольдігінің Ішкі істер министрлігі.

      2. Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін өз құзыретті органдарының атауларындағы өзгерістер туралы немесе олардың функцияларының басқа органдарға берілгені туралы дереу хабардар етеді.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 25.11.2015 № 943 қаулысымен.

4-бап Ынтымақтастық нысандары

      1. Осы Келісімге сәйкес барлық қызмет Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сай жүзеге асырылады. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін:

      төтенше жағдайларды болжау, алдын алу және бағалау туралы ақпарат алмасу;

      қоршаған ортаның жай-күйі туралы мониторингтік ақпарат алмасу;

      халықтың төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі дайындықты ұйымдастыруда тәжірибе алмасу;

      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру;

      авариялар немесе дүлей зілзалалар салдарынан ықтимал ластануларға байланысты қоршаған орта мен халыққа төнген қатерді бағалау;

      ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жоспарлау, әзірлеу және жүзеге асыру, ғылыми-техникалық әдебиетпен және зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен, ғылыми-әдістемелік, оның ішінде кадрлық жұмыстағы материалдармен,алмасу;

      ақпаратпен, мерзімді басылымдармен, әдістемелік әдебиетпен, бейне- және фотоматериалдармен алмасу;

      бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін,оқу-жаттығулар мен жаттығуларды ұйымдастыру;

      бірлескен жарияланымдар мен баяндамалар дайындау;

      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру және оларды тағылымдамадан өткізу;

      көмек көрсету жөніндегі топтар пайдаланатын құрал-жабдықтар мен техниканы бағалау;

      төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсету.

      2. Осы ынтымақтастық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы екі Тараптың құзыретті органдарының ортақ келісуімен айқындалған кез келген басқа қызметте қолданылуы мүмкін. Ынтымақтастықты қызметтің жаңа түрлеріне осылайша қолдану осы Келісімге толықтыру енгізудің мәні болып табылады.

5-бап Ұйымдар мен мекемелер арасындағы ынтымақтастық

      Тараптар азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің ұйымдары мен мекемелері арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

6-бап Тараптардың өкілдерін қабылдау шарттары

      1. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, жіберуші тарап төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетуге тікелей байланысты емес, осы Келісімнің 4-бабында белгіленген қызметке қатысу кезінде өз өкілдерінің межелі пунктке дейін жол жүру, өз өкілдерінің қонақ үйде тұру және тамақтану жөніндегі шығыстарын көтереді.

      2. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, қабылдаушы тарап бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқу-жаттығулар мен жаттығулар ұйымдастыру, сондай-ақ өз мемлекетінің аумағында жіберуші тарап өкілдерінің жүріп-тұру жөніндегі шығыстарын көтереді.

7-бап Көмек көрсету

      Тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде мынадай тәртіппен өзара көмек көрсетеді:

      1. Тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде көмекті дипломатиялық арналар арқылы ресми сұрау салу негізінде көрсетеді. Шұғыл болған жағдайда мұндай сұрау салу құзыретті органның мекенжайына жазбаша нысанда жүзеге асырылады;

      2. Сұрау салуда төтенше жағдайдың сипаты туралы, қажетті көмек түрлері мен оның көлемі туралы барлық ақпарат болуға тиіс;

      3. Сұрау салуды алған тараптың сұрау салуды орындаудан бас тартуына құқығы бар. Бұл ретте көмек көрсетуден бас тарту туралы шешімді қабылдау құқығы ұсынушы тарап мемлекетінің аумағында болжанатын қатерлердің, жасалып жатқан жұмыстар мен көмек көрсету жөніндегі жұмыстан бос топтардың болуына негізделуі мүмкін;

      4. Сұрау салуды алған тарап сұрау салуды қысқа мерзімде қарайды және сұрау салушы тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтың құрамын, сарапшылардың мамандықтарын және әкелетін жарақ пен құтқару құрал-жабдығын көрсете отырып, көмек көрсету мүмкіндігі, нысаны, көлемі, шарттары туралы хабарлайды. Сондай-ақ төтенше жағдай аймағына бару үшін пайдаланылатын көлік түрі және мемлекеттік шекараны кесіп өту жоспарланатын пункт көрсетіледі.

8-бап Көмек көрсету шарттары

      1. Сұрау салушы тарап осы Келісімнің 9-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының қонақ үйде тұру шығыстарын, сондай-ақ тамақтану шығыстарын көтереді.

      2. Сұрау салушы тарап мемлекеті ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарына сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болуы кезеңінде медициналық қызмет көрсетілуін қамтамасыз етеді.

      3. Сұрау салушы тарап кез келген сәтте өзіне көмек көрсету туралы сұрау салуды қайтарып алуы мүмкін. Бұл жағдайда сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы есеп негізінде оның жұмсаған шығыстарын өтейді. Сұрау салушы тарап шығыстарды көмек көрсету туралы сұрау салуды кері қайтарған кезден бастап күнтізбелік 30 күн ішінде өтеуге тиіс.

      4. Ұсынушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің сақтандырылуын қамтамасыз етеді. Сақтандыруды ресімдеу жөніндегі шығыстар көмек көрсету жөніндегі жалпы шығыстарға қосылады.

9-бап Көмек түрлері

      1. Төтенше жағдайларды жою кезіндегі көмек төтенше жағдайлардың сипаты мен ауқымына қарай көмек көрсету жөніндегі топтарды, медициналық топтарды, құрал-жабдықтар мен құтқару құралдарын, медициналық препараттарды жіберу арқылы көрсетіледі.

      2. Көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру 3 тәулік бойы төтенше жағдай аймағында дербес іс-қимылдар жүргізу үшін жеткілікті болуға тиіс. Жарақтандыру қоры біткеннен кейін сұрау салушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтарды олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

10-бап Көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды басқару

      1. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстарға басшылықты ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының жетекшілері арқылы сұрау салушы тараптың құзыретті органы жүзеге асырады, ол көрсетілген топтар қызметін үйлестіреді.

      2. Сұрау салушы тарап белгілеген міндетті орындау үшін ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтары тек өз жетекшісінің ғана басшылығында қалады.

      3. Сұрау салушы тараптың құзыретті органының ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі тобымен өзара іс-қимылы және оларды үйлестіру осы топ жетекшісі арқылы жүзеге асырылады.

      4. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтары мүшелерінің сұрау салушы тарап белгілеген төтенше жағдай аймағындағы жұмыстарды орындау үшін барлық жерге кіруге рұқсаты болады.

      5. Сұрау салушы тарап ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтары жетекшісіне төтенше жағдайлар аймағында және жұмыстың нақты учаскелерінде қалыптасқан жағдай туралы ақпарат береді.

      6. Сұрау салушы тарап қажет болған жағдайда ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі осы топтарын аудармашылармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

11-бап Мемлекеттік шекараны кесіп өту шарттары және сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болу режимі

      1. Көмек көрсету жөніндегі топтардың жедел жетуі үшін әрбір Тарап мемлекеттік шекарадан өту шарттарын оңайлатады.

      2. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттары бойынша халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы кесіп өтеді. Топтар жетекшісінде көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің тізімі мен оның өкілеттіктерін растайтын ұсынушы тараптың құзыретті органы берген құжат болуға тиіс.

      3. Тараптардың уағдаластығы бойынша көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері өз міндеттерін орындау шеңберінде сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында визасыз және тұруға ықтиярхатсыз бола алады.

      4. Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болған кезінде сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті.

      5. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындау кезінде өздерінің нысанды киімдерін киіп жүруге құқылы.

      6. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына қаруды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды әкеле алмайды.

12-бап Төтенше жағдайларды жою кезінде құрал-жабдықтар мен құтқару құралдарын әкелу және әкету

      1. Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету үшін Тараптар мемлекеттерінің аумағына әкелінетін немесе осы аумақтан әкетілетін қажетті жарақтар мен пен құтқару құрал-жабдығы Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес бірінші кезектегі тәртіппен кедендік рәсіммен орналастырылады.

      2. Көмек көрсету жөніндегі топ жетекшісінде ұсынушы тараптың құзыретті органы берген әкелінетін құрал-жабдық пен құтқару құралдарының тізбесі болуы міндетті.

      3. Көмек көрсету жөніндегі топтарға сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына жарақтар мен құтқару құрал-жабдығынан басқа қандай да бір заттарды әкелуге немесе сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағынан әкетуге тыйым салынады.

      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін әкелінген жарақ сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағынан әкетілуге жатады. Егер жарақты айрықша жағдайларға байланысты әкету мүмкін болмаса, ол келісілген жағдайда сұрау салушы тараптың құзыретті органына көмек ретінде тегін берілуі мүмкін. Бұл жағдайда берілетін жарақ түрлерін, санын және орналасқан жерін көрсете отырып, сұрау салушы тараптың кеден органдарын хабардар ету қажет.

      5. Көмек көрсету жөніндегі медициналық топтар өздерінің штаттық құрал-жабдығымен келеді. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету қажет болған кезде сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына құрамында есірткі және психотроптық заттары бар медициналық препараттардың қажетті санын, осы заттардың номенклатурасын, саны мен пайдаланылатын жерін міндетті түрде Тараптардың әрқайсысының есірткіні бақылау жөніндегі құзыретті органдарымен келісе отырып, (бұдан әрі – келісілген тізбе) әкелінуі мүмкін. Көмек көрсету жөніндегі топ жетекшісі келісілген тізбені ұсынушы және сұрау салушы тараптардың кеден органдарына көрсетеді.

      6. Көрсетілген медициналық препараттарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес білікті медициналық персонал ғана пайдаланады және сұрау салушы тарапқа беруге жатпайды. Сұрау салушы тарап медициналық препараттарды пайдалануды, оларды қолдану орнында тексеруге құқығы бар.

      7. Құрамында есірткі және психотроптық заттары бар пайдаланылмаған медициналық препараттар сұрау салушы тараптың кедендік бақылауымен әкетілуге жатады.

13-бап Әуе кемелерін пайдалану

      1. Ұсынушы тараптың құзыретті органы сұрау салушы тараптың құзыретті органына әуе кемелерін көмек көрсету үшін пайдалану ниеті туралы хабарлайды. Сұрау салушы тарап әуе кемелерін пайдалануға келіскен жағдайда ұсынушы тарап әуе кемелерінің кімге тиесілі екенін, пайдалану мақсатын, нақты типін, тану белгілерін, маршруттарын, экипаж мүшелерінің санын, жүктің сипатын, әуе кемелерінің ұшып шығу және қону орны мен уақытын көрсетуге тиіс.

      2. Сұрау салушы тарап өз мемлекетінің аумағындағы белгілі бір пунктке әуе кемелерінің ұшуына рұқсат береді.

      3. Әрбір Тарап мемлекетінің әуе қозғалысына қатысты ұлттық заңнамасы, атап айтқанда, әуе қатынасына жауапты органдарға ұшу туралы ақпарат беру кезінде қолданылады. Ұшу Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) мен Тараптар мемлекеттері белгілеген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

14-бап Жұмыстардың аяқталуы

      1. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа берілген жарақтар мен құтқару құрал-жабдығын қайтарған кезде, сұрау салушы тарап ұсынушы тараптың жарақтар мен құтқару құрал-жабдығына жауапты адамына және ұсынушы тараптың құзыретті органдарына хабарлайды.

      2. Ұсынушы тарап жарақтар мен құтқару құрал-жабдықтарын бөлу тоқтатылған жағдайда, сұрау салушы тарапты жазбаша тәртіппен хабардар етеді. Сұрау салушы тарап өз кезегінде ұсынылған ақпаратты сұрау салушы тараптың жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары үшін жауапты адамына хабарлайды.

      3. Ұсынушы тараптың жұмыстардың аяқталғаны туралы шешімі дереу күшіне енеді және дау айтуға жатпайды.

      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін ұсынушы тараптың құзыретті органы сұрау салушы тараптың құзыретті органына жүргізілген жұмыстар туралы жазбаша баяндама жібереді.

      5. Сұрау салушы тараптың құзыретті органы ұсынушы тараптың құзыретті органына болған жағдай туралы қорытынды баяндама жібереді, онда өнеркәсіптік аварияның, апаттың немесе дүлей зілзаланың сипаттамасы, алынған көмектің түрі мен көлемі, жүргізілген жұмыстардың нәтижелері қамтылады.

15-бап Шығыстарды өтеу

      1. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өтейді.

      2. Ұсынушы тарап әуе кемелерінің әуеайлақтан ұшып өткені, қонғаны, онда тұрғаны және одан ұшып шыққаны үшін ақы төлеуден, сондай-ақ аэронавигациялық қызметтер үшін ақы төлеуден босатылады.

      3. Сұрау салушы тарап әуе кемелерінің отыны үшін жұмсалған шығыстарды өтейді.

16-бап Залалды өтеу

      1. Сұрау салушы тарап оның мемлекетiнің аумағында адамдар қаза болған немесе олар мертіккен, жеке меншiгi бүлiнген немесе жойылған, қоршаған табиғи ортаға залал келтiрiлген жағдайда ұсынушы тарапқа айып тақпайды. Адамдар қаза болған немесе мертіккен жағдайда, сондай-ақ осы Тараптың жабдығы немесе басқа да меншiгi жойылса немесе оған залал келтiрiлсе, егер мұндай залал осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты мiндеттердi орындау барысында келтiрiлсе, сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа өтемақы төлейдi. Өтемақы мөлшерi әрбiр нақты жағдайда жеке келісіледі.

      2. Егер ұсынушы тараптың көмек көрсету жөнiндегi топ мүшесi сұрау салушы тарап мемлекетiнiң аумағында осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты мiндеттердi орындау кезiнде заңды немесе жеке тұлғаға залал келтiрсе, онда залалды оның мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салушы тарап өтейдi.

      3. Көмек көрсету жөнiндегi топ мүшесi қасақана немесе өрескел абайсыздықпен келтiрген зиян ұсынушы тараптың өтеуіне жатады.

17-бап Ынтымақтастықты қаржыландыру

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық және көмек көрсету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген бюджет қаражаты шегінде жүзеге асырылады.

18-бап Ақпаратты пайдалану

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жариялауға жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісім шеңберінде жүргізілген қызмет нәтижесінде алынған ақпарат жарияланады және Тараптардың әрқайсысының әдеттегі практикасы мен ұйғарымдары негізінде пайдаланылады.

19-бап Басқа міндеттемелер мен халықаралық келісімдер

      Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

20-бап Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың арасында келіссөздер және консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

21-бап Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар осы баптың 1-тармағында айқындалған тәртіппен күшіне енеді.

      3. Осы Келісім Тараптардың бірінің өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде болады.

      4. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісім қолданысының тоқтатылуы оған сәйкес оның қолданысы тоқтатылғанға дейін басталып, бірақ аяқталмаған жүзеге асырылатын қызметке қатысты болмайды.

      20_ жылғы "___" ____________ ____________ әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіннің де күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.


Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Иордан Хашимит Корольдігінің
Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады